25 Қараша, 2011

Қазақстанның «Қанатты» металы

551 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Елбасы қазығын қаққан құрылыс елдің дамуы мен өркендеуінің айшықты айғағына айналды Қазақстан электролиз зауыты» – еліміздегі алғашқы алюминий өндіретін зауыт. Тәуелсіздік жылдары салынған бұл зауыт – жоғары сапалы өнімді шығаруға мүмкіндік беретін жаңа заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған өндіріс орны. «Еуразиялық табиғи ресурстар корпорациясы» АҚ (ENRC) құрамына енеді. Зауыт салмағы 20 кг. алюминий кесектерін шығарады. Ал, 2009 жылы «ҚЭЗ» АҚ-та өндірілген бастапқы алюминий Лондон металл биржасында ресми түрде тіркелген.

ЭЛЕКТРОЛИЗ ЗАУЫТЫ – ҒАСЫР ЖОБАСЫ

Қазақстан электролиз зауыты – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған ғасырлық жоба. Зауыттың іске қосылуы қазақстандық өндірістің үле­сін арттыруға, елдің экспорттық әлеуетін көтеруге және де өзге де қажетті өндірістер құруға, инфрақұрылымды дамытуға жол ашады. Мұндай жаңа өндірістің құрылуы отандық экономикаға шетелдік инвестиция тарту бойынша мемлекеттік стратегияға сәйкес келді. Әлемдік рынокқа еркін шығудың да көрінісі. Бүгінде жұмыс істеп тұрған өндірістерді модернизациялау заман талабына айналып отыр. Бәсекелестікте өнімділікке қол жеткізу алдыңғы қатарда тұр. Электролиз зауытының өнімі бүгін­де әлемдік рынокта сұранысқа ие сапалы тауар болып саналады. Осы екі алып кәсіпорынды «Қазақстан алюминийі» және «Қазақстан электролиз зауыты» акционерлік қоғамдарын Алмаз Ибрагимов басқарады. Жалпы, зауыт ISO 14000:2005 халықаралық стандарты негізінде қоршаған ортаны қорғау менеджменті бойынша жұмыс істейді. Зауыт аумағында жасыл желек отырғызу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде электролиз зауытында 2 200 адам жұмыс істейді. Өндіріске қажетті мамандарды зауыт шетелдерге жіберіп оқытады. Әрбір электролизер-қазандықтан тәулігіне 2400 кило металл өндіріліп шығады. Өнім одан әрі құю цехына жөнелтіліп, онда «Қазақстанда шығарылған» деген белгі соғылады. Әрбір электролизерде газ тазалайтын норвегиялық «Alstom» фирмасының электр сүзгілері жұмыс істеуде.

ENRC корпорациясы туралы

ENRC деп аталатын бұл корпорация пайдалы қазба­ларды қазып алу және байыту саласындағы жетекші әртараптандырушы компаниялар тобы болып табылады. Яғни, кен қазу, өңдеу, энергетика, көлік және маркетинг кәсіпорындарымен интеграцияланған. Ал, бұл топтың өндірістік активтері негізінен еліміз­дің аумағында орналасқан. Құрамында Қазхром ТҰК, Жәйрем КБК, Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігі (ССКӨБ), Қазақстан алюминийі, Қазақстан электролиз зауыты (ҚЭЗ), Еуразиялық энергетика кор­по­рациясы (ЕЭК) және ENRC Logistics сияқты алпауыт кәсіпорындар бар. Басқа активтер, ең алдымен басқа түсті металдар бөлімшелері, негізінен Африкада орналасқан және оның ішінде Central African Mining and Exploration Company (CAMEC) и Chambishi Metals PLC компанияларының мыс пен кобальт активтері және Camrose Resources Limited (Camrose) кәсіпорнының 50,5% үлесі бар. ENRC сондай-ақ Ресейдегі Серов ферроқорытпа зауытына, Bahia Minerals BV (BML) мен Mineração Minas Bahia SA (MIBA), Бразилиядағы темір кенін өндіру жобаларына, Қытайдағы (Туоли) Xinjiang Tuoli Taihang Ferroalloy Company-дің 50%-ына және Онтүс­тікафрикалық негізгі платина өндірушісі Northam Platinum Limited-тің 14,35% акцияларына иелік етеді. ENRC-де қазіргі уақытта 70 000-нан астам адам жұмыс істейді, оның 65 000-ы Қазақстанда. ENRC FTSE 100 (Financial Times Stock Exchange Index) тізіміне енеді.

2011 жылдың бірінші жартысындағы өндірістік көрсеткіштер

Күрделі шығындар бағдарламасы

Қазақстан электролиз зауыты аясында қуаттылығы жылына 136 мың тонна өнім шығаратын анод зауытының құрылысы жүргізілуде. Құры­лыс­тың аяқталуы 2012 жылға жоспарлануда. Зауыт сыртқы жабдықтаушыларға тәуелділікті жойып, алюминий өндірісін жеткілікті анод мөлшерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Зауытты іске қосу шамамен 500 адамға жұмыс орнын ашады. Жобаның сметалық құны – 240 млн. АҚШ доллары.

 Еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы

2011 жылдың бірінші жартыжылдығында еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы бойынша шығындар 257,09 млн. теңге (1,765 млн. АҚШ долларын) құрады, оның ішінде: – ұйымдастыру шаралары: сақтандыру, өтемақы төлеу, қосымша тө­лемдер, жеке қорғау құралдарымен қамтамасыз ету, арнайы тамақтандыру және оқыту; – техникалық шаралар: қоршаулар мен қызмет көрсету алаңшаларын құру, қыздырылған қабаттардың жылылықтарын сақтау, вентиляция және аспирациалық жүйелерді жөндеу және қайта жаңғырту. 2011 жылдың сәуір айында еңбек пен өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі KIOSH-2011 бірінші халықаралық конференциясы аясында өткізілген «Сенім» ұлттық салалық сайысында ҚЭЗ «Үздік қауіпсіз кәсіпорын» атанды.

Дерек пен дәйек

•  1997 ж. 7 маусым – Пре­зидент Нұрсұлтан Назарбаев алюминий зауы­ты­ның ау­мағында зауыт құ­ры­­лы­сы бас­талуының ны­ша­­ны бола­тын капсула салды. • 2002 ж. желтоқсан – ел Үкіметі Павлодар қа­ла­сында электролиз зауытын салу туралы қаулы қа­был­дады. • 2005 ж. 14 мамыр – «Қазақстан электролиз за­уыты» АҚ бас корпусының алғашқы іргетасы қаланды. • 2007 ж. 12 жел­тоқ­сан – Президент Нұрсұл­тан Назарбаев зауыттың бірінші кезегін іске қосты. • 2009 ж. наурыз – анод за­уытының құрылысы бас­талды. • 2010 ж. 24 маусым – Президент Нұрсұлтан Назарбаев зауыттың екінші кезегін іске қосты. •      Алюминий өндірісі – 124 мың тонна (Н1* 2010: 103 мың тонна, 20,4% ұл­ғаю). _______________________ * H1 – бірінші жарты­жылдық

Тұрғын үй бағдарламасы

2011 жылғы бірінші жартыжыл­дықта 145 пәтерлі үйдің құры­лысына жұмсалған шығындар 443,4 млн. теңге (3 млн. АҚШ долларын) құрады. Тұрғын үйді тапсыру желтоқсан айына Тәуелсіздіктің 20 жылдығын атап өту мерейтойына жоспар­ланған.

Әлеуметтік бағдарламалар

2011 жылдың бірінші жарты­жыл­дығында әлеуметтік бағдар­ламаларға жұмсалған шығындар 41,4 млн. теңге (283,4 мың АҚШ долларын) құрады, оның ішінде: – әлеуметтік пакет шығындары; – әлеуметтік салаға жұмсалған шығындар.

Экологиялық бағдарлама

2011 жылғы бірінші жарты­жылдықта қоршаған ортаны қорғау және сақтау шараларына жұмсалған жалпы шығындар 50,2 млн. теңге (343,83 мың АҚШ долларын) құрады, оның ішінде 2011 жылы: – қоршаған ортаға эмиссиялар үшін төлемдер; – табиғат қорғау инвести­ция­лары мен шаралары.

ЖАҢА ЗАУЫТ – ЕЛ ИГІЛІГІНЕ

Облыс орталығынан 13 шақырымдай, 190 га ау­мақты алып жатқан жерде «Қазақстан электролиз зауыты» деп аталатын жаңа алып зауыт салынады дегенде 2005 жылы Елбасының өзі келіп, бос жатқан далаға қазық қағып кеткен болатын. 2007 жылы желтоқсан айында 250 мың тонна бастапқы алюминий өндіретін жоғары қуаттылығы бар алып зауыт­тың алғашқы кезегі іске қосылды. Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаев 2007 жылы 12 желтоқсанда облыс ор­та­лығында салынған Қазақстан электролиз зауы­тының бірінші кезегін іске қосу салтана­тында сөй­леген сөзінде “Қазақстанның жеке өзінің алюминийін шығару менің арманым еді. Бұл сіздердің де армандарыңыз болатын. Міне, сол арман орын­далды. Қазақстан өзінің жоғары сапалы дайын алюминийін шығаратын дәрежеге жетті”, деген болатын. Құрылысқа жалпы көлемі 1 миллиард АҚШ доллары жұмсалды. Алып зауыт құры­лысына әлемнің 12 елінен келген 18 компания қатыс­ты. Ең бастысы, ғасыр жобасы аталған бұл құры­лысқа тек қана алдыңғы қатарлы озық технологиялар қолданылды. Алғашқы кезегі іске қосылған зауыт жылдық қуаты 62,5 мың тонна таза алюминий шығарып келді. Яғни, салмағы 20 кило тартатын алюминий құймалары зауыт өнімі болып табылады. Қазақ жерінің алюминийі қазір Еуропа елдеріне белгілі, аты кең таныла бастады. 2009 жылы Лондон биржасы қазақстандық қанатты металдың сапасын бағалап, оны өздерінің сауда-саттық рыногының тізіміне тіркеуге алды. Бұл қазақ жерінің алюминийін шетелдерге өткізуге байла­нысты кедергілер жоқ­ты­ғын байқатады. Зауытты салу барысында құрылысқа қажетті бірнеше қосалқы нысандар да іске қосылды. Соның ішінде ұзындығы 10 шақырымдық темір жол, материалдық қоймалар блогы, 500 кв. қосалқы электр стансасы, канализация жүйесі, өрт қауіп­сіздігі депосы, т.б. салынды. Зауыттың іске қосылу кешенінің алғашқы кезегі 2007 жылғы желтоқсан айында белгіленген мерзімінен 27 ай бұрын аяқ­тал­са, екінші кезегінің құры­лысы да белгіленген уақы­тынан өткен жылы маусым айында іске қосылды. 2008 жылдың екінші тоқсанында зауыт құры­лы­сының бірінші кезегі толық аяқталып, зауыт жылына 125 мың тонна жоғары сапалы алюминий шыға­ратын өндірістік қуатқа қол жеткізді. Зауыт­тың екінші кезегі биылғы жылдың 24 маусымында салтанат­ты түрде іске қосылды. Оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. «Жалпы мұн­дай ірі зауыт салуға он-жиырма жыл уақыт қажет. Алайда электролиз зауытының әрбір кезегі небәрі екі жарым жыл ішінде салынды. Бұл осында жұмыс істеген құрылыс­шылардың, ме­таллургтердің ерен еңбегінің үлгісі», деген еді зауыттың екінші кезегін іске қосу салта­натында Президент. Зауыт жылына 250 мың тон­налық бастапқы алюминий өндіретін қуатқа қол жеткізді. Қазіргі уақытта зауытта заман талаптарына сай экологиялық қауіпсіз және ең соңғы техноло­гия­лар­ды пайдалану арқылы прогрессивті алюминий өнді­ру техно­логиялары қолданылуда. Техно­логия­лық опе­рация­лардың тиімділігін арттыруға, элек­тро­лиз­дердің жұмыстарына жүйелі мониторинг жүргі­зуге, газ тазалағыш құрылғыларды, құю це­хы мен көмекші нысандарды дер кезінде реттеуге мүм­кіндік беретін жаңа зауыттың барлық техноло­гия­лық үрдістері автоматтандырылған басқару жүйе­лерімен бақыланады. Корпорация басшылығы алюминий өндіруші­лер­ге қамқорлық жасап келеді. Облыстың әлеуметтік жобаларына да қаржы бөліп отырады. Дәл осы күндері зауыт демеушілігімен өңірдегі халқына қадірлі әулие Ақкөл-жайылмада мешіт, Хазірет Исабек ишан және Жандарбек қожа ата кесенелер құ­рылысының жұмыстары да аяқталып қалды.

РАХМЕТ СІЗГЕ, ЕЛБАСЫ!

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен бой көтерген осы ға­сырдың алып құрылысы «Қазақстан электролиз зауыты» біздің мақтаны­шымыз. Өйткені, бұл еліміз тәуелсіз­дік алғалы салынған тұңғыш зауыт болып саналады. Әлемдегі он алюминий зауытының қатарына енген. Қазір еліміз жаңа даму дәуіріне қадам басты. 2020 жылға дейінгі индустрия­лық-инновациялық даму бағдарлама­сы осы даму жылдарының бастауына айналды. Елбасы Жолдауында “Ин­дус­триялық даму – бұл біздің жаңа онжылдықтағы мүмкіншілігіміз, ел дамуы үшін жаңа мүмкіндіктер. Қа­зақ­стан табысты индустриялық дер­жава болады – мен бұған әбден сенімдімін”, – деп атап көрсетті. Облыс орта­лығында бой көтерген Қазақ алюминий өндірісінің кластері – индус­триялық елдің алғашқы қарлы­ға­шы. Индустриялық-инновациялық өндіріс деген осы. Бұдан бұрын тек шикізат қоймасы ғана болып келген елімізде дайын өнім шығаратын өнді­ріс орны ашылды. Әлемдік рынокта жоғары сұранысқа ие болған «Қазақ­стан алюминийі» өмірге жолдама алды. Мен өзім 2008 жылдан бері осы зауытта еңбек етіп келемін. Жаңа зауытта жас, білікті, жаңа технологиялармен жұмыс жасай алатын жастар көптеп еңбек етеді. Олар, яғни менің құр­дастарым осындай қуатты жаңа өнді­рістердің еліміздің дамуы мен өркендеуіне басталған жол екенін жақсы біледі. Өндірісте еңбек ету оңай емес. Ол табан­ды­лықты, сенімділікті талап етеді. «Қа­зақстанда жасалған» деген өз еліміздің отан­дық өнімдерін өз қо­лымызбен жасап жатқанымызды биік мәртебе санаймыз. Әрине, осын­дай жарқы­раған жаңа заман зауы­тында еңбек ете жүріп әрқашанда Елбасының біздерге, жастарға, жас металлургтерге деген шынайы қам­қорлығын көріп жүрміз. Бұрынғы жұмысшы­лардай емес, біз қазір жоғары технологиялар өндірісінде жұмыс жа­саймыз. Өткен жылы жел­тоқсан айында менің бақытты күнім болды – жас металлург ретінде, өндірістегі тынымсыз еңбектің жолында, Елба­сының өз қолынан «Құрмет» орденін алдым.

Ұлан ӘУБӘКІРОВ, алюминий өндірісінің операторы.

__________________________

Айқарма беттерді дайындаған «Егемен Қазақстан» газетінің Павлодар облысындағы меншікті тілшісі Фарида БЫҚАЙ.

Суреттерін түсірген Валерий БУГАЕВ.