30 Қараша, 2011

Дамудың қазақстандық жолы рухани құндылықтың өрбуінде

401 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Алматыда Білім және ғылым министрлігінің Философия және саясаттану институтында «Жаһандық әлемдегі дамудың қазақстандық жолы: философиялық-дүниетанымдық және әлеуметтік-саяси мәселелер» деген тақырыпта дөңгелек үстел болып өтті. Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған іс-шарада негізінен алғанда институт ғалымдарының іргелі зерттеулер бағытындағы бағдарламаларының қорытындылары туралы жан-жақты әңгіме болды. Ел тәуелсіздігінің мерейлі мерекесі қарсаңында «Тәуелсіз Қазақстанда адами капиталды қалыптастыру. Әлеуметтік – философиялық сараптама» атты еңбекті дайындап, шығарған қазақстандық ғалымдар адами капитал – елдің болашағын болжайтын мықты құбылыс деп есептейді. Институт ғалымдарының соңғы үш жылдағы іргелі ғылыми ізденістерінің нәтижесіне арналған басқосуда еліміздің экономикасының қарқынды дамуында адами капиталдың алатын орны ауқымды екендігін Философия және саясаттану институтының директоры Мұхтар Изотов көпшілікке жан-жақты айтып өтті. Бүкіләлемдік банктің мәліметтері бойынша, 192 елдің экономикасын зерттеу негізінде оның 55 пайызында экономикалық даму, міне, осы дерекпен анықталатындығы дәлелденді. «Адами капитал» ұғымы ең алғаш рет экономика жөніндегі Нобель сыйлығының лауреаттары – Теодор Шульц және Гэри Беккердің ықпалымен пайда болғандығы ақиқат. Ғалымдардың тұжырымдауынша, тұрмысы төмен адамдардың жағдайының жақсаруы жердің емес, техниканың қарыштап дамуына және олардың күш-жігеріне, анығырақ айтқанда біліміне тәуелді. – Біздің пікірімізше, жоғарыда аты аталған атақты ғалымдардың жасаған теориясы талапқа толықтай сай келеді деп айтуға болмайды. Өйткені, олар бұл мәселеге рухани құндылықтар жағынан емес, тек қана экономикалық жағынан қарағандығы жасырын емес. Адамның ішкі рухани күш-қуатын толықтай ашқанда ғана белгілі бір нәтижеге қол жеткізуге болады. Қазақ халқының ұлы ақындары Абай мен Шәкәрім адамның қалыптасуында, ең алдымен еңбектің, сондай-ақ ар-ожданның, яғни адамгершілік қасиеттердің ауадай қажеттілігін атап айтуы көп нәрседен хабар берсе керек, – деді институт басшысы Мұхтар Изотов өз ойын ортаға салып. Білім және ғылым министрлігінің Философия және саясаттану институтының бір топ ғалымдары Мұхтар Изотовтың жетекшілігімен бүгінгі күннің күн тәртібінде тұрған, осындай маңыздылығы жоғары мәселелер жөніндегі зерттеулерін бұдан үш жыл бұрын бастаған болатын. Бұл орайда, ғалымдар өз зерттеулерінде ХХІ ғасырда еліміздің бәсекеге қабілеттілігін, Қазақстанның менеджмент және басқару жүйесін қолдай отырып адамдардың біліктілігін барлық деңгейде қалыптастырып, арттыратын әдістерді де іздестірудің қажеттілігі мол екендігін атап көрсетеді. Қазақстандық ғалымдардың айтуынша, адам қоғамда шешуші рөл атқаратын, сондай-ақ өнімді еңбек етіп, қоғамға орасан зор пайда тигізетін бірден-бір тұлға. Институт ғалымдары адами капитал төңірегіндегі өздерінің негізгі ұсыныстарын Мәдениет, Білім және ғылым министрліктеріне және өзге де мемлекеттік органдарға жолдады. Сонымен, біздің қоғамның барлық күш-қуаты адами капиталды іс-жүзінде дәйектілікпен жүзеге асыруға бағытталуы тиіс. Ол бүгінгі таңдағы басты әрі қажетті талап екендігі айтпаса да түсінікті. Бақыт БАЛҒАРИНА.