30 Қараша, 2011

Белесті жылдың берекесі

393 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
«Балапанды күзде сана». Бұл тәмсіл тек балапанға ғана қатысты болмаса керек. Жаз бойы белі бүгіліп жерден несібесін терген барлық шаруаға қатысы бар. Көктемде басталатын жұмыс жазда қызып, күз келгенде тіпті үдеп кетеді. Өйткені Құдай берген береке далада ысырап болып қалмауы қажет. Бәрін қамбаға жинап, халықтың ризығына ай­налдыру парыз. Сырдың бойы астығын толығымен жинап болды. Бұл шаруалар үшін үлкен мереке. Соған орай «Алтын дән – 2011» мерекесі ұйымдастырылды. Аталған шараға Ұзақбай Қараманов, Кеңес Аухадиев, Камал Ормантаев секілді мемлекет және қоғам қайраткер­лері арнайы келіп қатысты. «Алтын күз» мерекесі облыстағы күріш шаруашылығын дамытудың жай-күйін талқылаған семинар-кеңеспен бас­­талды. Онан соң Тұңғыш Президент ат­ындағы саябақ жанындағы қалалық ипподромда ұлттық спорт түрлерінен жа­рыс өтті. Жыл сайын молшылық мерекесі тұсында ұйымдастырылатын ат жа­рысы, қазақ күресі, қол күресі мен гір тасын көтеру секілді жарыстар жұрт­шы­лықтың көңіл бір серпілтіп тастады. Осы күні аймақ диқандары мен ауыл шаруашылығы еңбеккерлері А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет ор­та­лығында жиналды. Оған облыс әкімі Болатбек Қуандықов қатысып, баяндама жасады. – Ел қамбасын алтын дәнмен тол­ты­рып отырған Сыр диқандары Тәуел­сіз­діктің торқалы тойын толағай табыс­п­ен қарсы алып отыр. Елбасымыз агро­өнеркәсіптік кешеннің дамуына ерекше мән беріп келеді. Отандық өнімнің негізгі көзі – ауыл шаруашылығы екені белгілі. Бүгінде ауыл шаруашылығы өнімдері тиімді бизнеске айналды. Ел­ба­сының кезекті Жолдауында агро­өнер­кәсіптік кешенді дамытуда елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, еңбек өнімділігін арттыруға, аграрлық саланы әртараптандыруға, ауыл шаруа­шы­лығы шикізатын қайта өңдеу қар­қы­нын үдетуге аса мән берілген. Елбасы Н.Ә.Назарбаев аймағымызға арнайы жұмыс сапарымен келген сәтінде екі ауылда болып, күріш орағы науқа­ны­ның басталуына куә болды. Диқан қа­уымының егіннен мол өнім алатынына сенім білдірді. Сол сенім үдесінен шыға білдік. Егіннің әр гектарынан 47,8 центнер өнім жиналып, ел егемендігінің жи­ырмасыншы жылында облыс диқан­да­ры Отан қамбасына барлығы 350 мың тонна астық құйды. Осылайша, ел Тәу­елсіздігінің мерейлі мерекесіне табыс­пен жеттік, – деді ол. Жиын барысында ауыл шаруа­шы­лы­ғы саласының озаттары мен облыс­тың үздік шаруашылықтарының бас­шы­лары және үздік деп танылған аудан әкімдері марапатталды. Жыл қорытын­ды­сы бойынша Шиелі «ең үздік аудан» болып танылды. Марапатты аудан әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қабылдап алды. Аудан еңбеккерлері агроөнеркәсіп кешенін дамытуда ілгері көрсеткіштерге қол жеткізді. Өткен жылмен салыстырғанда әр гектар күріштен 2,5, көкөністен 27,2, картоптан 75,7 және бақшадан 52,1 центнер өнімді артық жинаған. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақ­сатында ауданда көкөніс, бақша, картоп дақылдары өткен жылдармен салыс­тыр­ғанда 300 гектарға артық егіліп, аудан көлемінен тыс жерлерге 16 мың тонна картоп, 9,3 мың тонна көкөніс және 21,8 мың тонна бақша өнімдері сатылған. Егін шаруашылығында үздік табысқа қол жеткізген аймақ ретінде Сырдария ауданы танылды. Ал мал шаруашылығын дамытуда Жаңақорған ауданы алдына жан салған жоқ. «Алтын дән – 2011» салтанатты ша­ралары аясында облыста күріш шаруа­шы­лығын дамыту мәселелері туралы се­минар болып өтті. Семинар-кеңес жұ­мысына еліміздің күріш саласын ғы­лыми негіздеумен айналысатын белгілі ғалымдар, аудан әкімінің орынбасар­ла­ры, ауыл шаруашылығы құрылымда­ры­ның жетекшілері қатысты. Семинарда күріш шаруашылықтарының өнімдері мен өндіріске қажетті тауарларды, ма­териалдық құндылықтарды жеткізуші компаниялардың көрмесі ұйымдас­ты­рыл­ды. Көрмеге «Абзал және К», «РЗА», «Алуан Ас», «Сыр маржаны» серіктестіктерінің жаңашыл сорттары мен комбайн, жатка және тыңайт­қыш­тар жеткізуші компаниялар мен агро­фирмалардың үлгілері қойылды. Келелі кеңесті облыс әкімінің орынбасары Ба­қыт Жаханов жүргізді. Облыстың ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Талғат Дүйсебаев биыл салаға мемлекеттік қолдау 3,3 млрд. теңгенің көле­мін құрағанын атап, қазіргі таңда об­лыста 7 тұқым шаруашылығы жұмыс істейтінін жеткізді. Сонымен бірге диқандар жеті түрлі күріш сорттарын өсіріп жатқанын жеткізді. Дегенмен, дақылды дамыту мен оның сапасын кө­теруде алда үлкен міндеттер тұрғанын да қоса айтты. Ал «Абзал және К» ЖШС-нің директоры Абзал Ералиев тауар өндірушілер алдында тұрған келелі мәселелерді қозғады. Бүгінгі таңда дү­ние жүзінде 3,5 млрд.-тан астам халық күріш тұтынады екен. Бағалы өнімге сұраныс жылма-жыл артып келеді. Об­лыс диқандары елімізде дақылдың 85 пайызын қамтамасыз етеді. Сыр мар­жа­ны шетелдің 10 мемлекетіне экспортқа шығарылады. Олардың қатарында Ресей, Украина, Белоруссия, Өзбекстан, Қырғызстан сынды елдер бар. Бірақ өнімнің сапасы жөнінде бірінші кезекте айтуға тура келеді. Өндірушілер қара күрішті өңдеуге өткізеді де әрі қарай жұмысы болмайды. Ал Сыр салысының сапасы екі жақ бірлесіп қимылдағанда ғана жақсара түспек. Сондықтан Қазақ­стан күрішін сыртқа шығару үшін осы мәселеге айрықша көңіл бөлуіміз қажет. Сондай-ақ ол егінді жинап алу мерзіміне байланысты озық технологияларды алға тартты. Ресейде 5 мың гектар кү­рішті 25 күнде жинаса, бізде оны 45 күн­де орып алады. Содан дақылдың өн­імділігі төмендеп, сапасы кетіп, ысы­рап­қа ұшырайды. Алдымен сапалы эли­та тұқымдарын егуді үйренуіміз керек. Диқандарға қолдау көрсетуде субсидия көлемін 30 мың теңгеге жеткізуді ой­лас­тырған ләзім. Еуропа мен Азияда бұл көрсеткіш дақылдың өзіндік құны­ның 30 пайызын құрайды. Тыңайт­қыш­тар мен гербицид бағаларында да ойла­сатын жайлар жеткілікті. Кеңесте «Қазақ күріш шаруашы­лы­ғы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-нің бөлім бастығы Александр Подольских күріш жармасының сапасын жақ­сарту жолдарын әңгімелесе, Микробиология және вирусология ҒЗИ-дің бөлім бастығы Ғани Таубекова егістікте топы­рақтың құнарлылығын арттыруда мик­ро­организмдердің рөлі зор екенін тара­тып баяндап берді. Облыста бірлескен жұ­мыстар жүргізіп жатқан институт келер жылы филиал ашуды жобалап отыр екен. Соңғы уақытта сапалы «Маржан» сор­­тының өзі ауруға ұшырап жүр. Да­қыл­дың арам шөптері мен зиянкестеріне қар­сы химиялық дәрі-дәрмектер жай­лы «Сингента Қазақстан» компани­я­сы­ның өкілі Абылайхан Елубаев тоқ­тал­ды. Ал күріш ауруына қарсы кешенді күрес жол­дары тұрғысында «Август Қазақ­стан» ЖШС-нің өнімдерімен ат­қа­рушы директор Жанна Нұрова таныстырды. Сенбі күні қалалық ипподромда ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мен «Ал­тын дән – 2011» мерекесіне орай ұлт­тық спорт түрлерінен жарыс өткізілді. Оған облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жаханов қатысты. Қос мерекеге орай өткізілген бұл шара қазақша күрес, гір тасын көтеру мен қол күресі секілді сайыстармен басталды. Бұған дейінгі бәсекелерден оқ бойы озып шыққан сегіз палуан қазақ­ша күрестен жеңімпазды анықтау үшін көпшілік алдына шықты. Тартысты өт­кен бұл жарыста қызылордалық Ерболат Юсупов бірінші орынды иемденсе, қармақшылық Жасұлан Досымов пен Талғат Тойбазаров тиісінше екінші ж­ә­не үшінші орындарға көтерілді. Осы жарыспен қатар өткізілген гір тасын көтеру мен қол күресіне қатысушылар да көп болды. Мұнда да қара күш пен ептілік көрсете білгендер жеңіске жетті. Оларға ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Онан кейін жанкүйерлер ат бәйгесін тамашалады. Алдымен тай жарысы өт­ті. Бұл жарыста бірінші орынды қы­зыл­ордалық Даниял Жарылқасыновтың «Құ­лагері» иеленді. Ал екінші орын Шиелі ауданы Досбол би ауылының тұрғыны Шаймерден Махантаевтың «Сү­лікқара» тайы иемденсе, үшінші ор­ынды жалағаштық Асылбек Мейірма­нов­тың «Қарлығаш» атты тайы жеңіп алды. Мұнан кейін тоғыз шақырымға созылған құнан бәйгесі жарыстың көр­кін қыздыра түсті. Бұл бәйгеге 18 сәй­гүлік қатысты. Соның ішінде көршілес облыстардан келгендер де болды. Жа­рыстың алғашқы айналымдары негізгі бәсеке кімдердің арасында өтетінін анық аңғартқандай еді. Өйткені Жам­был облысының Қордай ауданынан келген «Еразика» мен жалағаштық «Тайфун» және қызылордалық «Болт» құ­нан­дары иін тіресе қатарласа шапты. Дегенмен, өзгеден шабысы бөлек «Еразика» басқаларлардан оқ бойы озып, мә­реге бірінші келді. Сөйтіп, құнан жа­рысында жеңімпазға тігілген шетелдік «Нексия» автокөлігі қордайлық ат иесі Жанырхан Шынтасовтың қанжыға­сын­да кетті. Ал екінші орынды иеленген жа­лағаштық Оразбек Ахметов 250 мың теңге ақшалай сыйлықты иемденсе, үш­ін­ші орынға тігілген 100 мың теңгені қы­зылордалық Сәдір Саламат қанағат тұтты. 15 шақырымнан тұратын тоқ бәй­геге 10 шабандоз қатысты. Бұл бәйгенің де тартысты болғаны соншалық, соңғы айналымға дейін жанкүйерлер жеңім­паз­дың кім боларын дөп басып болжай алмады. Дегенмен, жүзден жүйрік шық­қан жалағаштық Оразбек Ахметовтің «Белла» атты аты мәре сызығын бірінші болып қиып өтті. Сөйтіп ол «Лада» автокөлігін жеңіп алды. Ал екінші және үшінші орындарды тиісінше қызыл­ор­да­лық Базархан Медетхан мен Жаңа­қор­ған ауданы Төменарық ауылының ат­сейісі Ғазиз Қожаметов иемденді. Олар­ға ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Ора­йы келгенде айта кету керек, бұл тоқ бәйгесіне тігілген барлық жүлдені об­лыстың ауыл шаруашылығына ерекше еңбегі сіңген Ұзақ Оралбайдың ағай­ындары мен жора-жолдастары қойыпты. Бап пен бақтың, жампоздық пен жүй­ріктіктің нағыз жалауын желбіреткен жарыс аламан бәйгесі болды. 25 шақырымға созылған бәйгеге 14 шабандоз қатысты. Бұл бәйгеде де соңғы айналымға дейін кімнің жеке-дара келетінін айту мүмкін болмады. Десе де, негізгі бәсеке қызылордалық «Шабат» жә­н­е қазалылық «Эльмира» атты аттардың арасында болатыны байқалды. Солай болды да. Аламан бәйгесінің қорытын­ды­сы бойынша қызылордалық Ибрагим Дәулетбаевтың сәйгүлігі бірінші келіп, шетелдік «Нексия» автокөлігін иеленді. Ал қазалылық Ырзаш Шахмұрат жүл­де­лі екінші орынға көтеріліп, 500 мың теңгені жеңіп алды. Айта кеткен дұрыс, бәйге көркін қыздыратын бұл жарысқа төрт жүлде тігілген болатын. Соның үшінші орын үшін тігілген 250 мың теңге ақшалай сыйлығын жалағаштық Оразбек Ахметов иеленсе, төртінші орынға берілетін 100 мың теңгені шиелілік Байділдә Оразалы жеңіп алды. Сыр диқандары мен ауыл шаруа­шы­лығы еңбеккерлерінің «Алтын дән – 2011» салтанатты мерекесі аясындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәр­мең­кесі облыс орталығында жексенбі күні болып өтті. Қала тұрғындарының көңілін тоғайтып, қыстық азық-түлік қорын сайлап алған молшылық мау­сы­мын­дағы жәрмеңкеге облыстағы бар­лық аудандар мен Қызылорда қала­сы­ның ауыл шаруашылығы өнімдерін өн­діруші шаруашылықтары, қаламыздағы сауда орталықтары да атсалысты. Жәр­меңкені облыс әкімі Болатбек Қуанды­қов аралап шықты. Қалың жұрт, әсіресе қала тұрғын­да­ры алтын күзді асыға күтеді. Өйткені, осы мезгілде диқандарымыз ел қырма­нын күміс дәнге толтырып, «Алтын дән» салтанатты мерекесі аясында об­лыс орталығында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін дәстүрлі түрде өткізіп тұрады. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясында өткізіліп отырған биылғы жәрмеңкеге ауыл шаруашы­лы­ғы өнімдері барлығы 425 автокөлікпен әкелінді. Облыстық ауыл шаруашылы­ғы басқармасының бастығы Талғат Дүй­себаевтың айтуынша, үстіміздегі ж­ы­лы облыстың ауыл шаруашылығы еңбеккерлері барлығы 160,7 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы өнімдерін орналастырған. Оның ішінде дәнді да­қылдар 86,8 мың, мал азығындық да­қылдар 47,7 мың, картоп, көкөніс, бақ­ша дақылдары 23,9 мың, майлы дақыл­дар 2,2 мың гектарға егілді. Жәрмеңке – жұмыла жұмыс жасаған ауыл еңбек­кер­лерінің ала жаздайғы еңбегінің жемісі. Ақ күріштен соңғы 20 жылда қол жетпеген жетістікке жеткен диқандар қа­уы­мы жәрмеңкеге 175 тонна Сыр мар­жа­нын, 535 тонна картоп, көкөніс-бақша да­қылдарын, 5 тоннадай жеміс-жидектер, 190 тоннадан астам ет және ет өнім­дері мен 37 тонна сүт өнімдерін, сонымен бірге 450 бас уақ мал әкеліп сатуға шығарылды. Мәселен, осы күні ет және балық күнделікті бағасынан 200-300 теңгеге арзан болды. Жәрмең­кеде сиыр еті 950, жылқы еті 1 100 теңгеден, ал қазы 1600-1700 теңгеден сатылса, көк­өніс-бақша дақылдары нарықтағы ба­ға­сынан едәуір төмен бағамен босатылды. Қала тұрғындарына жуа, қырыққабат және сәбіз – 45, картоп – 50, күріштің килосы 80 теңгеден ұсынылды. Ал қа­ламыздағы «Арзан балық» дүкені жәр­меңкеге 3,5 тонна су маржанын әкеліп, балықты түріне қарай килосын 100-300 теңге аралығында сатып жатты. «Жан» шаруа қожалығы 1 тоннаға жуық араның балын әкелген. Аймақ басшысы ат басын алдымен Қызылорда қаласы ұйымдастырған жәр­меңкеге бұрды. Қалаға қарасты кент және ауылдық округтері мен кәсіп­кер­лер­дің ұйымдастыруымен өткен жәр­мең­кеге барлығы 19 млн. теңгенің өнім­дері шығарылды. Қала іргесіндегі 9 ауылдық округ пен кентке қарасты 25 шаруашылық пен сауда орталық­тары­ның кәсіпкерлері ауыл шаруашылығы өнімдерін 75 автокөлікпен алып шы­ғып­ты. Қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Қуаныш Ахметовтің айтуынша, 8 қазан күні басталған жәр­меңке қарашаның 10-ына дейін жалға­сатын болады. Қармақшы, Жалағаш, Сыр­дария, Арал, Қазалы және Шиелі аудандарының шаруа қожалықтары ауыл шаруашылығы өнімдерін облыс тұрғындарына базар бағасынан 20-30 пайыз төмен бағамен сатты. Барлық аудандар ұйымдастырған жәрмеңкемен танысып шыққан аймақ басшысы Жаңақорған ауданындағы Жайылмада 1 мың гектар жерге қарбыз егілетіні, сондай-ақ Шиелі және Жаңақорған ау­дандарына алдағы жылдан бастап суды аз қажет ететін дақылдар егілетінін атап өтті. Қазалы ауданы ұйымдастырған жәр­меңкеде осы ауданның Қызылқұм ауылдық округінің әкімі Бөрібай Ізім­құл аймақ басшысына алғысын жеткізді. Облыс басшысының бастамасымен 2008 жылы облыс бюджетінен қаражат бөлініп, осындағы Ердес бөгеті қайта жаңғыртылыпты. Осының нәтижесінде 10 гектар аумаққа орналасқан көлдер жүйе­сі тұрақты түрде сумен қамта­масыз етіліп, Қызылқұм және Тасарық ауылдық округінің тұрғындары балық шаруашы­лы­ғымен айналысуға қол жеткізіп отыр. Тасбөгет кентінде жәрмеңкенің кө­рі­гін қыздырған шиелілік шаруашы­лық­тар қала тұрғындарына 30 млн. теңгенің өнімін әкелді. – Биыл Сыр бойы халқы үшін өзге­рістерге толы жыл болды. Күзгі егін жинау науқанының қорытындысы бой­ын­ша ауданымыздың жеңімпаз атануы біз үшін үлкен абырой. Мұндай биік белестен көрінуіміз аудан халқының, со­ның ішінде ауылдағы еңбеккерлердің ерен еңбегінің арқасы деп білемін. Би­ыл дала академигі атанған Ыбырай Жа­қаевтың туғанына 120 жыл толғалы отыр. Шиелі ауданы диқандарының же­ңісі осы атаулы датаға және ел Тәуел­сіз­дігінің 20 жылдығы мерекесіне жасал­ған тарту деп білемін. Өндірісі мен ау­ыл шаруашылығы қатар дамыған аудан­ның алдына қойып отырған міндеттері де жоғары, – дейді Шиелі ауданының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев. Сонымен Қызылордада «Алтын күз – 2011» мерекесі салтанатты жағдайда өтті. Белесті жылға Сыр халқы берекемен келгенін көз көрді. Бастысы, Жер-Ана бала­сына иіп тұр. Соның арқасында тоқшы­лық заманда өмір сүріп жатыр. Тағ­ды­рын жермен тікелей байланыс­тыр­ған ша­руа үшін бұдан артық бақыт жоқ. Ержан БАЙТІЛЕС, Қызылорда облысы.