25 Қараша, 2011

Жаңа балық зауыты

405 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елбасының жолдауларында таяудағы оңжылдықта теңес­ті­рілген жедел даму арқылы эко­номиканың бәсекеге қабілет­тілігін қамтамасыз ету тапсы­рылған. Осы мақсатта үдемелі индустриялық-инновациялық да­му бағдарламасы әзірленіп, нә­тижесінде еліміздің өркен­деуі­не кең жол ашқан индус­трияландыру бағытындағы жұ­мыстар жүйеленіп, жалғасын табуда. Соның бірі – Талдықор­ған қаласынан 600 шақырым қа­шықтықта орналасқан Балқаш көлінің жағалауындағы Үлкен кен­тінде ашылған Балық зауыты.

Индустрияландыру картасы аясында Жетісу жерінде тия­нағы келтірілген он жобаның қатарындағы кәсіпорын қазірдің өзінде осындағы жүзге жуық тұрғынды жұмыспен қамтыды. Кенттің тоғыз жолдың торабын­да орналасуы мен көлдің табиғи байлығы өндірісті дамытуға қолайлылығы алдын-ала ойлас­тырылғаны анық аңғарылады. Бағдарламаның тиянағын келтіруге күш салған «Компания Жеңіс-2006» жауапкершілігі шек­теулі серіктестігі балық зауы­тының іргетасын осылай қалаған. Жұмыссыздық мәсе­лесі шешіліп, тұрғындардың әлеуетін көтеру мен өңірдің да­муына ықпалын тигізген кәсіп­орын құрылысы өткен жылы басталып, биыл қыркүйек айын­да іске қосылды. Алғашқы өнім осылайша тұтынушыға жол тарт­қан. Аз уақыт ішінде 68 тон­на балық өңделіп, бюджетке 480 мың теңге салық түсіп отыр.  Зауыттың қуаты жылына 700 тоннадан астам балық өңдеуге жетеді. Дайын өнім еліміздің барлық аймақтарына жөнелтіліп жатыр. Қазіргі кезде серіктестік шет мем­лекеттердің бірқатарымен келіс­сөздер жүр­гізуде. Ал, Литвамен келісім-шарт қазан айында жасалса, олар «КамАЗ» толы өнімді елдеріне әкетіп үлгерген.

Бұл тәуелсіздік әкелген игілік қой. Бұрын осындай зауыт тура­лы армандамайтын да едік. Мем­лекеттің қамқорлығымен осын­дай дәрежеге жетіп, кәсіпорын ашып жатырмыз. Үлкен жетістік. Бұл еліміздің 20 жылдығы мерейіндегі ауқымды шара екені даусыз, дейді кәсіпорын дирек­торы Ернат Әлдібаев.

Кәсіпорын балық өнімдерін өңдеудегі халықаралық талаптар­ға сай салынған. Балық қабылдау қосыны, жуу, мұздату, сақтау цех­тары Германия мен Голландиядан әкелінген жаңа қондырғы­лармен жабдықталған. 1500 тонна балық сақтайтын қоймасы бар. Нәтиже­сінде мұндағы жұмыс бір сәт те тоқтамай, жыл он екі ай жұмыс істеуге мүмкіндік туғызылған.

Тағы бір айта кететін жай, Балқаш көлінен ауланатын сегіз түрлі балық осы жерде өңделеді. Қазір мұндағы жұмысшылар көк­серке балығынан жартылай дайын өнім дайындауда. Мәселен, ба­лықтың жон еті алынғаннан кейін, оның ұрты мен алқымы да кәдеге жарайды екен. Тіпті, қал­ған еттерінен фарш дайындалса, сүйегінен мал азығы шығарыла­ды. Яғни, қалдықсыз өнім. Қазір осы цехта өңделген балық тұ­тынушыға жартылай дайын өнім түрінде жеткізілуде. Алдағы жыл­дан бастап, балық өнімде­рінің түрлерін көбейту жоспарланған. Теңіз балықтарын шетелден әке­ліп, осында өңдеу қарасты­рылып, оған дайындық жасалуда. Теңіз балықтарын қақтап, ыстайтын боламыз. Сыртына тауар белгісін жапсырып, дайын күйінде тұ­тынушыға жібереміз. Этикеткалы дайын өнім де шығарамыз, дейді технолог Сәрсенгүл Ержанова.

«Жеңіс – 2006» серіктестігін ши­кізатпен қамтамасыз ететін осында «Сом и Д» деп аталатын тағы бір серіктестік бар. Ол «Құй­ған» ауылында орналасқан. Жылы­на 1000 тоннаға дейін ба­лық ау­лауға лицензия алған ба­лық­шылар өз жұмыстарын тың­ғылықты атқа­руда. Қазір 30-ға тарта балықшы  осы кәсіппен айналысуда. Зауытта 60-тан аса жергілікті тұрғындар еңбекке тартылған.

Индустрияландыру картасы­мен ашылған бұл зауыттан басқа мұнда кішігірім төрт балық өңдеу кәсіпорны бар. Өндіріс орын­дарының көптеп ашылып, жұмыс істеуінен мұнда жұмыс­сыздар мүлде жоқ деуге болады. Көл жағалауындағы ауыл 1985 жылы жұмысшы кенті ретінде құрылса, қазір екі мыңға жуық халық мекендейді. Соңғы он жыл­дан бері мемлекеттік бағдарла­ма аясында ауылдың жағдайы жақ­сарды. Ауыз су мәселесі шешілген. Орта мектепке күрделі жөндеу жүргізіліп, оқушылардың тиянақты білім алуына жағдай қарастырылған. Ең бастысы, жұмыссыздық мәселесінің түйіні тарқатылғанын қуанышпен жеткізеді кент жұртшылығы.

Кентте тұрып жатқаныма жиыр­ма жыл болды. Ешқайда қоныс аударғым келмейді. Өйткені, барлық жағдай бар. Шалғайдағы ауыл деп ескерусіз, елеусіз қал­ғамыз жоқ. Міне, қаншама өнді­ріс орындары ашылып жатыр. Ерінбеген еңбек етіп, қаладағы­лардан кем тұрмайтынын уа­қыттың өзі дәлелдеуде, дейді Үлкен ауылының тұрғыны Вероника Горячева.

Еліміздің оңтүстігі мен сол­түстігін электр қуатымен қамта­ма­­сыз еткен кәсіпорын да Үлкен ауылының іргесінде. Барит өң­дейтін Шығыс кен басқармасы да осы жерде орын тепкен. Кенттің 60-қа тарта адамы кен орнында еңбек етсе, тағы бір маңызды нысанның болашақта бой көтере­тінін олар мақтанышпен қабыл­дауда. Ол – Балқаш жылу электр стансасы. Елбасымен 2010 жыл­дың 28 маусымында өткен теле­көпірде стратегиялық маңызы бар жобаның алғашқы қазығы қағылғаны белгілі.

Тарихи сәтті тұрғындар ұмыт­қан емес. 2015 жылға дейін жылу электр стансасының құрылысы аяқталады деп жоспарланған. Демек, тағы жүздеген жұмыс орны ашылып, Үлкеннің ертеңіне деген үміт ұлғая түспек.

Күмісжан БАЙЖАН.

Алматы облысы.