30 Қараша, 2011

Асанәлі ӘШІМҰЛЫ: Ата-баба арманы ақиқатқа айналды

611 рет
көрсетілді
34 мин
оқу үшін
КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сый­лық­тың лауреаты, «Отан», ЮНЕСКО-ның «Алтын қыран», Ресейдің Ломоносов ордендерінің, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы сый­лығының иегері Асанәлі Әшімұлымен «Алматы ақшамы» га­зетінің бас редакторы, Президент сыйлығының, Құрмет орденінің иегері Қали Сәрсенбайдың сұхбаты. Асанәлі Әшімұлының 70 жылдық мерей­той­­ында талай жүйрік, шешендер сөз сөйледі. Соның ішінде сыныптасының айтқан сөзі есімде қалып қойыпты. «Асанәлінің төбесі көрінгеннен төбем көкке бір елі жетпей қалады. Бар екенбіз ғой деп, шүкіршілік етемін», деп еді ол кісі. Расында халық қашанда өзінің қай тұлғасына да осылай құрмет көрсететініне куә болып жүрміз ғой. Тарихты тұлға жасайды. Тұлғасы бар елдің шығар тауы ғана емес, шығар шоқысы да биік. Ел өмірінің қандай өзекті, өткір мәселесінен болсын өзін тысқары қоя алмайтын, азаматтық ой-пікірін, өзіндік позициясын бүкпесіз айтып, парасат биігінен көрініп жүрген, Тәуелсіз елдің әр күнін күнделігіне маржандай етіп түсіріп оты­­­ра­тын сондай бірегей тұлғаның бірі – Асанәлі Әшімұлы. Алматының қақ ортасындағы кеңсесінде ой те­ңізін кешіп отыратын ойпазбен сәрсенбінің сә­тінде сұхбат құрудың сәті түсті. Ресми тілде кеңсе дегенімізбен, құдды бір әкемтеатрдың қосымша қосы­нын­дай ой отауына енген жанның жан дүниесі әпсәтте көркем күйге түсер еді. Қазақтың әрі-бе­рідегі мар­қас­қаларының бәрінің маңдайы жарқы­рап тұр осында. Тәуелсіздік тойының ұлы дүбірі жақындаған тұста алаштың Асанәлісімен қасиетіңнен айна­­лайын құдіретті өнердің тірі шежіресі іспеттес құтханада емен-жарқын ой-пікір бөлістік. Әңгі­ме­міз әп дегеннен Тәуелсіздік тұғырына қонған күннен бастау алып жүре берді.   «Өнерге жақсы қараған адам – дұрыс адам» – Қадірлі Асаға! Уақыт қалай-қалай зулай­ды. Күні кеше ғана сияқты еді. Желтоқсанның 16-сы. Парламент үйі. Кешкі сағат 18.30. Қа­­зақ­стан өзі­нің Тәуелсіздігін жариялады. Ұлан-асыр қуа­ныш. Дәл сол сәттегі атақты өнер адамының қуанышы, көңіл-күйі қандай еді?! Есіңізде ме?... – Әрине, ол күнді ұмыту мүмкін бе?! Қазақы көңіл-күй ауанына салып айтсақ, ақ түйенің қар­ны жарылған күн ғой. Бір-бірімізден сүйінші сұ­рап жат­тық. Ер түріктің бесігі Түркістанды, Тұ­ран­д­ы – ата-жұрт, Анадолыны ана-жұрт дейтін түрік бауыр­лар­дың Президенті Сүлеймен Демирел бастап, Тәуел­сіздігімізбен ең бірінші болып құттықтағаны да есте. Өзбекстандағы, Қарақал­пақ­стандағы дос­та­рымның телефон шалып, қуан­ғаны есіме түсіп отыр. Біз Тәуелсіздіктің, Бос­тан­дықтың, Еркін­дік­тің, Жеңістің, Қуаныштың, тіпті, өкпе-реніштің де қадірін бір кісідей білетін ұрпақтың өкіліміз ғой. Тәуелсіздік деген атаудың өзінде тұр ғой бар мағына. Кейбіреулер үшін бұл бір көктен түскен­дей болып көрінуі де мүмкін. Түк те олай емес. Осы еркіндік үшін ата-баба­ла­рымыз ат үстінен түспей, шелектеп қан төкті. Бас­қасын айтпағанда, кешегі Алаш ардагерлерінің арма­нын айтсайшы?! Міне, бұл сол ата-баба арманының ақиқатқа айналған күні. Ал енді мен сізге айтайын, осы күнді сол кездегі зерделі, жетелі азаматтар біліп жүрді. Себебі, ұлы державаның іргесі шайқала бастағанын да сездік. Сол тұста «бұл өзі созылып кетті ғой» дейтін әңгімелер де естіліп қалатын. – «Қуанған мен қорыққан бірдей» демекші, тәуелсіздік алдық. Енді не істеу керек деген мүйізі қарағайдай сұрақ тұрды ғой алдымызда... – Расында солай. Шыны керек, сол кезге дейін көп нәрсеге бас ауыртпай, қолымызды үкіметтің иығына артып қойып өмір сүрдік қой. Ал енді өз еркіндігіміз өз қолымызға тигеннен кейін, басқа­ны қайдам, өнер адамдарының әрі-сәрі күйде болғаны рас. Бұрын бар сенімді жоғары жаққа артып тастап жүретін болсақ, енді бар жауапкершілік өз иығы­­мызға түсті. Әрине, тыңнан жол бастау қашанда қиынның қиыны болған. Оның үстіне бұрынғыдай жалпақтау, құлдық психологиядан бірден арылу да мүмкін емес еді. Тіпті, бұрынғы тәуелді кездегідей дүниелерді, мәселен, «Қыз Жібектей» фильмдерді әлі күнге дейін жасаған жоқпыз ғой. Менің өз философиям бар. Жалпы, адамның та­­биғаты сондай, еркіндік берілген кезде міндетті түрде дағдарысты бастан кешеді. Ол ешқашан толық тәуелсіз болмайды. Еріксіз бір күш кейде жібермейді. Себебі, адам қолымен жасалатын ұяттар көп. Соның бірі – табиғатпен санаспау. Мәселен, біз қас­қырды аяусыз қырдық та, қойдың етінің дәмділігін жойдық, торғайды қырдық, кей жерлерде егін шық­пай қалды. Мінеки, табиғатта артық ештеңе жоқ. Бәрі өз ретімен. Кезінде жасаған туындыларымызды Орталық комитет май шаммен қарады. Сондай жауапкершілік болғаннан кейін бе, әрбір ісімізді ұқыптылықпен жасап, бір жері сая­сат­қа келіңкіремей қала ма деген күдікпен жұмыс іс­тедік. Міне, осындай ортадан шыққан біздің ал­ғашқы кездері еркіндікке үрке қарағанымыз да рас. – Қалай болғанда да сол тәуелсіздіктің ар­қа­сы ғой, алғашқыда Абылай хан туралы фильм түсірсек деген құлшыныс та күшті еді... – Ол рас. Тіпті, Мәскеудегі Юрий Соломинмен сөйлесіп, осындай фильм түсірсем деген ой бар, ақ патшаның офицерінің рөліне түсесің бе дегенімде, ол бірден келісімін де берді. Әуелде Ақ­се­леу, Сма­ғұл үшеуміз ақылдастық. Сценарий дай­ын. Сөйтіп жүр­ген­де ол сценарий тартысқа түсіп, басылым­дар­да бірнеше нұсқасы жарияланды да, бір келісімге келе алма­д­ық. Бұл фильм де бір кездегі «Қыз Жі­бек­тің» тағ­ды­рын құша жаздады. Естеріңізде болса, «Қыз Жібек­тің» өзін Айтматов­тың арқасында қыр­ғыздар түсі­ре­міз деп әлек салған жоқ па еді. Тіпті, олар алғашқы жұмыс­та­рын бастап та кеткен еді. Ақыр соңы азама­т­та­рымыздың намысы оянған бо­луы керек, өзімізге әупірімдеп жүріп қайтарып ал­дық қой. Сол си­яқ­ты Абылайға ешкім таласпаса да әркім әр жаққа тартып, қалып қойды. Кейде ойлай­сың: «Ос­ын­­ша­ма, басқа халықта көп кездеспейтін эпостар, аң­ыздар, жырлар, тұлғалар қазақта жетіп артылады. Соның ішінде оңды кино болып шық­қаны – «Қыз Жібек» қана. Абайды да, Жамбылды да жетістіре алмадық. Абылай анау. Бұлар біздің паспортымыз ғой. Кейбіреулер Абайға шамасы келмеген соң, жас кезін бейнеледік деп бұрып кетті. Сондықтан, қанша жерден қаражат болғанымен, кадр, режиссер болмаған соң, бәрі бекер. – Фильмді айтасыз, сол фильмдердің қара­ша­ңырағы – «Қазақфильмге» де қауіп төнген жоқ па? – Егер бұл мәселеге кезінде Нұрекеңнің өзі тікелей араласпағанда, бәлкім, әлдеқандай жағдай болар еді. – Таяуда «Алматы ақшамында» Сәбит Ор­аз­байдың Елбасы туралы тамаша, адами әңгі­ме­сі жарияланды. Халық әртісі Президенттің бой­ындағы өнерпаздық қасиетті әдемі әңгі­ме­лей­ді. Өз өміріңізде де осындай сәттер болды ма? – Жалпы, өнерге жақсы қараған адам – дұрыс адам. «Рухани биік кісі – ұлттың ұйытқысы» деп Қадыр айтпақшы, Президенттің өнер туралы түсі­ні­гінің терең екеніне күмән жоқ. Ол кісіні Теміртауда жүрген кезінен білемін. Бір жолы Гру­зияның кино қайраткерлері де­ле­гациясын Темір­тау­­ға басқарып бардым. Бізді Нұрсұлтанның өзі алып жүрді. Сол кездің өзінде алғыр, зерделі екенін байқадым. Бұл бірінші кездесуіміз еді. Екінші кездесуім еркіндеу болды. Әлі есімде. Жастық қой. Сағат түнгі 3-4-тің кезі. Жаңбыр құйып тұр. Содан мен жанымдағы әріптестерімді Нұрсұл­тан­ның үйіне барайық деп, ертіп келдім. Бір қабатты үйде тұрады екен. Нұрекең құшақ жая қарсы алды. Содан таңды таңға ұрып, бір сыр­лас­қанымыз бар. Теміртаудан кейін Нұрекең Қара­ған­дыға ауысты. Одан кейін Алматыға Министрлер Кеңесінің төр­аға­сы болып келді. Тағы да қау­ыш­тық. Ол кезде мен әкемтеатрдың дирек­то­ры­мын. Қабылдауына сұрандым. Бірден қабылдады. Театр­ға автобус сұрадым. Мәселені бірден шешті. Әрине, бұл ол кісі үшін ұсақ-түйек болуы мүмкін, бірақ, шаруа шешпейтін адам бәрібір шешпейді ғой. Міне, осы қатынасымыз күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Жұмысы бастан асатын адамның тұлғалы азаматтардың тағдырына араласып отыруы да үлкен көрегендіктің белгісі. Үнемі кездесе беруге уақыт болмайды ғой. Бірде бір кездесуде «Нұреке, бір фильм түсірмекші едім, соған сізді бір эпизодқа түсірсем деймін, рұқсатыңызды берсеңіз» дедім. Содан ол кісі «Бір облыста маған ұқсайтын бір кісі бар дейді» деп күлді. Міне, осындай әңгімелер жүреді арамызда. Ана жолы бір жиналыста өзі бұрылып келіп сәлем беріп, ілтипат білдірді. «Бір жақсы кітап жазыпсыз деп естідім» деді. Кейіннен сол кітабымды қолтаңба жазып табыстадым. Тұтас оқып шығып, жақсы пікір білдірді. Маған бір ұнайтыны – Астанада облыстардың, қалалардың мәдени күндерін өткізу. Осы дұрыс ойластырылған шешім. Әр облыстың өнерін са­рапқа салып, үлкен концерт беру, оған Елбасының өзі қатысуы зор тағылым. Елді ұйыстыратын, өзіне-өзін танытатын да – өнер. Кейбір айта алмай жатқа­нымыз­ды айтатын да, жеткізетін де – өнер. Елді өсіретін де, өркендететін де – өнер. Мен өз абыройым өзіме жететін адаммын. Осы жасқа келгенде жағымпазданатын жағдайым да жоқ. Дегенмен де, дұрысын айту ләзім. Біз өтірік айтатын жастан асып кеттік. Қазір бір қап ақша берем десе де өтірік айта алмаймыз. Өйткені, өтірікті қиыстыра алмаймыз. Біз ондай мектептен өтпе­генбіз. Өз сөзі­міз­ге өзіміз есеп бере алатын жас­та­мыз. Осы тұрғы­дан келгенде жақсының жақсылы­ғын айту керек. Жалпы, зәу биікте жүрген басшының бәрінің бойында елжандылық, ұлтжандылық қасиет көбіне кездесе бермейді. Атқа қай жағынан мінуді білмейтіндер де бар. Ауыл-аймақтың, бота-тайлақтың ғана қамын ойламай, елдің ертеңін ойлап, алысқа қарау екінің бірінің бойынан табыла бермейтін қасиет. Алысқа қарайды дегенде, мен Астана туралы айт­пақ­шымын. Бұл енді ақылмен жасалған іс. Осының өзіне әу баста үрке қарадық қой. Әу баста ақылмен шешілген істің уақыт өте келе ақиқатқа айналатыны рас. Жалпы, Нұрекеңмен достығымыз осындай. Әл­гінде айтқанымдай, Нұрекең талантты адамдардың тағдырына көп араласып, қолұшын беріп келеді. Бір ғана мысал айтайын. Қайсыбір жылы зиялы қауым­мен кездесіп, үлкен әңгіме болды. Тәуел­сіздіктің алғашқы жылдары. Жұмыс өте қарбалас, тірлік көп. «Неден бастау керек, қайтсек керек» деген әңгіменің күшейіп тұрған кезі. Сондай бір сәтте Нұрекең Әзекеңе бұрылып, Ғазиза Ахметовнаның жағдайын сұрады. Ғазекең сол күндері хал үстінде еді. Сондағы «қазақ үшін Ғазекеңнің саулығы керек, ол кісінің жүрегі бәрімізге қымбат» дегені сөзбе-сөз әлі есімде тұр. Бұл сөздің артында қазақ үшін бар саналы ғұ­мы­рын сарп еткен Жұбановтар әулетіне деген құрмет жатқаны анық. Кейіннен Нұрекең Ельциннен арнайы демалдыратын оттегі аппаратын алдырып, көмек­ші­сінен беріп жібергенін естідік. Тұлғаның тұлғаға деген құрметіне бұдан артық қандай мысал керек.   Қызметкер кім, қайраткер кім? – Осы жерде бір заңды сауал туындайды, Асаға. Біз осы қызметкер мен қайраткерді ажырата алмай жүрген жоқпыз ба? Қазір өзі қайраткер көбейіп кеткен жоқ па? – Қайраткер болу үшін Кембриджді бітіру міндет емес. Қайраткер деген ұғым, менің түсінігімде, елдің қамын екі есе ойлайтын, соған сай дана білімі, парасаты бар адам. Тіпті, кейде оқып туған адам деуге болады. Мәселен, кеше өзіміз көзін көрген даланың дана шалдарын, дала академиктерін алайық. Менің оқулығым да, мектебім де осы­лар болды. Ешкім де оқып қайраткер болмайды. Кісі қайраткер болып туады. Қазіргі күні қоғамдық істерге белсене араласып, әр жерде сөйлегіш, көзге түскіш, бір жерден оқып алғаны, я біреуден естігенін құбылтып айтып, бір кітапты тауысып оқы­мағандар, мінберден түспейтіндерді қайраткерлер дейтін болдық. Маған салса, солардың ішінен қыз­меткерлердің өзін таңдап алар едім. Кез-келген адам, мейлі мұғалімнен, университеттен оқы, ең бастысы, өзін тәрбиелей алмаса, ол еш­қа­шан қайраткерлік дәрежесіне көтерілмейді. Қай­рат­кер адам ешқашан марапатқа, атаққа семірмейді. – Сіздің де бір басыңызға жетер атақ, ма­ра­патыңыз, сыйлығыңыз бар, ештеңеден кенде емессіз. Сонда да сіз үшін ең басты сыйлық не? – Мен өнердің адамымын. Менің алаңым, тұғы­рым, мінберім – сахна. Бар ойымды, пікірімді сол сахнадан айтамын. Егер сол ойымды, өнерімді ха­лық қолдаса, қол соқса, маған одан артық сый­лық­тың керегі жоқ. Шапалақтың да бірнеше түрі бар. Баяғыда Петерборда Качалов деген әртіс көшеде келе жат­қанда, адамдар тұра қалып қол соғады екен. Сосын анау итальяндық Маниани қайтыс бо­лып, көшеден алып бара жатқанда, жұрт тұра қа­лып өлігіне қол соққан. Бұл – үлкен сый, құрмет. Өл­генде де сені осылай шығарып салып жатса, бұ­дан артық ештеңе жоқ. Бұл ештеңемен бағаланбай­тын нәрсе. Кейде сценарий бойынша соғылатын шапалақ та болады. Сценарий дегеннен еске түседі. Баяғыда Мәскеуде СОКП-ның ХХVІ съезі өтіп, соған делегат болып қатыстық. Шота да делегат еді. Қонақ үйде жат­қан­быз. Содан біреу Шотаға бір сөз беріпті. Осы сөзді айқайлап айтасың деген ғой. Бәрін жазып берген. Шөкең зиялы адам ғой, ыңғайсызданып, «менің даусым жоқ еді, айқайлай алмаймын, мына Асанәлі әртіс қой, жақсы ай­қай­лайды» десе керек. Шөкең қайдан білсін, жалғыз өзім қол шапалақтап, жалғыз өзім айқайлаймын деп ойлаған ғой. Әлгі кісі «жоқ, жалғыз сіз емес, бүкіл зал қол шапалақтап айқай­лайды, мынау ай­та­тын сөзіңіз» деп зорға көндіріпті. Міне, сондықтан мұндай бақай есепке құрылған қолшапалақтау емес, халықтың ықыласын білдіретін қолшапалақ­тау мен үшін сыйлықтың ең зоры. Мысалы, Президент үлкен жиналыстарға кіріп келе жатқанда қол шапалақтайды. Міне, бұл шын құрмет, ілтипат. Ең бастысы, саған сол құрметті шынайы сезінетін қабілет те керек. – Сіздің жұмыс тәртібіңіз туралы азды-көпті хабардармын. Қазір өзгеріс бар шығар? – Көп өзгеріс жоқ. Қай заманнан ұстанған үр­дісім – спектакльге шығатын күннің алдында дем­ала­мын. Үйде болғаныма Бағдат та қуанып қалады. Іштей дайындық жүреді. Сағат 2 мен 4-тің ара­­сында мызғып аламын. Шашымды, бет-әлпетімді Бағдатқа дұрыстатып, 4-те гримге барамын. Сахнамен жүріп өтемін. Сахнаға шығарда Ысқақ пірадарға табы­намын. Әбүйір бере гөр деп тілеймін. Мақтанғаным емес, «Ымырттағы махаббатты» ойнаған кезде, сахнаға шыққан кезде өзім тоқ­­татпайынша, шапалақ тоқтамайды. «Ымырттағы махаббатты» 150 рет ойнаппын. Сахнадан біз де кетеміз ғой, сондықтан, партнерлер дайында деп Есмұханға айтып жүрмін. – Асеке, сахнаға шығарда Ысқақ пірадарға табынамын дейсіз. Сіз әбден шыңдалған, кәсіби актерсіз, сонда әлі күнге дейін қобалжисыз ба? – Әрине. Мен халықтың алдына шығамын ғой. Халықтан биік сыншы бар ма?! Сен бір рет жа­ңылсаң, мүлт кетсең, көрерменнің есінде өмір ­бақи сол қа­лы­п­та қалып қоюың мүмкін. «Қорқамын кейінгі жас балалардан» деп Абай айтпақшы, біздің әлі күнге дейінгі осы қобалжуымыз спектакль ара­сында тамада болып кетіп жататын кейбір жастарға үлгі болса деймін. – Бірде Ғазиза Жұбанованың сіз ойнаған Цезарьды көріп, «енді Асанәлідей Цезарь тумай­ды» деп толқығанын естіп едім. – Ол рас. Бәрі ізденіске, жанкешті еңбекке бай­ланысты. Қазіргі жастарды кінәлағым келмейді, бі­рақ, көбісі бейнетқор емес. Бәлкім, оларды ашу үшін Әзірбайжандай режиссер керек шығар. Біздің бақы­ты­мыз – режиссер еді. Мен қай рөлде ойнасам да режиссер мені білді, ерік берді, өзің жасай бер деді. Еркіндік деген не? Оң жамбасыңа келгенді ойнау. Бекежан сондай рөл болды. Төлегенді ойна десе, олай шықпас еді, ойнамас та едім. – Әлгінде сахнаға шығар алдында Ысқақ пірадарға табынамын дедіңіз. Білуімізше, сіз елде Ысқақ пірадар атында мешіт аштыңыз. Өзіңіз білетін Шәмшінің: Күнара сайын қырынбай, Мұрттың сәні келе ме, Бірдеңеге ұрынбай Қырттың сәні келе ме. Құбылаға жығылмай, Жұрттың сәні келе ме, – деген бір шумақ әзіл өлеңі бар екен. Қанша әзіл болса да астарында көп зіл жатқан жоқ па? Бәріміз құбылаға қарап кетпесек те, шүкіршілік етуге болады. Дейтұр­сақ та, кейбіреулер дінді түрлі мақсатта ұста­нып, мешіт са­лудың өзін бәсекеге айналдырып жібердік деп ойламайсыз ба? – Мен бір алты мешіт салған адамды білемін. Атын айтпай-ақ қояйын. Мешітті арнап салады. Ол кісінің ниет-пиғылын білмеймін. Мен, мысалы, Ысқақ пірадарға арнадым, ішіне әкеліп топырағын салдым. Біреу салсаң да, бірегей етіп, бақай есепті ойламай, шын ниетіңмен сал. Болмаса, басқа да сауап іс бар ғой. Мешіт салуға қарсы емеспін. Неге мектеп, бала­бақша салмайсың? Ол да халыққа жаса­ға­ның ғой. Әр адам толық тақуа болуды міндет етпей, өзін дұрыс, таза ұстаса, халық дұрысталар еді. Мен соның өзін дінге құрмет деп білемін. Өйткені, діннің өзі тұнып тұрған тазалық, мәдениет қой. Жұрт­тың бәрі сауатсыз­ды­қ­пен, біліп-білмей құбы­лаға жығыла беруі дұрыс емес қой. Оқуын оқымай, дүмше болып жүргендер көп. Мұндайлар өзін ғана емес, елді де адастырады. Құ­ранда ғылымға айрық­ша орын берілген. Сондықтан, жастар ғылымға ба­руы керек, ең алдымен оқуын түзеуі керек. Алла Та­ғалаға сол адам жағады. Ал бәрі мешітке барып сұрай берсе, Алла ештеңе бермейді. Қа­зір мешітке барсаң, жастар толып жүр. Дұрыс, қуа­ну керек. Бі­рақ, соның көбінің жұмысы, оқуы жоқ. Содан кейін мешітті қайыр­шы­лардан тазарту керек. Шын мә­нін­дегі көзге көрініп тұрған мүгедек болса, аяуға бо­лады. Ал, аяқ-қолы бүтін адамды аяудың керегі жоқ. Ана жолы Алматыдағы Балуан Шолақ атын­да­ғы спорт сарайында діни киімдер үлгісінің байқауы өтті. Сонда мен ең алдымен жігіттердің киімін дұ­рыс­тау керек екенін айттым. Қыз бала ол өз таби­ға­тында бар, жарасымды, әдемі киінуге ұмтылады. Ал, бізде ер адамдар дұрыс киінбейді. Киім кию дегеннің өзі тұнып тұрған мәдениет. Орыстың поптарына қараңызшы, түймесіне дейін діни.   «Біз куәлігі жоқ депутатпыз ғой» – Өнерде жолыңыз болған адамсыз, ал енді саясатта ше? Кезінде депутаттыққа түскеніңіз бар еді... – Осы жерде Ақселеу, біраз азаматтар бар, «мына депутаттардың арасында біздің сөзімізді сөйлейтін өнер адамдары жоқ, сіз неге түспейсіз?» деп кеу-кеуледі. Содан олар мені Театр одағына тіркетіп те қойыпты. Бірақ, мен бұл жақтан тү­скенше, өзімнің туған жерімнен түспеймін бе деп, Таразға бардық Ақселеу екеуміз. Содан 10 күндей елдің ішінде жүрдік. Қайда барсам да қоғадай жапырылған халық. Бәрі де сізге дауыс береміз дейді. Тіпті, биліктегілер «Сіздің кандидатураңыз бірінші орында» деп қояды. Бірақ, бәрі керісінше болды. Саяси ойын дегеніңіз осылай болады екен. Жалпы, мен өзім қандай сай­ыс­та да жеңіп шығуға құмар адаммын. Өмірде де, өнер­де де солай едім. Бірақ сол жолы депутат болма­ға­ныма өкінген жоқпын. Бес жыл бойғы уақытым зая кеткен жоқ. Есесіне, маған әбүйір әперетін осы қызметім екенін жете түсіндім. Әркім өз ісімен айналысуы керек екен. Біз онсыз да куәлігі жоқ депутатпыз ғой. Ел ішінде көп жүреміз, көп көреміз. Сол жұрттың жағдайы қабырғама қатты батқан соң, әрекеттеніп едім. Әйтпесе депутаттықты неғылайын, бір басыма жетерлік атағым бар. Елге қызмет етудің түрлі жолы бар, депутаттыққа қарап тұрған жоқ. – Осы қанша елде, ортада болып жүрміз, бата берген ақсақал көрген емеспін. Бұл қасиет біздің елде ғана бар тәрізді... – Оның рас. Бірде бір туысқан халықтың өкіл­дерінің ортасында болдым. Сонда бір түрік аза­маты «Қазақстан әлі де өсетін ел. Өйткені, сіздер отырған жерде бата бересіздер» деді. Шынында да, дұрыс байқаған. Халқымыз «жауынменен жер кө­ге­рер, батаменен ел көгерер» деп бекер айтпаған ғой. Содан кейін аруақты да құрметтеу бізде ай­рық­ша ғой. Өлген адамның басына барып тұрамыз, дұға бағыштаймыз, еске аламыз деген тәрізді. Мы­са­лы, Құдай басқа бермесін, кейбір өскен елдердің өзінде өлген адамға құрмет жоқ, ұмытылады. – Ойды ой түртеді. Кейбіреулер көзі тірісінде мазар салып қоятынды да шығарды. Ілкіде осы мазар салуды, бейіт басын мұражайға айнал­ды­рып жібергенді ашынып айттыңыз. Сұрайын дегенім, көзім­нің тірісінде Шәкен аға екеумізге арнап бір мұражай салсам деуші едіңіз. Оның жайы қалай болды? – Бұл ойымды көптен бері айтып жүргенім рас. Қазір тұрып жатқан үйімнің бір бөлігін музейге ай­нал­дырсам деген ой болған. Менің сол ойымды оқып қойғандай Тараздан жігіттер менің атыма мұражай ашыпты. Керек жәдігерлерді біртіндеп жіберіп жа­тыр­мын. Таяуда облыс әкімі Қанат Бо­зым­баев телефон шалып, мұражайдың штат кестесін бекітіп, директор, мамандар белгіленгенін айтты. Сол мұра­жай­ға Шәкеңнің, Әнуардың, Есбол­ған­ның, Райымбектің, Әзірбайжанның, Сәбира апай­дың және басқалардың портреттерін салдыртып бір бөлме арнасам ба деймін. – Асаға, Шәмшінің тағы бір өлеңін мысалға алғым келіп отыр. Шәкең былай дейді: Қыз еді баяғыда мақалымыз, Бүгінде бурыл тартты сақалымыз. Дүние-ай, өткен күннің белгісі жоқ, Қыз кетіп, қатын болды қатарымыз. Осы өлең мынадай сауал қоюымызға түрткі болып отыр. Таяуда әлгінде өзіңіз ауызға алған Әнуар Молдабековпен түскен суретіңізді тауып алғаныңызды айтып, «Алматы ақшамына» материал бердіңіз. Осы суреттің жұртшылыққа әсері күшті болды. Өмірден өткен әріптес­теріңізді жиі еске аласыз, ұмытпайсыз... – Тағдыр мені осы бізге бас-көз болып жүрсін деп солардың артында қалдырған шығар. Хал-қа­де­рімше олардың атының өшпеуіне, отбасына қол­ұшын беріп жүремін. Өмір өтіп барады. Және сол өмір бізбен бітпейді. Сондықтан, біздің бүгінгі атқа­рып жатқан сауап ісіміз ертеңге үлгі болып қалуы керек. Тұлғаларға деген құрмет ортаймауы қажет. Әну­ардың суретін тауып алғанда алтын тауып алғандай болдым. Бірге жүрген күндер еске түсіп, қатты толқыдым. Әнуар, Есболған, Райым­бек, қай­сыбірін айтайын, шетінен бағылан, шетінен биік еді ғой. Солар қазір азайып барады. Таяуда бір өзі бір дәуір болған Салық Зиманов өмірден өтті. Таза­лық­тың эталоны болып, ешкімнің қалтасына түспей кетті. Артына зәулім сарай, зауыт емес, ешқашан ор­тай­майтын, тозбайтын бай рухани мұра қалдырды.   «Менің бизнесім осы кезге дейін жиған абыройым...» – «Ешкімнің қалтасына түспей» дедіңіз. Сіз өзіңіз ше? Бизнесіңіз бар ма? Қазір өзі көп жағдайда кісіні тұлғасына емес, тұрмысына қарап бағалайтын да әдет бар ғой... – Менің бизнесім – осы кезге дейін жиған абы­рой­ым, атағым, менің ешқандай зауытым да, бас­қам да жоқ. Үйді де сол атағым салып берді. Егер айтқа­ным­ды азаматтар орындап жатса, онда елге дұрыс жұмыс істегенім ғой. Елден мешіт салдым. Салдым деймін, оған да қолұшын берген ұлт­жан­ды, ұлт өнерін құр­мет­тейтін азаматтар. Одан олар да, мен де жаман бол­ған жоқпыз. Осы мешіттің ашылуы елде көп жақ­сы­лық­қа жол ашты. Демек, байлық елге қызмет етсе ға­на байлық. Әйтпесе, сасық байдың бірі болып қаласың. Қазақта «Қанағат қарын тойдырады» деген сөз бар. Қанағатшыл болсаң, қатарыңнан қалмайсың. Қазақ өзі құдайы бар халық қой. Көнбіс, төзімді, таң­ғы асты тәңірден тілеп жататын халық. Бізді ұс­тап тұрған да осы қасиетіміз. Мынадай бір тәмсіл бар. Сонау қызыл қырғынның кезінде бір шал мен кемпір аштан өлгенде, керегенің артында бір асым ет тұр дейді. Көрдіңіз бе, соның өзінде қонақтың сыба­ға­сын сақтап қойған. Менталитеттен қашып құтыла ал­майсың. Кезінде біздің ауылға ауып келген немістерге, күрдтерге, чешендерге шешелеріміз аузы­мыз­дан жырып нан беріп асырады. Бірақ, солар кейін тойынғаннан кейін, ұрлық-қарлық істеп, есірді де. Міне, осындайды көріп өскен біз байлықтың да, барл­ықтың да қадірін білмегенде, кім біледі?! Қазір қит етсе жылап қоя беретінді шығардық. Барға шү­кір­шілік ету жоқ. 100 жылдық, 200 жылдық тарихы бар, өсіп кеткен елдердің өзінде жоқшылық бар. Ал, 20 жылға енді аяқ басқан біздің елдің жетістігіне тәубешілік ету керек қой. Ол мемлекеттер де кезінде біздің жағдайы­мызды бастан өткерді емес пе?! Сондықтан маған Президентіміздің алдымызға үлкен мақсат қойып, жұмыс істейтіні ұнайды. Мәселен, Президенттің таяу болашақта дамыған 50 елдің қатарына кіруді мақсат етіп қоюы елді қана­т­тан­дыратын, елдігімізді танытатын тірлік емес пе?! Ертеңіне көз жіберіп, ұмтылған ел ғана өседі. – Жалпы, өзі тұлғалы, биік адамға ұлан-ғайыр білімі, парасатымен қоса, артистизм де тән бе, жоқ па? Қалай ойлайсыз? – Артист деген сөздің мағынасы аса кең, киелі. Бір қолбасшы туралы естіп едім. Әлгі кісі ха­лық­тың ал­ды­на шығарда үнемі айнаға қарайды екен. Демек, бұл толқудың, әбіржудің, не қуаныш­тың белгісі ғой. Ха­лықтың алдына шығу үшін дай­ын­далады, бұл жай ұқ­састық емес. Саяси сахнаның жауапкершілігін тек та­лант­ты адам ғана сезіне алады. Ол халықпен тіл та­бы­су үшін өмірі диалог, монологқа айналып кетеді. Бұл дегеніңіз түрлі мінездердің тоғысуы, ашылуы деген сөз ғой. Осыны біз жеңіл ұғынып жүрміз. Әртіс десе көбіне өмірдің күлкілі жағын елестетіп үйренгенбіз. Ал өнердің бір биігі тұнып тұрған тағылым, дидактика екенін біле бермейміз. Мәселен, ұлы қо­л­бас­шы Абылай ханды алайықшы. Бір басында қаншама өнер болды. Өз халқының арманын жүзе­ге асыру үшін оған артистизм де тән еді. Әй­гілі үш би – дала сахнасының ұлы әртістері еді. Біздің Президентте көп қасиет бар. Мәселен, күні кеше Қарағандыда болды. Мен сонда ол кісіні мұқият тыңдадым. Бір ерекшелікті байқадым. Бұ­ры­нырақта микрофон қолға тисе, қанша байыпты болсаң да, сәл дауыс көтеріп сөйлеуге тура келетін. Ал қазіргі әңгіме мүлдем байсалды қалыпқа түскен. Жұртты ақырын сөйлеп-ақ тыңдата білуге көштік. Демек, осы сабырлы, байсалды қалып бізге үлгі болуы қажет. Ақылсыздық орын алған жерде айқай көп болады. Дәл қазіргі уақытта саясаттағы күнәм­шіл адамдарға осы қасиет жетіспейді.   «Күнделік – менің өмірім» – Жұрт сіздің өнерпаздығыңызбен қатар, қа­лам ұстайтыныңызды да біледі. «Алматы ақ­ша­мында» бірнеше жыл жарияланған күнделігіңіз «Алматы ақшамының кітапханасы» сериясы­мен «Менің жанрым – күнделік» атты та­қырыппен екі мәрте кітап болып жарық көрді. Оқырмандар жақсы қабылдады, редакцияға келіп кітап сұрай­тындар көп. Күнделікті күнде жазасыз ба, әлде ой келген кезде ме? – Мүмкіндікке қарай, күнде жазуға тырысамын. Меніңше, әр адам үшін әр күні қымбат. Тіпті, мынау жарық күнді аман-есен көргеніңе тәубешілік ету керек. Тіпті, ол күні ештеңе бітірмесем де, көңіл-күйімді, ауа райын жазып қоямын. Күнделік – менің пікірім, ойым, көзқарастарым, оны келешек ұрпақ өзі екшеп алады. Шындықты ға­на жазамын. Шындықты кейде айта алмайсың, сон­дықтан оны жазып қоямын. Күнделік – маған ішімдегі шерді шығару үшін үлкен көмек. Ол – менің өмі­рім. Өткен жылдарда не істегенімді оқысам, қай­та жаса­ра­мын, шабыттанамын, әр күнімнен ой түйе­мін, қоры­тын­ды жасаймын. Әр кезеңнің деңгейін күн­деліктен кейінгілер бағамдаса деймін. Күн­де­лік­ті студенттік жылдардан жазғанмын. Өкінішке орай, сол жыл­дар­дағы 10 дәптерім жоғалып кетті. Соған өзегім өр­те­неді. Тілге, әдеби жазуға көп мән беріп жатпаймын, бастауыш, баяндауыштар айқасып жү­руі мүмкін, маған сол сәттегі ситуация қымбат. Қалай келеді, солай жазамын, сонысымен де жақсы, табиғи шығады. – Шүйгін әңгімеңізге рахмет!