Сыннан қорытынды шығару мақсатында бүгінде аймақта атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Шағын және орта бизнесті қарқынды дамытудың нәтижесінде тұрақты жұмыспен қамтылғандар қатары арта түсуде. Оңтүстік еңбекқор халқымен де елге мәлім, кәсіпкерлік субъектілерінің саны жөнінен республика бойынша алдыңғы қатарда. Оған қоса елдегі үш мұнай өңдеу зауытының бірі Шымкентте. Табиғи ресурстар да аз емес, уранның негізгі қоры Созақ ауданында шоғырланған. Сарыағаш пен Манкент шипажайларының, Түркістанның туристік әлеуетінің өңір экономикасына қосатын үлесі қомақты. Яғни бүгінде дотацияны кеміту мақсатында осы сынды барлық мүмкіндік ескерілуде.
Тұрғындарының саны 3 миллионға жеткен Оңтүстікте бүгінгі таңға 215408 салық төлеуші есепке алынған. Оның 36061-і заңды тұлға болса, 65644-і шаруа-фермер қожалық, 113703-і жеке кәсіпкер мен адвокат, нотариус.
«Осы салық төлеушілердің мемлекет қазынасына төлейтін салықтары мен төлемдері облысымыздың меншікті кірісін құрап, өңіріміздегі әлеуметтік-экономикалық өсімге септігін тигізіп келеді. Жалпы, 2017 жылға облыстың кіріс бөлігінің жоспары 603,5 млрд теңге болса, оның ішінде трансферттер – 97 млрд теңге, субвенциялар – 368,7 млрд теңге, кредиттер, сатылған активтер мен займдардың түсімдері – 17,4 млрд теңге және меншікті кірістер – 120,4 млрд теңге. Өткен жылы облыстың жалпы кірістерінің нақты түсімі бойынша жоспар 101 пайыз орындалса, меншікті кірістер бойынша 124,4 млрд теңге өндіріліп, жоспардың орындалуы 103,4 пайыз болып отыр. Яғни аймақтың республикалық бюджетке тәуелділігін төмендету мақсатында нәтижелі жұмыстар жүргізіліп, жылма-жыл өсім байқалуда. Мысалы, 2016 жылы меншікті кірістердің нақты түсімі 106 млрд теңгені құраса, өткен жылы жергілікті бюджетке 124,4 млрд теңге өндірілген. Яғни меншікті түсімдер 18,4 млрд теңгеге немесе 17,4 пайызға артты», дейді Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Алтынсары Үмбетәлиев.
Әрине облысымыздың меншікті кірістері барлық шығынды өтемейді және мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігін орындауға мүмкіндік бермейді. Тек өткен жылы облыста әлеуметтік салаға 383,4 млрд теңге бағытталып, жалпы бюджет көлемінің 63 пайызын құрап, жыл ішінде 80 млрд теңгеге өскен. Салық базасын ұлғайту мақсатында бекітілген арнайы іс-шара жоспары бойынша атқарылған жұмыстар нәтижесінде өткен жылы жергілікті бюджетке 10 млрд теңге қосымша резервтер өндірілген. Сондай-ақ биыл облыс бойынша бірнеше саланы қамтитын 12 бағыт және 34 жоба бойынша Жобалық басқару, «Аэроғарыштық мониторинг арқылы жер қойнауын пайдаланушыларға салықтық әкімшіліктендіру жүргізу» қанатқақты жобасы жүзеге асырылмақ. Сол сияқты «Еңбек иммигранттарына салықтық әкімшіліктендіру» жобасы да жоспарланып отыр.
«Қонаққа» келгендер құрылыста жүр
Жасыратыны жоқ, Еуразиялық экономикалық одақтың «оңтүстік қақпасы» саналатын облыста жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту және еңбек мигранттарын қысқарту мәселесі өзекті. Әсіресе көрші елден жұмыс іздеп келушілер көп. Тиісті департаменттің деректеріне қарағанда, өткен жылы облысқа 782744 резидент емес азамат тіркеліп, соның ішінде 50 мыңға жуық шетел азаматынан жергілікті бюджетке 355 млн теңге төленген. Алайда осыншама шетел азаматтарының 721 223-і немесе 90 пайызынан көбі қонақ ретінде тіркеліпті. Оңтүстік халқы қонақжай, бірақ жеті жүз мыңнан астам шетелдіктің тойға немесе құдалыққа келмегені анық. Қонақ ретінде келген шетел азаматтарының мақсаты жұмыс істеп, табыс табу болғаны ешкімге құпия емес. Егер де осыншама «қонақты» әкімшілендіріп, салықтары толық бюджетке төленсе, облыс бюджетінің қоржынына қосымша 1-2 млрд теңге түседі екен. Көрші елден арзан жұмыс күші ретінде «қонақтарды» жалдап жұмыс істететін кәсіпкерлерді салық мәдениеті қалыптаспағандардың қатарына жатқызамыз ба, әлде қара басының қамын ойлап өңірді дотацияға мұқтаж етуге үлес қосқандар дейміз бе?! Айта кетелік, шетелден келген «қонақтардың» бірқатарын мемлекеттік мекемелердің құрылысын немесе жөндеуін жүргізіп жатқан жұмысшылардың арасынан да байқап қаламыз. Сонда салық саясатына қатысты заңдылықты сақтамауға мемлекеттік мекемелердің өзі атсалысып жатқаны ма?!
Мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары үшін оңтүстікте жұмыс атқарғанымен басқа өңірлерде тіркелген, салықтарын сол жаққа төлейтін кәсіпорындарды есепке алу да өзекті мәселе болып отыр. Мысалы, бір ғана Сарыағаш ауданында минералды суды маңайлаған кәсіпорындардың, шипажайлардың басым бөлігі басқа өңірлерде тіркелген, яғни салық төлемдері оңтүстікке түспейді. Сондай-ақ облыста мемлекеттік сатып алу шеңберінде 2017 жылы бюджеттен 5 мыңнан астам жабдықтаушы 422 млрд теңге алған, ал барлық түскен салық сомасы 66,3 млрд теңге. Бұл көрсеткіш, әрине жоғары болуы тиіс еді. Яғни салықтық жүктеме, жалдамалы жұмысшылар санында бір кінәрат бар. Департамент мамандары бұл орайда Созақ ауданында бір салық төлеушіге бюджеттен 1 млрд теңге бөлінгенін, толығымен игерілгенін, ал салықтық жүктеме коэффициенті бар болғаны 1,6 пайыз екенін мысал ретінде келтіреді. Бұл арада да жалдамалы жұмысшылар санын жасыру байқалады. Құрылыс саласында төленген салық азаматтың тапқан пайдасының орташа 8 пайызынан кем болмауы тиіс болса, нысандарды кімдер және қалай салды деген сұрақ туындайды.
Мамандардың айтуынша, түрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында қаржы игеріп жатқан мердігерлер мен жабдықтаушылардың салықтың жүктемелері де сын көтермейді. Мердігерлердің тапсырған салық есептіліктерінде жалақы қоры нақты конкурстық құжаттармен сай келмейді. Яғни мемлекеттік сатып алу конкурсына дейінгі құжаттағы мәлімет пен кейінгі салық есептіліктеріндегі көрсеткіш сәйкес емес.
Жасыратыны жоқ, мемлекеттік сатып алу конкурсының жеңімпазы ретінде танылған кәсіпорындардың басында заңды да, оның талаптарын да жақсы білетін азаматтар отыр. Айталық, облыстық мәслихат депутаттарының басым бөлігі елге танымал кәсіпкерлер. Олардың басқаруындағы кәсіпорындардың тендерлерге қатысып, жеңімпаз атанып жататыны да құпия емес. Бірақ сессияларда құқық бұзушылықтың болмауына, заң талаптарының сақталуына мүдделілік танытатын депутат-кәсіпкерлердің өздері көбіне жоғарыда айтқанымыздай, «қонақтарды» жалдап, көп жайттарды жасырып жатады. Мемлекет басшысы кәсіпкерлердің салық мәдениетін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізу керектігін айтып, Үкімет пен «Атамекенге» нақты тапсырмалар да берген болатын. Елбасының кәсіпкерлерді мүлдем салықтың болмағандығы қуантатындығын баса айта келе: «Немесе бұл салықтардан әдемі жалтаруды ойлайды» дегені де ел есінде. Салық мамандары келтірген деректерге қарағанда, облыстағы кей кәсіпкерлер «салықтардан әдемі жалтарудан» әлі де арыла алмаған. Сондай-ақ мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізетін органдардың, яғни тапсырыс берушілердің осы мәселеге салғырт қарайтыны аңғарылады.
