25 Қараша, 2011

Ұлттың ұлы мұраты ұйыстырған

265 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Менің есіме 2008 жылдың 23 мамырында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Ақордада бір топ қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдары басшыларымен кездесіп, ұлттық жаңғыру және халқымыздың бәсекеге қабілеттілігі аясындағы келелі мәселелер бойынша кең көлемді сұхбат бер­гені еріксіз орала береді. Сол сұх­ба­тында Елбасы былай деп атап өткен-ді:

«Мұнан біраз жыл бұрын Қазақстан егемен ел ретінде қалыптасу белесінен өтті, ер-тұрманымыз бүтінделді, енді қазақ атқа қонады, көп ұзамай, әлемдік додаға қосылады деген едім. Айтқаным келген жоқ па? Келді ғой. Сол тілекті Құдай берген жоқ па? Берді ғой.

Міне, енді Қазақстан тұлпары әлем­дік бәйгеге қосылады. Қосылғанына көп болмаса да арғымағымыз арындап, алға басып келеді».

Алдымен Қазақстанымыздың егемен ел ретінде қалыптасып, содан кейін өзі шыққан белесін артқа салуы арасында қаһарман халқымыздың, тұңғыш Елба­сы­мыздың толассыз ерен еңбегі жат­қа­нын көз алдыға әкеліп көрелікші. Бұ­рын­ғы алып империя – Кеңес Одағы күйреді. Қазақстан Тәуелсіз ел атанды. Сол бір тәуелсіз қоғамымыз жадағай қоғам болатын. Мұндай ілуде бір кездесетін ғаламат жаңалыққа – егемен ел орнатуға жаңа қоғам саяси да, эконо­ми­калық тұрғыдан да дайын емес еді. Нұр­сұлтан Әбішұлы Қазақстанның жаңа тарихына осындай өте күрделі шақта енді.

Иә, осынау тағдыршешті кезең еліміз, Елбасымыз дәл суреттегендей, «темір таяқ – инедей, темір етік – түймедей» бол­ғанша жан-жақтан анталаған әлеу­мет­тік-саяси, экономикалық қиыншы­лық­тармен арпалысқа түсті. Елбасымыз болса, әу бастан тәуелсіздік тарихтың мәңгіге бөліп берген еншісі емес, халықтың мамыражай өмір сүруіне берілген кепілдік те емес екенін айта келіп, қарапайым да қасиетті тұжырымды – азаттық алумен іс бітпейді, оны сақтап қалу үшін заманға сай амалың болуы керектігін батыл ұсынумен келді. Елбасы­мыздың дана саясаткер тұлға екенін жалпақ әлем мойындады.

Қазақстанның соңғы онжылдықтағы сыртқы саяси табыстарына Мемлекет басшысының тікелей қатысуымен қол жеткізілді. Ең бір ықпалды халықара­лық ұйым ЕҚЫҰ-ға 2010 жылғы сәтті төрағалық ету еліміздің дәуірлік жетістігі болып табылады. Осы ұйымның Астанада өткізілген соңғы 11 жыл ішіндегі бірінші саммиті ЕҚЫҰ-ға Қазақстан­ның басшылық етуінің нәтижелеріне ерек­ше мағына қосты. Үстіміздегі жылы Қазақстанның беделді әрі ықпалды мемлекет ретінде халықаралық тұрғыдан танылған абыройы арта түсті. Еліміз Шанхай ынтымақтастық ұйымындағы бір жылдық төрағалық функцияларын табысты жүзеге асырса, 1 шілдеден бастап ИКҰ төрағалығына кірісті. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсыны­сы­мен осы ұйымның аты Ислам ынты­мақтастығы ұйымы болып өзгертілді. Ынтымақтастық сөзі бүкіл мұсылман жұртын ортақтастыра түсетініне сенеміз. Ал Астанада өткен ШЫҰ-ның онын­шы мерейтойлық саммиті саяси күн­тізбенің елеулі оқиғасы болды. Қа­зақстанның әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөнін­дегі кеңесті (АӨСШК) шақыру туралы халықаралық үндеуі жаһандық қауіп­сіздікті қамтамасыз етуге қосқан қомақты үлес болып табылады.

Мемлекет құрылысының жиырма жылдық тарихы, осындай күрделі де ізгі жол­да қол жеткізген жеңісті жолдары, таяудағы және одан арғы кезеңдерді көздейтін межелер Қазақстанның дамуы әлемдік тәжірибеде жалпы қабылданған демократия, «адами капиталға» ұқыпты көзқарас қағидаттарына сәйкес келеді деген тұжырым жасауға негіз бола ала­ды, мұның өзі біздің қоғамның таңдап ал­ған бағытының дұрыстығын танытады.

