29 Қараша, 2011

Қазақстан картасындағы жаңа кент

506 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Егемен Қазақстанның» арнайы жобасы: Жасампаздық жемістері

Жиырма жылдың ішінде атқарылған игі істердің арқасында әрбір өңіріміз өзгеріп, өміріміз жақсарып келеді.

«Егемен Қазақстан» газеті осындай өркенді өзгерістерді бейнелейтін материалдарды тұрақты жариялап тұрады.

  Төменде Атырау облысы, Жылыой ауданындағы Жаңақаратон кентінен  фоторепортаж беріліп отыр. Еліміз тәуелсіздік алғанға дейін Қазақ­стан картасына Жаңақаратон кентінің аты енген жоқ. Себебі, өңірде мұндай атаумен  елді мекен болмады. Бұл кенттің құ­ры­лысы 1992 жылы басталғандықтан, мұны тек Жылыой ауданындағы ғана емес, іргесі ел тәуелсіздігімен бірге қаланған Қазақстан картасындағы ең жаңа кенттің бірі деуге әбден болады. Алғашында мұнда 60-тан аса коттедж үлгісіндегі екі қабатты тұрғын үйлер құрылысын салу басталды. Кейіннен 90-жылдардың аяғында  Жаңақаратонда тұрғын үй құрылысын жүргізу қарқын алды. Құрылысты қаржыландыруды бұрын­ғы «Қазақойл», бүгінгі «ҚазМұнайГаз» ком­паниясы қолға алды. Неге? Өйткені, Жы­лыой ауданындағы кен орындарында жұмыс жасайтын  мұнайшылардың отбасы  Ескі­қаратон деген ауылды мекендейтін еді. Ауыл­дың ескі деп басталатын атына  сай, сонау кеңес дәуірінде салынған тұрғын үйлер әбден ескірген, еденінен бүлкілдеп су шығып кететін. Бұл мәселені тұрғындар әлденеше рет көтеріп, «Қазақойл» басшы­ла­рына, тіпті Үкіметке дейін жанайқайға толы хаттар жазды. Бұл күндері соның бәрі көрген түстей ұмытылды.  Ескіқаратон тұрғындары 2000 жылы жаңа кентте бой көтерген бір, екі және үш қабатты тұрғын үйлерге көше бастады.  Мұнайшылар балалары үшін 724 орынға есептелген типтік жобадағы мектеп пайдалануға берілді.  Сөйтіп, екі-үш жылдың ішінде «Қазақойл» компаниясының қаржысымен 540 отбасы түгелдей Жаңақаратон кентіне көшірілді. Ал эко­логия­лық ахуалы нашарлаған  Сарықамыс елді мекенінің тұрғындарын жаңа мекенге көшіру мәселесі Үкімет деңгейінде шешімін тапты. Үкімет Сарықамыс тұрғындарын көшіруді «Теңізшевройл» бірлескен кәсіп­орнына тапсырды. Шетелдік инвестормен бірлескен бұл кәсіпорын Сарықамыс тұр­ғын­дарының  қалауымен  Жаңақаратон кенті мен Атырау қаласынан жаңа тұрғын үйлер қалашығының құрылысын салуды қаржыландырды. Осылайша, жаңа кентке Сарықамыс ауылынан 340 отбасы көшіп келді. Жаңақаратон кентінің өзге ауылдардан ерекшелігі көп. Біріншіден, кенттегі тұрғын үйлер өзіндік сәулетімен көз тартады.  Мұндағы екі, үш қабатты тұрғын үйлердің сыртқы келбеті бір-бірінен асып түседі деу­ге болады. Екіншіден, әр тұрғын үйге су құбыры, табиғи газ желісі, тіпті, канализация құбыры да тартылған. Басқаша айтқанда, Жаңақаратон тұрғындары кентте тұрады демесең, қаладағы игіліктің барлығын пайдаланып отыр. Қазір Жаңа­қаратонда 1124 тұрғын үй тіркелген. Ал халық саны – 6224. Кент әкімі Разия Молдабаеваның айтуынша, мұндағы  3436 еңбек етуге жарамды тұрғынның басым бөлігі мұнай өнеркәсібінде, осы салаға  қызмет көрсететін кәсіпорындарға жұмысқа тартылған. Және үшінші ерекшелікке балап айтарымыз, кентте жұмыс жасамайтын жалқаулар жоқ деуге болатындай. Өйткені, жыл басында жұмыссыз ретінде тіркелген 31 адам болса, дәл қазіргі уақытта бұл санатта тек 12 адам ғана бар.  Төртінші ерекшелік, кентте тұрмысы төмен, аз қам­тылған отбасы тіркелмеген. Демек, бұл кентте бірде-бір адам атаулы әлеуметтік көмек алмайды. Мұнда  34 жеке кәсіпкердің иелігіндегі 15 дүкен,  5 кафе-бар, 1 наубайхана мен  1 шаштараз тұрғындарға қызмет көрсе­теді. Бір серіктестік пен 6 шаруа қожалығы да бірнеше адамды жұмыспен қамтып отыр. Кентте 1300-ден астам оқушы екі мектепте дәріс алады. Оның бірі жоғарыда айтқанымыздай, 2000 жылы, екінші мектеп 2006 жылы пайдалануға берілген. Мектептерде мектеп жасына дейінгі балаларға арналған даярлық  және  шағын топтар  ашылған. Дәрігерлік амбулатория жанынан 10 кереуеттік күндізгі стационар ашылған және өзге ауылдардың қолы жетпеген осы заманғы медициналық ЭКГ, УВЧ, рентген, стоматологиялық жабдықтармен қамты­лып­ты. Мұны енді осы кенттің бесінші ерекшелігі десек, артық болмас. Кәсіпкер жігіттер зәулім мешіт салып беріпті. Кенттің өрт сөндіру бөлімшесінде 2 арнаулы техника өрт сөндіруге ұдайы дайын тұрады. Пошта бөлімшесі де жұмыс жасайды. Қазіргі кезде жұмыссызы жоқ ауылды табу қиын. Осы тұрғыдан айтқанда, тәуел­сіздік жылдарында мемлекеттің қолдауымен бой көтерген  жаңа кент – Жаңақаратонды  берекелі де құтты мекен дейтіндей негіз бар. Өйткені, жаңақаратондық  тұрғындардың тұрмысы – түзу, көңілі – көтеріңкі. Жыл сайын әр отбасында іңгәлап сәбилер өмірге келуде. Мәселен, 2009 жылы 202 сәби жарық дүние есігін ашса, былтыр тағы да 174 нәресте ата-анасын үлкен қуанышқа бөледі. Ал биылғы он айда жаңақаратондықтар қатарына 165 сәби қосылды. Міне, мемлекет­тің қолдауымен кең қанат жайған Жаңақа­ратон кентінің өзге ауылдарға үлгі етерлік бүгінгі бейнесі осындай.   Арнайы бетті дайындаған «Егемен Қазақстан» газетінің  Атырау облысындағы меншікті тілшісі   Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ.