Қазақстан • 28 Ақпан, 2018

Қос қанатты қыран қыз – Рәшила Мұрсалиева

691 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Қашанда қатарының алды болып, қияға қанат қағып, үнемі өсу – самғау үстінде жүріп, бұл күнге жеткен қарындас-құрбы жайлы қалам тарту мен үшін әрі қуаныш, әрі жұбаныш дер едім. Қуанышы – талай асу-белестерді артқа тастап, кейде ашық аспанның астында, кейде қат-қабат қалың бұлтты қақ жарып, қырандай самғап осынау жасқа жетті. Тәубе, дейік! Жұбанышы – қос ғасыр тоғысында, бір-біріне кереғар екі жүйенің де сынынан өтіп, ыстығына күйіп, суығына төзіп дегендей, әр дәуірдің дауылына да, желіне де төтеп беріп, бүгінгі тәуелсіздік заманын көзбен көріп, өмір сүру екінің бірінің басына қона бермеген сирек бақыт екенін сезіну. 

Қос қанатты қыран қыз – Рәшила Мұрсалиева

Өткен ғасырдың 90-жыл­дарының Тәуелсіздік тоғы­­сындағы ширек ғасырын шиыр­лап шықсақ, басқасын былай қойғанда, бүтін қазақ бала­сының басынан өткен дәуірді түгендеп айту екінің бірі­нің қолынан келе бермесі хақ. Дүниені дүрліктірген жел­тоқсан дауылынан кейін арпа­лыспен өткен күндер мен түн­дер тәуелсіздіктің бүгінгі мамы­ражай мезгіліне жалғасты. Осы кезеңдегі ел басынан өт­кен аласапыран өзгерістерді қанша көзбен көрсек те безбендеп айтып беру оңай іс емес. Демек, халқымыздың басынан өткен осынау тағылымды да тауқыметті істерді тарих тол­қынына тоғыстырып, бүгінгі күннің үрдісінде ұрпаққа үлгі етіп ұсыну біз түгіл болашақ ұрпақ­тың еншісіне айналар ерен еңбек екенін ұмытпауымыз керек. Осы ерен еңбек жақында ға­на Елбасының қолымен жазылып, «Тәуелсіздік дәуірі» деген ат­пен қалың оқырман қолына тиді.

Қазір Қазақстан халқы іргелі іс, ерен еңбекті жан-жақ­­­ты талқылап, ел кәдесіне жа­­ра­тып жатыр. Осындай игі­лік­­ті әңгімелерге иек арт­қанда, алдыңдағы ағалардың ақыл-кеңесі, парасат-пайымы ойыңа оралады. Қасыңдағы қатарларыңа қарап, өзіңе де көңіл бөліп, «осы мен Тәуел­сіздігіме қандай үлес қостым?» деген қастерлі талапқа табан тірейсің. Осы кезде менің ойыма сонау Торғай даласынан түлеп ұшып, сол кездегі ел астанасы – Алматыға аңсары ауып оқу іздеп келіп, білім кәусарын қанып ішіп, қияға қанат қақ­қан қарындас-қарлығаш-за­мандас-досым Рәшила Қаби­қызы Мұрсалиева оралады. Енді Рәшила Қабиқызының өмірбаяндық ақпараттарына бір сәт көз жүгіртіп көрейікші.

1966 жылы С.М.Киров атын­дағы Қазақ мемлекеттік уни­верситетіне оқуға түсіп, оны 1971 жылы аяқтап, биология және химия пәндерінің мұғалімі мамандығын алып шыққаннан кейін өзінің кіндік қаны тамған Торғай даласына бір-ақ тартады. Барған бетте бірден сол кездегі Жан­гел­дин аудандық комсомол коми­тетінің мектеп бөлімінің меңгерушісі қызметіне кірісіп кетеді. Сөйтіп оның еңбек жолы Ыбырай Алтынсарин ата­сы мектеп ашып, білім нұ­рын шашқан қастерлі мекеннен бастау алады. Сол кезде комсомолдың рөлі өте күшті болатын. Ауданда жастарға жетекшілік еткен Орекен Алма­тов, Сабыржан Шүкірұлы, Жа­қан Қосабаев, сондай-ақ өзінің құрбы-құрдастары Марат Қасымов, Қойшы Сәр­сенгелдин, Сәуле Аяшева сынды қызметтің қым-қуыт сына­ғынан, сындарлы сынынан өткен азаматтармен қоян-қолтық жұмыс істеп, болашақ қайраткер қыз сол кездің өзін­де-ақ күрделі істердің күр­меуін шеше білетін шебер ұйым­дастырушылығымен көзге түсе білген еді.

Торғайдағы жылдар жалын­даған жас маманның оң-солын танып, туған елдің тарихы мен шежіресіне терең үңілуге мүм­кіндік береді. Ол өзінің ата-бабалары – атақты Ахмет Байтұрсынұлы ұрпақтарымен түбі бір туысқан екенін, наға­шыларының да жүректі батырлар болғанын біліп, туған жер тарихын зерттеп, зерделеуге ден қойды. Өзінің арғы атасы Ахмет Байтұрсынұлымен тек бірге туысып қана қоймай, бір кезде жас бала Ахметке арабша дәріс үйреткен ғұлама абыз Тұрғынбек есімді кісі өзінің түп атасы екенін Рәшила кейін білді. Кезінде осы өңірдің діни сауатын ашып, мешіт ұстаған бала Ахметке арабша дәріс бер­­ген Тұрғынбек туралы аңыз әңгіме ел ішінде көп айтылады. Рәшила Қабиқызы бертінге дейін осы Тұрғынбек атасының есімін иеленіп «Тұрғынбекова» болып келді.

Осыған орай бір қызық әңгі­мені қоса кеткім келіп отыр. Ал­матыдағы жалындаған сту­­дент­тік жылдар. Біз сол кез­дің өзінде әжептәуір көрініп қал­ған жас ақындар – Кеңшілік, Серікбай, Серік боп «ұрынарға қара таппай» желкілдеп жүрген кезіміз. Жасыратыны жоқ, басқа жақтың бикештері болмаса, ауыл қыздары бізден қашқақтап жүретіні бар. Себебі көбінесе «көңілді» жүріп, көлденең киліге кеткен қыздарға көп сөй­леп қоятынымыз бар ғой баяғы. Оны ауыл қыздары ұнатпайды, әрине. Бір күні бас пошта үйінде Рәшиланы кезіктіріп қалдым. «Т» әріпі бар «окошкада» тұр екен. Мен де қапталдасып тұра қалдым. Қолында – төлқұжат. Ақша ма, әлде хат па алғалы тұр­ған сыңайлы. Қолындағы төл­құжатқа көз қиығын салып қарасам, о, ғажап, фамилиясы Тұрғынбекова деген сөз көзіме оттай басылды.        

– Фамилияң осылай ма?! – деп едім.

– Иә, – деген жауап алдым.

Жалындап тұрған жас ақын мұндайда қарап қала ма?

– Әй, Рәшила! – дедім. – Бол­са да фамилияң Тұрғынбекова екен, бізде не тұрыс бар, «загске» ба­рып әуре болып жатпай-ақ қо­сыла салайық, – деппін ғой. Оның түрі бұзылып сала берді. Бұзылғаны сол, құжатын қолына қыстырған күйі алды-артына қарамастан, тартты да отырды.

– Әй Рәшила, Рәшила! – деп мен қала бердім. Оны мен сол кеткеннен тоқсаныншы жыл­дардың аяғында Атырау облысы әкімінің орынбасары кезінде бір-ақ көрдім ғой. Баяғы жас кезіндегідей жасқаншақтығы жоқ, батыл да белсенді қазақ қызы көз алдымда тұрды.

