29 Қараша, 2011

Ешкім де, ештеңе де ұмытылмауы тиіс

349 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Биылғы жылы ел тәуел­сіз­дігімен бірге Елбасы Жарлы­ғы­мен Семей атом полигонының жабылғанына 20 жыл толуы да кеңінен аталып өтіп жатыр. Ол енді дұрыс та, өйткені, атом аждаһа­сының аузына құм құйылуы ел егемендігінің жеңісі мен жемісі болып табылады. Бейбіт заманда қырық жылға созылған қырғынға еліміздің тұң­ғыш Президенті Нұрсұлтан На­зар­баевтың пәрменімен нүкте қо­йылғанын бүгінде әлем халқы мойындады. Яғни, бұл ешқандай дәлелдеуді керек етпейтін даусыз ақиқат. Заманымыздың ақиық ақы­ны Олжас Сүлейменов бас­таған ядролық сынақтарға қарсы халық­аралық «Невада – Семей» қозғалы­сының белсенділері де сол кездегі республика Үкіметінің жас та жігерлі басшысына арқа сүйе­гені рас. «Білесің, білген соң айтасың» демекші, сол шақта Семей облыс­тық партия комитетінің бірінші хатшысы Кешірім Боз­таев­тың қарамағында қызмет істегендіктен, бұл азаматтың да одақ­тық әскери ведомствомен ымы­расыз айқасқа Нұрсұлтан Әбіш­ұлы­мен күнде­лікті ақылдаса оты­рып, нартәуе­келге барғанын көзіміз көрді. Солайы солай. Бірақ осы орайда өмір бойы ел ішінде жүр­гендіктен сол кезде көзіміз көр­ген, өзіміз куә болған жәйттерді де «ешкім де, ештеңе де ұмытыл­мауы тиіс» деген мағынада айт­пасқа болмайды. Айналып келгенде, осы кезде Нұрекең болсын, Олжекең болсын сан жылдардан бергі халықтың алаң көңілін дөп басқанына сүйсінесің! Ал халық­тың алаң көңілі дегенді босқа айтып отырған жоқпыз. Оған мысал керек болса, айтайық. Мәскеуде Х1Х партия кон­ференциясы өтіп жатқан шақта Семейде сол кез үшін ерекше бір оқиға болды. Яғни, қалаға облы­сымыздың жер-жерінен келіп осын­дағы мұға­лімдердің білімін жетілдіру кур­сында оқып жатқан 60 мұғалім Мәскеуде өтіп жатқан ал­қалы жиын президиумының аты­на жазылған ядролық сынақ ай­ма­ғындағы тұр­ғындар арасында нау­қас жандардың көбейіп кеткендігін, балалар өлі­мінің артып бара жат­қандығын, ал соған қарамастан, дү­кендерде көк­өніс, ет, сүт өнім­дерінің тапшы екендігін баян­дайтын үн­деулерін облыстық партия комитетіне алып келді. Бұл өмірімізге енді ғана ене бастаған демократияның алғашқы ұшқыны еді. Ал ұшқыннан жалын пайда болатыны тағы да дәлелдеуді керек етпейді. Бүгін мұны, жоға­рыда айтқандай, ешкім де ұмы­тылмауы керек деген мағынада қоз­ғап жатырмын. Бірде саяси ағарту үйінің үлкен залында облыстық партия коми­тетінің кезекті пленумы өтіп жат­қан-ды. Үзіліске шықсақ, Вячеслав Кобрин деген азамат фойеде «Ядро­лық сынақтарға жол берілмесін!» деп жазылған плакатты қолына ұстап тұр. Мұны көріп бәріміздің көзіміз бақырайып кетті. Оны қолдап әкету қайда, бәріміз де үнсіз қалдық. Әйтеуір, бір жақсысы – облыстың бірінші басшысы ештеңе болмағандай қалып танытты. Сон­соң басқалар да тынышталды. Сол В.Кобрин 1986 жылдың желтоқсан айының соңында КОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы М.Горбачев пен сол кездегі Бейбітшілік жөніндегі кеңес комитетінің төрағасы Ю.Жуковтың атына ядро­лық сынақтарды тоқтатып, басқа­ларға үлгі көрсету жөнінде хат жолдады. Оның бұл хатына жауап көп күттірген жоқ. Ю.Жуков хат авто­рының идеясын толықтай қолдады. Ал бұл орайда облыстық партия комитеті әрі-сәрі күйде қалғанын жасыруға болмайды. Не десек те енді күш ала бастаған В.Кобрин Семейдегі бейбітшілік комитетінің төр­ағасы болып шыға келді. Содан кейінгі жерде оның қай­раткерлік қабілеті ашылып сала берді. 1987 жыл­дың маусым айын­да бейбітшілік жөніндегі ке­ңес-американ маршына ба­рып келген ол сол жылдың тамыз айында ядро­лық сы­нақтарға қарсы Ертіс өзені жағасында өткізілген маңыз­ды бір шараға ұйытқы болды. Осы арада мұңлы әндер орын­далып, Ертіс өзеніне қағаз қайықтар жіберілді. Ал келесі айда Вячеслав Кобрин Қазақ­стан делегациясының құра­мында Еділ өзені бойы­мен теплоходта өткізіл­ген бейбітшілік шеруіне қатысып қайтты. Ал 7 қараша – төң­керіс мерекесінде ол тағы да ядролық сынақ­тарды тоқтату жөнінде ұран жазылған плакатпен шықты. Біздің кейіпкеріміз содан бастап қашан полигон жа­был­ғанша тыным тапқан жоқ. Кейіннен «Невада – Семей» қозғалысының белсенді мүшесіне айналды. Бірақ шын­дығын айту керек, об­лыстық партия комитеті ол өзінің кандидатурасын КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутат­ты­ғына ұсынғанда қолдай қойған жоқ. Тіпті, оны айта­сыз, Вячеслав Григорьевичті Семейдегі бейбітшілік коми­тетінің төрағасы қызметінен кетіріп тындық. Соған өзімді де кінәлі санап, одан бертінде кешірім де сұрадым. Тәнімен бірге жаны да кеңінен жара­тылған азаматтың ешкімге кек тұтпай, мәселе онда емес, мәселе біздің ортақ жеңі­сі­міз­де дегенін қайтіп ұмытарсың! Иә, семейліктер оны о дүниелік болып кеткенімен, ешқашан ұмытпайды. Ал оған 1999 жылы Семей қала­сының құрметті азаматы ата­ғы берілді. Ол мұндай атаққа әбден лайық болатын. Владимир ПИГАВАЕВ, журналист. Семей.