26 Қараша, 2011

Тәуелсіздік шежіресі

328 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
«Егеменді Қазақстан» 1992 жыл. Сәрсенбі, 16 желтоқсан.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӨЗ ЖОЛЫ, ӨЗ БОЛАШАҒЫ БАР

Н.Ә.Назарбаевтың Республиканың Тәуелсіздігі күніне арналған салтанатты жиналыста жасаған баяндамасы

Осыдан 19 жыл бұрын жарық көрген газетіміздің бұл мерекелік нөмірінің бірінші беті жоғарыдағы тақырыппен ашылып, онда ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың салтанатты жиында ел Тәуелсіздігінің бірінші жылдығына орай жасалған баяндамасы беріліпті. Ол былай деп басталыпты: «Қымбатты отандастар! Бүгін біз екі жылдан астам уақыт бұрын өзінің егемендігі туралы мәлімдеген біздің мемлекетіміз – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің жылдығын атап өтеміз. Артқа көз тастап, өткен уақытты ойша жаң­ғыртқанымда мен күрделі сезім құшағында қа­ламын. Ол көптеген оқиғаларға толы болды. Ол өзі­міз­дің есімізде, біздің балаларымыз бен немере­леріміздің жадында сақталып қалары сөзсіз. Бұл біздің мемлекетіміздің негізі, ең маңызды іргетасы қаланған, жаңарған Қазақстанның Елтаңбасы, Туы мен Гимні дүниеге келген, планетамыздың көптеген елдері біздің тәуелсіздігімізді танып, бізді өзінің дүниежүзілік отбасына қабылдаған күндер болатын. Бұл кез келген халық үшін бақытты, бұрын-соңды болмаған қуанышты оқиға». Мемлекет басшысы осылай дей келе, ендігі кезекте дүниежүзілік экономикалық жүйеге елімізді интеграциялау процесі қаншалықты қиын екендігін, онда Қазақстан өзіне лайықты, тең құқылы және құр­метті орнын алғысы келетінін, қоғам бұрынғысынша әлеуметтік-экономикалық процестердің стихиялы да­муының қыспағында қалып отырғандығын, нарықтық экономиканы қалыптастырудың осынау кезеңінде оны ауыздықтаудың оңайға түспей жатқандығын ай­та­ды. «Біз өзімізден қайта жаңғыру жолына түсуге күш-жігер таба білгендіктен де бір орында шиырлай бермей, қайта таңдап алған бағытта дәйекті түрде батыл қадамдар жасауымыз керек. Мен қанша күш-жігер жұмсасақ та, әлеуметтік бағдарланған нарық­тық экономиканы құру қажеттігі туралы айтып тұрмын. Өзінің әлеуметтік-саяси, ұлттық, экономикалық және басқа ерекшеліктерінен тұратын Қазақстанның өзге­ше­лігі нарықтық қатынастар құруға деген өз тәсілін іздеуді талап ететіні сөзсіз. Алайда, кез келген ұлттық ерекшелік нарықтың басты, түпкілікті мәнін құрайтын оның негізгі принциптерін қалауынша өзгертуге мүлдем жол бермейді» деп атап көрсетеді. Мұнан кейін Президент қалыптасқан қиындықтың себептерін ашып көрсетіпті. Ескі құрылымдар қира­тылып жатқан кезде өтпелі кезеңнің шығындары болмай қоймайтындығын, Қазақстан экономикасының тәу­елді сипаты бұрынғы шаруашылық байла­ныс­тар­дың үзілуіне төтеп бере алмағандығын, ТМД елдерінен қажетті көлемдегі жеткізілімдер тоқтатылысымен өндіріс дереу құлдырай бастағандығын айта келе «Басқа себеп мынада, біз біртұтас сомдық аймаққа байлаулымыз және оны барынша сақтауға ұмтылып отырмыз, өйткені, ол негізінен барлығымыз үшін тиімді. Дегенмен, қолма-қол ақшаның жетпеуі, Қазақстан берген өнімдер үшін 200 миллиард сом­нан астам қарыздар болып отырған ТМД елдері