26 Қараша, 2011

«СемАЗ» серіктестігі: сенім мен серпін

466 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Кешегі алып империя ыдырап, егемен еліміз на­рық­қа бет алған шақта Семейдегі бірді-екілі кә­сіп­­­орын болмаса, қалғандары тоқырап тұрып қалған. Рас, солардың ішінде заман талабына ілесіп, қай­та­дан қатарға қосылғаны да, біржола жабылып тын­­­ғандары да баршылық. Айталық, кезінде мұнда ата­ғы жер жарып, дүркіреп тұрған арматура за­уы­ты болған. Бір кездегі сол іргелі кәсіпорын ақыры заман тынысынан сырт қалып, біржола жабылып тынған. Ал оның дүние-мүлкі ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен. Яғни, оның игілігін сол шақта шетке ауа көшкен зауыттың бұрынғы бас­шылары көрген. Олардың басқасы басқа, кәсіпорын ғимаратын талқандап кеткенін қайтерсің! Содан қаланың цементшілер кентінің бір шетіне жайғасқан иесіз қаңырап қалған ғимарат жылдар бойы ешкімге керексіз болып бос тұрған. Әйтеуір, дес бергенде, осыдан төрт-бес жыл бұрын әлгіндей ғимаратқа ие табылған. Оның бірі халқымыздың маңдайына біткен айтулы азамат Дәулет Тұр­лы­ханов, екіншісі жергілікті кәсіпкер Әсемхан Дос­қо­жанов болатын. Мұның алғашқысының есімін республика жұртшылығы спорт жұлдызы ретінде ғана емес, қайраткер азамат ретінде де жақсы біледі. Дәулет Болатұлы осында құрылған серік­тес­тіктің басты құрылтайшыларының бірі болып табылады. Ал «СемАЗ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры, осындағы директорлар кеңесінің төр­­­ағасы Әсемхан бауырымыз бұл шақта іскерлік қабілетімен еліміздің шығыс өңіріне кеңінен тан­ы­лып қалған еді. Соның бір айғағындай, Әсемхан Се­рік­­­ханұлы осы шақта облыстық мәслихаттың де­путаты болып сайланған. Бұл азамат та кезінде грек-рим күресімен айналысып, республикалық, одақ­тық «Динамо» қоғамының жеңімпазы атанып, спорт шеберлігіне қол жеткізген. Сөйтіп, екі дос ендігі жерде өндіріс алаңындағы басқаша мазмұндағы күресті бастап кеткен. Ендеше, қалған әңгімені серіктестік басшысының өзі айтқаны жөн болар.

ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ  ЖЕМІСІ МЕН ЖЕҢІСІ

Семейде автобус шығаратын зауыт ашу мақ­сатымен 2006 жылдың қараша айында оңтүс­тік­кореялықтармен келісімшартқа отырдық. Ал арада бір жыл өтпей жатып, нақтылап айтсақ, 2007 жылдың қыркүйек айының соңында зауыт іске қосылды. Оның ашылу салтанатына сол кездегі облыс, қала басшыларымен бірге Корея Республикасының біздің еліміздегі Төтенше және өкілетті елшісі Ким Иль Су, Кореядағы «Daewoo Bus Corporation» компаниясының төрағасы Байк Санг Хак арнайы келіп қатысты. Салтанатты жиын үстінде Елбасымыздан келген құттықтау хат оқылды. Бұл біздің жігерімізді жанып, алға ұмтылдыра түсті. Тегінде мұн­дай кәсіпорынды ашу Мемлекет басшы­­сының бастамасымен өмірге келген «Қазақстан-2030» бағдарламасын жүзеге асыруға өз үлесімізді қосудан туындаған еді. Солайша отандық автомобиль өндірісін дамытуға талпынып бақтық. Жиын соңында алғашқы құрастырылған авто­бусты Семейдегі балалар үйіне тарту ретінде ұсындық. Әуелде бұл шіркінді бастау қиын демекші, ең алдымен алдыға қойған мақсатқа жету үшін қолға алған істі жете меңгеруге ұм­тыл­дық. Соған орай 25 маман Оңтүстік Ко­реяға барып автобус құрастырып, жасап шығарудың қыр-сырын үйреніп қайтты. Бүгінде Семейдегі бірнеше жоғары және орта арнаулы оқу орын­дары бізге кадр даярлап беру ісімен айна­лы­су­да. Жалпы аумағы 17 мың шаршы метр бол­а­тын зауыт аумағына әлемдік стандартқа сай Оң­түстік Кореяның құрал-жабдықтары орна­тыл­ды. Мұның сыртында кәсіпорында тек автобус шығарып қана қоймай, оның кузовын дә­некерлеп, бояумен де өз жұмысшыларымыз айналыса бастады. Ұзындығы 9 метр 20 орындық алғашқы автобус қала ішімен бірге туристік бағдарламаға да сай болатын. Солайша осы бір қадам арқылы еліміздің 2003-2015 жылдарға арналған индус­триялық-инновациялық даму стратегиясына сәй­кес республикамызда автомобиль өндірісін өркендету мәселесі өз шешімін табуы тиіс еді. Соған орай Daiewoo компаниясы арқылы ел экономикасын дамыту ісіне 290 миллион теңге шетел инвестициясы тартылды. Сөйтіп, алғашқы жылы 250-дей автобус шы­ғарылды. Сол шақта Астананың он жылдық мерекесіне орай еліміздің бас қаласына облыс аты­нан 20 автобусты сыйға жөнелттік. Уақыт­тан озып айтайық, қазір бізде ұзындығы түр­лі­ше автобустың үш түрі шығарылуда. Жалпы сыйымдылығы 85 және 105 орындық екі автобус түрі қала көшелерінде жүруге лайықталып жасалған. Сонымен бірге қала сыртына қаты­найтын 45 орындық автобус мұның сыртында. Оның жүк салатын бөлімі және бар. Осы кө­ліктердің қай түрі болсын, еліміздің қысы қатты өңірлеріне де өте жарамды. Рас, әлемдік дағдарыстың алғашқы толқыны келіп соққанда шығарып жатқан автобус­та­рымыз өтіңкіремей тұрып қалған. Бірақ солай екен деп қол қусырып қарап отырмадық. Сөй­тіп, тездетіп Минскінің трактор зауытымен байланысқа шықтық. Ал өзара келісімге келіп, шартқа отырғаннан кейінгі жерде екі ортада барыс-келіс жиілей түскен. Сонымен 2009 жылдың басынан бастап мұн­да «Беларус» тракторының екі бірдей түрі құ­растырыла бастаған. Сөйтіп, көктемнің ал­ғашқы айы – наурыздың соңында алғашқы трак­тор сап­қа қойылған. Бұл жаңа жобаның жыл­дық қуаты бір мың трактор еді. Іске кіріскен беттің өзінде айына ондаған трактор сапқа қойыла бастады. Сөйтіп, алғашқы жылы-ақ трактордың үш түрін игеріп, жыл соңына дейін төрт жүзге жуық тракторды сапқа қойып үлгердік. Осы жылдың маусым айының ортасынан ауа Семейге Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапа­ры­мен келіп, осындағы Ертіс өзені айрығындағы аралға салынған «Өлімнен де күшті» монументі жанында Семей атом полигонының жа­бы­луы­ның жиырма жылдығына орай ұйымдас­ты­рылған митингіде сөз сөйледі. Мемлекет бас­шысы сол сапарында уақытының тығыз­дығына қарамастан енді трактор шығарумен айна­лы­сып жатқан біздің зауыт жұмысымен танысуға уақыт таба білді. Сол жолы Ел­басымыз облы­с­тың көп балалы он фермеріне он тракторды сыйға тартты. Ал оның ішінде шеттен елге оралған қандасымыз да бар еді. Келер 2010 жылы алты жүзге жуық трактор шы­­ғардық. Сол жылы аз болса да қырық ав­то­­­бус­ты сапқа қойдық. Ал биылғы жылдың өт­кен он айында ғана шығарылған трактор саны бір мың­нан асып кетті. Соның ішінде трак­тордың жаңа­­дан екі түрі игерілді. Оның бірі қуаты үш жүз аттық алып трактор. Басқаша айт­қанда, ол қуаты жөнінен баяғы К-700 трак­торынан да күшті. Бұл шаруа Үкіметтің ин­дустрияландыру картасына кіріп отыр. Биылғы жылы сондай-ақ, автобус шы­ғаруды да қайтадан үдете түстік. Айталық, жыл аяқталмай жатып 120 трактор сапқа қойылды. Содан кейінгі биылғы тағы бір жаңалығымыз мынадай. Яғни, тракторға түрлі тіркемелерді өзімізде құрастырып жатырмыз. Оның ішінде жол тазалайтын бульдозер, жүк тиегіш, шөпті орап-буатын механизм және тағы басқалары бар. Осындай шаруаларды қаржы жағынан қиналмай тездетіп атқаруда «Казагро» холдингі көптеп көмектесуде. Ал осы холдингке қарасты «Каз­агрофинанс» болса өнім өткеруге қол ұшын беруде. Айталық, ондағылар биыл бес жүз трак­торымызды алып, ауылдарға арзан пайызбен сатты. Осы орайда аталған холдингпен жұмыс істеу өте жеңіл екендігін айтпасқа болмайды. Яғни, мұнда алдап-арбау, қулыққа бару жоқ. Сондықтан осындай тәртіп орнатып қойған Үкіметке де алғыстымыз. Қазірде автобус пен тракторларымыз республика облыстарынан тыс көршілес Ресей мен Моңғолияға кетіп жатыр. Осы орайда барлық мәселелерімізге оң қабақ танытып келе жатқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен қала әкімі Айбек Кәрімовке де ризашылығымызды білдіре кетсек дейміз. Мақтанып кеткендей болмайық, десе де биыл­ғы мерекелік жыл жаңалығы осымен шектеліп отырған жоқ. Биыл сондай-ақ, жүк ма­шинасын шығарумен де айналысып жатырмыз. «Фау» маркалы үш тонналық жүк машинасының лицензиясын көршілес Қытай елінен сатып алған едік. Ал оның жылы да сәнді будкасын өз күшімізбен құрастырудамыз. Қазірде бұлардың сексені сапта тұр. Алдағы жаңа жылдан бастап 25 тонналық үлкен жүк машинасын шығаруға кірісеміз. Сөйтіп, алдағы жылы мұның үлкенінің бес жүзін, ал кішісінің үш жүзін шығаруды жоспарлап отырмыз. Серіктестік 2012 жылы үш жүз автобус, 1250 трактор шығаратын болады. Соның бәрі жаңа жұмыс орны деген сөз. Тек биылғы жылы жаңадан отыз адамды жұмысқа алдық. Дәп қазірде бізде автобус шығарумен – 130, ал трактор шығарумен 90 адам шұғыл­да­нуда. Әзірге орташа жалақы алпыс мың теңгенің мөлшерінде. Ал әбден күшімізге енгенде жалақы мөлшері көбейіп, мұнда жұмыс істейтін жұ­мысшылар қатары да тағы ондаған адамға ар­татыны сөзсіз. Және осы орайда жұмыс­шы­лар­дың бәрі жергілікті тұрғындар екендігін айт­пасқа болмайды. Осы орайда біз ешкімді ұлтына қарап алалап отырмағанымызды астын сызып айта кетсек дейміз. Солай дей тұрғанмен қаракөз қандастарымыздың өндіріске, оның ішінде автомобиль өндірісіне көптеп келіп жатқанына және өздерін жақсы жағынан көрсете біліп жүргеніне қуаныштымыз. Болмаса кешегі кеңес заманында мұндай жерге біздің азаматтарды көп жолата бермегені рас қой. Қаланың кірпіш, цемент өндіру, жүн өңдеу, вагон жөндеу сияқты басқа да кәсіпорындарында да жергілікті азаматтар кө­бейе түсуде. Ал соның бәрі тәуелсіздік арқасы емей немене! Өз еліміздің экономикасын алды­мен өзіміз көтермесек кім көтереді? Әрине, бұл орайда басқаны сыртқа теппей, керісінше, өзіміз үлгі көрсете білуіміз керек. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бергі жиырма жылдың тағылымы осы емес пе! Бірлік бар жерде тірлік бар демекші, алдағы асулардан да бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып қиналмай өтсек дейміз. Бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған тәуел­сіздігіміз баянды болғай! Әсемхан ДОСҚОЖАНОВ, «СемАЗ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры, облыстық мәслихаттың депутаты.

ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК

2007 жылдың қыркүйек айының соңында Семейде автобус шығарумен айналысатын зауыт іске кірісті. Алғашқы жылы мұнда 250-дей автобус шығарылды.Бүгінгі күні оның үш түрі игерілген. Келесі 2008 жылы Астана қаласының он жылдығына орай об­лыс атынан еліміздің бас қаласына жиырма автобус сыйға тартылды. 2009 жылдың басынан мұнда «Беларус» тракторы құрасты­ры­лып шығарылуда. Алдағы жылы оның алтыншы түрі шығарыла бастамақ. Сол 2009 жылдың маусым айында зауытта Қазақстан Рес­публикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев болып, мұндағы жұмыс жайымен танысты. Елбасымыз осы сапарында облыстың көп балалы фермерлеріне он тракторды сыйға тарту етті. Оның ішінде сырттан оралған қандасымыз да бар. Бүгінде зауытта екі жүзден аса адам еңбек етеді. Мұнда тек биылғы жылы жаңадан отыз жұмыс орны ашылды. Мерекелі жылы мұнда 1150 трактор, 120 автобус шығарылды. Биылғы жылы зауытта сондай-ақ жүк машинасын шығару қолға алынды. Алдағы уақытта мұнда жылына үлкенді-кішілі 800-дей жүк маши­на­сы шығарылмақ. Зауыт келер жылы үш жүз автобус, 1250 трактор шығаруды жоспарлап отыр. ______________________________ Айқарма беттің материалдарын ұйымдастырған Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.