Иә, айтпақшы, мен Рәшила­дан бұрын оның күйеуі – Ғи­бадатты Алматыда көріп, бір қуанысып қалғанбыз. Онда да тіпті өз үйімде кездестім. Ол кез­де әр өңірдің шаруашылық басшылары Алматыда бас қосатын. Білімін жетілдіретін. Ол кезде Қазақстанның батыс, шығыс, оңтүстік, солтүстік өңір­лерінің шаруашылық бас­шылары кезек-кезегімен ке­ліп, білік-білімін жетілдіріп, тәжірибе алмасатын жақсы бір дәстүр болатын. Батыс өңі­рінің шаруашылық басшылары біздің үйде бас қосып қалды. Оған себеп менің жиенім Сағит­жан Досов ол кезде Ақтө­бенің Хромтауындағы бір ша­руашылықты басқаратын. Батыс өңірден келген бір топ жол­дас-жораларын бастап біз­дің үйге келді. Ішінде жастау, ұяңдау қызыл көйлекті сүйкімді бір жігіт отырды. Көп үндемейді. Сөйтсем ол өзіміздің күйеу бала – Торғай қызы Рәшиланың жұбайы болып шықты. Таныс­қаннан кейін іздегенімізді тап­қандай шұрқыраса кеттік. Қасымда Кеңшілік пен Серікбай бар еді. Мәжілісіміз одан сайын қыза түсті. Рәшиланың күйеуі – Ғибадат Есниязұлы Мұр­са­лиев сол кезде Балықшы ауда­нындағы «Қызылбалық» колхозының төрағасы екен. Алдында Рәшила екеуі Алма­тыда Жоғары партия мектебін бітіріп, қол ұстасып туған жері Атырауға аттанған екен. Сол кездің өзінде ол маған болашақта биікке беттейтін, са­лауат­ты ел басшысындай көрінді. Қате­леспеген екен­мін. Ғибадат пар­тия-кеңес органдарында біраз басшы жұмыстардың басын қайы­рып, аудандық партия комитетінің хатшысы, колхоз-совхозға же­текшілік жасап, өз өңірінде өркенді істер атқарған өрелі де өнегелі азамат болып шық­ты. Біраз жыл облыстық жекешелендіру жөніндегі департамент басшысы болды. Кейіннен жеке кәсіпкерлікке біржола бет бұрды. Ұлы – Ғаділбек, қызы – Әсел жоғары білімді кәсіп иелері. Рәшила екеуі бақытты отбасын құрап, алтын асықтай екі немере (Айзе­ре, Сәруар) өсіріп отыр.

Рәшила Қабиқызы Мұрса­лиеваның ең бір дәуірлеп, биік белестен көрінген тұсы – Атырау облысы әкімінің орынбасары болған кезі. Бұл жаңа ғасыр – 2000 жылдың басы болатын. Облыс әкімінің орынбасары болып істеген жылдар Рәшила үшін үлкен бір жемісті кезең болды. Облысқа келген талай әкімдермен өзара мәмілеге келіп, тіл табысып, кейде тіпті пікір таластыра жүріп, қиын-түйіндерді шешетін тұстарда да тәжірибелі маман не бір сындардан сүрінбей өтті. Әсіресе Рәшиланың сол кездегі облыс әкімі Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетовпен бірлесе жұмыс істеуі оңай өткел болған жоқ. Ісі тастүйін, тапсырмаларына қатал басшының тынымсыз тірлігіне ілесу үшін білім-білікпен қоса, күш-қайрат та қажет болды. Осындай тұста Р.Мұрсалиеваның көпті көрген, талай асулардан өткен өнегелі өмір жолының, алған тәжірибе-білігінің көп көмегі тиді. Әсі­ресе өзі ертеден араласып, сыр­­ласып-сыйласқан, ардақ тұт­­қан қазақтың қадірлі ақыны Фариза Оңғарсынованың ақыл-кеңесі оны үнемі демеп-жебеп отырды.

Соның нәтижесі болар, Аты­рауда республикалық, тіп­ті халықаралық деңгейде – ЮНЕСКО көлемінде өткен Махам­беттің 200 жылдығы об­лысқа үлкен абырой әперді. Той шеңберінде өткен шаралардың бәрі ел жүрегіне жол тауып, тың бастамаларға жол ашты. Кең көлемде жыр мүшәйрасы өткізіліп, сан-салалы сахналық қойылымдар жүзеге асып, ел мерейін көтерді. Осынау үлкен шара – мерекелі мерейтойға Елбасының өзі қатысып, елге алғыс айтып, ризашылық білдірді. Міне, осы шаралардың баршасына күн демей, түн демей бас-аяғына дейін қатысып, деңгейін көтерісіп, өз биігіне жеткізгендердің бірі де бірегейі Рәшила Қабиқызы болды.

Торғай даласы да, Атырау атырабы да таланттарға кенде емес. Екеуі де ақындар мен батырлардың елі. Ол тек өткен ғасырлардың еншісінде ғана емес, күні бүгінге дейін, тіпті болашақта да өз жалғасын тауып, ғасырлар қойнауына жол тарта бермек. Ал біздің Р.Мұр­салиева болса, Кеңес өкіметі кезінде де, Тәуелсіздік алған­нан кейін де халқына қызмет етуден бір танған жоқ. Қос кезеңнің қай-қайсысында да іске ел игілігі үшін білек сыбана кірісіп, ұлты мен ұлысы үшін маңдай терін төкті. Оның осынау үрдісті еңбегі мен қосқан үлесі елеусіз қалған жоқ. Ел-жұрты, Отаны мен Үкіметі бағалап, талай марапаттар мен құрметке ие болды. Ол алған «Құрмет» ордені, сондай-ақ Қазақстан Республикасының әр кезеңдегі ресми мерекелеріне орай берілген медальдары мен төсбелгілері қайраткер қыздың тынымсыз еңбегінің нәтижесі екені белгілі. Өз Отаны мен қоғамының өсіп-өркендеп дамуына аянбай еңбек етіп келе жатқан қайраткер қыздың алар асуы әлі де аз емес.

Сөз соңында қайраткер қыздың қоғамдық жұмыстар сала­сында сіңірген еңбегіне бір сәт көз жүгіртіп көрейікші. «Отан» өз алдына отау тіккен­нен бүгінге дейінгі «Нұр Отан» пар­тиясының үзіліссіз мү­шесі, бір кезде облыстық филиа­лының төрайымы да болған. Облыстық мәслихат депутаты. Облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демо­графиялық саясат жөнін­дегі комиссия жетекшісі. Аты­рау мұнай-газ университеті директорлар кеңесінің мүше­сі. Х.Досмұхамедов атын­дағы Атырау мемлекеттік универ­ситеті қоғамдық байқау кеңе­сінің мүшесі. Жіпке тізгендей безбендей берсек, Рәшила Қа­би­қызының қоғамдық істерге сіңірген еңбектерін санап тауыса алмайсың.

Ол әлі де ат үстінде. Бұл күн­де Атырау облысын абыройлы басқарып отырған Нұр­лан Ноғаев ұйымдастырған іргелі шаралардың баршасына араласып, өзінің талай жылдар жинаған ақыл-кеңес, іс-тәжірибесін жүзеге асыруға үнемі қолқабыс етіп келеді. Табиғатында адамға жақ­сылық жасауға, мемлекет, Отан алдын­дағы азаматтық мін­детін абыройлы атқаруда аянбай үлес қосып келе жатқан қайраткер қыздың күш-қабілеті әлі талай игілікті істерді атқарудан тартынбасы анық.

Торғайдан түлеп ұшып, Атырауда бақытын тауып, баян­ды еңбек нәтижесіне жеткен қос қанатты қазақ қызын қырандай самғатқан қадірлі де қастерлі Елге әрқашан бас иіп рахмет айтуға біз де пейілдіміз.

Серік ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