25 Қараша, 2011

Өңір бюджеті он жылда он есе өсті

339 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дарында Елбасы әуелі эконо­мика, содан соң саясат бағытын алға қойды. Егемен еліміздің кейінгі даму кезеңдері бұл ұста­нымның дұрыстығы мен өмір­шеңдігін дәлелдеп берді. Ел экономикасын дамыту туралы әңгіме қозғаған кезде оның бойына нәр жүгіртетін қаржы жүйесін айналып өтпеу еш мүмкін емес. Бейнелеп айтқанда, атал­мыш жүйе  экономиканың қан тамырлары іспеттес. Тәуелсіздік жылдарында еліміздің қаржы жүйесі де толық қалыптасып үл­геріп, ел экономикасының одан әрі дамуына қомақты үлесін қоса бастады. Тіпті бүгінде қар­жыгерлердің қатысуынсыз эко­но­миканың бірде бір саласының толыққанды қызметін көзге елестету қиын-ақ.

Бір сөзбен айтқанда, қаржы саласын реформалау кезеңі жас мемлекет үшін ауыр сынақ қана болып қойған жоқ, сонымен бірге белгілі бір табыстарға жету жылдары болды. Осылайша қыс­қа тарихи мерзім аралығын­да экономикалық тоқырауды қал­пына келтіріп қоймай  оны одан әрі жедел түрде дамытудың негіздері қаланды. Осынау ауқымды мемлекеттік істің алға басуына республика өңірлерінің қосқан үлестері айтарлықтай. Бұған елдің шалғай аймақта­рының бірі Батыс Қазақстан облысынан бірер мысал келтіру­дің де орайы келіп тұрғандай.

Егер 2000 жылы облыс бюджеті небәрі 11 миллиард тең­гені құраса, өткен 2010 жылы бұл мөлшер 105,9 миллиард тең­геге көтерілді. Яғни мұның өзі өңір бюджеті он жылдың ішінде он есеге жуық өсті деген сөз. Соның ішінде бұл қомақты бюджет қаражатының 21,1  және 29,8 пайызы денсаулық сақтау мен білім беру салаларын да­мытуға бөлінгенін айта кеткен жөн. Осынау деректер мен дәйек­тер батысқазақстандық қар­­жыгерлердің тәуелсіздік жыл­да­рындағы жетістіктерін айғақтай алатыны аян.

Сонымен бірге, бұл та­быстарда қаржы саласының жілік майын шағып ішкен іскер де кәсіби деңгейі жоғары басшы кадрлардың үлесі бар екені анық. Әрі олардың қызметіне тұрақтылық пен орнықтылық секілді сипаттар тән демекпіз. Тәуелсіздіктің жиырма жы­лында өңірдің қаржы саласын Жеңіс Рахымбеков пен Асқар Хамитов басқарып келген. Ең бастысы олар облыс бюджетінің әлеуметтік бағдарға қарай бет түзеуіне көңіл аударғаны атап айтуға тұрарлық мәселе.

– Тәуелсіздіктің елең  алаңын­да орын алған қиыншылықтар ұмытылмақ емес. Одақтық мем­лекеттің экономикасына негізделген өнеркәсіп өз қызметін тоқтатты. Кеңестік жүйедегі совхоздар мен колхоздар таратыл­ды. Өйткені, олар ұзақ жылдар бойы аса қомақты мемлекеттік дотацияның көмегімен күн кешіп келген-ді. Қызметке қабі­летті тұрғындардың басым бө­лігі алғашқы кезде жұмыссыз­дықтың қамытына мойын ұсынды. Жасыратыны жоқ бұл кезеңде зейнетақы мен ең­бекақыны төлеу мерзімі бірнеше айларға дейін созылып кетті. Өйткені, сол тұста ел мен облыс бюджетінің мүмкіндігі тым шектеулі болатын. Тек Елбасы мен оның серіктерінің сол тұстағы мықты ерік-жігері мен өлшеусіз еңбектерінің нәтижесінде бұл көңілсіз көріністер келмеске кетті. Қысқа уақыт ішінде шетелдік инвестиция ел экономи­касына қызмет жасай бастады. Өндіріс пен ауыл шаруашылығы нарықтық экономика талап­тарына сай қайта жаңғыртылды. Босап қалған дүкен сөрелері азық-түлік пен өндірістік тауар түрлеріне тола бастады. Ел тұрғындарының Қазақстанның келешегіне деген сенімі осылай орнықты,  деді бізге осы мате­риалды газетке әзірлеу бары­сында Батыс Қазақстан облыс­тық қаржы басқармасының бастығы Асқар Хамитов.

Иә, басқарма басшысы атап көрсеткендей, ел тұрғындары тәуелсіздік сынына үлкен абы­роймен төтеп бергені белгілі. Ең бастысы, қазақстандықтар сын­дарлы сәтте өздерінің мүм­кіндіктері мен қабілеттеріне сенді деп айқын тұжырым жа­сауға болады.  Тәуелсіздік сыны кез келген уақытта, кез келген жағдайда алдымыздан шығып отыратыны да ақиқат. Сондай төтенше сынның бірі – биылғы көктемде Ақжайықта орын алған алапат су тасқыны. Бұл шақ облыстың қаржы жүйесіне де өз сынын тосып тұрған еді. Батыс Қазақстан облысы әкі­мінің бірінші орынбасары Нұр­лан Ноғаев бұл жөнінде  тың да тосын деректерді алға тартты.

Тасқынға байланысты об­лыстағы қаржы жүйесінің қыз­меті де аяқ астынан күрделеніп сала берді. Төлемдерді уақы­тында төлеу, оның аяқасты бо­луына жол бермеу, баланстарды құрастыру, қаржы саласындағы өзге де иірімі мол операциялар  әрбір қаржыгерден  жеделдік пен ұқыптылықты әрі кәсіби шеберлікті талап етті. Оның үстіне жығылғанға жұдырық дегендей, тиісті тәртіп бойынша мемлекеттен бөлінетін бірқатар қаржылай көмектердің өңірге келу мерзімі кешеуілдеп жатты. Осындай қиыншылықтарға қа­рамастан, облыстың қаржы жүйесі ілкімділік танытты,  дейді ол.

Иә, тұтастай қазақстандық қаржы жүйесінің бір бөлшегі іспеттес батысқазақстандық қар­жы­герлер егемендік сынына қабақ шытпай, оған өздерінің табандылығы мен кәсіби шеберліктерін қарсы қойып келеді.

Темір ҚҰСАЙЫН.

Батыс Қазақстан облысы.