Қазақстан • 26 Ақпан, 2018

Ақиықтың ақыры

1328 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Дауасыз дертке тап болғанын сезген құс­бе­гі, туған-туыстарымен арыз­дасып: «Мен өл­ген соң жаназама сойылған жыл­қы­­ның қазысын сары құсқа жегізіп, аяқ бауынан босатып қоя бе­рің­­дер» деп көз жұмады...

Ақиықтың ақыры

Ертеде Алтай өлкесін мекен еткен Тіней атты атақ­ты бүркітші өткен. Бұл құс­бегі туралы кезінде қытай қазақ­тары арасынан шыққан үлкен ғалым, зиялы тұлға Нығ­мет Мыңжанидың өзі қалам тартқан еді. Бірде Тінейдің жал­ғыз тұяқ құла биесі Ертіс­тің мұзының үстіне барып құлын­даған екен. Қара құйрық, қара жал, еркек құла құлын туып­ты. Иесі іздеп барса, жа­рық­тық құла бие қамыс құла­ғын қайшылап, өзеннің жаға­сына жалтақ-жалтақ елеңдейді. Бұған не болды деп қараса: жаға­да құла биенің шуын жеп тоят­тап, қанаты суға малынып сауыс-сауыс боп қатқан сары бүркіт отыр. Тіней бүр­кітті ұстап күпісіне орап ала­ды да, жаңа құлындаған бие­сін айдап үйіне келеді. Бұл бүр­кіттің бітімі бөлек, тегеурін тұяғының жебесі жарты қарыс екен. Құсты көргендердің бәрі: «Ақиық, қандыбалақ қыран­ның өзі» деп мақтасады.

Ғайыптан қолына түскен сары құсты Тіней үш жыл түле­тіп барып салады. Бірақ үміт ақталмайды. Тағы екі жыл тү­летеді. Бұл кезде баяғы қара­жал құла құлын бесті шығып, жақсы ат болады. Тіней құсбегі құла атына мініп, сары бүркітін көтеріп қыс бойы саятшыласа да ештеңе алдыра алмайды. Мұны көрген басқа саят­шылар − Ей, Тіней «құсың түл­кі алса бүркіт, алмаса лау мін­ген шүршіт» дейтін сөз бар, жал­ғыз атыңды қинап әуре болған­ша, аяқ бау, томағасын сыпырып қоя бер! – деп ақыл айтады. Сары құстың бітімі мен көрік-келбетінде бір керемет барын байқаған Тіней оны босатып қоя беруге қимайды, есік алдындағы қу түбірге қон­дырып байлап қояды. Сары құс анда-санда мыңқылдап ша­қырып қойып отыра берді.

Бірде ауылдың жылқысы барымталанады. Іздеушілер бейсауат бір адамды «ұрылармен сыбайлас» деп ұстап әкеліп, аяқ-қолына кісен салып қояды. Ол сорлы бірде әлгі адам кісе­нін салдырлатып Тінейдің үйі­не келеді. Есік алдында қу түбірге қонып отырған сары құстың мыңқылдап шақырған үнін естіп:

− Қайран қыраным-ай, Алтай­дың алты асқарын асып сен қайдан келіп едің, алты қабат Алатауды басып мен қай­дан келіп едім? – күңіренеді. Бұл сөзді естіген Тіней:

− Ей, сорлы сен бұл құс­тың тегін танып, тілін білетін кісідей сөйледің-ау, бұл саған «Алтайдың алты асқарын асып келдім» деп тіл қатты ма?- деп сұрайды. Ұры айтады: Ақиық Алтайға кетті, Ақше­гір Нарынға кетті, Қарагер Боғ­даға кетті, Сабалақ сары сауыр­ға кетті, – деген екен, жа­­лайыр Шора, мынау сол «Ал­­тайдың ақиығы». Құстың оң иығындағы ақ жүн адам ала­тын­дығының нышаны, сол иығындағы ақ жүн аң ала­тындығының айғағы. Бұны аңға салмай тұрып оң иығындағы ақ жүнді қиып тастау керек. Әрі бұл қыранның ер сүйегі бармақтай екі топшысының ұшында екі тегеуір тұяғы бар, бұл қатардағы құс емес, Ақиықтың ішіндегі қыраны, дейді. Бұл сөзді естіген Тіней:

− Рас айтасыз. Бұл құс қол­ға түспес асыл қыран деп өзім де ойлаған едім, бірақ үш жыл түлетіп салсам да тышқан мұрнын қанатпады!

− Аң алмайтын құс жоқ қайыруын тапса деген, бұл құс­ты қалай түлетіп, қалай қайы­рып едіңіз?

Бұл сұраққа таңданған Тіней:

− Құсты қалай түлетіп, қа­лай қайырудың баяғыдан келе жатқан дәстүрі бар емес пе, жаздай суыр етімен түлетіп, бөртпемен жүндетіп, ақ жеммен қайырдым, – дейді.

− Бұл әдеттегі құс емес, өзге­ше құс, мұның бабы да өзгеше – дейді тұтқын.

– Жаз шыққанда аяқ бауын ал да қоя бер, жаз бойы емін-еркін шалқып ұшып жүрсін. Қашып кетер деп қорықпа, сен оған сенсең, ол да саған сенеді, сені тастап кетпейді. «Қазанның қа­ра дауылы» түс­кенде ұстап тұғырына қондыр да ту биенің қазы­сымен қа­йыр, қыс бойы жерге түс­пей­­­ді, көзіне көрінген аңды жібермейді. Мұның тағы бір шалт мінезі – кешке аңнан қайт­қанда елігіп кез келген адамды көкке көтеріп ұшырып ой­най­ды, қасыңдағы қағушыңа құ­лын жарғақ кигізіп, арқасына ергеншек таңып қойғайсыз...

Тіней құсбегі тұтқынның ақылына сүйсініп, оны кепіл­дікке алып, аяқ-қолын кісеннен босатып еліне аттандырады. Осы тұста баяғыда бес жыл бұрын қаражал құла құлын тапқан Тінейдің құла биесі қатарынан бес жыл қысырап, семіз­діктен шайлап жүре алмай, күздің қара суығы түс­кенде жон арқасы жарылып өледі. «Іздегенге – сұраған» деген­дей Тіней құсына құла биенің семіз қазысын беріп қайы­рады. Күйі келген сары құс қыстағы салбурында көзіне көрінген аңды қалт жібермей ұстайды. Күн батып аңнан қайтқанда елігіп ұшып, қолға қонбай кергіп, кұлын жарғақ киіп арқасына ергеншек бай­лаған қағушыны қағып алып көкке ұшырып, құмары қанған соң қайта әкеліп жерге түсіріп ойнайды.

Қыс өтіп саятшылық мау­сымы аяқталған соң Тіней құсының аяқ бауын алып қоя береді. Ол күні бойы емін-еркін ұшып жүріп, кеш бата кез келген үйдің шаңырағына барып қонады. Сары құстың шаңыраққа келіп қонуын «құт» деп білген жұрт оған қонағасы беріп, мейман ететін дәстүр қалыптасады.

Күндер өтіп сары құстың атағы ат жетер жерге жайы­лады. Бірде Тіней құсбегі сал­бурынның соңғы қызығын көрмек болып аңға шығады. Биікке шығып томаға тартқаны сол еді, қолындағы құсы тілеп ұшады да бір терең шатқалдың үстіне барып тік шаншылып құлдилап кетеді. Тіней атымен шауып жетсе, шатқалдың іші астан-кестең. Найзағай жар­қылдап, сарала сағым ойнайды. Барайын деп ұмтылса астын­дағы құла аты ышқынып үркіп, апыр-топырдың маңына бас­пайды. Кешікпей күн ұя­сына батып, жұлдыз жамырап, жер жаһанды қараңғылық бүр­кейді.

Ертеңінде таңсәріде Тіней ел-жұртты жинап барса, сары құс тастың үстінде түк болма­ғандай таранып отыр. Сөйт­се, адам бармайтын терең шат­қалда алып жылан бар екен бүркіт соған барып түскен де оны өлтіріп, басын мүжіп тояттап отырған түрі. Айдаһардың жай­рап жатқан жемтігін көрген жұрт еріксіз таңдай қағады.

Сары құстың арқасында Тінейдің де атағы аспандайды. Бірақ жазымыштан озмыш жоқ, құсбегі кенет айықпас дертке шалдығып, төсек тартып жатып қалады. Дауасыз дертке тап болғанын сезген құсбегі, туған-туыстарымен арыз­дасып: «Мен өлген соң жаназама сойылған жылқының қазысын сары құсқа жегізіп, аяқ бауынан босатып қоя бе­рің­­дер» деп көз жұмады.

Құсбегінің өсиеті бойынша ел сары құстың аяқ бауын алып, бостандыққа қоя береді. Бүркіт самғап ұшып, ақша бұлтқа сіңіп көзден ғайып болады. Келесі жылы ел-жұрт жиналып Тінейге ас береді. Сол сәтте ақша бұлтты қақ жарып сорғалап жеткен сары құс жер ошақтың басына келіп қонады. Жер ошақтың басындағылар оған асқа сойған жылқының өкпесін лақтырады. Оны іліп алып аспанға көтерілген бүр­кіт әбден биіктеп алған соң шеңгеліндегі өкпені жемей жерге тастай салады. Шырқау көкте қалықтап әрі-бері ұшады. Кенет қанатын қомдап, ас беріп жатқан ауылдың шетіндегі зиратқа қарай атқан оқтай шүйі­леді. Тарс еткен дыбыс, бұрқ етіп көкке көтерілген шаң­нан кейін, жиналған қауым зират жаққа жүгіреді. Олар Тіней­дің зиратына соғылып өлген сары құстың талқаны шық­қан жемтігін көрді.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»