та­ра­пынан төлем төленбеуінің өсе түсуі, таяу бола­шақ­та бұл проблеманы шешудің нақты болаша­ғы­ның жоқтығы – осының барлығы өз валютамызды енгізуге бізді мәжбүр етуі мүмкін» деп елімізді сол тұста тыңғылықты түрде әзірленіп жатқан дербес эко­но­микалық саясат құру мәселесінің күн тәртібінде пісіп-жетіліп келе жатқандығын, яғни теңгенің енгізілуі мүмкін екендігін ішінара ескерте кеткендей болыпты. Мұнан кейін экономикада атқарылып жатқан ша­раларға тоқтала келе Үкіметтің таяудағы үш жылға жеке­шелендірудің талданған бағдарламасын жаса­ған­дығын, оған меншіктің жеке, акционерлік және бас­қа да формаларына рұқсат ету, кәсіпкерлікті қор­ғауға бағытталған заң актілері, мақсаты кәсіпкерлікке қолдау көрсету болып табылатын құрылымдар құру, ақыр соңында, салық, қаржы-несие және банк жүйе­лерін реформалау сияқты нарықтық қатынастарды нығайту жөніндегі қадамдардың жатқызылғандығын, осы істердің бәрі ниет білдірген әрбір адамның қажетті кәсіпкерлік бостандығын қамтамасыз етуге, қабілеті мол, еңбексүйгіш, тапқыр адам өзінің бар мүмкіншілігін толығымен көрсете білуіне бағытталатындығын атап көрсетіпті. «Биылғы ауыл шаруашылығы жылының қорытындылары бізге мемлекеттік экономикалық құрылыстың сан-салалы міндеттерін шешуде орасан зор демеу болды. Біздің дихандарымыздың дәнді дақылдардан рекордты өнімге қол жеткізгені мәлім. Халықтың картопқа, көкөніске, жеміске деген қажеті қамтамасыз етілді. Жем-шөптің жеткілікті қоры дайындалды. Майлы және техникалық дақылдар өндірісі екі есе дерлік өсті» депті. Елбасы өз баяндамасында еліміздің сыртқы саясаттағы мәселелеріне едәуір дәрежеде тоқталған. Сыртқы саяси проблемалардың барған сайын мазмұнды бола түскендігін, Қытай Халық Республикасымен белсенді саяси диалог жүргізілуде екендігін, Түркиямен достық пен ынтымақ бекіп келе жатқандығын, Араб мемлекеттерімен қатынастар жолға қойыла бастағандығын айта келе «Біздің сыртқы саясатымыз үшін ел қауіпсіздігін қамтамасыз еткеннен және қазақстандықтардың бейбіт өмірін қорғаудан артық міндет жоқ. Мұндағы ең маңызды мәселе – біздің Ресеймен қатынасымыз. Біз онымен достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы ұзақ мерзімді шарт жасастық. Алайда,  тиімді ұжымдық қауіпсіздік жүйесінен тыс жағдайда аймақтағы нақты қауіпсіздік туралы айту мүмкін емес шығар. Осыны басшылыққа ала отырып, біз Азиядағы сенім мен ынтымақтастықты нығайтуға, Азия қауіпсіздігі механизмдерін құруға бағытталған шараларды қолдаймыз» деп атап көрсетіпті. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерімен өзара қатынас мәселесіне кеңінен тоқталған. Президент сөзінің соңына таман шындықтың көзіне тура қарасақ, әзірге біздің қоғамымыздың өткеннің ескі дағдысымен өмір сүріп жатқандығын, жұрттың бәрі бірдей, Қазақстан Республикасы – өзінің заңы, өзінің жолы, өзінің болашағы бар мемлекет екендігі фактісін түбегейлі танып-білмегендігін айтады. «Мен Сіздерді қажырлы еңбекке, шыдамдылық пен ұлттық келісімге шақырамын, өйткені, тек осы үш фактор ғана халық үшін алға қойған мақсаттарға жетудің берік кепілі бола алады. Мерекелеріңіз құтты болсын, қымбатты қазақстандықтар!» деп сөзін аяқтапты.

ЖАС  РЕСПУБЛИКАҒА – СӘТ САПАР

Бұл репортаж 1992 жылдың 15 желтоқсанында Алматыдағы Республика сарайында Қазақстан Тәу­елсіздігінің бірінші жылдығына арналған жұрт­шы­лық­тың салтанатты жиналысына арналыпты. Жи­налысты Жоғарғы Кеңес Төрағасы Серікболсын Әб­ділдин кіріспе сөз сөйлеп ашыпты. Сонан кейін Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Тәу­ел­сіздігінің алғашқы жылдығы туралы баяндама жа­сағандығы айтылады. Сөз сөйлеушілердің арасында Жоғарғы Кеңес комитетінің төрағасы Юрий Ильяшенко, халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов, Қырғызстанның вице-премьері Әбдуғали Еркебаев, Ғылым академиясының президенті Өмірзақ Сұлтанғазин, Шымкент қаласындағы балалар бақшасының меңгерушісі Татьяна Мартыненко және басқалар болыпты. Салтанатты жиналыс Қазақстан өнер шеберлерінің концертімен аяқталған.

 * * *

ТӘУЕЛСІЗДІК ТУЫН ТІКТЕЙІК

Газет тілшісі Ғабит Мүсі­ре­повтің мемлекеттік жалау­дың авторы Шәкен Ниязбековпен жүргізген бұл сұх­батында Қазақ­стан­ның Көк­бай­рағы қалай дүниеге келгендігі жайлы айтылады. – Мемлекеттік Туға арналған байқауға 600-ден астам жоба түсті. Іріктеуден өт­кеннен соңғы төрт жоба комиссияның шешімімен Жо­ғар­ғы кеңестің талқысына ұсы­нылды. Әрине, Ту төңі­ре­гінде әртүрлі пікір­лер­дің, ұсыныстардың болға­ны рас: біреулер жалаудан сегіз бұ­рышты жұлдыздың бейнесін көр­гісі келетінін, келесілері қа­зақ­тың киелі дүниесі – шаңы­рақты салу қажет­ті­лі­гін алға тартты. Дегенмен, бұл ұсы­ныстар менің көңі­лі­м­нен шыға қоймады. Сөйтіп, өз­геше жоба жасауға бекіндім. Байқаудың аяқталуына үш күн қалғанда жаңа жалау жобасын жасауға кірістім. Себебі, алдыңғы жа­салған жо­­баларыма көңілім тол­ма­ған-ды. Сонымен, соңғы жа­сал­­ған жоба жұртшылық­тың көңі­лінен шығып, мем­ле­кетіміздің төл туына ай­нал­ды, – деп жауап береді Шәкен Ниязбеков тілші сұрағына. Сондай-ақ «Қа­шанда Қа­зақ­станның мәр­тебесі ғалам деңгейінде ас­қақ­тап, Көк байрағымыз көк жү­зін­де желбірей берсін! Бұл да қазақ хал­қының мерейінің биіктігінің бір белгісі емес пе» деп түйін түйіліпті.

 * * *

ДАҒДАРЫСҚА ҚАРСЫ ШҰҒЫЛ ШАРА

қолданғанда ғана тапшылық тығырығынан шыға аламыз

Газеттің Парламенттегі тілшісі Рысбек Сәрсен­бай­ұлы жазған осы мақаладан сол кездегі ел өміріндегі бас­талып кеткен қиын­дық­тар айқын сезіліп тұр. «Үс­ті­міздегі жылдың он айында өндірілген ұлттық табыс өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 17,4 процентке, өнеркәсіп өнді­рісі­нің көлемі – 16,2 процентке, халық тұтынатын тауарларды шығару 23,1 процентке кеміп кеткен, экономика са­ла­ларын дамытуға жұмсалған күрделі қаржы әлдеқайда азайған. Сүт өндіру – 23, жұмыртқа – 19, жүн – 17 процент төмен­деген. Азық-түліктің базар­дағы баға­сы­ның күрт өсуі, оны адам­дардың қалталы аз бөлігі ғана еркін тұты­на­тындай етті. Өтпей қалып, ұзақ тұрып бұзылған ауыл шаруашы­лығы өнімдері қо­қысқа тас­талып жатыр. Жетпей жатса, бір сәрі ғой!..» деп жазылған онда. Мақалада Премьер-Министр С.Терещенконың бұл жыл­ды өтпелі кезеңнің ал­ғашқы жылы, мемлекеттік тәу­елсіздіктің қалыптасу жылы деп бағалағандығы айтылады. «Үкімет осы уа­қытқа дейін қол қусырып сырт­тай бақылап қарап отыр­ды, дәрменсіздік та­ныт­ты деу асылық болар. Министрлер кабинеті құл­ды­раған жағ­дай­ды тежеуге, тұрақтандыруға, рефор­ма­ны іске асыруға едәуір күш салған» деп байлам түйі­ліпті. Бұл мақала Үкімет бас­шы­сының Парламент ал­дында берген есебіне сәйкес жа­зыл­ған. Депутаттар Терещенкоға көптеген сұрақтар қой­ған­дығы, жар­ты күндік Мәжілістің тең жартысынан астамы сұрақ-жауапқа кеткендігі баян­далыпты. Бетті әзірлеген  Сұңғат ӘЛІПБАЙ.