Бұл ретте «Қазақстан Республика­сы­ның Мемлекеттік тәуелсіздігі» туралы 1991 жылғы 16 желтоқсандағы Консти­ту­циялық заң жаңа, тәуелсіз Қазақ­стан­ды дамыту үшін негізгі құжат болып табылатындығын әрқашан есте сақтау қажет. Құжат «Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы» 1990 жылғы 25 қазандағы декларациясының негізгі қағи­даттарын бекітіп, Қазақстан Рес­пуб­ли­ка­сы тәуелсіздігінің нағыз деклара­ция­сына айналды. Тәуелсіздіктің 20 жыл­дығы тұсында оқиғаның ерекше маңызын сезіне отырып, Парламенттің, Тәуелсіздіктің 20 жылдығы декла­рациясын қабылдауын орынды деп санаймын.

«Қазақстан өзінің 20 жылдық мерейтойын әлемдік үйлесімдік идея­лары арқылы интегратор мемлекетке айналумен қарсы алып отыр. Осынау құн жетпес идеяның авторы да, бастамашысы да, іске асырушысы да тұңғыш Елбасымыз екенін сезіп, білген қандастары­мыздың өн бойын күш-қуат жалы­ны кернемей ме? Басқаша болу мүмкін емес. Нұрсұлтан Әбішұлы әлемдік үй­лесімдік идеясын сәтті бастап кетті. Осы идеяның даму­шы мемлекеттері үшін ауадай қа­жет екеніне уақыт төреші айқын­дауда. Ор­талық Азия­да көшбасшы атанды, Еуропамен үзеңгі қағыстыра бас­тады. Тек жаңа Астана салу ар­қы­лы ғана Нұрсұлтан Әбіш­ұлы ұлттың беделін қайтарып алу деп өрілетін ғаламат жеңіс сыйлады туған халқына. Сөйтіп, жаңа Астана әлем төріне айналды.

Елбасымыз Н.­Ә.Назар­баев­тың дана саясаты арқасында Тәуелсіз Қазақстан халқының қол жеткізген ұлан-ғайыр жетістіктеріне прогрессивті адамзат әділ бағасын беруде және Қазақста­ны­мыз­дың болаша­ғына сеніммен қарауда деген сенім көкейімізге ұя салуда. Ұлт Көшбасшысы Н.­Ә.На­зарбаевтың ай­тулы реформатор тұлға ретінде жасампаз идеяларының нақты іске айна­лып келе жатқанына пір Бекет Атаның отаны – Маңғыстау елі ризашылығын білдіруде.

Өткен 20 жыл бедерінде қазыналы түбектің әлеуметтік-экономикалық бейнесі адам танымастай өзгерді. Бұл, сөз жоқ, Елбасымыздың осы өлкеге деген қам­қор­лығының арқасы. Елбасымыздың тапсыр­ма­сымен бұрынғы Ақтау шағын теңіз порты халықаралық теңіз сауда портына айналды және осының негізінде еркін экономикалық аймағы құрыл­ды. Осында Каспий жағалауы елдері мемлекет бас­шы­ларының бейресми кездесулері өткізілді.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың өзі атап өткеніндей, Каспий әлемдік геоэко­но­микалық, экологиялық және биоша­руашылық мүдделер арқылы өзіне тарта отырып, әлдебір дербес қоғамдастыққа біріктіруге қабілетті геосаяси өңір ретінде көрініп келеді. Оған сонымен қатар шекаралас барлық мемлекеттердің теңіз суы қоймасын өзара түсіністікпен бірлесе пайдалану жөніндегі ұста­ным­дары да игі ықпал етуде.

Біздің мемлекетіміз Каспий теңізі жөнінде осы және өзге де Каспий жаға­лауы мемлекеттері таныған, құрмет тұ­та­тын келісімдерді мүлтіксіз жүзеге асырудың барлық іс-шараларын адал орындауда. Бір ғана мысал, Каспийдің экологиялық проблемалары әрдайым Үкіметіміздің басты назарында. Өйт­кені, Каспийдің экологиялық тепе-тең­ді­гін қамтамасыз етпейінше, табиғаттың өзі бес көршілес елге сыйға тартқан Каспийді орны толмас қасіретке ұшы­ратуымыз бек мүмкін.

