26 Қараша, 2011

Адымы аршынды ақшұқыр

313 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
«Егемен Қазақстанның» арнайы жобасы: Жасампаздық жемістері Жиырма жылдың ішінде атқарылған игі істердің арқасында әрбір өңіріміз өзгеріп, өміріміз жақсарып келеді.  «Егемен Қазақстан» газеті осындай өркенді өзгерістерді бейнелейтін материалдарды тұрақты жариялап тұрады. Төменде Маңғыстау облысындағы Ақшұқыр ауылынан фоторепортаж беріліп отыр.

АДЫМЫ АРШЫНДЫ АҚШҰҚЫР

Кәрі Каспий маңайы ризық тауып, несібесін алып жүргендерден қай кезде де кенде болған емес. Дегенмен, тәуелсіздіктің таңы атқаннан кейін елімізде жүргізілген даму­дың алғышарттары теңізді жағалай орна­ласқан ауылдарды ерекше құлпыртты десек артық айтқандық емес. Соның бірі – Ақ­шұқыр ауылы. Ауыл көкжиегі жыл сайын керегесін кеңге жайып келеді. Тарихи деректерге сүйенсек, ауылдың іргетасы 1870 жылы қаланыпты. Бір кездері Түрікмен болысының  орталығы болған Ақшұқыр бұл күндері теңіз қайраңын игеруді қолға алған келешегі кемел Түпқараған ауданының құра­мына кіретін ауылдық округтің орталығы. Ауылдың тоғыз жолдың торабында толқып жатқан теңіз­дің жағасында орналасуы қонысқа да, түрлі шаруашылықпен айна­лы­суға да қолайлы бо­лып отыр. Соның дәле­ліндей, соңғы бес жылда ауыл тұрғын­да­рының саны екі есеге өсіп, тоғыз мыңға таяп­ты. Сәйкесінше оларға қызмет көр­сететін әлеуметтік нысандар саны да өсе түсіп, қызмет көрсету түрлері де көбейген. Ауыл әкімі Мәлік Ізтұрдың айтуынша, «Ауыз су» бағдарламасы бойынша тұрғын­дар­­дың көкөніс өсіріп, жеке кәсіпкерліктерін дамытуы үшін сегіз ұңғы қазылып, одан шы­ғарылған суларды жинақтайтын 300 тон­налық екі су қоймасы салынуда. Сондай-ақ Ита­лиядан су тұшыту қондырғысын әке­лу жұ­мыстары қолға алыныпты. Бұл да тұр­ғын­дар үшін жасалудағы игі шаралардың бірі. Ақшұқыр ауылы «Жас мамандар – ауылға» атты  игі бастаманы қызу қол­да­ған­дығымен де ерекшеленеді. Қызу қолдайды дейтін себебіміз, ауылда жас мамандарға жағдай жасау үшін жыл сайын 4 пәтерлі екі-үш үй салынып отырады. Сондай үйлер­ден пәтер алғандардың бірі  М.Әбді­халықов атындағы орта мектептің мұғалімі Г. Сәрсенбаева олардың қала үйлерінен бір кемдігі жоқ екендігін ризашылықпен әңгі­мелейді. Ауылдан жер телімін алып, жеке үй салушылар саны жүздеп саналады. Өткен бес жыл ішінде 1500-дей тұрғын үй салынып­ты. Теңізді жағалай қоныстану­шылар санының тез өсуіне орай жақында ауыл құрамындағы Сайын елді мекенінде тағы бір ауылдық округ өз алдына енші алған еді. Халықтың жиі қоныстанып, тұрақта­нуына осындағы А.Нәбиев басқа­ратын «Жайлау» серіктестігі де игі ықпал етуде. Серіктестік тұрғындарға жұмыс берумен қатар жеке шаруа қожа­лық­тарына түрлі көмек жасап, мүжәлсіз отба­сыларына қайырымдылық көмек көрсетеді. Елді мекен тұрғындары сумен, табиғи газбен, электр қуаты, байланыспен түгелдей қамтылып, интернет желісіне қосылған. Ауылда екі мектеп, еңселі мәдениет үйі, дәрігерлік амбулатория, 30-ға тарта сауда нүк­телері, мейрамхана, тігін цехтары, жи­һаздар жасайтын шеберханалар, спорт зал­дары бар. Шағын несие алып, өз жер телімдерінде жеке кәсіпкерлікті дамытып, тұрғындарға қыз­мет көрсетушілер саны да көбейе түскен­дігін айтып өттік. Солардың бірі – «Әли» ше­берханасы.  Халықтың сұранысы бойынша тап­сы­рыспен жұмыс істейтін олардың қол­да­рынан шыққан ұлттық киімдер мен ұлт­тық бұйымдар үлкен сұранысқа ие. Өлкеге та­нымал сәулетші Е.Әлиев «Өтеғұл» шебер­ханасы жиһаз жасау, жөндеу, ұлттық аспап­тарды шығарса, белгілі қолөнер шебері Роза Әлиеваның бұйымдары республикамыз ғана емес, алыс-жақын шетелдерде жоғары баға алып жүр. Өркен жайып келе жатқан ауылдың мәдениет өнері, білім мен спортты дамыту­дағы табыстары мақтауға тұрарлықтай. Мысалы, белгілі өнерпаз Н.Айдарбаева басқа­ратын Ақшұқыр мәдениет үйі респуб­ликалық «Үздік ауылдық мәдениет мекемесі» байқауы­ның бас жүлдегері, «Айна» атты этногра­фиялық ойын-сауық отауы, «халықтық» деген атаққа ие. Республикалық «Бозторғай» байқа­уының бас жүлдесін 10 жасында жеңіп алған Сұңғат Мөңке осы ауылда тұрады. Ал М.Әбдіхалықов атындағы орта мектеп болса, республикалық «Таңдаулы ауыл мектебі» байқауында бірінші орын алған. Ауылда спорт­­тың қазақша күрес, бокс, дзюдо түр­лерінің секциялары жұмыс жасайды. Оларға ауыл жасөспірімдері белсене қатысуынан ауылдың рухани жағынан ғана емес, «тәні саудың – жаны сау» деген мәтелді де жа­дыларында берік ұстайтындығын байқай аласыз. Соңғы 6 жыл ішінде жаттық­тырушы-ұстаз Үсен Ізбасаров басқарған сегіз спортшы халық­ара­лық, республикалық спорт жарыстарының жеңімпазы болды. Ауылдағы «Жауқазын» балалар бақшасы білім ұясы «Ең үздік мектепке дейінгі ұйым» аудандық сайысының жеңімпазы болып табылады. «Жауқазында» балалар тәрбиешісі болып еңбек ететін Е.Досымова ауданның «Жылдың үздік тәрбиешісі-2011» атағына ие. Міне, табиғаты әсем, салқын самалды теңіз жағасына қоныс тепкен, қарттары өнегелі, жастары жалынды Ақшұқыр ауы­лы­ның табыстары, тұрмыс-тіршілігі осындай. ________________________________________ Арнайы бетті дайындаған «Егемен Қазақстан» газетінің  Маңғыстау облысындағы меншікті тілшісі  Жоламан БОШАЛАҚ, суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ.