29 Қараша, 2011

Теңдей дамудың тетіктерін қарастырайық

596 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Еліміздің өңірлік деңгейдегі сәйкессіздіктері туралы Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақ­стан өз дамуында айтарлықтай табыс­тар­ға қол жеткізді. Экономиканың кө­ле­мі 2 есе өсті. Бүгінгі күні Қазақстан ТМД елдері арасында ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) көлемі бойынша Украинадан басып озып, Беларусьтен 2,5 есе және Өзбекстаннан 4 есе асып түсіп, сенімді екінші орынды иеленді. Эко­но­микаға 140 млрд. доллардың тікелей шетелдік инвестициялары тартылды. Мұндай табыстарға мемлекеттің да­муы­ның дұрыс таңдалған стратегия­сы­ның, саяси және әлеуметтік тұрақ­ты­лықтың, қоғам ішіндегі бейбітшілік пен келісімнің арқасында қол жеткізілді. Елдің экономикасының өсуімен қатар, Қазақстанның барлық өңірлері де серпінді дамып келеді. Соңғы 10 жыл ішінде жалпы өңірлік өнім орташа есеппен 4,5 есе, ал Астана, Алматы қалала­рын­да, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Қызылорда об­лыстарында 6-8 есе өсті. Республика аумағының көлемін, өңір­лер арасындағы табиғи және ре­сурс­тық ерекшеліктерді ескерсек, бұл еліміз үшін өте маңызды. Сондықтан өңір­лердің тепе-теңдікпен даму мәсе­ле­лері ел басшылығының үнемі назарында болады. Нарық жағдайына көшкеннен кейін бәсекеге қабілетті өндірістері бар, инфрақұрылымы мен қызмет көрсету секторы дамыған өңірлер инвестициялар, жаңа технологиялар мен қосымша еңбек ресурстары арқасында қарқынды даму үшін жаңа серпін алды. Сонымен бірге, мұндай факторлардың деңгейі жеткіліксіз өңірлер баяу дамып келеді. Нәтижесінде өңірлер арасында даму деңгейі бойынша белгілі бір сәйкес­сіз­діктер қалыптасты, ал оларды ескермеу мүмкін емес. Бүгінгі күні елдің ІЖӨ-сінің жар­ты­сы (47%) 4 өңірге тиесілі (Астана және Алматы қалалары, Атырау және Қара­ған­ды облыстары). Бұл ретте Ақмола, Қызылорда, Жамбыл және Солтүстік Қазақстан сияқты облыстар ІЖӨ-нің тек 11,5%-ын ғана қалыптастырады. Жалпы өңірлік өнімнің (ЖӨӨ) жан ба­сына шаққанда ең жоғары деңгейі Аты­рау, Маңғыстау облыстарында, Астана мен Алматы қалаларында байқалады. Егер, 2010 жылы жан басына шаққанда ЖӨӨ республика бойынша орташа есеппен 9 мың АҚШ долларын құраса, Атырау облысында – 36,5 мың, Маңғыстауда – 19,7 мың, Алматы қаласында – 19 және Астанада 18 мың доллар болды. Бір жағынан, мұндай көрсеткіштер қуантады, өйткені кейбір жекелеген өңірлер ЖӨӨ-нің жан басына шақ­қан­дағы деңгейі бойынша Орталық Еуропа мемлекеттерінің және «Азияның жолба­рыс­тары» деп аталатын елдердің көр­сет­кіштеріне қол жеткізген. Алайда, ЖӨӨ-нің деңгейі едәуір төмен өңірлер де бар (Ақмола, Алматы, Жамбыл, Сол­түстік Қазақстан және Оңтүстік Қазақ­стан облыстары). Бұл, өз кезегінде, ха­лықтың жұмыспен қамту және табыс­тарының деңгейіне ықпал етеді, тұрғын­дар­дың неғұрлым дамыған өңірлерге көшуіне себеп болады. Сондай-ақ, сәйкессіздіктер өңірлер­дің ішінде де кездесетінін атап өткен жөн. Мысалы, Атырау, Ақтөбе, Маң­ғыс­тау, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында негізінен мұнай-газ өн­ді­ру өнеркәсібі дамыған, ал шағын бизнес пен қызмет көрсету секторы кенжелеп қалған. Солтүстік облыстарда (Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан) ауыл шаруашылығы басымдықпен дамыса, алайда агроөнеркәсіп кешенінің әлеуеті әлі толық пайдаланылмайды. Осының бәрі өңірлік проблема­лар­дың жүйелі шешімін талап етеді. Бұл бағытта 2006 жылы қабылданған Қа­зақ­стан Республикасының 2015 жылға дейінгі аумақтық дамуының стратегиясы алғашқы бағдарламалық құжат болып табылады. Мемлекеттік басқару жүйесін нақты айқындап, экономиканың маңызды сек­то­рларын ұлттық холдингтер мен ком­паниялар арқылы мемлекеттік реттеудің арқасында бірқатар өңірлік проблемалар шешілді, ауқымды инвестициялық жобалар іске асырылды. Осы орайда, Шар – Өскемен, Хромтау – Алтынсарин, Қорғас – Жетіген темір жол желілерін, Алматы – Астана, Батыс Қытай – Батыс Еуропа автомобиль жолдарын, металлургия, энергетика, мұнай және газ тасымалындағы ірі жобаларды атап айтсақ та жеткілікті. Сондай-ақ, өңірлік айырма­шы­лықтарды теңестіру үшін мемлекет тарапынан өңірлерге қаржылық көмек көрсетіледі, жыл сайын субвенциялар мен трансферттер тү­рін­де 1,5 трлн. теңгеден аса көлем­де қаржы бөлінеді. Сонымен бірге, азаматтарға тұратын жеріне қарамастан берілетін негізгі әлеуметтік қызметтердің деңгейін теңестіру үшін әлеуметтік салада да белсенді шаралар қабылдануда. Тек соңғы жылдар ішінде «100 мектеп, 100 аурухана», мектепке дейінгі білім беруді дамыту, ауылдар мен елді мекендерді орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету және т.б. бағдарламалар іске асырылды. Тұтастай алғанда, Тәуелсіздік жыл­да­ры ішінде білім беруді қаржыландыру 13 есе, денсаулық сақтауды қаржы­лан­дыру 22 есе өсті. 700-ден астам мектеп, 650 ден­сау­лық сақ­тау нысанда­ры салынды, 200 бала­бақ­ша мен 4,5 мың шағын ор­талықтар ашыл­ды. Бар­лық өңірлерде үш ауысымда оқыту проб­лемасы шешілді, мектептерді компьютерлендіру аяқталды. «Қазақстан-2020» Стратегиялық жос­парын жүзеге асыру басталысымен біз Елбасының ағымдағы жылғы 28 қаңтарда Қазақстан халқына арнаған Жолдауында және елдің 2020 жылға дейінгі аумақтық-кеңістік дамуының болжам­ды сызбасында айқындалған өңірлік дамудың жаңа міндеттерін шешуге кірістік. Қазіргі уақытта өңірлер экономи­ка­сын неғұрлым оңтайлы және тиімді ұйымдастыру, қорларды барынша пайдалану, бәсекеге қабілетті артықшы­лық­тарымызды күшейту, жаңа өндірістер, оның ішінде жоғары технологиялық өндірістерді құру арқылы экономиканы әртараптандыру өңірлік саясаттың негізгі міндеттері болып табылады. Осы мақсатта бірқатар мемлекеттік және салалық бағдарламалар қабылданды. Бұ­лар, алдымен, индустриялық-иннова­ция­лық даму, халықты жұмыспен қамта­ма­сыз ету, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, ауыз су бағдарламалары, сондай-ақ өңірлік сәйкессіздіктерді мейлінше азайтуға бағытталған білім беру мен денсаулық сақтауды одан әрі дамыту бағдарламалары. Аталған бағдарламаларды жүзеге асыру арқылы өңірлер экономика­сының қарқынды өсуі қамтамасыз етіледі, ха­лықтың өмір сүру деңгейі ар­та­ды және жағымсыз көші-қон деңгейі төмендейді. 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған Болжамды сызбаға сәйкес дамуы төмен өңірлерде ЖӨӨ-нің жоғары өсімі кү­тілуде. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысында 2020 жылға қарай ЖӨӨ-нің өсімі 2009 жылдың деңгейімен салыс­тыр­ғанда, нақты көлемі 238%, Сол­түстік Қазақстан облысында – 208%, ал неғұрлым дамыған өңірлерде 145-180% құрайтын болады. Алайда, өңірлік деңгейдегі сәйкес­сіздіктерді толық жоюдың мүмкін еместігін атап айтқан жөн. Өйткені олардың негізінде объективтік себептер бар: табиғи-климаттық ерекшеліктері, шикізат қорының болуы, өңірдің көліктің күре жолдарына жақындығы, халықтың орналасу тығыздығы және т.б. Сон­дық­тан сәйкессіздіктерді барынша азайту мақсатымен өңірлердің әлеуетін ашу үшін жағдайлар жасау басты міндетіміз болып табылады. Бұл тұрғыдан, ал­ды­мен, өндірістік базасы, инженерлік, ақ­па­раттық және әлеуметтік инфрақұ­ры­лымы жеткілікті дамыған, сондай-ақ білікті кадрлар шоғырланған қалалардың әлеуеті зор. Талдау көрсеткендей, Астана мен Алматының экономикасында қызметтер көрсету, сауда, ғылым-білім беру және инновациялық қызмет салалары басым­дыққа ие, бұл аталған қалалардың даму­дың кейінгі индустриялық кезеңіне көшкенін дәлелдейді. Бұл ретте Қазақстанның басқа да көптеген қалаларының постиндустрия­лық үлгідегі экономиканың негізін қа­лып­тастыру үшін мүмкіндіктері бар. Бұл бағыттағы жұмысты жандандырып, нәтижелілікпен жүргізу қажет. Осыған байланысты экономикалық ресурстарды және еңбек ресурстарын «өсу белдеуінде», яғни іскерлік белсенділігі жоғары және іргелес аумақтардың серпінді дамуын қамтамасыз ете алатын өңірлік орталықтарда шоғырландыру өте өзекті болып отыр. 2020 жылға дейінгі Болжамды сыз­баға сәйкес Астана, Алматы, Ақтөбе және Шымкенттің төңірегінде ірі қала­лық агломерацияларды дамыту жоспарланып отыр. Басқа да облыстық қалалар өз өңір­ле­рі үшін агломерацияны қалыптасты­ра­тын орталықтар ретінде қарасты­ры­лу­да. Мысалы, Қарағанды төңірегінде өнер­кәсіптік үлгідегі агломерация қа­лып­тасты, оған Теміртау, Шахтинск, Саран, Абай қалалары кіреді, жалпы хал­қының саны – 800 мыңнан астам адам. Бұдан басқа, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүргізілетін рей­тинг­тің нәтижелері бойынша облыс­тар­дың ішінде «өсу нүктелері» болып табылатын 70-ке жуық қалалар мен аудандар анықталды. Мысалы, Ақмола облысында бұл – Көкшетау, Степногор қалалары, Бурабай мен Зеренді аудан­дары, Қостанай облысында – Қостанай, Рудный, Лисаков қалалары мен Таран ауданы, Солтүстік Қазақстан облысында – Петропавл қаласы, Тайынша мен Ғ.Мүсірепов аудандары, Алматы облы­сын­да – Талдықорған, Қапшағай қала­ла­ры, Іле мен Қарасай аудандары. Мұндай қалалар мен аудандар әр облыста бар. Олардың әлеуетін аумақтарды дамыту бағдарламалары шеңберінде барынша пайдалану керек. Өңірлердің даму деңгейін теңдестіру үшін Үдемелі индустриялық-иннова­ция­лық даму бағдарламасының ықпалы зор деп есептейміз. Бұл бағытта алғаш­қы нәтижелер де бар. Бір жарым жыл ішінде 914 млрд. теңге сомаға 227 объек­тілер іске қосылды, 30 мыңға жу­ық жаңа тұрақты жұмыс орындары құ­рыл­ды. Жылдың соңына дейін 617 млрд. теңге сомаға тағы 129 нысан пай­далануға беріледі, 14,5 мың жұмыс орын­дары ашылады. Сонымен бірге, осы бағдарлама шеңберінде жұмыс кү­шін қажет ететін өндірістерді негізінен еңбек ресурстары көп шоғырланған өңірлерге орналастыру қажет, ал жоғары технологиялық, инновациялық өндіріс­терді ғылым-білім беру базасы дамыған, білікті еңбек ресурстары шоғырланған өңірлерде орналастырған дұрыс. Үдемелі индустрияландырумен қа­тар, өңірлер экономикасын дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру, шикізат­тық емес экспорттың үлесін ұлғайту үшін ауыл шаруашылығының да мүм­кін­діктері зор, өйткені ол бірқатар өңір­лер үшін экономиканың жетекші саласы болып табылады. 2001 жылдан бастап аграрлық сек­торға бюджеттен 1,2 триллион теңге, ал орман, су және балық шаруашылығын қоса алғанда 1,5 трлн. теңге бөлінді. Ауыл шаруашылығына жаңа технологиялар тартылды, техника мен жаб­дық­тардың 14 мыңнан астам бірлігі жет­кізілді. Барлық өңірлерде мал ша­руа­шылығы, ауыл шаруашылығы өнім­дерін өңдеу мен сақтау саласында жаңа жобалар іске асырылуда. Қабылданған шаралардың арқа­сында соңғы 10 жыл ішінде ауыл ша­руашылығында орташа жылдық өсу қар­қыны 5,5 % құрады. Ауылдық аумақ­тарды дамыту бағдарламасы шеңберінде едәуір қаражат ауылдың инфрақұры­лымын дамыту үшін жұмсалды. Сонымен бірге, аграрлық секторда еңбек ресурстарының көп шоғырланға­нын ескеріп, алдағы жылдары жұмыс күштері босатылатын болады. Сон­дықтан ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және сақтау саласында жаңа жұмыс орындарын құру қажет. Өйткені, Кеден одағына кіргенімізді, сондай-ақ азық-түлікке әлемдік сұра­ныстың үнемі ұлғайып отыратынын на­зарға алсақ, бұл саланың берер пайдасы мол. Бүгінгі күні біз ұнның экспорты бойынша дүние жүзінде бірінші орында тұрмыз, бидайды экспорттаушылардың ондығына кіреміз. Алайда, ауыл шаруа­шылығы жерлеріміздің көлемін ескеріп, қазіргі заманғы агротехнологияларды, жоғары сұрыпты тұқымдар мен асыл мал тұқымын енгізген жағдайда, өнді­рістің көлемін ұлғайту, мал шаруа­шылығы өнімдерінің, дәнді, майлы дақылдар мен көкөністің өңдеуі мен экспортын едәуір ұлғайту үшін өңір­лердің мүмкіншіліктері зор. Бұл біздің экономикамыздың шикізат ресурстары экспортына тәуелділігі­мізді азайтуға және Австралия, Канада мен Жаңа Зеландия сияқты азық-түліктің әлемдік ірі экспорттаушылары қатарына кіруге мүмкіндік береді. Тұтастай алғанда, өңірлік саясат саласында алға қойған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу арқылы өңірлер экономикасының даму қарқынын едәуір өсіруге, барлық қолда бар резервтерді жұмылдыруға, өндірісті жаңартуға және әртараптандыруға, экономиканың шикі­зат­тық бағытын азайтуға, мемлекеттік әлеуметтік қызметтердің жоғары сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға жағдайлар жасалады. Бұл міндеттердің оңтайлы шешімін қамтамасыз ету үшін Мемлекет бас­шы­сының тапсырмасы бойынша барлық деңгейдегі басшылардың жауапкершілігін күшейту және жұмыстарының нәти­желілігін арттыру жолында орталық және жергілікті атқарушы органдар қызметін бақылау мен бағалаудың жаңа тетіктері енгізілуде. Серікжан ҚАНАЕВ, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің меңгерушісі.