Соңғы отыз жылдың ішінде Каспий­дің экологиялық жүйесі қатты өзгеріс­тер­ге ұшырап, төмендеп кетті. Ұшы-қиы­ры жоқ Каспийдің сұлулығына таби­ғи факторлар сияқты техногендік проблемалар да қауіп төндіруде. Оның тұ­тастығына көптеген табиғи және қолдан жасалған факторлар әсер етеді. Бәрінен бұрын бұл – геодинамикалық тұрақ­сыз­дықтан туындаған теңіз деңгейінің өз­гер­мелілігі мен Орталық және Оңтүстік Каспийдің лай атқылайтын жанартаулық мазасыздығы. Сонымен қатар біз өзен­дермен келетін өнеркәсіптік ағынды сулар мен су астында қалған ұңғылардан ластану жағдайлары және сырттан келген теңіз жебірі гребневикмнеми Опсис­тің қоныстануына байланысты биоло­гия­лық факторлардың әсерін де ескермей отыра алмаймыз. Қауіп-қатерлердің арасында Каспий аймағында мұнай кен орындарын игеруден туындаған қазіргі техногендік ластанулар бар. Осы мәсе­лелер ескеріле отырылып, жағдайды анық­тауға «Гринпис» сияқты халық­аралық ұйымдарды тарту ұсынылды. Мұндай беделді ұйым сарапшыларының көмегімен біз Каспий бассейнінің био­логиялық және экологиялық ресурс­та­рына барынша сапалы бақылау жасай аламыз. Сондай-ақ алдағы ықтимал апаттардан экономикалық сақтану үшін Солтүстік Каспий және басқа оф­фшор­лық жобалар бойынша өнімді бөлу ту­ралы келісімдер мен келісім-шарттарға тиянақты талдау жүргізу қажет.

Маңғыстау облысының әкімдігі қол­да бар мүмкіндіктерді пайдалана оты­рып, Каспий теңізі акваториясын сақтау және қорғау жөнінде шұғыл шаралар қабылдау қажет деп есептейді. «2008-2010 жылдарға арналған Маңғыстау облысының қоршаған ортасын қорғау» бағдарламасына сәйкес Каспий теңізінің жағалауында, Кендірлі демалыс аймағы, Құрық кенті, Ақтау және Форт-Шев­чен­ко қалалары учаскелерінде ұзындығы 284,5 шақырым су қорғау аймақтары мен алаптары белгіленген. Алдағы уа­қыт­та мұндай жұмыс ұзындығы 1086 ша­қырым Маңғыстау облысының бүкіл жағалаулық желісі бойынша жалғас­ты­рылатын болады.

Бес жылдан бері ғарыштық қашық­тан барлап білу технологияларын қол­дана отырып, Каспий теңізінің қайраңы мен жағалау аймағында мемлекеттік эко­логиялық мониторинг өткізілуде. Каспий теңізінің қазақстандық секторы кеңестігінің мониторинг жүйесін құру жөніндегі арнайы аймақтық бағдарлама жасақталды. Бұл шаралар Маңғыстау облысының аумағына жататын Каспий теңізі секторында экологиялық жағ­дайды қадағалауға мүмкіндік береді.

Ғылыми ұйымдар арқылы «Маң­ғыс­тау облысын экологиялық аудандарға бөлу мен табиғи және әлеуметтік-эко­но­микалық әлеуетінің экологиялық сый­ым­дылығын анықтау» жобасын жасау жөніндегі жұмыс аяқталды. 2009 жылы облыс әкімдігі арқылы төрт Каспий аймағы елдері ғалымдары мен мемлекеттік органдары өкілдерінің қаты­суы­мен «Каспий бассейні аумағының эко­логиялық жағдайын басқару пробле­ма­ла­ры» тақырыбына ха­лы­қаралық ғылы­ми-практикалық конференция өткізілді. Өт­кен жылы Қазақ­стан Республикасы­ның Қоршаған орта­ны қор­ғау министрлігімен бірге еліміздің мүдделі министрліктері мен ха­лықаралық ұйымдар өкіл­дерінің қатысуы­мен «Каспий теңізі: бүгіні және бо­лашағы» деген тақы­рыпта дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Сонымен қатар об­лыста индустрия­лық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде тауарлы бекіре фермасы салы­ну­да. Мұнда жылы­на 60 мың тонна балық өнімдері өндіріледі.

Ш.Есенов атын­дағы университет Ел­ба­сы алға қойған елі­міздің ғылыми әлеуе­тін жаһандық дең­гей­ге көтеру жө­нін­дегі тапсырмасын жүзеге асыру үс­тінде. Құ­рамын­да жүзден астам әр са­ла­ның ғы­лым докторлары мен академиктері, канди­даттары мен аспи­рант­­тары еңбек ететін бұл интеллек­туал­­дығы жо­ға­ры білім ор­дасы жиыр­мадан астам шет­елдік ғылыми орта­лық­тар және университеттермен іскер, твор­чество­лық бай­ланыс орнатқан. Жас ға­лым­дардың ғылыми және прак­тикалық жұмыстарды сол әріптестермен тізе қоса жүргізулері дәстүрге енуде.

Қазақстан дүние жүзінде шетелдегі қандастарына қамқорлық жасап, тарихи Отанына қайтарып алып жатқан үшінші ел. Түрлі нәубеттер әсерінен дүниеге та­ры­дай шашылып кеткен қандас­та­ры­мыз­ды елге әкеліп, жастарын оқытып, дүние жүзі қазақтарының құрылтай­ла­рын өткізіп, үлкен шаруалар тындыры­лу­да. Маңғыстау облысы бұл ретте республикада көш бастап келе жатқандар легінен орын алды. Оралмандар үшін жаңадан Батыр, Аппақ елді мекендері ірге теуіп жатыр. Ақтау қаласында елге оралған туыстар орналасатын, кіріктіру орталығы 2010 жылы тапсырылды. 2010 жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаев осы орта­лықта болды. Ризашылығын, тарихи отанына оралған ағайындарға ақ тілек, ізгі ниетін білдірді. Бұл Елбасымыздың 70 жасқа толу қарсаңы еді. Алыста жү­ріп, елді сағынған оралман ағайын­дар­дың 70 келіні қатар тұрып ізетпен сәлем етіп, Елбасымызға құрмет көрсетті. Елдік ата дәстүр нышанын әулиелі Маң­ғыс­тау жерінде байқап көрген Елбасы ел келіндеріне батасын арнап, бір сәт толғанысты күй кешті.

Ақтау қаласының бүгіні мен бола­шағы әрқашан Елбасының басты наза­рында болып келеді. Айталық, қаланың «Аққу» шағын ауданының жаңа Ақтау-Сити ауданының бой көтеруі бұл ай­тылғанның жарқын дәлелі. Рас, әлемдік экономикалық дағдарысы құрылыс қар­қынына кері ықпалы болды. Араб ин­вес­торларының жоспары да белгілі дең­гейде өзгеріске ұшырады. Ел басшы­лы­ғы мен облыс әкімі Қ.Көшербаевтың бастамашылдығы нәтижесінде «Аққу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ұй­ым­дастырылды. Осы кәсіпорын «Ақ­қудың» алғашқы шағын ауданын салуды табысты жалғастыруда. Тек биылдың өзінде жаңа құрылысқа 8 миллиард теңге бөлінбек. Оның 2,7 миллиард тең­гесі мемлекеттік бюджеттен қаржы­лан­дырылады. Сөйтіп, «Аққу-Сити» жаңа шағын ауданының алғашқы құрылыс­тары басталып келді. Бұл 46 мың шар­шы метр тұрғын үй, үш бірдей бала­бақша, спорт сарайы құрылыстарына негіз қаланады деген сөз.

Еуразия мен Иран теңіз аймақтарын жақындастыратын Солтүстік-Оңтүстік стра­тегиялық трансұлттық дәліз Маң­ғыстау өлкесінің бағын жаңа қырынан аша түспек. «Өзен-Түркіменстанмен мем­лекеттік шекара» жаңа темір жол магистралі – «Өзен-Қызылқия-Берекет-Эт­рек-Горган» халықаралық жобасының бір бөлшегі. Еуразия мен Иран теңіз айлақ­тарын барынша жақындастыратын Сол­түстік-Оңтүстік стратегиялық транс­ұлт­­тық дәлізінің маңызды телімін ашу 2011 жылдың соңына жоспарланып отыр.

Аса ауқымды құрылысты атқаруды Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2009 жылы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ-қа жүктеді. Темір жолдың қазақстандық 146 шақы­рым­дық бөлігінде 68 жасанды ғимарат, 7 станса мен жолайырықтары, төрт кө­пір салынады. Құрылыс жұмыстарына еліміздің түпкір-түпкірінен екі мыңға жуық маман тартылған. Қазақстан Президентінің тапсырмасына орай «ҚТЖ» ҰҚ» АҚ темір жол теліміндегі тапсырыстардың 80 пайызын отандық өндіріс орындарына орналастырды.

Жаңа темір жол магистралы еліміздің бәсекелестікке сай әлеуетін өсіріп, Қазақстанға жаңа халықаралық көлік дәлізін ашады. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық шежіресі әлі жазылып біткен жоқ. Ел шежіресі өз тарихының басын толағай табыстармен бастады. Оның одан әрі де баянды боларына қараорман халқымыз сенеді. Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ, философия ғылымдарының докторы.