26 Қараша, 2011

Бәйімбетов формуласы

571 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін
... Алматы. Тау бөктеріндегі екі қабатты коттедж. Темір дарбаза пульт­пен басқарылып, жылжи ашы­лып, көлік аулаға кірді. Шағын алма бағы көз арбайды. Қоңыр-қызыл апорт мәуелі жемісімен қызықты­­­рады. Аясына түрлі сәкі, тербелісті орындықтар қойылған екен. Нәті немерелердің ойын көрігі қызатын алаңқай осы болса керек. Ұйыса өскен көк шөбі үлкен-кішінің делебесін қоздырып, жалаңаяғын қы­­­­тық­­­­тай жөнелетіндей... Осы қы­­­зық­­­тың бәрінің иесі – отағасы Фа­­­­­зылхан Бәйімбетовтің жоқтығы сезіліп, ой ауырлап, көңілді мұң торлай бастағанда, іштен елу жылдай отасқан зайыбы Роза Сүлейменқызы Жәкежанова көрінді. Бә­­­кең­­­­ді бір кездері ғашық еткен, шаңырағын мейірім шуағына бө­­леген, жарының ғылыммен алаңсыз айналасуына жан-жүрегімен дәне­­­кер болған, бүгінгі байсалды да сүйікті әже Роза. Сыңарынан айы­­­рылған аққудай жанарынан сағы­­­­ныш жасы мөлтілдеп, сыңсығандай болды... Үнсіз егіледі... Ерін жо­­ғалт­қан бес айдан бері сылынып, жүдеу жүзі солғынданып, көз нұры бә­сең­сіп, орны енді еш толмайтын арда­ғын жоқтауға біржола мойын ұс­ынғаны, тас-түйін бекінгені сезіледі... Басу айттық. Төрге өтке­німізде, Фазылхан ағамыз тірі жандай бо­­­лып, үлкен портретінен жайдары жы­ми­ысымен көріне қалды-ау... Ана­сы Мәкіш кейуананың суреті де ұлы­мен жанастырыла қойылыпты... Әке бейнесі де бұлдырайды... Кешегі дәурен сүргендер – бүгін жоқ! Жансыз бейнелер. Суреттен ғана ишара жасайтындай. Ата-ана үш ұл өсірді: Назархан, Фазылхан және Сағынған. Соңғысы Астанада тұрады. Әкеден ерте айырыл­ған­дар­ды әулет үлкені боп қалған Назар­хан қара еңбегімен қыбырлап жү­ріп, оқытты, адам қылды. Фазылхан ба­уыры әлемге әйгілі оқымысты бол­ды. Көзі жұмылғанша інісінің абы­ройымен масаттанып жүруші еді. Бәкене денелі, бойы кішкене, шалт қимылды шымыр жанның мал бақ­қаннан басқа кәсібі болмайтын. Үн-түнсіз еңбегін істеп, адал терін төгіп, төлді құнттап өсіріп, ел бай­лығын еселегенін екінің бірі біледі. Мұнысын міндет қылмайтын. Биліктен ештеңе дәметпепті. Еңбегі жанып, бауырлары аман болса, соған тәубешіл еді, басқа есепті білмейтін. Сұраншақтығы жоқ. Тіпті маңдай ақысы – ақшаның мөріне қарап жатпайтын, шешесіне бере салады. «Фазылхан миымен жұмыс істейді ғой. Қуған ғылымы ауыр деседі, соның қажетіне жаратшы»,– дейтін анасына. Анасы Мәкіштің қолынан не жұмыс өтпеді. Иілмейтін еменді көріп, сол кісіні ойлаңыз. Күні-түн тізе бүкпей жүріп, шиеттей балаларын ержеткізді. Әрқай­сы­сы өз биігін алыпты. Малшы, ғалым және есепші... Бәрі де керек маман­­­дық. Мына дүниенің қабырғасына кірпіш болып қалана білген. Туған жерден бір елі ажырамай еңбек еткен Назарханның қоғам ма­­лын баққан кешегі Алтынсарин ат­ындағы кеңшар (Қостанай облы­сының Жангелдин ауданы) жекешелендіріліп, берекесі қаша бастаған тұста Фазылхан інісі ауылға бара қалады. Мәкіш ана сандығын ашып, кішігірім той жасайды. Марқұм шешіліп, шешен сөйлейтін, ой та­­мы­зығы әманда маздап жанып тұра­тын­­дай тапқыр, ақылгөй, арғы-бер­гіні саралап түйіндеп, қажеттісін ұстанымына лайықтай қоятын нағыз кесімді кісі екен. Фазылханның оңа­шадағы әңгіме ауанына қарап оты­рып: «Түбі бұл жер иесіз қалады ғой, көшіп жатқандар көп. Ата-баба аймағын өздерің ұстап қалыңдар»,– дегенде, ұлының онсыз да үлкен көзі шарасынан шығыңқырап, ана сөзін басын изеп құптап қойған. Ана дөп айтыпты, ұлы сол ақылды кейін іске жаратыпты. Сол атамекенінде Фазылхан қора соқтырып, мал өсірт­кізіп, егін еккізе бастаған еді. Туған жерінің түтінін қайыра түтеткен. Әттең, демі үзілді... Аманаты ұрпа­ғына ауысты. Қалада өскен ұлы Нұрлан әлгіндей жұмыстың барлық тауқыметін өзіне алыпты. Ақырғы демі таусыларда қайран Бәкең тынысы тарылып, көзі жарқ-жұрқ етіп, Айгүл, Нұрлан, Баян ба­лаларының аттарын атап, еміреніп жатыпты... Сенесіз бе, сенбейсіз бе, өзі тәрбиелеп жүрген шәкіртінің ғы­лыми атағын қорғағанын көре ал­маймын-ау деп өкініпті, жарықтық. Бәлкім есіне Розасына бірер күн бұрын күбірлеп ескерткен өтініші де санасын найзағайдай осып өткен болар? Ауыз бармайтын емеурін еді. Бірақ өмірмен түбі қоштасарын сезген ақылман, асыл жаратылыс ішінде бүгіп қала алмапты. Өзін емес, анасын асқақтатқысы келген шығар. «Жазып алшы», деп қиылыпты Ро­засына. Жарының да жанын сыз­да­татынын білсе де, айтпауына бол­­мапты. Үзік-үзік етіп жаздыртыпты. Бастапқыда басын ала қашқан за­­йы­бы көнген. Әр әріптің тікенін жү­ре­гіне кірш-кірш сұғып отырып жа­­­­­­­­зып­ты: «Еңбек – өмір, негізің, деген ұлы фәлсафа. Сүтіменен анамның, Сіңді менің қаныма!» «Фазылхан дерсің. Құлпытасқа жаздыртшы, сәу­­лем!..» Ортақ өксік! Махаббат өксігі! Анасының сүтінен қанына тараған ұлы еңбекқорлық қасиетіне соңғы табынуы екен. Отанын тек жасампаз Еңбек көтеретініне сен­ген­­­дігінің ишарасы екен... Қара­­­пай­­ым еңбекке ғұмыр бойы малынып өткен есті жанның, ғалымдық атағы мен абыройын әлемге жайған сол Еңбекке деген соңғы құрметі мен табынуы болыпты-ау, бұл өсиеті. ... Қытайдан жасаттырған құл­­­пы­таста бедерленіп, Ана мен Еңбек­­тің мәңгі дәріптелуі тұр! Өмірден еңбексіз мән іздемеген ғалымның ересен қайраты мен ыстық жүре­гінің тіршілікті қимаған лүпілі де Кеңсай самалымен араласып, бетті ызғырығымен қаритындай... Рухы оның бір төмпешікке сыймайды ғой, енді қайтып көрінбесе де ап-анық бейнесі көңілден кетпес... 72 жас ғұмырында өшпестей із қалдырып кеткен екен. Ондаған мемлекеттің ға­­­лымдары өксік буған қаралы сөздерін Фазыл­­­ханның отбасына тегіннен-тегін жолдады дейсіз бе? Бәкең туралы өткен шақпен сөйлеу, әрине, ауыр. Бір жеңілі – оның жарқын өмірі, ғалым­­­­дық күрделі жолы, ұстаздық байсалды келбеті, отба­­­сылық махаб­­­батқа бө­­лен­­­ген өнегесі, фәни дү­ние­­­ге ақын көзімен қа­рап, жүрегінен жыр шо­ғырын ұшырған таза да пәк көңілі, бәрі-бәрі ұмыттырмай, сағы­­­ны­шы­мызды еселей түс­пек. Атағы жер жарған­дай екен-ау. Сонда да қарапайымдылығымен елеу­сіздеу жүруге тырысыпты. Кө­кірек кермей, кішіпейіл күйінде өт­іпті. Мақ­­­танбапты. Марапат күтпеп­ті. Бізде кейде бәрі керісінше болып жатады ғой. Кеуде соғып, көзге түс­кісі келмегендерді күресінге лақты­рып тастап кете баратын келеңсіз әдет бар. Әйтпесе оның кеудесіне ең бол­­­­ма­­­ғанда бір үкіметтік медальдің қа­­­далмағанын қалай түсінерміз? Әй­­­теуір, тәуелсіз «Тарлан» сыйлы­ғын алыпты. Осы сыйлықтың пар­қынан-ақ Бәкеңнің барлық болмысы аңға­­­рылып тұрғандай: жалған еш­нәр­­­сеге дәмеленбейді, еңбегін сат­пай­ды, таңдаған ғалымдық тура жолы бар, бұрысты дұрыстау үшін күре­­седі, әділдікті ту етіп жүрегіне тіккен тұлға еді. Өзіне жақпаған, негізсіз пайым естіді ме: «А-а!»,- деп аңтарыла өткір, ұялы көзін алайтып жіберіп, жан-жүрегінің қарсылығын лезде сездіріп, айылын тез жия қоятын қайталанбас болмысты ерен мінез иесі екендігін танытатын. Жәбірленгеннің жанын жадыратуға ұмтылатын. Жазықсызға араша тү­сер болса, дөкейіңнен де ықпай, жөнсіздігін бетіне басып, ұялтып тастайтын. Ондайда сөзі де уытты, шыншыл, тауып айтып, ретсіздікті шідерлейтін. Осы лауазым иесі түбі пенделік бір шаруамды тындырып берер-ау, дейтін бақай есептен мүл­­де ада болатын. Ол әдепсіз, әкірең­­дегіш жан екен, сазайын тартқы­­­затын. Ал көңілін терберлік жәйтке баладай қуанып, тілек қосып, бір жылы сөзге көзінің жасы мөлт етіп келіп қалатын нәзік иірімді құбылыс еді-ау! Дос-жарандарының тойына бір жапырақ өлеңсіз бармайтын. Шабыттанып оқып бергенде, көзі­­­нен жалын ұшқындайтын. Өзгенің қуанышын өзінікінен артық бағала­уының көрінісі еді ғой. Сөйткен Бәкең қазақтың көрнекті ғалым-физигі екен. Еліміздегі плазма фи­­­зикасы мектебінің негізін қалаушы, атасы болыпты. «Бәйімбетов форму­­ласы» деген атпен оның ғылыми жаңалықтары, дербес моделдері шет елдерде нақты көрінісін тауып жүр. Қазіргі уақытта АҚШ, Германия, Франция, Жапонияның бірнеше университеттерінде және ғылыми ұйымдарында, Ф. Бәйімбетов пен оның шәкірттері алған жүйе бөл­­­шектерінің әсерлесу моделі негізінде тығыз плазманың қасиеттерін теориялық және компьютерлік моделдеу арқылы зерттейтін ғылыми топтар жұмыс жасайтынын ескерген абзал. ҚР ҰҒА академигі, физика-математика ғылымдарының докто­­­ры, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университетінің профессоры, тек осы оқу орнында 38 жыл еңбек еткен кезінде оның жетекшілігімен 50-ден аса докторлық, кандидаттық диссертация қорғалыпты. Оның Т.Рамазанов, Н.Жұмамұхамбетов, Ю.Ар­­­хи­­­пов, Б.Ыбыраев, А.Дәу­­­летов сынды шәкірт-ізбасарлары бүгінде ұстазы бастаған ұлағатты істерді одан әрі табысты жалғастыру үстінде. Ол өз ұжымында және Қазақстан жоғары мектебінің кең қоғамдас­ты­ғын­да үлкен абыройға ие болып, елімізде және шетелде плазма физика­сы саласының ірі маманы ретінде танымал болған. 300-ден астам ғы­лыми еңбектің авторы, олар халық­аралық рейтингтік журналдарда жа­­рияланған. Көптеген беделді әлем­дік симпозиумдар мен конференцияларда баяндама жасап, сана мен ақылдың терең­дігіне тамсантты. Ұлы жаратылыстың ұлы да мінсіз бастаулары болады. Сондай сарабдал жолға түсе біліпті Фазылхан. Тағдыр тектіні таңдай біледі. Иы­ғына батпан жүк артады. Иілмейтіндеріне ғана илігіп, пейіл білдіреді. Әйтпесе ту-у Торғайдың түкпірін­де­гі мектепті үздік бітіргендердің са­на­тында Алматыға келіп, ҚазПИ-ге түсіп, 1959 жылдың күзінде үшінші курсты бастағанына бір ай шама­сында Фазылхан өзіне өзгеше таң­дау боларын ойлады дейсіз бе. Есіл-дерті оқуға ауған шәкірттің білімге деген сусынын қандыру басқа жақ­тан бұйырып тұр екен. Ресейдің Новосібір қаласында КСРО Ғылым ака­демиясының Сібір бөлімшесі жаны­нан университет ашылып, со­ған әр елден үздік оқитын студенттер­ді тарту жұмысы басталғанда, мұн­дағылар еш ойланбастан 9 баланың қатарында Фазылханды ұсынған ғой. Сөйтіп ел намысын қорғайтын аса дарындылар жаңа оқу орнында бір курс төмен түсіп, білім жары­сына белсене кірісіп кеткен еді. Новосібір университетінде білім алған уақытын ең бақытты кезең ретінде бағалайтын Фазылхан КСРО ғана емес, бүкіл әлемге танымал оқы­мыс­тылардан дәріс тыңдағанын әр­дайым айтып жүретін. Қайсыбірін жіктерсің – М.А. Лаврентьев, С.Л. Соболев, С.А. Христианович, В.Л. Конторович, Ю.Н. Работнов... Бұ­лар­дың алдын көргендер ғылымға басыбайлы құмартпауы мүмкін емес деген қағида қалыптасқан екен. Солай болып шықты. Университет тарихында тұңғыш Лениндік стипендиат атанған ол оқуын үздік дипломмен тәмамдады. Бір ақжарылқап әңгіме кезінде Бәкең атағынан ат үркерліктей ұс­таздарынан алғашқы емтиханда «5» бағасын қалай алғанын айтқаны бар. Алты сағат бойы сынақ үстінде оты­рады. Емтиханды 2-3 профессормен қоса 5-6 көмекшісі алып, әрқалай сұрақ қойып, есеп шығарттырып, жалпы білім деңгейін әр әдіспен без­бендеп көріп, әбден «тарт­қы­лай­ды» екен. Кезегі келгенде жауап беріп, мүдірмей екпіндеген ол бір кезде шым ете қалған оң жақ самайын сұқ саусағымен баса қойғанда жұқ­қан қанды көріп шошып кетсе де, байқатпауға тырысады. Бірақ оны­сын разылықпен баға қойып жатқан ұстазы сезіп қалып, таңғалғаннан жымия беріпті... Өзіне шамадан тыс күш түсіріп, зорығып кетіпті... Содан бері еңбектен ләззат алуды өмі­рінің басты шарты етіп қой­ғандай ол. Өмірден озғанша еңбекке ықы­ласын жоғалтпай, әлсіз күйімен қыз­метіне барып, ұстаздық парызына барынша адал болған ақиық аға еді. Түнгі сағат үшке дейін кабинетінен шықпайды екен. Жұмысқа кеттім дейді, оралады. Тағы ой еңбегіне түсіп кетеді. Тіпті зайыбы Роза: «Мұншама шетелге қалай іссапарға шығып үлгерген», – деп таңғалысын жасырмайды қазір. Ф. Бәйімбетовтің ғалымдық жо­­­лындағы ерекшеліктер санқилы. Ол 1965 жылы Тбилиси мемлекеттік уни­верситетінің аспирантурасына теориялық физика мамандығы бой­ынша қабылданып, 1969 жылы кан­дидаттық, ал 1985 жылы докторлық диссертациясын сәтті