25 Қараша, 2011

Жұлдызымыз жарқырап жүрсін

360 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Біздің елтаңбамыз 1992 жылы ресми түрде бекітілді. Ол кезде герб жобаларын талқылауға арналған мемлекеттік комиссия жұмыс істеген еді. Оның төрағасы жақында ғана арамыздан кеткен академик Салық Зиманов болатын. Осы комиссия менің жасаған елтаңбаның нұсқасын 1992 жылғы 4 маусым күні Жоғарғы Кеңестің ХІІ сессиясында депутаттардың қарауына жіберді. Шыны керек, елтаңбаны жасау үшін көп уақыт кетті. Бір айдай уақыт кеткен шығар. Оны жасау үшін еліміздің тарихын, дәстүрін зерттедім. Біздің мәдениетіміздің өзі терең ғой. Сақ дәуірінен кейін киіз үйдің тарихының өзі үш мың жылға кетеді. Елтаңбаны жасау үшін тарихты жан-жақты зерттеп, көшпелі халқымыздың мәдениеті мен еліміздің қазіргі өз тәуелсіздігін алып, қайта отау тіккенге дейінгі аралықта қамтуға тырыстым. Елтаңбаға шаңырақ, кереге, босаға, тұлпарлар сияқты халқымыздың басқа да қасиетті дүниелерін орналастыруды жөн көрдім. Сөйтіп, елтаңбаны жасап болған соң, оны Шымкенттен жүк көлігіне тиеп Алматыға әкелдім. Диаметрі 2 метр болып шықты. Сессияда жобаны талқыланғаннан кейін ол ілініп қойылатын болды. Бірақ сессия кезінде біраз тартыс болып, депутаттар жұлдызға, қошқар мүйізге қарсы шығып, бұл жұлдыз Кеңес Одағының белгісі емес пе деген уәждерін айтты. Сонда Елбасының терең ойлай­тыны ғой, Нұрсұлтан Әбішұлы: «Жұлдыз – КСРО-ның белгісі емес, оның дінге ешқандай қатысы жоқ. Әр адамның, әр елдің өзінің жұлдызы болады. Біздің жас мемлекетіміздің жұлдызы жарқырап жүрсін», деген тілегін айтып депутат­тарды Елтаң­баны қабылдауға шақырды. Жалпы, конкурсқа ресми түрде 245 жұмыс ұсынылған болатын. Соның ішінде қазіргі Елтаңбамыз қабылданды. Герб жақсы шықты деп ойлаймын. Барлық жерде жылы сөздер естіп жатамын. Ал шет елде біздің Туымыз бен Елтаңба­мызға жұртшылықтың сүйсіне қарайтынын үнемі байқап жү­ремін. Жандарбек МӘЛІБЕКҰЛЫ, сәулетші.