Қазақстан • 21 Ақпан, 2018

Қоғамдық келісімді нығайту мәселелері талқыланды

436 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығының ұйымдастыруымен «Қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясат: жүзеге асыру міндеттері мен басымдықтар» атты республикалық семинар-тренинг өз жұмысын бастады.

Қоғамдық келісімді нығайту мәселелері талқыланды

Жиынға Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы аясында айқындалған жалпыұлттық бірлік пен бірегейлікті қалыптастыру міндетінің мәнін ашып көрсету, Қазақстанның цифрлық экономикасының демографиялық және еңбек әлеуетіне талдау жасау өзек болды. Сонымен қатар шара барысында қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру технологиялары бойынша тыңдаушылардың кәсіби білімі мен біліктілігін арттыру қарастырылды.

Семинар-тренингті ашқан Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Фатима Жақыпова: «Қоғамның көптеген салаларын стратегиялық инновациялық басқару мемлекеттің басты саясатына айналып отыр. Осыған орай негізгі қызмет мемлекеттік қызметкерлерге түсетіні сөзсіз. Елбасы «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабында мемлекеттік қызметкерлер ұлт қызметшісі, патриоты болуы керек екенін атап көрсетті. Бүгінгі семинар-тренингтің басты мақсаты да – осы. Елбасы атап өткендей, мемлекет этносаралық және конфессияаралық үдерістердің тамырын дөп басып, халықаралық қарым қатынастарды реттеп отырады. Яғни Елбасы құрған саясатымыздың 5 базалық қағидатын жүзеге асыратын да мемлекеттік қызметшілер. Олай болса, ел бірлігін сақтау ісіне барынша белсене атсалысуымыз қажет», деді.

Бұдан кейін баяндама жасаған ҚХА Төрағасының орынбасары Леонид Прокопенко Қазақстан Халқы Ассамблеясының қоғамдық сананы жаңғырту мен қазақстандық бірегейлікті нығайту жолындағы міндеттерге тоқталып өтті. «Халықтардың бірлігі мен ынтымағы - өте нәзік мәселе, сондықтан оған байыппен қарауымыз керек. Соңғы уақытта бұл күн тәртібіндегі басты мәселе болып отыр. Өйткені, әлемде болып жатқан өзгерістер, жаңашылдық халықтар арасындағы қарым-қатынасқа тікелей әсер етеді. Осыған орай Елбасы да өзінің соңғы Жолдауын да осы әлемдік өзгерістерге арнады. Президент болашақта 40 пайызға жуық мамандық цифрландырудың арқасында қажет болмайтынын атап өтті. Соның негізінде цифрлық экономика, цифрлық орта пайда болады. Цифрлық орта өзінің заңдылығымен жүреді. Сондықтан қазір әр ұлт, этнос өзінің ұлттық құндылықтарын сақтап қалу үшін, осы ортаға сай болуы үшін барлық мүмкіндіктерді қарастырып жатыр. Еңбекке қабілетті болу – бұның басты шарты. Ол үшін бізге экономикалық, әлеуметтік және рухани жаңғыруды бір мезгілде жүзеге асыру қажет» деді ол.

Семинар-тренинг барысында Қазақстанның цифрлық экономикасының демографиялық және еңбек әлеуетіне талдау жасау, ядролық қаруды таратпау мен ядросыз әлем құруда Қазақстан этностарының әлеуетін көрсету, Қазақстанның сайлау жүйесінің ерекшелігін көрсету, БАҚ мәселелері бойынша заңнамадағы жаңаша тәсілдерді қарастыру жоспарланған.

Мәдина ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар