30 Қараша, 2011

Туралықтың туы еді ол

285 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Мен «Өзбекәлі Жәнібеков» деген фамилияға оның өзімен танысқанға дейін әбден қанық едім. Мен ғана емес, менің үлкен-кіші замандастарымның бәрі осы бір кісі төңірегінде аңызға пара-пар әңгімелер айтатын. Әңгіменің негізі – оның іскерлігі, турашыл­дығы, бетің бар, жүзің бар демей кімнің алдында болса да ойын тура айтатындығы төңірегінде өрби­тін еді. Тіпті, Торғай облыстық пар­тия комитетінде идеология жө­ніндегі хатшы боп тұрған кезінде осы аңыз-әңгіме желді күнгі өрттей қаулап тұрды. Бірінші хатшы емес, үшінші хатшының аты көбірек естілетін. Облыс ор­та­лығы боп жаңа бой көтеріп келе жатқан алақандай Арқалық қала­сынан театр ашуының өзі әрі көзжұмбайлық, әрі өжеттік еді. Демалыс күндері машинасын мініп алып, Торғай даласының әр үйін аралап, көненің көзіндей боп жеткен ежелгі бұйымдарды ауыл-ауылдан жинап жүріп облыстық музей ұйым­дас­ты­руының өзі тек Өзбекәлі секілді ұлтын мейлінше сүйетін қайсар адамға тән мінез болса керек. Облыс жұртшылығы арыз-ша­ғымдарын айту үшін бірінші бас­шыға емес, Өзекеңе, үшінші хат­шыға жолыққанды жөн санайтын. Оның қабылдау бөлмесі қашан да келушілерге лық толы болушы еді деп айтып жүретін сол жақтың азаматтары. Халық деген жарықтық, әри­не, өзін тыңдайтын, келген ша­руасы біт­песе де арыз-шағымына құлақ қойып тыңдайтын адамға барғанды қалайды. Жұрттың ықы­ласы өзіне емес, үшінші хат­шыға ауғанын, әри­не, бірінші басшы ұната қоймайды. Бірінші мен үшіншінің ара­сында салқындық пайда болды. Өзінен асып бара жатқан орын­басарды қай басшы ұната қойсын! Сондай сал­қындықтың салдары болса керек, Өзбекәлі Жәнібеков Орталық Коми­теттің халық­ара­лық байланыстар бөлімінің мең­геру­ші­сі боп ығыс­ты­рылды. Ығ­ысты­рылу мәселесі жо­ғары жаққа талай айтылған да болар, бірақ, ол мәс­е­ленің тез шешіліп кетуіне түрткі болған тағы да сол Өз­бекәлі Жә­нібековтің бірбеткейлігі мен ұлт­жандылығы болды. Қай ғарышкер екені есімде жоқ, кезекті бір көк қыраны Торғай дала­сы­на кеп қон­ғанда ұлты орыс екінші хатш­ы­ның «нан мен тұзын» ысырып тастап, Өзекең ғарыш­керді қазақ салты бойынша құрт пен ірімшік алып шығып қарсы алыпты. Ұлты орыс екінші хатшы мұндай «ұлтшыл­дықты» кешіре ме? Дереу Мәс­кеу­ге хабарлапты. Облыстың бірінші хатшысы мен республика басшы­сы Д.Қонаевқа хабар беруді де керек деп тап­паған ғой. Көп ұзамай Өзекеңді жалған қошеметпен орталық аппаратқа «өсіріп» жіберіпті. Мен онымен бір үлкен жиын­да қол алысып амандасып қалға­ным бар еді. Ол кезде төрт-бес кітап­тың, «Гауһартас» фильмінің, «Әпке» пье­сасының авторы боп, елге таны­лып қалған кезім-тін. Тіпті, осы пьеса Арқалық теат­рын­да қойы­лып, оны көрген Өзе­кең жоғары баға бергенін жұрттан естіп, газеттен оқып, іштей қуа­нып қалған­мын. Тым болмаса жылы шырай танытып аманда­са­тын шығар деп қолымды созға­ным­да бетіме де қа­ра­май қол ұшын берді де өте шы­қ­ты. Кө­ңілім қатты суып қал­ды. «Мақтап жүрген Өзбекәлілері осы ма? Жүзінде не жылу жоқ, адамды менсінбейтін біреу ғой. Осындай менмен мінезбен қалай елмен тіл табысып, қалай аты шы­ғып жүр? Іскер болса іскер шығар, амандасу кезінде іскерлік таныту­дың қажеті қанша? Адамда ілтипат деген болмай ма екен?» деп оның мінезіне налып қалған кезім болып еді. Құданың құдіреті, осындай кісімен Мәдениет министрлігінде бірге қызмет істеуге тағдыр жа­зыпты. Мен ол кезде Мәдениет министрлігінде репертуарлық-ре­дакциялық коллегиясының бас редакторы едім. Ол кісі мұнда да орынбасар қызметін атқарды. Әр орынбасардың өзіне бекітілген саласы бар. Өзекең тарихи ескерткіштер мен мұражайлар сала­сын басқарды да, біздің репертуар, театр мәселесімен біріккен кол­легияда болмаса аралас­пай­тын. Осы кезеңдерде мен ол кісімен жақынырақ таныстым. Қа­сы­на адам жолаттырмайтын асаулық пен тәк­ап­­парлығына көз үйрен­ген­діктен бе, уақыт өте келе тіл табыса бас­та­дық. Жалынан сипап, қасы­лап-қа­сы­лап отырып, ауық-ауық өткір әзіл­­мен түртіп қалатын бол­дым. Ал­ғашқы кезде: «Әй, не деп отыр­сың? Сондай әзіл бола ма екен!» деп шоршып түсетін. Араға біраз уақыт салып, қатал жүзі жі­біді-ау дегенде тағы да әлдене деп шабы­нан түртіп қа­ламын. Құданың құ­ді­реті, ол кісі де менің әзілдеріме үй­рене бас­тады. Тіпті, жымия­тын­ды да шы­ғарды. Министр, не оның бірінші орынбасары болмай қалған жағ­дайда коллегияны Өзекең өткі­зеді. «Коллегияны Өзбекәлі Жәні­беков өткізетін бопты», деген хабар құлаққа тиісімен аппарат қызмет­керлерінің аяқ-қолдары қал­тырай бастайды. Ол кісі нақты жауап талап етеді. Қысқа сөй­ле­генді ұна­та­ды. Тұрғызып қойып сұрайды. Нақ­ты жауап бере ал­мағандарға отыр деп айтпайды. Кейде ол байғұстар коллегияның аяғына дейін тікесінен тік тұрып шығады. Орысың бар, қазағың бар, еврейің бар демейді. Бәрімен қатал сөйлеседі. «Ша­­шыңа ақ кірсе де ақылың кірмепті», деп Жамбыл қаласынан (ол кезде Тараз емес) басқарма бастығы боп ауысып келген бір ақ шашты орыс азаматын жерге қа­зық қып қағып жібере жаздағаны есімде. Содан әлгінің тәпігі басы­лып, салы суға кетіп, Өзекеңнің кәріне шыдай алмай келген жағына кетіп тынды. Өзекең министр боп бекіді. Жұрттың көбісі дірілдеп, кейбі­р­еу­лері басқа жақтан жылы орын қарастыра бастады. Бірақ, дайын тұрған тәуір орын қайдан табыл­сын. Қалтырап, дірілдеп, әр коллегиядан аман шыққандарына шүкіршілік етіп, үрейлі тіршіліктерін жалғастыра берді. Сондай отырыстардың бірі еді. Өзекең мәдениет қызметкер­лерінің балалары жаздық каникулда дем­ала­тын жеке лагерь ашу­ды қолға алып, Орталық комитетте мәселе қо­юға дайын­да­лып жатқан. Бұл ай­туға оңай болғанмен орындалуы қиын, күр­делі мәселе еді. Бір емес екі лагерь салу үшін қыруар қағаз тол­тырып, оның есептік сметасын жасап, Орталық комитеттің бюро­кра­тиясына түсіндіре білу қажет. Жиынға тікелей қатысы бар үш адам келмей қалды. Жауапкершіліктен қашты ма, екі-үш бөлімнің бастықтары келмей, орындарына орынбасарларын жіберіпті. Айту­ларына қарағанда, үшеуі де «ауы­рып» қапты. Өзекең пілте тұ­тат­саң болды жарылғалы отыр. «Әй, ең керекті адамдардың үшеуі де бірдей бір күнде қалай ауырып қа­ла­ды? Өлгелі жатпаса келсін қазір!» деп қан түлене ашуға басты. Жұрт сілтідей тынған. Әр­кімнің пыш-пыш етіп, дірілдей демалғандары ғана естіледі. Келесі бір сәтте: «Түк бітірмей босқа отырасыңдар. Бәрің көк жалқау боп біткенсіңдер. Келесі коллегияда бәріңнің жеке есеп­те­ріңді тыңдап, көңілден шық­паған­да­рың­ды жұмыстан қуа­мын» деп қаһарға мінді. Иықтан басқан мы­нандай зіл қараның сал­мағын аздап болса да жеңілдетпек оймен тәуе­кел деп әзіл-реплика тастауға бекіндім. – Балаларымызды лагерьге дем­­­алдырамыз деп өзіміз концлагерьге түскендей болдық қой, – деп қой­­ып қалдым. Бір-екі адам күл­гендей күңк ете түсіп еді, Өзекеңнің: – Не деп көкіп отсың?! – деген өктем шыққан үнінен бәрінің ты­нысы тарылып, демалған дыб­ыс­тары да шықпай қалды. – Әлгі жұмысқа келмей қалған үшеуді айтам, – дедім сәл есімізді жиған соң. – Сол үшеуі жұмысқа ор­наласқан кезде денсаулықтары жай­лы справка тапсырған жоқ па еді? Жұрт шыдай алмай күліп жіберді. Құрыған шығармын деп күнге қарағандай Өзекең жаққа жасқана қарадым. Мәссаға-ан! Күлмес хан ат­анған Өзекең мәз боп күліп отыр. Ол күлген соң жұрт та жамырай күлді. Бұдан кейінгі әзілдеріме ол шамдануды қойып, рахаттана кү­ліп алатынды шығарды. Біз бір-бірімізді жақсы түсіні­сіп кеттік. Бұдан басқа есте қалған тағы бір оқиға – менің партиялық мәсе­л­емнің қаралған күні еді. Министрлікке кіре беріске үл­кен хабарландыру іліп, «Коммунистер Дулат Исабеков пен Нұр­лан Оразалиннің жеке мәсе­ле­лері» деп ай батқандай арқырата жазып қойыпты. Ол кезде Нұрлан бір актілі пьесалар жөніндегі кіші ре­пертуарлық коллегияның жетекшісі болатын. Екеуміз де мү­ше­лік жарна төлеуді ұмытып кетіппіз. Менің төлемей келген жарнам 143 сом, (ол – табыстың 1 пайызы), Нұрлан Оразалиндікі – 40-50 сом ғой деймін. Нақты есімде жоқ. Сол күнгі жиналысқа адамдар белсене қатысты ғой. Тіпті, ауруханадан сұранып келгендер де бар. Бәріне қызық керек. Біреудің жаза­ланғанына құмарта қарайтын кі­сілердің көп екеніне таңқал­дым. Талқылау басталып кеп берсін. Ал, неше түрлі шешендер шық­сын ортаға. Егер 37-ші жыл қайта туа қалса, жазалауға дайын талай белсенділердің арамызда жүргеніне сол кезде көзім жетті. Бірақ, әңгіме ол жайында емес, Өзекең жайлы болғандық­тан, ол мәселенің бүге-шігесіне шейін тәп­тіштеп айта беру артық болар... Тал­қылау әбден қызып, бізді «ха­лық жауларының» қата­рына апа­рып қойған кезде партбюро мү­ше­сі ретінде Өзбекәлі Жәнібеков сөз алып: – Немене сонда? Ұмытып кетіппіз дей бересіңдер! Ақша ал­ғанды ұмытпайсыңдар да, парт­взнос төлеуге келгенде ұмытшақ бола қалдыңдар ма? – деп маған қарап зеки сөйледі. Сәлден соң даусын жұмсартып, партия ұйы­мының хатшысы А.Волков пен оған дем беріп отырған И.