Тойхана иелері жұмысшыларын неге жасырады?
Осыдан үш жыл бұрын еліміздің бірқатар заңнамаларына өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, салық жүйесіндегі кей баптар күшейтілген болатын. Соған сәйкес, уәкілетті органдар асабалар мен өнер адамдарының тіпті, такси жүргізушілерінің тапқан табыстарын есептейтін болған. Олар кәсіптерін заңдастырып, табысының белгілі бір мөлшерін мемлекетке беруі шарт болатын. Алайда бұл талаптар қаншалықты орындалуда? Асабалар мен такси жүргізушілерінің барлығы патент алып немесе жеке кәсіпкер ретінде жұмыс істеп жатқаны күмән келтіреді. Ал халқы тығыз орналасқан оңтүстікте тойхана да, оларға қызмет көрсететіндер де көп. Департамент дерегіне жүгінсек, облыс бойынша 258 тойхана есепке алынған. Олардан өткен жылы 326,8 млн теңге салық пен төлем түскен, көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда 61,2 млн теңге немесе 23 пайызға артқан. Жалдамалы жұмысшылар 2016 жылға 831 адам болса, 2017 жылы олардың саны 1312 болыпты. Салық мамандарының айтуынша, бұл бағытта ілгерілеушілік бар. Алайда бір тойханада 5-6 жалдамалы жұмысшы қонағы 300-ден кем түспейтін тойға қызмет көрсетеді дегенге сену де қиын. Тойға келгендердің өзіне-өзі қызмет етпейтіні және мәлім. Онымен қоймай, оңтүстікте той көп, бос тойхана таба алмайсыз. Яғни тойхана иелері қызмет көрсететіндердің санын әлдеқайда азайтып көрсетеді. Тойханаларға және басқа да кәсіпкерлік нысандарға байланысты шешілмеген күрделі мәслелердің бірі – жылжымайтын мүліктерді бағалау құны және жұмысшылар саны. «Бағалау қызметі туралы» заңға сәйкес заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер тәуелсіз бағалаушыларға тапсырыс бере отырып, өз қаржысы есебінен бағалауды жүзеге асырады. Алайда бизнес өкілдері нысандарды қайта бағалатуға және бағалау құнының өсуіне ынталы емес. Демек тойханалардың нарықтағы шынайы бағалануы бір басқа, құжаттағы бағалануы мүлдем басқа. Сол сияқты тіркеуде тұрған және жұмыс істеп тұрған 123 сауда орынында, оның ішінде күнделікті жұмыс істейтін 76 сауда базарында орта есеппен 25-30 мың азамат кәсiпкерлікпен айналысуда. Баршаға мәлім, базарларда «нақты ақша айналымының» көлемі өте жоғары. Оны әкімшілендіру өте қиын және көп уақыт пен жұмыс күшін талап етеді. Сондықтан департамент мамандары базарларды тек жаңа үлгідегі сауда орындары етіп қайта құру арқылы осы келеңсіздіктерді жоюға болады деген ұсынысын айтуда.
Жұмысшылар саны демекші, облыс орталығындағы Халықты жұмыспен қамту орталығындағы қылмыстық әрекеттер, жалған фактілер, салтанатты түрде республикалық деңгейде алаулатып-жалаулатып ашылғанымен артынша жабылып қалып жүрген кәсіпорындар да салық жинау көрсеткішіне кері әсерін тигізуде.
Жалтару мен жымқыру фактілері аз емес
Бүгінгі таңда облыста 207 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істеуде. Олардан өткен жылы мемлекеттік бюджетке 130,3 млрд теңге салықтар мен төлемдер түскен, бұл жалпы түсімнің 43 пайызы. Алдыңғы жылмен салыстырғанда шағын және орта бизнес субъектілерінің түсімдері 9 млрд теңгеге немесе 7,5 пайызға артқан. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарлама аясында мақұлданған жобалардың қатысушыларынан 2017 жылы мемлекеттік бюджетке 17,9 млрд теңге өндіріліпті. Аталмыш бағдарлама аясында жалпы 21 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Ал Индустриаландыру картасы шеңберінде 13 мыңнан астам адам жұмыспен қамтамасыз етілген. Осы мемлекеттік бағдарламаға қатысушылардан өткен жылы 15,5 млрд теңге өндірілген. Дегенмен департамент мамандарының айтуынша, мемлекет тарапынан жасалынып жатқан қолдауға қарамастан, мемлекет қаржысын жымқыру мен салық төлемеу фактілері орын алуда. Мысалы, департаменттің экономикалық тергеу қызметінің мәліметіне қарағанда, соңғы үш жылда ұйымдардың салық төлеуден жалтару фактісі бойынша 367 қылмыстық іс өндірісте болған, мемлекетке 24,8 млрд теңге залал келтірілген. Салық төлеуден жалтарумен қатар, бюджет қаражатын жымқыратын бизнес өкілдері де баршылық. Мысалы, «Г» серіктестігі мемлекеттік сатып алу шеңберінде Шымкент қаласында көп қабатты үш тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін бюджеттен 2,1 млрд теңге қаражат алған. Тергеу барысында, жеңімпаз жалған кәсіпкерлікпен айналысатын мекемелермен 243 млн теңге есеп айырысып, бюджетке 57 млн теңге көлемінде салық төлеуден жалтарғаны, құрылыс барысында 3 млн теңге бюджет қаражатын жымқырғаны анықталған. Аталған деректер бойынша, тиісті шаралар қолданылып, бюджетке келтірілген залал, яғни 60 млн теңге толығымен өндіріліпті. Өкінішке қарай мұндай мысалдар өте көп.
Елбасы Н.Назарбаев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуінде жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі өте өзекті екенін атап өтті. Президент бұл міндетті орындау үшін жоғары оқу орындары, колледждер мен девелоперлік компаниялар мемлекет-жекеменшік әріптестігі қағидасымен жатақхана салуды бастауы керектігін айта келе, 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсырды. Бұл орайда Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев тұрғындар алдында берген есебінде 100 мыңдай студент оқитын облыс орталығында жатақханалар құрылысын қолға алып, студенттер қалашығын салуды ұсынған болатын. Облыс әкімінің айтуынша, бүгінде студенттердің 6 мыңдайы ғана жатақханамен қамтамасыз етілген, шамамен 90 мыңнан астам студент пәтер жалдап тұруда. Әрине, біршамасы туысқандарының үйінде жүріп білім алып жатқан да болар. Яғни ондаған мың студентке пәтерін жалға берушілер салық төлеп жатқан жоқ. Салық мамандарының айтуынша, патентпен жұмыс істесе пәтерін жалға беруші де, жолаушы тасымалдайтын таксист те 1 пайыз ғана салық төлейді, бұл оларға айтарлықтай салмақ емес. Алайда мыңдаған азамат салықтан жалтарып отыр.
Сөзіміздің басында айтқан салық мәдениетінің қаншалықты қалыптасқанын тұтынушылардың қарапайым түбіртекті талап етуінен де аңғаруға болады. Оңтүстікте бақылау-касса машиналары тұрақты жұмыс істейтін сауда орындары көп емес. Ал әр азаматқа берілмеген түбіртек – есептелмеген табыс көзі. Біз тұтынушы ретінде тауарды немесе қызметті сатып алуда ол туралы ойламаймыз, тауар сапасыз болғанда ғана ойымызға келеді. Егер тауарды және қызметті жүзеге асыру орындарында еске салынып отырса, түбіртек талап ету міндетті әдетке айналар ма еді.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы