26 Қараша, 2011

Ақпараттандыру елдің сәтті дамуына жол ашады

537 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Қазақстан тәуелсіздігінің басты же­тістіктерінің бірі ретінде қоғамдық-эко­номикалық қызметтің барлық сала­ла­рын ақпараттандыру үрдісінің дамуын айту­­­ға болады. Президент Н.Ә.Назар­ба­­ев Ақ­параттандыру халықаралық ака­де­мия­­­сының академигі дипломын алу кезінде «ХХІ ғасыр – бұл информатика мен технологиялар ғасыры», деген болатын. Біріккен Ұлттар Ұйымы ресми түрде ХХІ ғасырды ақпараттандыру ғасыры деп жариялады. Бүгін ақпаратпен қам­тамасыз ету жүйесінсіз экономикада да, әлеуметтік салада да, білім мен ғылым саласында да ілгерілеу мүмкін емес. Ақпарат бүгін – өтімді және ай­тарлықтай қымбат тауар. Бұрын тұрмыс жағдайы көбіне еңбексүйгіштікке және табандылыққа негізделсе, бүгін ол аз. Өндіріске сапалы көп тауар жіберуге болады, бірақ нарықтың қазіргі жағ­дай­ын және тұтынушылардың конъ­юнк­­ту­расын бақыламаса, тауар дүкен сөре­леріне жетпей жатып ескіруі мүмкін. Ғаламдық ақпараттық инфрақұ­ры­лым жасаумен Еуропа қауымдастығы және үлкен сегіздіктің үкімет басшы­ларының кеңестері құрған комиссиялар айналысуда. Ұтымды басқару үшін бо­­­лып жатқан үрдістер жайлы толық ақ­паратты алуда уақыт факторы маңызды рөл атқарады. Неғұрлым тез және көбірек білген сайын біздің қабылдаған шешімдеріміз оңтайлы бола түспек. Бұл мақсатқа жету – информатика есептеріне байланысты. Информатика саласындағы зерттеу­лердің ауқымы өте кең. Ең алдымен, бұл – интеграциялану және ғылыми ақ­параттық ресурстардың үлкен көлемін өңдеу мүмкіндігі, ғылыми зерттеулердің нәтижелерін алу уақытын күрт қыс­қарту, сондай-ақ әр түрлі нысандарды талдаудағы ақпараттық модельдеу және алынған нәтижелерді компьютерлік визуализациялау. Заманауи информатиканың көкей­­тесті мәселелерінің ішінде мыналарды бөліп айтуға болады: электронды кітап­ханалардағы концептуальды іздеу (ол ақпараттар теориясындағы, семантика мен семиотика білімдеріне негізделген); жасанды интеллект жүйелерін дамыту; қиын есептерді шешу үшін нейрондық желілер принциптері мен нейрожелілік алгоритмдерді қолдануға негізделген құралдар жасау; ақпараттық техно­ло­гия­ларды жасау мен жобалау үшін әлеуметтік маңызы бар ақпараттық үр­дістерді оңтайлы ұйымдастыру; оқыту үшін ақпараттық технологиялар жасау және оларды тиімді пайдалану; нано­тех­нологияларды қолдану негізінде өте кішкентай құралдар жасау. Біздің мемлекеттік саясатымызда эко­номиканы көтеру мәселесіне аса көңіл бөлінуде. Бұл мәселелерді республикада ақпараттық кеңістік құрмай­ын­ша және еліміз әлемдік ақпараттық қау­ымдастыққа кірмейінше тиімді шешу мүмкін емес. Осы бағытта Қазақстанда «Электрондық үкіметті» қалып­тас­ты­ру­дың мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда республиканың көптеген ұйымдары Интернетке қосылған. Елімізде бұдан басқа әр түрлі салалардың (коммерциялық, банктік және т.б.) ақ­параттық-есептеу жүйелері мен желілер жасалуда, заманауи телекоммуникация құралдарын жасап шығару жөнінде жұ­мыстар жүріп жатыр. Республикада информатикадағы іргелі зерттеулермен «Информатика және басқару проблемалары институты» ай­налысады. Ол 1991 жылдың қыркүй­е­гін­де информатика және басқару сала­сында Қазақстанда іргелі және қол­данбалы зерттеулерді мақсатты түрде жүргізіп дамыту және республиканы ақпараттандыру бағдарламасын ғылыми қамтамасыз ету мақсатында құрылған болатын. Институт іргелі зерттеулердің республикалық бағдарламалары бой­ын­ша бас ұйым болып табылады. Бұл құрылым «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ жанындағы ҚР Мемс­тан­дарттың «Ақпараттық технологиялар» ТК-34 Техникалық комитетінің ұйым-мүшесі болып табылады. Әр түрлі ұй­ымдар жасаған ҚР мемлекеттік стан­дарттарының жобаларын қарастыру мен келісулеріне тұрақты түрде қатысады. «Электронды үкіметтің», мемлекеттік және коммерциялық құрылым­дар­дың қалыпты жұмыс істеуі үшін, ең алдымен, ресми құжатты ешкім қолдан жасамайтындығына, құпия ақпаратты тек тиісті адамдар ғана алатындығына сенімді болу керек. Сондықтан ақпа­рат­тық қауіпсіздік – информатикадағы кө­кейтесті мәселелердің бірі. Ол біздің республикада алғашқылардың бірі бо­лып Информатика және басқару проб­ле­малары институтында жасала бастады. Ақпараттар ағынында тұншығып қал­мас үшін, оны өңдеу үрдісін авт­о­маттандыру қажет. Ол үшін компьютерді ақпараттар теңізінен қажетті ақпа­рат­ты табуға үйрету, басқаша айтқанда жан-жақты талдаудың негізінде оңтай­лы шешімдер қабылдау керек. Экономикалық үрдістер – ең күрделі және алдын-ала білуге қиын үрдістер. Экономиканың дамуына қайта қаржы­ландырудың қандайда бір мөлшері, са­лықтардың қайсы бірі, және де басқа параметрлердің қалай әсер ететінін айту күрделі. Мұнымен сызықтық емес ди­намикалық жүйелердің дамуын параметрлік реттеу теориясы айналысады. Бұл сала біздің институтта зерттелуде. Жасанды иммунды жүйелердің негізінде институтта қаржылық және күш­тік құрылымдарда, мұнай-газ саласы кәсіпорындарында қажетті ақпарат­тар­ды беру үшін шынайы қолданылатын бағдарламалық өнімдер жасалынды. Информатика және басқару пробле­ма­лары институтында жоғары білікті ғы­лыми-педагогикалық кадр даярлау ісі жүргізілуде. Информатика кафедра­ла­ры­ның филиалдары Қ.И.Сәтбаев ат­ын­­дағы ҚазҰТУ, Абай атындағы ҚазҰПУ, Тұран университетінде және халық­ара­лық Бизнес академиясында ашылған. Институттың жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіби білім беру (магистратура, Phd докторантурасы) құқы­ғына ие ли­цензиясы бар. Соңғы жылдары Информатика және басқару проблемалары институтының алыс және жақын шетелдердің ғылыми-зерттеу және білім беру ұйымдарымен халықаралық ғылыми-техникалық ын­ты­мақтастығы нығая түсті. Қазір 20-дан астам ұйымдармен келісім-шарттар жа­салған. Институттың құрылған күнінен бастап оның қызметкерлері 9 халық­аралық грант жеңіп алды: 2011 жылы Дүниежүзілік даму банкі жариялаған «Ғылымды коммерциялизациялау» кон­курсында да грантқа ие болды. Қазіргі уақытта институтта қазақ тілін ақпараттандыру зертханасы құры­лу­да. Бұл бағыттағы ғылыми-зерттеу жо­ба­ларын жүзеге асыру мемлекеттік тілді оның қолданылу облысын заманауи ақпараттық технологиялардың негізінде кеңейтуге мүмкіндік береді. Жаңа зертхана қазақ тілін талдау мен син­тез­деудің жоғары сапалы технологияларын жасауға бағытталады. Жүргізіліп жатқан ғылыми-зерт­теу­лердің жоғары деңгейін қамтамасыз ету үшін институт информатика саласының ғалымдары пікір алмасатын халық­ар­а­лық конференциялар өткізеді. Осындай мақсатпен осы жылы Сібірдің РҒА СБ жаңа ақпараттық технологиялар Халық­аралық орталығымен информатика са­ла­сындағы ғылыми ынтымақтастық туралы келісім-шарт жасалды. 2010-2011 жылдары жарияланған 300-ден астам ғылыми жұмыс, оның ішінде 4 монография (2 – Ресейде), 175 журнал мақалалары (оның 27 жоғары рейтингті халықаралық журналдарда), 15 оқу құралы, 2 авторлық куәлік және 4 зияткерлік меншік жайлы куәлік біз­дің ға­лымдардың ғылыми жұмыста­ры­ның тиімділігін көрсетеді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елдің ғылыми қауымдас­тығы­ның алдына принципті жаңа міндет – отандық ғылымды басқарудың тиімді жүйесін жасау, ғылыми-зерттеулердің көкейкестілігі мен сапасын арттыру міндетін қойды. Осыған байланысты ол: «Біз экономикаға және қоғамға керек жаңа идеялар, ғылыми жаңалықтар мен технологиялық ұмтылыстар генерациялай алатын тиімді ғылыми жүйе жа­сауымыз қажет. Ғылым мен иннова­циялары екінші орындағы ел, ешбір салада бірінші болмайды» деген болатын. 2011 жылдың 18 ақпанында Қазақ­стан Республикасының «Ғылым тура­лы» Заңы қабылданды. «Ғылым туралы» Заңның қабыл­да­нуы Қазақ елінің интеллектуалды және технологиялық тәуелсіздігін қамта­ма­сыз етуге бағытталған ел экономик­а­сының дамуындағы жаңа кезеңнің басы болғаны анық. Өйткені, жаңа жағдайда елдің ғылыми әлеуетіне қойылатын талаптар айтарлықтай өзгеріп отыр. Информатика және басқару проб­ле­малары институтының ұжымы осы заң­ның негізгі ережелерін өзінің бұдан бы­лайғы еңбек және ғылыми қызметінің негізгі бағыты ретінде қабылдап, іске кірісті. Жаңа заң бізді жаңа биіктерге көтеретініне сенімдіміз. Мақсат ҚАЛИМОЛДАЕВ, Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің «Информатика және басқару проблемалары институты» ЕМК директоры, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор.