30 Қараша, 2011

«Жас тұлпардың» Ақмоладағы жаңғырығы

652 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін
Тәуелсіз­дігіміз төбеден салбырап түсе қалды ма!? Жоқ! Бұл Тәуелсіздік еркіндігін өздігінен өзгенің қолына ұстата салмайтын ұлан дала ұл­да­рының ұлы шайқастарында шыңдалған. Бұл Тәу­елсіздік бодандық бұғауынан бұлқынған қай­сар қазақ қанымен суарылған. Бұл Тәуелсіздік халық шежіресінде көмескіленбеген ірілі-ұсақты ұлт-азаттық көтерілістермен шыңдалған. Ақи­қа­тын­да, қазақ халқының азаттық жолындағы күресі 1991 жылға дейін ешқашан үзіліс тауып көрген емес. Сондықтан белгілі жәйттерді білтелей бермей бірден таңдаған тақырыбымызға тамыр тартайық. Өткен ғасырдың 60-шы жылдарында қызыл империяның Қазақстанда жүргізіп жатқан қыңыр саясатына қарсы оқыған қазақ жастарының ара­сында ашық қарсылық толқыны бой алды. Қазақ­стандағы жоғары оқу орындарының студент-жас­тары арасында ұлттық сананы ояту, аяққа ба­сылған ұлттық мүддені қорғау, құрып бара жат­қан қазақ тілінің қасіретін ашық көтеру мақ­са­тындағы талпыныстарға Мәскеудегі қазақ сту­дент­терінің «Жас тұлпар» атты ұлттық-шы­ғар­ма­шылық бірлестігінің ықпалы ерекше зор болды. Сол кезеңдегі қазақ студент-жастары арасындағы ахуалды айғақтайтын КСРО мемлекеттік қауіп­сіз­дік комитетінің (КГБ) мұрағат құжаттарын зерттеген тарих ғылымдарының докторы Жанна Қы­дыралинаның айтуынша, 1966 жылы 9 ақпанда «Жас тұлпар» ұйымының бірқатар мүшелері Алматыға келіп, ҚазМУ студенттерімен кездесу өткізгенін, сол кездесуге Алматы медициналық институтының 10 студенті қатысқанын, кездесуде Алматыда және басқа қалаларда «Жас тұл­пар» сияқты шығармашылық бірлестіктер құру туралы сөз бол­ғанын КГБ қызметкерлері жан-жақты зерттеп, зерделеген. Осы жайлар­ды құжаттарға хаттап, «сенімсіздерді» екшеген. Сол құжаттардың бірі 1966 жылғы 5 наурызда Қазақ КСР КГБ-сының КСРО КГБ-сі 2-ші бас басқармасына жолдаған ха­ты­­­­на назар салайық. Онда 11 ақ­пан­да Алматы медициналық инс­ти­ту­тының 1-ші курсында оқи­тын қазақ студенттерінің ашық түрде сабаққа келмегендігі, бір топ сту­денттің ректоратқа, содан кейін Денсаулық сақтау министрлігіне институтта бірқатар пәндер­­дің (тарих, химия, физика пәндерінің) қазақ тілінде жүргізілуін талап еткен ұжымдық талаптарын ашық мәлімдеген. Қылы­шынан қан тамған қызыл империяның қаһарынан жел ығып, Мәскеудің түкірігі жерге түспей тұр­ған кезеңде қазақ жас­та­рының бұл  қадамы нағыз төтенше жағдай еді. КГБ мұрағатындағы осын­дай құжаттарда соны­мен бірге Қарағанды мед­инс­титутының студенті Мұрат Кейкиннің, Горькийдегі су көлігі инженерлері институтының студенті Саят Әбілқа­сы­мов­тың, Мәскеу мұнай инс­титу­ты­ның студенті Кеңес Орынбасаровтың, Целиноград мединститутының студенті Гүлжан Бей­бітованың қазақ студент-жастары арасынан ұлттық ұйымдар құруға ниеттенген әрекеттері жан-жақты тексерілгендері айтылған. Бүгінгі әңгімеміздің басты ар­қауы да 1967 жылы Ақмола (Целиноград) меди­ци­налық институты студент­терінің арасында «Оян, қазақ!» атты ұйым құруға талпынған Гүлжан Ғазизқызы Бейбітова хақында болмақ. Иә, ол бір ұлттық болмысымыздың болашағы бұлыңғырланып, туған тіліміздің тұнығы тұмша­ланып, қолданыс аясы тарылып, халықтық қалып пен ұлттық сананы қара бұлт торлаған кезең еді. Қазақ мектептерін былай қойғанда, іргелі қазақ ауылдарының өзі «болашағы жоқ» атты қара тізімнің қамытын киіп, жаппай жабыла бастаған болатын. Бүкілодақтық тың игеру науқанының эпицентріне айналған Орталық және Солтүстік Қазақстанның халі тіпті мүшкіл күйге түсті. Талай-талай зобалаңдардан қазағы тіптен селдіреп қалған бұл өңірлерге «тың және тыңайған жерлерді игеру» желеуімен Одақтың түкпір-түкпі­рінен адамдарды қойша тоғытып, айналдырған төрт-бес жылдың ішінде Қазақстан «100 ұлттың планетасына» айналды да шықты. Міне, нақ осындай тығырықты шақта жоғары оқу орнының табалдырығын аттаған көзі ашық, көңілі сергек Гүлжанды туған халқының бола­ша­ғы қатты толғандыратын. Қазақ КСР түсті металлургия министрлігіне қарасты кен орындарында ғұмыр бойы партиялық және басшылық қызмет атқарған әкесі Ғазиз Бейбітовтің жұмыс бабына байланысты Бестөбе, Жолымбет, Ақсу сияқты алтын өндірісі кенттеріне қоныс аудара жүріп, ол өз жерінде өздері өгей ұлтқа айналған қазақ халқының қасіретін бала көңіліне түйіп, жас жүрегіне тоқып өсті. Әлі есінде, сонау елуінші жылдардың басын­да Бестөбе кентіндегі балалар бақшасының та­бал­дырығын алғаш аттағалы тұрған Гүлжанға әкесі: «Балам, балалар бақшасының тәрбиеші­ле­рі­нің барлығы басқа ұлт өкілдері. Олар сенің есіміңді өзгертіп, басқаша Галя, Гуля деген сияқты орысша атайтын болса, келісіміңді берме», деген еді. Айтқандай-ақ, ертеңіне балабақша тәрбиешісі Людмила Александровна Шпанберг Гүлжанды оңаша шақырып алып, «Давай мы тебе в садике будем называть Гулей. Гуля очень хорошая имя» демесі бар ма! Нет, мне не надо никакая хорошая имя. Меня зовуть Гулжан», деді қар­шадай қыз тәрбиешіге тура қарап. Тура қарсы­лықтан тосылған тәрбиеші қайта-қайта басын изеп, тұтығып қалды. Бұл бала Гүлжанның «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» болып келген тоталитарлық жүйе­ге жасаған алғашқы қарсылығы еді. Ұзамай ол мектеп табалдырығын аттады. Сыныптағы жал­ғыз ғана қазақ баласы екен. Бірақ Гүлжан жалғыз екенмін деп жасыған жоқ. Қайта іштей жігерленіп, қазақ қызы деген атына кір келтірмей оқуда да, қоғамдық жұмыстарда да өзгелерге үлгі бо­лу­ға тырысты. Шаңырақтың тұңғышы, үйдегі жеті баланың үлкені Гүлжанның бойында ұлтжан­ды­лық болмысты қалыптастыруға Ғазиз отағасы ба­рынша ықпал етті. Нағыз коммунист, лауазымды партия қызметкері Ғазиз Бейбітов партияның ұлт­тық саясатына деген қарсылығын сыртқа ашық шығармаса да, балаларының бойына туған хал­қы­ның дәстүрлеріне деген адалдықты, ұлт­тық сүй­іс­пеншілікті кеңінен дарытуға тырысты. Ұзақ уақыт іссапарларда жүргенде, заман ағы­мымен бі­рыңғай орыс мектептерінде оқитын балала­ры­нан қазақ тілінде хат жазуды талап етті. Оларды қазақтың бай тарихи бастауларынан нәр алуға баулыды. Ақсу орта мектебінің жоғары сыныбында оқып жүрген кезінде тарих пәнінің мұғалімі Коломейец деген емтиханға дайындалып жүрген балаларға: «Қазақ қыздарына жақсы оқудың қа­жеті жоқ. Бәрібір олар мектеп бітіргеннен кейін «қалың малға» беріліп, тұрмыс құрады», деп басқа ұлттың балаларының жақсы оқуына барын­ша жағдай жасауға тырысатын. Соған қарамастан Гүлжан мектепті үздік бітіріп шықты. Көп сыныптастарының жоғары оқу орнына түсуге жағдайы болмай жатқанда, бұл Целиноград ме­дициналық институтына мемлекеттік емтиханды ойдағыдай тапсырып, 1966 жылы бірінші курс студенті атанды. Бұрыннан-ақ бойында ұшқындап жүрген ұлт­тық намысты тұтандырып, тығырыққа тірей тұн­шық­тырылған қазақ тілінің қасіретіне байланыс­ты ашық қарсылық сезімінің белең алған сәті де осы кезеңге тап келді. Институтта бірде-бір пән қазақ тілінде оқытылмайды. Шалғай ауылдар­да­ғы қазақ мектептерін үздік бітірген студенттердің оқу үлгерімі нашарлап кетті. Оларға бірыңғай орысша және латынша өткізілетін институт бағ­дарламасын игеріп әкету үшін ешқандай қ­о­сым­ша көмек шаралары жасалған жоқ. Алғашқы семестрден кейін орыс тілін жетік білмейтін қазақ студенттерін институттан шығару науқаны бас­тал­ды. Олардың талпынысы мен талабына ешкім көңіл де аударған жоқ. Болашағынан үлкен үміт күттірген талай-талай талантты қазақ жастарының орыс тілін білмегендігіне байланысты болашақтарына балта шабылды. Бүгінде Қазақстан медицина саласы­ның білікті ғалымы Жақсылық Сәрсембаев, білімді дәрігері, марқұм Жібек Байтышқанова си­яқ­ты Гүлжанның курстастарының басына да осындай қиындық туды. Бұдан әрі әрекетсіз отыра беру мүмкін емес еді. Гүлжан Целиноград медициналық институтындағы қазақ жастары­ның басын біріктіріп, бір ұйым құруға бекінді. Алғаш рет жатақханадағы бір бөлмеде жата­тын курстасы Сәлима Қасымоваға осы шешімін айтты. Гүлжанның батыл бастамасын Сәлима бірден қолдады. Олар алдымен институт басшы­лығына қазақ мектептерін бітіріп келген студенттер үшін жалпы білім беретін пәндерді қазақ тілінде оқыту жөнінде талап қойған хат жазып, содан кейін қазақ жастары арасында ұлттық құн­ды­лықтарды қорғауға байланысты үндеу тарату ту­ра­лы келісті. Ұлттық рухани құнды­лықтарды қорғау­ға бағытталған «Оян, қазақ!» атты ұйым құруға шақырған үндеудің қазақ және орыс тілдеріндегі мәтінін Гүлжан Бейбітова өз қолымен жазып шықты. Қолмен жазылған сол үндеу мәтінінен қысқаша үзінді келтірейік: «Қазір қазақ халқын толық орыстандыру саясаты жүріп жа­тыр. Қазақ мектептері жаппай жабылуда. Бала­бақ­шаларда бүлдіршіндер таза орыс тілінде тәрбиеленеді. Барлық жерде бірдей қазақ тілінің қолданыс аясын қасақана тарылтып, бірте-бірте ұлттық тілімізді мүлде жойып жіберу науқаны белең алған. Ұлттық дәстүріміз бен мәдениетіміз өгейсіп барады. Ұлт өкілі ретінде партия, совет және комсомол қыз­метінде жүргендер халық мүддесі үшін бір ауыз жылы сөз айта алмайды. Қазақша қойылған есімдерінен бас тартатын балалар көбейді. Бізге ұлт­тық болмысымыздың болашағы үшін, туған тілімізді сақтап қалу үшін күресетін кез келді. Конституциялық құқығы­мызға сәйкес талап етеміз: қазақ тілі мен мәде­ниетіне, ұлттың дәстүрі мен діліне қысым көрсету тоқтатылсын!..» Осындай мағынада жазылған үндеуді Сәлима екеуі қолдан көшіріп, көбейтті. Енді студенттер арасында жақтастар іздеп, бұл үндеуді барынша көптеп тарату мәселесі тұрды. Гүлжан Бейбі­то­ва­ның «Оян, қазақ!» ұйымын құру жөніндегі баста­масы Целиноград медициналық институтының Жақсылық Сәрсембаев, Ақбаян Малдыбаева, Жібек Байтышқанова және басқа студенттерінің ара­сын­да қызу қолдау тапты. Әрине, институттан шы­ғып қалу қаупінен қорқып, ұйым талаптарын іш­­тей жақтаса да мүше болудан бас тартқандар да аз болған жоқ. Оған қимылдағанды қалт жібермей қа­дағалайтын атақты «үш әріптің» де салқыны тиді. Ол бір кезеңде кез келген мекемеде, оқу ор­ын­дарында «үш әріптің» жасырын жансыздары жүретін. Тіпті өзіңмен көп жылдар қызметтес болған тамыр-таныстарыңның да КГБ-ның жа­сы­рын тыңшысы болып шыққан жағдайлары аз бол­майтын. Гүлжан Бейбітованың бастамасы да ос­ын­дай жансыздар назарынан қағыс қалмады. 1968 жылы өзінің соңына тыңшы түскенін Гүл­жан да анық сезіне бастады. Олар ашық әрекетке бармағанымен басқан ізін аңдып, әрбір қимылын жіті бақылады. Институт ректораты мен оқыту­шылары тарапынан да күдік күшейе түсті. Ақыры 1968 жылдың күзінде Гүлжан Бейбі­товаға КГБ-дан «шақырту» келді. Облыстық қауіпсіздік комитетінің басшысы Қабдулхамит Нұрғалиевтің бөлмесінде астанадан арнайы келген бірнеше комитет қызметкері Гүлжаннан жауап алды. Гүлжан Бейбітова КГБ офицерлерінің қойған қитұрқы сұрақтарына үкіметке қарсы ешқандай әрекет жасалмағанын, мемлекеттік сая­сатты мойындайтындарын, тек Қазақ КСР-ның Конституциясына сәйкес қазақтың тілі, дәстүрі мен мәдениетінің құқын қорғау тұрғысында ғана талаптар қоятынын айтып, батыл да нақты жауап берді. Бірнеше сағатқа созылған тергеу Гүлжан Бейбітова үшін «бейбіт» аяқталды. Оған ұйым құруға қатаң тыйым салынатыны туралы ескерту жасап, институтта ұлттық ерекшеліктерге байла­нысты кемсіту кемшіліктерінің алдын алу шара­лары жасалатындығы жөнінде мәлімдеді. Көп ұзамай Целиноград медицина­лық инсти­тутында қалыптасқан жағдай бірқатар өзгеріс­те­р­ге ұшырады. Қазақ мектептерін бітіріп келген жас­тарға қосымша сабақтар өткізіліп, тіл үйрену үшін жағдай жасалынды. Оларды оқу үлгеріміне байланысты институттан шығару фактілері барынша шектелді. Гүлжан Бейбітова кейіннен КГБ кеңсе­сінде болған сол бір күрделі кездесудің қатаң шараға ұласпай бітімгершілікпен аяқталуы сол бір жылдардағы туған халқының ұлттық қасіретін бар бол­мысымен сезінетін ұлтжанды азамат, КГБ генералы Қабдулхамит Нұрға­лиев­тің көмегі екеніне көз жеткізді. 1972 жылы институтты ойдағыдай тәмамда­ған­­нан кейінгі Гүлжан Ғазизқызының барлық са­налы ғұмыры адам денсаулығына араша тұрумен өтіп келеді. Ақ халатты абзал жан санатындағы осы бір қырық жылға созылған еңбек жолының отыз жылдан астам уақытын бүгінгі Астана қаласының медициналық саласын нығайтуға арнап, емханалар жүйесіндегі басшылық қызметте өткізген екен. Осы жылдар ішінде ол Ақмола облысында ұлттық мүдденің, медицина сала­сын­дағы қазақ кадрларының қаншалықты қыспаққа алынғанын өз көзімен көрді. Сонау сексенінші жылдардың соңына дейін Целиноград қаласын­дағы бірде-бір емханада қазақ бас дәрігерінің болмауы соған дәлел болса керек. Гүлжан Ғазизқызы 1978 жылдан 1989 жылға дейін Целиноград қаласындағы №2 емхана бас дәрігерінің емдеу жұмысы жөніндегі орынбасары болып еңбек етті. Осы он жылдан астам уақытқа созылған бұл кезең өз жерінде өгейсітілген ұлт­тық кадрлар үшін күреспен өтті десе де бол­ғандай. №2 емхананың бас дәрігері Екатерина Рыбакова нағыз шовинистік пиғылдағы адам еді. Бұл көзқарасын жасырмай-ақ ашық көрсететін. Сол кезеңде ал­дыңғы қатарлы мекеме болып са­налатын №2 емханада қазақ дәрігерлері жоқтың қасы еді. Білікті де тәжірибелі ұлттық маман­дар­ды бас дәрігер жұ­мысқа қабылдамайтын. Ұлт­жан­дылық жаста­йынан бойына берік орныққан Гүлжан Бейбітова бас дәрігердің бұл қылығына үнемі қарсы тұрып, қазақ кадрларына қарсы бұра тартушылықты бол­дырмауға тырысатын. Бірақ «қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» дегендей, билік ба­сындағы бас дәрігер артықшы­лығын пайда­ла­нып, ойына келгенін істеді. Бас дәрігер мен орын­басарының арасындағы екіұдай көзқарастан ту­ған келіспеушілік талай рет қалалық денсаулық сақ­тау бөлімінде, қалалық партия комитетінде қа­рал­ған. Бұл ретте білікті маман, бірбеткей Бей­бі­тованың жеңіске жеткен кездері аз болған жоқ. 1989 жылы Гүлжан Бейбітова қалада жаңа­дан ашылуға тиіс №6 емхананың бас дәрігері болып тағайындалды. Целиноград қаласының тарихын­да бірінші рет емхананың бас дәрігері болып та­ғай­ындалған қазақ кадрын сынақтан өткізу үшін жа­сал­ы ма, кім білсін, құрылыс жұ­мыстары жар­тылай ғана аяқталған емхананың аты бар да, заты жоқ еді. Бұл Целиноград (Ақ­мола) қала­сы­ның тарихында емханаға алғаш рет бас дәрігер болып баратын қазақ кадрына жасал­ған нақты кедергі, ашық сынақ еді. Оны Гүлжан да, басқалар да бірден түсінді. Бастапқыда Гүлжан Бейбітова «он екіде бір нұсқасы жоқ» №6 қалалық емханаға бас дәрігер болып барудан бас тартты. Дегенмен, сол кезең­дегі облыстық атқару комитеті төрағасының орынба­са­ры Зәуре Қадырова мен Целиноград қалалық партия комитетінің екінші хатшысы Бекен Әлім­жа­нов­тың айтқандары оны райынан қайтарды. «Қалалық емханалардың бірде-біреуінде қазақ бас дәрігері жоқ. Гүлжан-ау, бұл қорлықтан қашан, қалай құты­ламыз?», деген еді бір сөзінде Бекен Өкенұлы. Аталы сөз Гүлжанның намысын қайрады. Ол тәуекелге бел буып, жаңа емхананың тізгінін қол­ға алды. Алды деген аты болмаса, штаттық кестеде «бас дәрігер» дегеннен басқа нұсқасы жоқ үлкен мекемені тақыр жерден тартып әкету оңай болған жоқ. Гүлжанға алдымен құрылысшы, одан қалды прораб болуға тура келді. Алқам-салқам құрылысты бір жөнге келтіріп, жабдықтау жұмы­сына кірісті. Емхананың медициналық құралда­ры­нан бастап, жиһаздарына дейін тірнектеп құ­рас­тыруға тура келді. Қала іргесіндегі Шортанды жиһаз фабрикасынан әрбір орындық, үстелге дейін өзі тасыды. Сол кезде Шортанды аудандық ат­қару комитетінің төрағасы болған ұлтжанды аза­мат, ел ағасы Ораз Боранбаев сияқты ағала­рының жасаған жақсылығын ешқашан ұмытпақ емес... Емхананың етек-жеңі жиналып, дәрігерлер құрамын қабылдайтын да кез келді. Табиғатынан бірбеткей  Гүлжан Ғазизқызы қалалық денсаулық сақтау бөлімінің шектеу қойғанына қарамастан бас дәрігердің орынбасарларынан бастап, сала­лық дә­рігерлерге дейін қазақ кадрларының ішінен іріктеді. Ұжымға қабылдаған қандастарына қоя­тын бір ғана талабы: білім мен біліктілік еді. Тек қана қазақ мамандарынан тұратын ұжым­ды көрген облыстық денсаулық сақтау басқарма­сы­ның бастығы Владимир Мальцев «ер-тоқымын ба­уырына ала тулады». Гүлжан Бейбітоваға ұлт­шыл деген айып тағып, мәселесін әртүрлі пар­тиялық комиссияларда қаратты. Бірақ ұжымның қала тұрғындарының денсаулығын қорғаудағы жұмысынан кемшілік, мамандардың кәсіби біліктілігінен кінәрат таба алмаған комиссия «емханада қазақ кадрлары шектелсін» деген негізсіз шешім шығара алмады. Одан кейін төрт құбыла­мызды теңестірген Тәуелсіздік таңы атты... Өзі қолымен құрған ұжымына табан аудармай 21 жыл жетекшілік жасаған Гүлжан Бейбітова үл­кен абы­роймен зейнет демалысына шықты. Тәу­елсіз Қа­зақстанның «Құрмет» ордені мен бес бірдей меда­лі­нің иегері, «Қазақстан Респуб­ли­касы денсаулық сақ­тау саласының үздігі» Гүлжан Ға­зиз­қызы өмірлік қо­сағы, Қазақстан баспасө­зі­нің ар­дагері Бәдуан Имаш­ұлы екеуі Айдар, Ай­дын, Айбек атты үш ұл өсіріп, шүпірлеген немере сүйіп отыр. Міне, осы мақала қатталып жатқанда, Гүл­жан Бейбітова тағы да бір имандылық парызын атқарып, қажылық сапардан оралды. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, Астана.