29 Қараша, 2011

Медициналық «Жедел жәрдем» әрқашан тегін

368 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен Үкіметтің кезекті селекторлық отырысы болып өтті. Онда тұрғындарды 2020 жылға дейінгі жұмыспен қамту бағдар­лама­сының орындалу барысы, еліміздегі жедел медициналық жәр­дем саласының жағдайы, жер ресурстарын пайдалану, жанар-жағар май материалдарымен қамтамасыз ету және басқа күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланды. Күн тәртібіндегі 2020 жылға дейінгі жұмыспен қамту бағдарла­ма­сының орындалу барысы туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбді­қа­лы­қова баяндама жасады. 2020 жылға дейінгі жұмыспен қамту бағдарламасының 2011 жылғы қанатқақты бастамасының жүзеге асырыла бастағанына 4 айдың өр­мегі ауды, деді баяндамашы өз сө­зін­де. Жергілікті атқарушы орган­дар­дың бе­рген дерегі бойынша, үстіміздегі жылдың 21 қарашасына дейін бағдарламаға қатысу үшін жұмыспен қамту орталықтарына 78 мың адам өтініш берген. Осы өтініштерді қарау барысында 51,6 мың адам бағдарламаға қатысушы­лардың құрамына кіргізілген. Оның ішінде 50,8 мың адаммен әлеуметтік келісім-шарттар жасал­ған. Әлеуметтік келісім-шартқа қол қойғандардың 58 пайыздан астамы 29 жасқа дейінгі жастар болып табылады. Өтініш берушілердің арасынан бүгінгі күнге дейін 5 мың адам тұрақты жұмысқа орналас­тырыл­ды. Өңірлер бойынша Шығыс Қа­зақстан, Оңтүстік Қазақстан, Аты­рау және Павлодар облыстарында әлеуметтік келісім-шарттарға қол қойғандар саны басым болды. Бағ­дарламаның бірінші бағыты бой­ын­ша 66,5 мың адам мамандық игеру оқуларына қамтылды. Бұл жоспардың 90,9 пайызы. Оның ішінде 43,9 мың адам кәсіби білім беру саласымен, 19,1 мың адам қайтадан дайындықтан өтуге, 3,5 мың адам кәсіби біліктілігін жетілдіру бағдарламаларымен қамтыл­ды. Тұрғындардың кәсіби даяр­лы­ғын жетілдіруге еліміз бойынша 430 техникалық және кәсіби білім беру орталықтары жұмылды­рыл­ды. Жалпы алғанда, бағдар­ла­ма­ның бірінші бағыты бойынша мәселе біршама оңтайлы басталды. Алайда, кейбір өңірлерде бағдарла­ма шеңберіндегі тұрғындардың кәсіби біліктілігін жетілдіру және қайта даярлау мақсатында әлі де жетілдіре түсетін тұстар баршы­лық. Бағдарлама шеңберінде еліміз бойынша 3 мың кәсіпорын мен ұй­ымдарда ашылған әлеуметтік жұ­мыс орындарына 14 мың адам орналас­тырылды. Әлеуметтік жұ­мыс ор­ын­дарының орташа жал­а­қысы 45,5 мың теңгеден айналып отыр. Бағ­дар­ламаның басты мақ­са­ты оған қатысушыларды тұрақты жұмыс орнымен қамту болып та­былады. Бүгінгі күнге дейін қайта кәсіби даярлықтан өткен 6 мың адамның 4,5 мыңы жұмысқа орна­ластырылды. Бағдарламаның екінші бағыты бойынша тұрғындардың кәсіпкер­лік­пен айналысуына жан-жақты көмек көрсету мәселелері қарасты­рыл­ған. Бағдарлама шеңберінде 21 қарашаға дейін еліміз бойынша 2,5 мың адам кәсіпкерліктің алғашқы қыр-сырымен таныстырылып, ар­найы даярлықтан өткізілді. Міне, нақ осы адамдар шағын несие алу­шылардың негізін құрайды. Рес­пуб­ликалық бюджеттен өңірлерге шағын несие беруге бөлінген қар­жы толық аударылды. 21 қарашаға дейінгі мәлімет бойынша азамат­тарға шағын несие беру шарасы Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қара­ған­ды, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында алғаш қолға алынған. Бұл өңірлерде бү­гінгі күнге дейін бағдарламаға қатысушы 422 адам шағын несие алып үлгерген. Үшінші бағыт бойынша, өңір­лер­дің тұрғындарын топтық жұмыс орындарымен қамтуға басымдық беру қарастырылған. Осы мақсат­пен республикамыздың 10 облы­сын­да 865 жеке меншік тұрғын үй (1116 пәтер) және 64 көп қабатты тұр­ғын үй (2266 пәтер) салу көз­дел­інген. Осы мақсат үшін респуб­ли­калық бюджеттен 11 миллиард теңге қаржы бөлінсе, бүгінгі күнге дейін оның 3,7 миллиард теңгесі игерілді. 666 жеке меншік тұрғын үй және 64 көп қабатты тұрғын үйлердің құрылысы басталды. Қо­рыта айтқанда, 2020 жылға дейінгі жұмыспен қамту бағдарламасының қанатқақты бастамасы барлық өңірлерде жалғасын табуда. Селекторлық отырыс бары­сын­да Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Еңбек және тұрғындарды әлеу­мет­тік қорғау министрлігіне және бар­лық облыстардың әкімдеріне тұр­ғын­дарды жұмыспен қамту мәсе­ле­сіне барынша қатты көңіл аударуды тапсырды. «Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында және «Нұр Отан» партиясының ХIV съезінде елімізде тұрғындарды жұмыспен қамтуға ең маңызды мәселе ретінде басымдық берді. Сондықтан мен барлық өңірлердің әкімдерін бұл мәселеге бірінші кезекте мән берулерін тапсырамын. Оның үстіне 2012 жылға қалыптасқан жағдай бойынша әлемнің көптеген мемлекеттерінде тұрғындарды жұмыспен қамту шарасы басты назарға алы­нып отырғандығын көріп отырмыз. Біз 2011 жылы дер кезінде («2020 жылға дейінгі жұмыспен қамту бағдарламасын» 2011 жылы қанат­қақ­ты режімде) бастап кеттік. Осы қанатқақты мәселе барысында біз Бағдарламаның әлсіз және басым тұстарын нақты айқындап, оны іс жүзіне асыруға аса зор  жауапкершілікпен келуіміз керек», деді Премьер-Министр Кәрім Мәсімов. Еліміздегі жедел медициналық жәрдем көрсету саласының қазіргі жағдайы туралы Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова баяндама жасады. Баяндамашының айтуы бойынша, үстіміздегі жыл­дың он айының қорытындысы бой­ынша жедел медициналық жәрдем шақыру оқиғаларының 9,7 пайызы бойынша көмек кешігіп жеткен. Әсіресе, Атырау, Қызылорда, Шы­ғыс Қазақстан, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан және Ақтөбе облысында мұндай оқиғалар көп орын алған. Бұл өңірлерде жедел жәрдем ша­қы­руларының кешігіп келуі рес­публикалық орташа көрсеткіштен жоғары болып отыр. Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, жедел-жәрдем көмегі­нің кешігуіне тосқауыл қою үшін «жедел жәрдем» орталықтарының тиімді орындарға қоныс тебуі бо­лып табылады. Сонымен бірге, «жедел жәрдем» көлігінің кідіріссіз қоз­ғалысын қамтамасыз ету де бұл мәселеде маңызды рөл ойнайды. Бұл саладағы тағы бір басты проблема «жедел жәрдем» көлік­тері­нің ескіруі болып отыр. Респуб­ли­камыз бойынша жедел жәрдем ав­токөлігімен қамтамасыз ету көлемі 92,6 пайызды құрайды. Оның ішінде «жедел жәрдем» көліктерінің 46 пайызы ескірген. «Мәселен, Сол­түс­тік Қазақстан облысында сани­тар­лық автокөлікпен қамтамасыз ету көлемі 100 пайызды құраса, бұл көліктердің 76,6 пайызы әбден ескірген. Ал Шығыс Қазақстан об­лысында қамтамасыз етілу  көлемі 90 пайыз болса, бұл көліктердің 80 пайызының тозығы жеткен», деді Салидат Қайырбекова. Министрдің айтуынша, бірың­ғай автоматтандырылған диспетчерлік қызметтің және жедел жәр­дем көліктерінің спутниктік, соны­мен бірге радиолық байланыс түр­ле­рімен қамтамасыз етілмеуі де «жедел жәрдем» көліктерінің тиімді пайдалануына кері әсерін тигізіп отыр. Осы орайда Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Денсаулық сақтау министрінен соңғы кезде қоғамда белең алып бара жатқан «жедел жәр­дем қызметінің» ақылы бола­тын­дығы туралы дақпырт сөзге нақ­ты жауап беруін сұрады. Министр «Саламатты Қазақстан» бағ­дар­ламасы шеңберінде қосымша ақы алу мәселелері қарастырылып отырғандығын, бірақ бұл мәсе­ле­нің жедел жәрдем көрсету қыз­ме­тіне ешқандай қатысы жоқ екендігін айтты. «Ендеше, әртүрлі пікір­лердің болмауы үшін мәселенің басын ашып алайық. Тұрғындар үшін жедел жәрдем көмегі әрқа­шан тегін болады», деп мәселені анық та нақты тұжырымдады Премьер-Министр. Сонымен бірге, еліміздегі «жедел жәрдем» көлік­терінің басым бөлігінің ескіруіне байланысты Үкімет басшысы тиісті органдарға нақты тапсырма беріп, бұл мәселені жан-жақты зерттеп, қажет болса елімізде «жедел жәрдем» көліктерін құрастыру мә­селесін қолға алуды тапсырды. Елімізде жер ресурстарын пайдалану және тұрғындарға жер телімдерін беру мәселесі туралы Жер ресурстарын басқару агенттігі төр­ағасының міндетін атқарушы Каналбек Райымбеков хабарлама жа­са­ды. Премьер-Министр «Doing Bu­siness» рейтингі бойынша, Қа­зақ­стан «құрылыс салуға рұқсат беру мәселесі бойынша» ең соңғы орынды иеленгендігін атап көрсете келіп, Жер ресурстарын басқару агент­тігіне нақты тапсырмалар бер­ді. «Мен сіздің агенттікке және бұл мәселемен шұғылданатындар­дың барлығына: құрылыс салуға, оның ішінде бірінші кезекте жеке меншік тұрғын үй құрылысын са­лу­ға рұқсат беретін құжаттарды мей­лінше жеңілдетуді және бұл мә­селе бойынша әлемдегі ең үздік тә­жірибені басшылыққа алуды бұрын да тапсырған едім, бүгін тағы да осы мәселе бойынша нақты шара­лар­ды іс жүзіне асыруды тапсыра­мын», деп атап көрсетті Кәрім Мә­сімов. Осыған байланысты Үкімет басшысы жеке меншік тұрғын үй құрылысын дамыту үшін қажетті инфрақұрылымды салуға мемлекетте қаржы, ал адамдардың жеке мен­шік тұрғын үй құрылысын са­луға ынталары бар екендігін атап көрсете келіп, «бұл мәселені сөз­бұй­далыққа сала беруді доғарайық. Келесі жылдың бірінші тоқса­нынд­а нақ осы тақырып бойынша Үкіметтің арнаулы отырысын өт­кізейік», деп қорытындылады өз сөзін Үкімет басшысы. Ел нарығында қазіргі қалып­та­сып отырған жанар-жағар маймен қамтамасыз ету мәселесі туралы Мұ­най және газ министрі Сауат Мың­баев хабарлама жасап, биылғы жылы Ресейден жанар-жағар­ май­дың 7 миллион тонна лимиті бөлін­гендігін атап көрсете келіп, ішкі рынокқа қажетті жанар-жағар май­дың басқа көлемі өзіміздің резервтеріміз бойынша шешілетіндігін айт­ты. Министрдің айтуы бойын­ша, желтоқсан айында елімізді жа­нар-жағармай материалдарымен қам­тамасыз етуде ешбір мәселе туындамайды. Бірақ, келесі жылы Ресей тарапынан бөлінетін 7 миллион тонна лимиттің орнына 6 мил­лион тонна ғана жанар-жағар ­май алынады. Қалған сұранысты өз есемізден толтыратын боламыз. Қысқы отын үшін пайдаланатын мазут бойынша ешқандай проблема туындауға тиісті емес. Алдағы қысқы жылу маусымына қажетті 390 мың тонна мазут белгіленген кестеге сәйкес бөлінуде. Осы ретте Үкімет басшысы Мұ­най және газ министріне 2012 жылы ішкі рынокты жанар-жағар­май материалдарымен қамтамасыз етудің жоспарын қатты қадаға­лау­ды тапсырды. «Сіз жанар-жағар ­майдың көлемі бойынша және оның бағасы бойынша ешқандай проблема туындамайтынына кепілдік беруіңіз керек», деді Үкімет бас­шысы Мұнай және газ министріне. Егер қажет болса, жел­тоқ­сан айында бұл мәселе бойынша Үкіметтің арнайы отырысын өткізу мәселесі де қарастырылды. «Сіз бұл мәселе бойынша қандай шешім қабылдау керектігі жөнінде өз ұсынысыңызды айтыңыз. 2012 жылы біз Ресей Федерациясынан келетін жанар-жағар май көлемі бой­ынша оның бағасы және жыл­дың әрбір айына бөліп пайдалану тәртібі бойынша барлық облыс әкімдерімен келісе отырып, нақты шешім қабылдайық, оны бекітуге мен дайын», деді Үкімет басшысы. Сол сияқты Премьер-Министр осы мәселе бойынша тиісті министр­лікке және өңірлердің басшы­ла­ры­на нақты тапсырмалар жүктеді. Селекторлық мәжілісте Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Кө­лік және коммуникация, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрліктеріне және тиісті өңір­лердің әкімдеріне «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің бой­ында әлеуметтік инфрақұрылымды қалыптастыру, оған жергілікті тұр­ғындарды кеңінен қамту жөніндегі кешенді шараларды шешуді тап­сыр­ды. Осы халықаралық көлік дәлізінің ұзына бойына қызмет көрсету мақсатында шағын және орта бизнес субъектілерін кеңінен қамтуды жүктеді. «Мен Көлік және коммуникация, Еңбек және халық­ты әлеуметтік қорғау министрліктеріне, осы шараға қатысты өңір­лердің әкімдеріне халықаралық көлік дәлізі бойында жаңа жұмыс орындарын ашатын, шағын және орта бизнес субъектілерін дамы­татын инфрақұрылым жүйесін қа­лыптастыруды тапсырамын», деді Кәрім Мәсімов. Осы ретте Үкімет басшысы бұл мәселеге негізінен жергілікті тұрғындарды кеңінен қатыстыруға басымдық беру қажеттігін атап көрсетті. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, Суретті түсірген Шүкір ШАХАЙ.