25 Қараша, 2011

Елбасы және ел рәміздері

1580 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Егемен ел атанып, мемлекеттік тәуелсіздік мәртебесін төрткүл дүниеге танытудың адамзат өркениеті мойындаған бірнеше алғышарты бар. Солардың бірі – тәуелсіз елдің төл рәміздерінің болуы. Бұл – аса маңызды нышандық фактор. Сайып келгенде, астарында «өз тағдыры үшін жауапкершілікті өз қолына алған елміз» деген сертті сыр түйген саяси айырым белгісі, мемлекеттік тәуелсіздіктің рухани болмысының аса жарқын көрінісі. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері! Бұл ретте Қазақ елі тәуелсіздігінің үш белгісінің орны өзгеше. Біріншісі – егемендіктің саяси-заңнамалық тұғырына айналған Тәуелсіздік Декларациясы. Екіншісі – тәуелсіздігіміздің рухани жаршылары атанған Мемлекеттік рәміздеріміз: Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны (Гимні). Үшіншісі – экономикалық дербестік тұғырын биіктете түскен Ұлттық ақшамыз (валютамыз) – Теңге. Тәуелсіз ел атану алаш ұлының асыл аңсарына айналған ұлы идея десек, оның жүзеге асқандығын әйгілеп, қазіргі заң тілімен айтқанда, легитимділік деңгейге көтерген үкілі үш тетік те осылар болды. 1992 жылғы 4 маусым! Қазақстан Республикасының тұңғыш рәміздері қабылданған бұл тарихи дата ел тәуелсіздігі жарияланғаннан кейінгі тура 130-шы күн болатын. Қазақстан Республикасының тұңғыш Мемлекеттік рәміздерін әзірлеу жөніндегі арнайы комиссияның хатшысы ретінде Президент Н.Ә.Назарбаевтың рәміздер мәселесіне қаншалықты ерекше мән бергендігінің жақын куәсі болдық. Ресми рәміздер жобаларына шығармашылық конкурс жариялап, өткізу, үздік жобаларды іріктеу және Конституция талаптарына сәйкес бекіту жұмыстары 1991 жылдың желтоқсанынан 1993 жылдың қаңтарында әнұран сөзін қабылданғанға шейін жүрді. Елбасы осы жұмыстардың бәрін ұдайы назарында ұстап, тікелей араласып, бағыт-бағдар беріп отырды. Комиссияның шығармашылық топтарының отырыстарына қатысып, Парламенттегі талқылауларға бастан-аяқ белсене араласты. Бірде Президент академик С.Зиманов басқарған ту жобаларын талқылайтын кіші жұмыс тобының кезекті отырысына келді. Ешкім де мұны күте қойған жоқ еді. Тосын болды. Бәріміз де абдырап қалдық. Бірақ біраздан соң-ақ жайланып сала бердік. Өйткені, Елбасы жұмыс тобы мүшелерімен бірге жобаларды талқылауға емін-еркін араласып кетті. Сол жолы Президент ықпалымен айқындалған бір маңызды мәселе тудың түсіне қатысты тұжырым еді. Президенттің белсенді қатысуымен өткен бұл кеңесті қазір тарихи жиын деуге де болар еді. Мемлекеттік тудың негізгі элементі – түсі туралы онда ортаға салынған ойлар осы орайдағы ресми тұжырымдамалық көзқарастың қалыптасуына игі ықпал етті. Осы орайда Мемлекеттік рәміздеріміздің, әсіресе, ту мен елтаңбаның дәл қазіргідей болып шығуына олардың жобаларын іріктеу мен қабылдауға қатысқан шығармашылық комиссия мүшелері мен парламент депутаттарының да ықпалы мол болғандығын ашық айтуымыз керек. Сайып келгенде, оларды сол кездегі қоғамдық ойдың жемісі десе де болар еді. Жеке мұрағатымдағы мемлекеттік рәміздерді қабылдауға қатысты ресми құжаттар мен түрлі материалдарды ақтарып, қараған сайын осыған көзім жете түседі. Бұл, әрине, рәміз авторларының еңбегіне, шығармашылық ізденістері мен кәсіби-орындаушылық шеберліктеріне еш көлеңке түсірмейді. Қайта олардың ұсынған жобаларының үздік танылуының басты объективті себебін ұғуға көмектеседі. Олардың өнерде тамаша талант иелері болумен қатар, туған халқының тарихын, болмысы мен аңсарын терең білетін, замана рухын тамыршыдай тап басқан арыс азаматтар, зерделі қайраткерлер екенін аңғартады. Тағы да еске түседі. Тамаша қазақы өрнек қалай ту көзайымына айналғаны. Алғашында онша ойластырылмаған басы артық деталь тәрізді әсер етіп, депутаттардың көңілінен шыға қоймады. Үзіліс кезінде жоба қасына келген Елбасы Ш. Ниязбековке: – Қазақы өрнекті жақсы тапқан екенсің, Шәке. Онда терең мағына бар. Мына көк түс, алтын күн мен қыран құс бейнелерінің рәміздік мағынасы, негізінен, жалпы адамзаттық құндылықтар биігінен сөйлейді. Ал «қошқар мүйіз» – нағыз төл ұлттық нақышымыз ғой. Жоба қабылданар болса, оның орналасу орнын да, бояу нақышын да, бір сөзбен айтқанда, дизайндық шешімін қайта қарау керек. Көріктірек, көрнектірек еткен жөн. Сонан соң мына күннің бейнесін тура ортаға жылжытқан дұрыс болады, – деп ескертті. Көп сөйлей қоймайтын көрнекті қылқалам шебері: – Ұқтым, Нұреке. Шалалау болды. Міндетті түрде жетілдіремін, – деп басын иді. Жоба авторына жасаған ұсыныстарын сәл кейінірек, үзілістен соң сөз алған сәттерінің бірінде, Елбасы депутаттар алдында да ортаға салды. Олар қолдады. Кейін орналасуы да, бояуы да, көлемі де өзгертілген ұлттық нақыш – қазіргі көк байрағымыздың ең бір көзайым деталі. Күн бейнесі де тура төрге қонды. Ойды ой қозғайды. Елбасының парламенттік талқылау кезінде көпшілік депутаттар тарапынан қолдау тапқан бір жобаға қатысты кейін ұятқа қалдырар ашық плагиатты қалай болдырмай тастағанын көпшілік біле бермейді де. Куәгер болған бұрынғы депутаттар мен журналистер де ұмытқан болуы керек. Бір қызығы – оған сол кезде де ешкім онша мән бере қойған жоқ. Жақында біздің елтаңбаның дизайнын эквадорлықтардың (MASOSH фирмасы) заңсыз пайдаланғаны туралы шу көтеріліп, ол, тіпті, дипломатиялық жолмен ресми нота алмасуға дейін жеткені туралы ақпаратты естіген кезде менің есіме сол эпизод түсті. Мемлекеттік рәміздер жобаларын талқылаудың ең бір қызған шағы болатын. Парламент залының өзіне тиесілі мәртебелі төрінде отырған Елбасы шақырды. Қасына барған соң: – Ербол, сен маған өткендегі әлем рәміздері катологын тез жеткізші. Мына бір көпшілік ықыласы ауа бастаған жоба басқа бір елдің нышанына ұқсайтын тәрізді. Байқамай «ұрлап» алып, ұятқа қалып жүрмейік, – деп шұғыл тапсырма берді. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, жол болғанда, іздеген кітап кабинетте болып шықты. Елбасының бір көргенін ұмытпай, есте сақтайтын зердесіне тәнті болдым. Ашып қарасам, күдігі анық, тура қолмен қойғандай. Қажетті бетті белгілеп, жедел апарып, Елбасы қолына тапсырдым. Сәлден соң Нұрсұлтан Әбішұлы алдындағы микрофонды қосып, әңгімеге араласты да, жобаға өзінің де назары ауып отырғанын, бірақ, өкінішке қарай, ол басқа бір елдің әскери рәмізінің көшірмесі болып шығатынын ескертті. – Маған бұл да ұнайды, – деді Елбасы. – Тек Болгарияның әскери-теңіз байрағынан аумай қалыпты. Міне... Тұп-тура өзі. Сонда Қазақстанда Болгарияның теңіз әскерлерінің жалауын желбіретіп жүреміз бе? Қисынды сөзге кім қарсы келсін. Жаңа ғана тау қопарардай болып күмпілдеп отырған кейбіреулердің салы суға кетіп қалғаны аңғарылып-ақ тұрды. Ел туы елдік мазмұннан ада, ұлттық сипаттан сырт дүбәра жобадан осылай арашаланып қалды. Сөз орайы келгенде айта кеткен жөн, Елбасы тұңғыш тәуелсіздік рәміздерінің төл тарихи тамыры тереңнен бой тартуын, ұлттық болмысы анық та айшықты болуын қалады. Елтаңба жобасында терең мағыналы, кезінде Алаш ардагерлерінің де назары түскен шаңырақ бейнесінің жарасым тапқанына шын қуанды. Әпсаналық арғымақтарды да геральдикалық дәстүрлерге қайшылығы жоқ еркін шығармашылық көзқарастардың көзайым көрінісі ретінде қабылдады. Тудың шымқай көк түсін, қыран қанатындағы күн бейнесін, ұлттық өрнекті, әнұран әуеніндегі төл табиғи иірімдерді ашық қолдады, әнұран мәтіні жобаларын қолына қалам алып отырып, өз қолымен жазған пікірлерінің арасында бұрынғы нұсқадағы «Біз – қазақ ежелден еркіндік аңсаған» деген жолдарды сақтауға болмас па еді деген ой тастады. Тәуелсіздігіміздің тұңғыш ресми рәміздері таңдалған сол тарихи күнгі бір сөзінде: – Осында бірнеше жоба қат-қабат жарыса талқыланып жатыр. Айды, сегіз бұрышты жұлдызды жаратпадық. Жарайды, солай-ақ болсын... Консенсус керек, әрине. Бірақ рәмізде тым болмаса біздің Шығыста тұратынымызды көрсетпеуге болмайды (Тудағы күн бейнесіне қатысты дауға орай айтылған – Е.Ш.). Күн шығыстан шығады ғой. Біз – Тянь-Шань тауының етегінде, әлемнің күншығысында орналасқан мемлекетпіз. Қанатты қыран, бүркіт болса, ол да ұлттық нышанымызға жатады, ешқандай да жаугершілік пиғыл білдірмейді. Бұл белгілердің бәрінің астарын, рәміздік мән-мәнісін біз өз балаларымыз бен немерелерімізге де ешбір қысылмай, еркін түсіндіріп бере аламыз. Біз күн нұрын төккен, көк аспанның астында бейбіт өмір сүріп жатырмыз, береке-бірлікті қалаймыз – туымыздың бірыңғай бір түсті болуы да содан дегендей, мысалы,.. – деп тебіренгені менің әлі есімде. Рәміздерге қатысты бірдеңе жазар кезде жиі ойға оралады. Тәуелсіздіктің тұңғыш рәміздерін қабылдау кезінде мен Елбасының мемлекеттік тілге, қазақ тіліне, қазақ тіліндегі терминдерді кең қолдануға деген ерекше ілтипатты көзқарасын танытатын мысалдарды да байқап, жадыма түйдім. Тұсаукесер сәтінде сөйлейтін сөзінің жобасын әзірлеп жатқан тұста «герб», «гимн», «символ» деп жазылған жерлерді өз қолымен «елтаңба», «әнұран», «нышан, рәміз» деп түзетті. Бұл өзгеше қолтаңба қазір қолымызда сақтаулы. Елбасы және Мемлекеттік рәміздер тақырыбын сөз еткенде, Н.Ә.Назарбаевтың ресми нышандарға құрметпен қарау жөніндегі өнегелі үлгісіне тоқталмауға болмайды. Оның айқын көріністері – тұңғыш тәуелсіздік рәміздері қабылдаңған күнді – 4 маусым күнін өз Жарлығымен «Мемлекеттік рәміздер күні» ретінде еліміздегі санаулы мерекелік даталар қатарына қосуы, тікелей тапсырмасы бойынша Астанада мен барлық облыс орталықтарында түрлі ресми салтанатты жиындар өтетін «Мемлекеттік рәміздер» алаңдарының ашылуы, Мемлекетттік хатшы Қ. Саудабаев басқаратын арнаулы комиссияның тұрақты жұмыс істеуі және онда рәміздердерді пайдалану мен құрметтеу мәселелері бойынша тікелей министрлер мен әкімдердің есеп беруі әдетті нормаға айналуы, соның нәтижесінде жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеуге тың серпін берілуі, бүкіл республика көлемінде арнаулы фестивальдар өткізілуі және басқа бұрындары мұншалықты кең қанат жоя қоймаған игі құбылыстар.

Осыған орай мына бір жеке адами фактордың өнегесіне де көңіл бөле кетуге болады. Нұрсұлтан Әбішұлы қашан да Мемлекеттік әнұран орындалған кезде оң қолын кеудесіне көтеріп тұрып, қосылады. Ашық та жігерлі дауысы анық естіледі. Бұл да – тәуелсіздік рәміздеріне лайықты құрмет көрсету жөніндегі Елбасы өнегесі! Отаншыл қазақстандықтардың баршасы үлгі тұтар президеттік өнеге!

Ербол ШАЙМЕРДЕНҰЛЫ, рәмізтанушы, Мемлекеттік рәміздер жөніндегі республикалық комиссияның мүшесі, ҚР тұңғыш Мемлекеттік рәміздерін әзірлеу жөніндегі комиссияның жауапты хатшысы (1991-1993).