По­повқа қарап: «Я не думаю, что они со­вер­­шили непоправимую ошибку. Прошу не драматизировать это. На­до строго предупредить коммунистов. Чтобы это больше не пов­торилось», деп сөзін аяқтады. Жұрттың бізді аямасқа бекінген ашу-ызасының беті қайтты. Бәрібір біздің мәселеміз аудан­дық партия комитетіне жетіп тын­ды. Онда да қызу айтыс, қызу тар­тыс. Ол жақта да ауруханадан ар­найы шығып кеп жиналысқа қа­тыс­қандар жеткілікті болды. Ау­дандық партия комитетінің бірінші хатшысы В.Айнанов деген жолдас біздің мына қылығы­мыз­ды кешіре алмастай күйіне сөй­леді. «Пар­тия­ны жүз сомға сатып алмақ болдың ба? – деп маған қатты шүйлікті. – Ол ойыңнан түк те шықпайды. Сүйікті партия одан қымбаттырақ тұрады. Пар­тия­ластарыңның ал­дын­да кешірім сұра Нұрлан сияқты». – Не үшін? – Қалай не үшін? Қылмысың үшін! – Мен қылмыс жасаған жоқ­пын. Қаламақыны кейде есепке уақтылы ала алмай қаласың. Сол сүйікті партия және оның министрліктегі хатшысы мүшелік жарна төлеу керек екенін ескерту керек еді. Ал, ол бірден жазалау шара­сына көшті. Мені халық жауының қатарына апарып қойды. Бұл партиялық принципке жатпайды. Мәселе ушыға түсті. Нұрлан Оразалинді кешіріп, мені партиядан шығаратын болды. Жағдай қиындады. Ол кезде партиядан шығу – барлық жо­лың­ның жабылуы деген сөз. Басқа амалым қалмаған соң, әрі Өзекеңнің ақыл-кеңесінен кейін мен сол кездегі Орталық ко­митеттің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Қуаныш Сұлтанов­тың алдынан бір-ақ шықтым. Қуаныш Сұлтанов шығарма­шы­лық саладағы адамдарды қат­ты сыйлайтынын жақсы білетінмін. Ол барлық жағдайды мұқият тыңдап алған соң мынадай ұр да жық саясатқа қатты күйінді. Мә­селені ешқашан кейінге қалдыр­май табанасты шешуге тыры­сатын ежел­гі мінезбен ол орны­нан атып тұрды да, түрегеп тұр­ған бойы әл­декімге телефон соқ­ты. Күйіне, ыза­лана сөйледі. «Па­р­тия өз мү­ше­сін тек салған жерден жазалайтын болса, шығармашы­лық адамдарын өзінен алыстатып алмай ма?» деп трубканың ар жағындағы әйел адамға біраз жадынамалық ақыл-кеңесін үйіп-төкті. Сөйлесіп болды да орнына отырмаған бойы: – Жүре беріңіз, – деді маған күлімсірей қарап. – Мен облыс­тық партия комитетінің хатшысы Шәмша Беркімбаевамен сөйлес­тім. Ол кісі де түсіністікпен қара­ды. Сыртыңыздан біледі екен. – Енді мен не істейін? – Ештеңе істемей тыныш жү­ресіз, – деді ол саңқ етіп бір кү­ліп алып. – Өздері шақырады. Бірақ, взнос төлеуді ендігәрі ұмыт­паңыз! Болған жағдайды Өзекеңе кеп түгел айтып бердім. – Дұрыс бопты, – деді ол еш­қан­дай эмоциясыз. – Әуезов те пар­­тияға мүше болмаған. Жұ­мысыңа бара бер! Ең соңғы қатаң сөгіспен партия қатарында осылай қалып едім. Сол партияны қызғыштай қор­ғап, мейлінше періште боп көрін­ген адамдар бүгін қайда қалды? Партия қайда, өздері қайда? Партия тараған ең алғашқы күні-ақ партбилетін бірінші лақтырған да солар болды. Біразы кейінірек жемқор­лық жолына түсіп, қашып кетті. Айтпақшы, Өзекең көп ұзамай Орталық комитетке тағы да үш­інші хатшы боп барып, дәл ал­пыс­қа толған күні партия тарап, дәл алпысқа толған күні хатшылық қызметпен қош айтысты. Өкінішті-ақ! Дулат ИСАБЕКОВ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Алматы.