26 Қараша, 2011

Есеміз кетпеді, еңсеміз түспеді

535 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
ШЕКАРАДАҒЫ «ДАУЛЫ» УЧАСКЕЛЕР ҚАЛАЙ ШЕШІЛДІ? Қазақстан Республикасы шекаралас мемлекеттер – Қытай, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Түркіменстанмен арадағы мемлекеттік шекарасын делимитациялау үдерістерін аяқтаға­нына жеті жылға жуықтады. Еліміз үшін шекараны халықаралық құқықтық негізде белгілеу жеңіл болмады. Қазақстан тарапы аса өзекті әрі өткір бұл мәселелерге байланысты көрші елдердің әрбі­рімен қиындыққа толы көптеген екіжақты келіссөздер жүргізіп, ел мүддесін қорғады. Нәтижесінде еліміз шекаралас мемлекеттердің әрқайсысымен жеке-жеке мемлекеттік шекара туралы шартқа қол қойды. Мемлекеттік шекараны дели­мита­циялау үдерісі ой­­д­а­ғыдай жүзеге асырылға­ны­мен, шека­ра­ның өту сызығын белгілеу бары­сында ерекше назар аударуды, барынша талдап-таразылауды қа­жет ететін «дау­лы» учаскелер де кездесті. Деректерге қараған­да, сол кездері осындай «даулы» учаскелерге Қа­зақстан – Қытай шекарасын­дағы Сарышілде өзені ауданын­дағы учаске, Шағаноба және Баймырза асулары ауданындағы учаске, сондай-ақ Қазақстан – Өзбекстан шекарасындағы Арнасай бөгеті, Бағыс кенті мен Түркістан кенті жатқызылған. Елдердің мемлекеттік шека­ра­ларының сызығы өтуге тиіс екі аралықтағы аталған жер учас­келері қалай бөлінді? Ал­дымен Қазақстан – Қытай ше­карасындағы «даулы» деп та­нылған учаскелердің бөлінісіне тоқталайық. Ол үшін 1998 жыл­дың 4 шілдесінде Алматыда қол қойылған Қазақстан Респуб­ли­касы мен Қытай Халық Респуб­ликасы арасындағы Қазақстан – Қытай мемлекеттік шекарасы туралы қосымша келісімді негізге алғанымыз жөн. Өйткені, ерек­ше маңызды бұл құжат Қа­зақстан мен Қытай арасындағы мемлекеттік шекараны делимитациялау (Қазақстан, Қытай және Қырғыз республикалары арасын­дағы үш мемлекеттің мемлекеттік шекараларының түйісу нүк­тесін қоспағанда) үдерісінің толық аяқталғанын паш етеді. Шекараны делимитациялау ке­­зіндегі екіжақты келіссөздерде пікірталасқа өзек болған жер­лердің бірі – Сарышілде өзені ауданындағы жалпы алаңы 315 шаршы шақырымға жуықтайтын учаске болды. Оның оңтүстік-шығыс жартысында шабындық пен жекелеген орман алқаптары орналасқан. Жол жүйесі нашар дамыған, тұрақты тұрғындары жоқ. Шолақ асуынан бастап Са­рышілде өзеніне дейін учаскенің бір бөлігін қазақстандық тарап шөп дайындау үшін және малдың маусымдық жайылымы ретінде пайдаланып келген. Қол қойыл­ған келісім бойынша осы учас­кенің Қазақстан аумағына Сары­шілденің шығыс бастауынан Черемховая өзенімен қосылатын жерге дейін өзеннің сол жаға­лауындағы аймақ, сондай-ақ Черемховая өзенінің бүкіл арнасын және Шолақ (Содабань) асуының ауданын қамтитын жерлер бекітілген. Бұл жерлердің жалпы көлемі 95 шаршы шақырымды құ­райды. Осыған байланысты Қазақстан шегінде шаруашылық жүргізудің дәстүрлі аймақтары, мал жайылымы, шабындықтар мен орман алқаптарының бір бөлігі сақталғанын атап өтуіміз керек. Ал Қытай жағына Сары­шілде өзенінің оң жағалауын және Құлағансай жылғасының сол жақ саласындағы ауданды қам­титын аумақ тиесілі деп шешілді. Осы Сарышілде учаскесіне қатысты кезінде Қазақстан тара­пына арагідік сын пікірлер де айтылған болатын. Кейін белгілі болғанындай, ол пікірлер дәлел­сіз болып шықты. Себебі, шека­раны делимитациялау мәселеле­ріне байланысты келіссөздерде қытайлықтар өткен ғасырдағы шарттық құжаттарды негіз етіп алған. Мысалы, осы учаскедегі шекара 1864 жылғы Чугучак хат­тамасының 3-бабында «Алтан – Тэбши» тауының шығыс жағын­дағы шекара аяғынан батысқа қарай ортақ атпен Алатау деп аталатын таудың үлкен жотасы бойынша, атап айтқанда, Алтан – Тэбши, Содабань... және басқа да тау шыңдары бойынша жүреді. Осы кеңістіктегі оңтүстікке қарай ағатын өзендер, жерлер Қытайға бөлінсін» деп көрсетіліпті. Ал тағы бір «даулы» учаске деп танылған Шағаноба және Баймырза асуларындағы жерлерге келсек, оның жалпы аумағы 629 шаршы шақырымға жуық. Бұл жерлердің басым көпшілігі, яғни 442 шаршы шақырымы Қазақстан жағына бекітілді. Олар батыстан Шағаноба асуына дейін Сауыр жотасының оңтүстік бау­райын, Жүректау алқабын және салаларымен қоса Шағаноба мен Керегетас өзендерінің аңғарла­рын алып жатқан аймақтар. Бұл мәселелерде қазақстандық тарап­тың анағұрлым жеткілікті де бұлтартпайтын дәлелдемелері ескерілгенін баса айтпақпыз. Соны­мен қатар, еліміздің шегінде екі шекаралық застава мен орман шаруашылығы, бүкіл орман ал­қабы және мал шаруашылығы аудандарының көпшілігі сақта­лып отыр. Қытай жағына Адыр­бай мен Талдыайрық өзендерінің жоғарғы ағыстарының аңғар­лары, Баймырза асуы ауданын­дағы Тарбағатай жотасының оң­түстік баурайын қамтитын аумақ өтті. Бұлардың жалпы алаңы 187 шаршы шақырымды құрайды. Осылайша біздің еліміз көрші Қытай елімен екіжақты тиімді келіссөздер жүргізу арқылы келісілмеген екі учаскені құқықтық тұрғыда реттеп және белгілеп алған еді. Бұл «даулы» учаске­лердің жалпы аумағы шамамен 944 шаршы шақырымдай екен. Оның 537 шаршы шақырымы, яғни 56,9 пайызы Қазақстанға, 407 шаршы шақырымы, яғни 43,1 пайызы Қытайға тиесілі деп табылды. Ал Қазақстан мен Өзбекстан шекараларындағы «даулы» учаскелерге келсек, оның бірі – Арнасай бөгетіне байланысты туын­дады. Өйткені, карталарды зерттеу, салыстыру кезінде Арнасай бөгетінің су бассейні біздің еліміздің аумағында, ал гидрожүйелер Өзбекстан аумағында қа­латындай етіп бөлінетінін көрсетті. Шы­нын­да да бір су қоймасын екіге бөліп, ара­лығынан шекара сызығын жүргізу екі жаққа да тиімсіз еді. Қазақстан тарапы бө­гетті толығымен Қазақстан шегінде қалдыруды ұсын­ды, бұған өзбекстандықтар кө­п­ке дейін келіспеді. Ақы­­ры бұл проблемаға Елба­сымыз Нұрсұлтан Назарбаев араласып, бү­кіл Арнасай бөгеті бір гид­ротехникалық торап ретінде Қазақстан аума­ғын­да қалатындай етіп, шека­раның жаңа сызығын жүр­гізу қажеттілігіне Өз­бекстан басшысының кө­зін жеткізген-ді. Бүгін­де Арнасай су қоймасы Оң­түстік Қазақстан облы­сындағы стратегиялық ма­ңызы бар нысанның біріне айналғандығын қа­зақ­стан­дықтар жақсы біледі. Сол жылдары тағы бір «даулы» учаскелер – ше­караға жапсарлас орна­лас­қан Бағыс пен Түркіс­тан кенттері төңірегінде өршіген еді. Себебі, алға­шында Бағыс кентінің өзін Қазақстан мен Өз­бекстан арасындағы әкім­шілік-аумақтық шекара екі­ге бөліп тастады. Ал бір-бірінен бес-алты ша­қырымдай қашықтықта орналасқан Бағыс пен Түркістан (бұл елді мекен Өзбекстан шегінде жа­тыр) кенттерінің тұрғын­дары Қазақстан Үкіметі­нен шекараны делимитациялау кезінде екі кентті де Қазақстан аумағында қалдыруды талап етумен болғандары есімізде. Қа­зақ­стандық делегация екіге бөлініп кетуі ықтимал бүкіл Бағыс кентін және оған жапсарлас жатқан жерлер Қазақстан аума­ғында қа­луы үшін шекара сызығының өтуін нақты­лауды ұсынды. Өз­бекстандықтар болса, өздерінің Бағыс туралы ешқандай да талабы жоқ екенін ашық білдіре келіп, Түркістан кенті Өзбекстан аумағында қа­луы тиіс деген ұстаным­дарынан ауытқымады. Сөйтіп, келіссөздер нәтижесінде Бағыс туралы мәселе оң шешілді – Бағыс кенті жапсарлас жатқан жерлерімен Қазақстан жағында қалды. Осы «даулы» учаскелерге қа­тысты мәселелерді шешудің жол­дары қарастырылып жатқан кезде қазақстандықтарды қайран қал­дырған келеңсіз жағдайлар да болды. Мысалы, жер бөлінісіне байланысты дау-дамай белең алып тұрған шақта Бағыс елді мекенінің тұрғындары өз алдына «Бағыс республикасын» жариялап, тіпті оның «президентін» сайлап та жіберген еді. Мемлекттік шекараға байла­нысты мәселелер еліміздің ішкі және сыртқы саясатында айрық­ша орын алады. Мемлекет бас­шы­сының тәуелсіздіктің алғаш­қы жылдарында-ақ шектес мемлекеттермен арадағы шекараны делимитациялауға ерекше назар аударып, оны ұлттық қауіпсізді­гіміздің негізгі басымдықта­рының бірі ретінде белгілеп бергені сондықтан. Ал кезінде шекарада «даулы» деп танылған учаскелер екі тараптың жүргізген келіссөздері бойынша ойдағыдай шешімін тапты. Дәлірек айт­қанда, есеміз кетпеді, еңсеміз түспеді. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.