26 Қараша, 2011

Дүбірге толы дүние

196 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

ЕЛ ТҰТАСТЫҒЫ – БАСТЫ МАҚСАТ

Қырғызстанда жаңа сайланған президент Алмазбек Атамбаевтың қызметке кірісу салтанаты 1 желтоқсанда өткелі отыр. Бұл жөнінде уақытша президент Роза Отунбаева арнайы жарлық шығарып, оған қызу дайындық жүріп жатыр. Заң бойынша қа­­­­­зіргі президент Роза Отунбаеваның өкілеттігі 31 жел­тоқ­­санға дейін. Жаңа сайланған пре­зи­дент­­тің өз қызме­ті­не кірісуін ұзақ күтуі қай жағынан да қо­лайсыз. Бұл өзі осы қызметті екі адам қатар атқарып жүргендей көрі­неді. Қырғызстан сияқты саяси күрес шиыршық атқан елде жағ­дайды ушықтырмас үшін жаңа сай­ланған президенттің билік тізгінін мүмкіндігінше тез қолға алғаны қажет-ақ. Осы жерде уақытша президент Роза Отун­баеваның ел тыныштығын ойла­ған байсалды да парасатты сая­саты барынша құптарлық. Кешегі сайлау кезінде де, одан бұрын да елдің екі аймаққа бөліну қаупі қырғыз ағайын­дарды айтар­лықтай алаңдатқан. Ел тұтасты­ғын ұран еткен Алмазбек Атамбаев жеңіске жетсе, енді оны жүзеге асыру оның басты мақсаты екені де даусыз. Президенттің қызметке кірісу салтанаты да, онда сөйле­нер сөз де сол ел тұтастығына бағыш­талмақ. Салтанатқа дайын­дық жө­нінде алынған хабарларға қа­ра­ғанда, бұрынғы және жаңа президент қатар сөйлемек көрі­неді. Өнеге еткендей жаңалық. Ел ынтымағына жоралғы бол­ғандай қадам. Бұған дейін бұл елде бұ­рын­ғы және жаңа президент бірге отырған емес, бірігіп мәселе шеш­кен емес. Тіпті сол инаугура­цияны өткізу жөніндегі ұйымдас­тыру комитетіне де бұрынғы және жаңа президенттің адамда­ры бірдей кір­ген көрінеді. Мұны да басшы­лық­тың сабақтастығы десе болғандай. Салтанат барынша қара­па­йым, аз шығынмен өтпек. Қыр­ғыз­дың 10 миллион сомы, әйт­песе 222 мың доллар қаржы жұм­сау көзделіпті. Мұны «көрпеңе қарай көсіл» дегеннен гөрі қыр­ғыз басшы­ла­ры­ның үнемді ой­лағаны деген жөн болар. Әйтпесе, ша­­масына қарамай шашылатындар баршылық қой. Сірә, жаңа прези­дент­тің қара­пай­ым­­дылық­ты қал­а­ға­ны қарапайым қауымға ұнары да, олар тара­пынан қолдау табары да анық. Әңгіме салтанат туралы бол­ған соң да, онда президент қабыл­дай­тын анттың мәтіні парламентте біраз талас тудырғанын да айта кетейік. Жаңа президент «Құдайдың алдыңда, халықтың алдында мемлекет басшысы өкілеттігін әділ ат­қаруға, адамдар мен азаматтардың құқығын қор­ғауға, конституцияны қатаң сақ­тауға, халықтың бірлігін, мемле­кеттің тұтастығы мен қауіп­сіздігін қорғауға» ант етемін десе, біраз депутат еліміз зайырлы, құдайды неге атайсың деп дау шығарыпты. Дегенмен, парламент жаңа президент ұсынған мәтінді бекітіпті. Жаңа президент қызметіне кіріскен соң, парламентте де жаңа үкіметті тағайындауға байланыс­ты біраз өзгеріс болмақ. Онда Алмазбек Атамбаевтың бастама­шы­лық ұсыныстарының айтар­лық­тай маңызы барлығын ескерсек, ел тұтастығы, партиялардың бір-бірімен түсінісуі басты та­қырыпқа айналмақ. Мұның өзі партия­лардың тіл табысуына жеткізуі әбден мүмкін. Қазір қырғыз ағайындар ара­сында ел тұтастығы туралы екі түрлі пікір бар: біреулері тұтас­тық мызғымайды, сақтала­ды дейді, екіншілері оған күмән келтіреді. Қа­лың бұқара халық елдің тұтас­тығын қалайды. Парламентке кірген партиялар да мұны мықтап ескеретін шығар дейсің.

ИСПАНИЯ: СОЛШЫЛДАР ОРНЫН ОҢШЫЛДАР БАСТЫ

Бұл елдегі парламент сайлауының нәтижесі қандай болатыны күні бұрын-ақ айқын еді. Елді экономикалық күйзеліске апарып тіреген социалистерді халық қолдамады. Таңдау оңшылдарға түскенімен, олардың да жағдайды түзей қоюы күмәнді. Еуропада күт­пеген жағдайлар болып жатыр. Күні кеше эконо­ми­ка­лық тұрғыда жетекші елдердің, тұ­рақтылығы жоғары деген елдердің қар­­жылық дағ­да­рысқа ұшырауы таң­дан­ды­рмай қой­майды. Айталық, осыдан оншақты жыл бұрын Грекия, Италия, Испания экономикалық күйзеліске кезігеді дегенге көпшілік жұрт сене қой­мас еді. Бұл елдерде өмір сүру дең­гейі айтарлықтай жоғары бол­ды. Ал қазіргі шындық – бұлар қаржылық күйреу шегінде тұр. Грекия мен Италияда үкімет әкімшілік жолымен ауыстырыл­ды – ел президенттері бұрынғы үкімет басшыларын жаңа адамдармен алмастырды. Солай етуге мәжбүр болды. Бұл – нарықтың талабы. Ал Испания демократия­лық жолды қалады. Үкіметті кезектен тыс сайлау өткізу жолы­мен алмастыруды жөн көрді. Социалистік партия 2004 жыл­дан билікте. Оның көсемі Хосе Лиус Сапатеро әлемге танымал қайраткер. Испандықтар оларға үлкен үміт артқан. Алғашқы жыл­дарда сол үміт ақталатындай да көрінген. Жоғары өмір сүру дең­гейі сақталып қана қоймай, оның өсімі де болды. Елі де бай, халық­тың тұрмысы да жақсы. Испан­дықтар соған бейімделген. Әлем­дік дағдарыс басқа жағдайды алға тосты. Социалистер оған қарсы тұрудың жолын таба алмады. Сол үшін халық сенімінен айырылды. Жеңіске жеткен оңшыл центристік Халық партиясы елді дағдарыстан алып шығады деп кесіп айту да қиын-ау. Біршама сарапшылардың пікірінше, олар­дың жеңісінің басты себебі – жұрт­шылықтың социалистерге деген сені­мінің азайғандығында. Бұл пар­тиялардың сайлауға бай­ла­нысты бағдарламаларында уәде, ұсыныстар да көп. Әңгіме соның қалай орындалатын­дығында ғой. Ха­лық партия­сының жетекшісі Ма­риано Рахой Бр­ей: «ис­пан­дық­тар­дың ойынан шы­ғуға дайынбыз», дегенді айтты. Ұран сөз. Ха­лық­тың ойы – дағ­да­рыс­тан шығу. Соны консерваторлар жүзе­ге асыра ала ма? Оң жауап беретіндер көп бола қоймас. Испания қарыз­ға белшесінен ба­тып отыр. Одан құтылудың, ең бол­маса азайтудың жолы – мемлекет шы­ғы­нын азайту. Яғни, әлеу­мет­тік игілікті шектеуге тура келеді. Жалақы азаяды, денсау­лық­қа, білімге жұм­салатын қар­жы шектеледі. Оған испан­дық­тар көне ме? Кім біледі. Гректер көн­ген жоқ. Елде ереуілдер, шерулер тас­қыны қаптады. Сол жағдай Испанияда да қайталануы әбден мүмкін. Қазірдің өзінде кеше билікте болып, енді оппозицияға кеткен Социалистік партияның басшы­лы­ғы билікке келген партияны бірден әлеуметтік саланы қар­жыдан қыса бастағанын сынға алды. Бұл сынды халықтың қол­дайтыны да анық. Бұл шиеленіске апарып соқтырады. Сірә, елдегі саяси партиялар әлі де қаржы тапшылығын жою­дың негізгі жолы ең алдымен жаңа жұмыс орындарын ашу, жұмыс­сыз­дықты азайту екеніне жете мән бермейтіндей. Бұл елде жұмыс­сыз­дық саны 5 миллиондай. Бұл аса жоғары жағымсыз көр­сеткіш. Олар­дың барлығы мем­лекеттің мой­нында. Соларға жұмыс орны ашылса, жаңа тауар өндіріледі және жұмыссыздық үшін төлене­тін қаржы үнемде­леді. Ал испан үкіметінің бұрын­ғы­сы да, жаңасы да қаржы үнем­деуді әлеуметтік саланы шектеуден іздейді. Оңшыл партия билік басына сонау диктатор-генерал Франко­ның заманынан кейін енді ғана келіп отыр. Халық кімнен болса да жақсылық күтеді, үмітпен өмір сүреді. Консерваторлар сол үмітті ақтай ала ма деген сұрақ олардың жеңісінен кейін-ақ күн тәртібіне шықты. Жұрт айта беретін уақыт көрсетеді деген жауапты алға тартасың. Мамадияр ЖАҚЫП.