қорғап шық­ты. Ол кездегі Грузияның ғылыми әлеуеті бүкіл әлемді дірілдетіп тұр­ғанын ескерсек, қазақ ба­ла­сының ондағы қандай сы­­­­нақтан да кеуделеніп, қасқайып шыққанын әлі талай мақтан ете берерміз. Ғалымның екі үлкен беле­сінің қорғалған тақырыптары бы­лайша аталады: «Әлсіз турбулентті плазмадағы тасымал құбылыстар» (кандидатық жұмысы) және «Тығыз газдардағы және плазмадағы тасы­малдау процестері мен релакса­циялық құбылыстар» (докторлық жұмысы). Диссертацияның негізгі қағидалары мен нәтижелері алдын ала КСРО-дағы осы саланың білікті мамандарымен талдауға салынып, бүкілодақтық конференциялар мен ірі ғылыми орталықтардағы ғылыми семинарларда баяндалған болатын. Зерттеліп жатқан мәселенің маңыз­дылығын және оның керемет нәтижелерін ғұлама ғалымдар келісіп, мойындайды. Жылына 800, 900 (шетелде 200 сағаттан аспайды) сағат педаго­­ги­ка­лық жүктемені қалтқысыз орындай жүріп Бәкең ғылым өріне талмастан қанат қағыпты. Қаншама қызметтік сатылардан абыроймен өткен. 1973 жылдан бері аталған университетте доцент, профессор, оптика және плазма физикасы кафедрасының мең­ге­­рушісі, физика факультетінің дека­­­­­ны, оқу жұмысы жөніндегі проректор, ғылыми жұмыс және ха­лық­­­аралық байланыстар жөніндегі проректор болып, зор беделге бөленді. Бәкең туралы өткен шақпен сөй­леудің қиындығы уақыт өткен сайын сезіле түсуде. Амал нешік? Тек оның ғылымдағы өшпес іздерінің даңғылдана түсетінін ойлағанда, к­ө­ңіл сәл-пәл жұбаныш табады. Туған үйіндей болып кеткен университеті 175 орындық үлкен дәрісхананы Ф.Бәйімбетовтің есімімен атамақшы. Қазір безендіру жұмыстары қолға алынғанының куәсі болдық. Ол туралы деректі бейнефильм түсіріл­мек. Өмірі мен қызметі баяндалатын естеліктер кітабы жарыққа шықпақ. Басқа да ұйымдастыру шаралары қызу шешімін тауып жатқаны көңіл марқайтады. Демек, күллі саналы ғұмырын ғылымға арнап, лайықты ізбасарлар дайындаған, сөйтіп өз елінің жарқын болашағына қалт­қысыз қызмет етудің ерен үлгісін танытып кеткен тау тұлғалы оқы­мыстының бейнесі әрдайым жадта сақталмақшы. Қазақ ғылымының жарық жұл­дызы Өмірзақ Сұлтанғазиннің зайы­бы Райхан апай Бәкеңнің өмірден өткеніне 40 күн толғанда көкірегі айырылып тұрып: «Өмекең Фазыл­ханды данышпан дейтін. Мұндай сөзді екінің біріне айта бермейтін. Көзі жетіп, шынайы бағасын білгендіктен айтатын»,– деп сыр ақтар­ғанда: «Өмірден кім озғанын білеміз бе?» дегендей, аңтарылып қалыс­қандарды көріп отырғанбыз. Адамгершілігі мен ғалымдығына сызат түсірмей, екінің бірі армансыз өте алар ма екен, бұл жалғаннан. Ол туралы «нағыз азамат еді ғой» дейді күрсініспен. Ол туралы «нағыз ға­лым еді ғой» дейді тамсанып. Белгісіздеу жүріп көп тындырған екен. «Белгілінің» тындырғандарын белден буып, намысын басатын дуалы ауыз екен. Ғылымның тазалығы үшін нақты өнегесімен бітіспес кү­рес жүргізіпті. Шынайы ғалым­ның жоғары оқу орындарында табысты ұстаздық етумен бірге тәжірибелік ісін тастамай, ұдайы зерттеу еңбек­терін жазуы қажеттігін ескертіп отыратын. Қазір ше? «Құрметті» аке­демиктер көбейді. Қалталы ше­неунік-ғалымдардан аяқ алып жүре алмайсыз. Ғы­­лыми та­қырыбына зер сал­­­саңыз студенттің ре­­фераты секілді, қын­жыл­тады. Тіпті компьютер ар­қылы тапсырыс берсе­ңіз, ға­лымдық ме­­же­ңіз­ден шы­ғады екенсіз. Ор­ын­дау­шы тап-тұй­нақтай етеді. Бәрін ақша шешкен заман. Бәкең бірде кейбір ғалымдар­дың өздерінің зерттеген тақы­рыптарын естен шығарып алғандай, енжар, немкетті жүретініне налыған болатын. Интернеттен мақала «құ­растырып», ғы­лымға «сүбелі» үлес қоспаққа тыраш­танып жүргендерін сезгенде, жүзіне әжуә, мысқыл ой­нап шыға келетін. Туралықты, әділ­дікті сүйетін ол әлгін­дей күйкі тірлікке төзбеуші еді. Әсілі, ғалым шыншыл болмай, ғылым шыншыл болмайтынын өне­гесімен дәлелдеп кеткен сирек талант иесі еді біздің Факең! Ос­ын­дайда: «Ғылым адамды, маман­дығы бойынша болса да, шындыққа тәр­биелейді. Себебі: табиғатты алдау мүмкін емес», – деген даналық сөз еске түседі. Айқай-сүреңсіз, өзін-өзі дәріптеусіз де ғалым атаныудың өне­гесін көрсетіп кетіпті-ау! Нағыз ең­бек сырт көзге елеусіздеу әрі белгісіз, жанын түлеткендей жүйелі, сол азабына орай өнікті болатынын ол нақты ісімен дәлелдепті. Бұл – өзге­лерге сабақ болатын ғажап өнеге. Қа­зір өзінің ғылымға сіңірген еңбе­гін – жалаң марапат пен мадаққа айналдырып, әсірешілдік дақпырты­мен ізденісі мен үлесін сап тыйып алғандар, ойланса, қанекей. Осынша бедел, атақпен билікке жағынып, адам салып, медаль, орден сұрап алу қолынан келмеді дейсіз бе? Мара­патқа аңсары ауғаннан гөрі, марха­батты бір іс тындырғанды қолай көр­ген ғой. Еңбегі сіңбей абырой алғанша, еңбек сіңіріп аталмай қал­ғанын күйттеген екен. Ол өзінің бүкіл саналы ғұмырында сүйген ісін жүрегіне салмақ түсіріп, жан-тә­німен атқара білген, соңына жарқын ғылыми жаңалықтар қалдырған аса ірі ғалым болатын. Біртуар ойшыл еді. Ғылымды өмірінің мазмұны мен мақсатына балап, тер төкті. Ғылым оған тіршілік нәріндей аса қажет болды. Жан құмарына айналды. Енді ғылымы Ғалымын әспеттеп, кө­те­ретін екінші өмір, қымбат сәт туды. Сол рухани өршіл кезең, сағынта түсетін сәт ұзағынан болғай! ... Фазылханның қарашаңы­ра­ғы­­нан сыртқа шықтық. Сүйікті за­йы­­бы Роза биік басқышта қаздиып тұр... Өтпестей болған, қос аққудай қимас ғұмыр кешкен сол бір есіл уа­қыт бас­тарынан қалай шапшаң ысы­рыл­ға­ны­на аң-таң. Армансыз да тәтті күн­дері жағаны шапшып ұр­ғы­лаған асау толқындай кері жылыс­тап кетіпті... Роза тұр. Жалғыз тұр! Көңілі астан-кестен... Дауыл ал­дын­дағы сәл ты­ныштық па? Ұрпа­қта­рының есендігін тілеген бәйте­рек­тей бәйбіше қа­сиетті босағасынан қайғы бұлтын сер­піп тастап, қуа­ныш пен қызыққа, бақытқа үміт­те­ніп аттады... Еңбекпен керегесі ке­ріл­ген үйде ақ тілек, пе­ріштенің құ­лағына шалынады-мыс! ... Үндемей жүріп, үнін алғы ғасырларға асырған ғалым екен ғой, нағыз қазақ – Фазылхан Бәйім­бетұлы! Қайсар ӘЛІМ. Алматы.