29 Қараша, 2011

Қаламгердің екінші тынысы

362 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Өмірі кейінгілерге өнеге боларлық тағдырлы тұлғалар туралы сөз таусылмақ емес. Төзімділік пен еңбекқорлықты жалау етіп, адалдық пен шыншылдықты шығармашылық ізденістеріне арқау еткен қазақтың қабырғалы қаламгері, әдебиеттанушы ғалым, қайраткер тұлға Немат Келімбетовтің енді, міне, екінші өмірі басталды десек те болғандай. Алдымен Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетінде Немат Келімбетовке арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференцияға өтті. Оған өз әдебиетші ғалым­дары­мызбен қатар, шетелдік ғалым­дар да қатысты. Олардың ара­сында әдебиетшінің шығарма­ларын түрік тіліне тәржімалаған Әбдуақап Қара, қытай тіліне аударған Бейжің қаласындағы Ұлттар баспасының қызметкері Айқын Әбікенұлы да бар. Өзі көп жылдар еңбек еткен атал­мыш университетте Немат Келімбетовтің ғылымдағы сүбелі еңбектері ғана емес, кісілігі, өмір­мен күресі, тәуелсіздік тарихына, әдебиетіне қосқан үлесі де кеңінен сөз болды. Немат Келімбетовті еске алу кешке қарай М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында жалғасын тапты. Театрда өткен кештің ұйым­дас­тырушылары да, көрермендері де қазақ ұлттық өнер акаде­мия­сының студенттері болды. Алды­мен жастар алдына Қазақ драма­ театрының жетекшісі Есмұқан Обаев шығып, Немат Келімбетовке арналған игі шараларды қысқаша саралап өтті. – Көзі тірісінде Келімбетов қол арбасымен келіп, әр спектакльді көруші еді. Ол кейіннен драматургияға да өз үлесін қосты. Театрға келгенде өз шы­ғар­маларындағы кейіп­керлердің «тірілгенін» спектакльден көріп, қуанып отыратын, – деді ол. Осыдан кейін жастар алдына жазушы Смағұл Елубай шығып Немат Келімбетовтің кесек тұл­ғасын сөзбен сомдады. Студенттерді шынайы да тағы­лымды тағдыр үлгісімен ұйыта білген Смағұл Елубайдың естелігі Т.Жүргенов атындағы Ұлт­тық өнер академиясы қойған театр­ландырылған көрініске ұласты. Мұнан кейін Немат Келімбетов жайлы деректі фильм көр­сетілді. Рухы күшті адам жайлы бұл деректі дүниенің де та­ғлым алар тұсы көп. Студенттер Немат Келімбетовпен дос-жаран бол­ған рухани ба­уыры, Қазақ­стан­ның халық әртісі Сәбит Ораз­баевтың естелігін фильм­нен тың­дап, өзімен залда бірге отырды. Сонымен еске алу кеші оның   шығармасы бойынша қойылған «Үміт үзгім келмейді» спектак­лі­­нің үзіндісімен аяқталды. Иә, тағдырлы қаламгердің нағыз өмірі енді басталғандай. Айнаш ЕСАЛИ, Алматы.