30 Қараша, 2011

Алты айшылық жолды алты-ақ аттап...

436 рет
көрсетілді
27 мин
оқу үшін
«Халықаралық сарапшы­лар қазірдің өзінде Қазақ­станды ең жедел өсіп келе жатқан әлем экономикасы­ның үштігіне қосты. Біздің алдымызда тек Катар мен Қытай ғана тұр». Президентіміздің осы сөз­дерін естіген бойда-ақ қолға қалам алдық... «Нұр Отан» съезінде айтылған бұл сөздер қай-қай­сымызды болса да мерейлендіреді, қанаттандырады, шабыттандырады. Күні ертең Тәуелсіздіктің 20 жылдығын атап өтпекпіз. Дәл ертең, 1 желтоқсанда бүкіл халық болып тұңғыш Президентімізді сайла­ғанымызға 20 жыл толады. Осындайда айтпағанда қайда айтамыз жүрек сөзін? Ең алдымен, бәріміз бағындырған бұл биікке көтерілуіміздің тарихи себебі жөнінде ойланамыз. Қазақ халқы – ойлау жүйесінде эпос­тық сипат бар, кең далада еркін ойлап, қиялмен қырық қабат әлемнің кеңістігін барлаған, жоқты бар етуге, барды кеңей­туге құмар халық екені көпке мәлім. Халықтың осы қиялы мен арманына тұсау түсіп, көз алдынан басқаны көре ал­майтын, еш нәрсені мұрат тұтпайтын замандарға да тап болып көрдік. Текте бар нәрсе жоғалып кетпейді екен. Бүгін халқымыз егемендік алып, өз еркімізге өзіміз ие болған заманда, сол биік арман, қиялдарға жол ашып, «бұзып-жарып, еңсеріп, еркін басып» (Қасым ақын сөзі) келе жатқанымыз мынау. «Алты айшы­лық жолды алты-ақ аттап» өткен Қобы­ланды мен оның Тайбурылының екпіні бізге қайта дарыды. Еркін халық қашан да батыл және өз мүддесі үшін еш нәр­седен бой тартпайды. «Өзімдікі дегенде, өгіз қара күшім бар» деген ғой қазақ. Осын­дай батыл ойлар ұлт әдебиетінде эпостық ойлау жүйесін туғызған. Бүгінгі біздің ісіміз – осы жаңа эпостың үлгісі сияқты. Еліміздің тәуелсіздік алғанының 20 жылдығын атау үстінде бізді осы ойлар билейді. Шынында да, осы қысқа мерзім ішінде Қазақстанның аса биік қарқын­мен дамып, бірқатар дамыған елдердің алдына түсіп жатқаны эпос емес деп кім айта алар. Біз өткен жолға көз жіберіп қарасаң, осыны көресің. 20 жыл ішінде біздің елде тәуелсіз мемлекеттің негізі қаланып, ол бекіп, қарқынды даму жолына түсті. Қазақ­станның Кеңес одағы құрамында карта­дағы шартты сызықпен белгіленген ше­ка­­расы нақтыланып, көрші мемлекеттермен ресми шарт жасастық. Нарықтық даму жолына түсіп, әлем елдерімен қа­рым-қатынас жасай бастадық. Елімізде ашық демократиялық қо­ғам­­ның белгілері дамыды. Халықтың тұр­мыс күйі жақсарды. Ең бастысы – тағ­дыр көп халықтарға Отан болуға жазған елде сол халықтардың ынтымағы мен достығына, бір-біріне сеніміне құрылған мемлекеттік құрылым іске асты. Бұл – біздің ішкі қауіпсіздігімізбен бірге, көрші елдермен қарым-қатына­сымыздың да негізі болып қаланды. Мемлекеттігі орныққан халықтың ойы мен арманы іске аса бастады. Озық елдермен тайталасып, ХХІ ғасырдың талап-тілегіне орайлас болуға, бәсекелес­тікті дамытуға ұмтылудамыз. Жеке бір мемлекеттердің оқшау өмір сүруінің, оңашаланудың заманы әлдеқа­шан өткен. Енді әлемдік қауымдас­тық­тың аңысын аңдамай, соған қосылуға ұмтылмай қалсаң, жұртта қалғаның. Осыны түсінген Қазақстан халықаралық қатынаста болған өзгерістерге, әлемдік дамудың беталысына жіті қарап отыруға үйренді. Ол көп жүйелі, сан салалы мемлекеттік байланыстарға түсті. Көрші мемлекеттермен алыс-берістің жаңа тү­рін бастап, халықаралық бірлестіктерге (ТМД, Европадағы қауіпсіздік пен ын­тымақ­тастық ұйымы, Шанхай ынтымақ­тастығы ұйымы, Ислам Ынтымақ­тас­тығы Ұйымы, Кеден одағы, Бірыңғай экономикалық кеңістік, т.б.) мүше болуда. Мұндай қарым-қатынас Қазақстан үшін дамыған елдердің үлгісін қабыл­дауға, технологиялық даму мен эконо­миканы білікті басқаруға, жаңа құры­лыс­тар мен әлемдік тәртіп жүйесінің ыңғайлы жолдарын игеруге жол ашты. Тарихи 20 жыл ішінде Қазақстан дамудың бұрын ешкім баспаған тың жолын өтті. «Әуелі экономика, сонан соң – саясат» деген Президенттің ұра­нымен біртіндеп бүгінгі күнге лайық демо­кра­тиялық мемлекеттің жаңа моделі жа­салды. Қазақстан басшылығы бұл модельді нарықтық қатынастар негізінде жетілдіріп, дамудың «Қазақстан жолы» деп атады. «Қазақстан жолы» ешбір елдің өткен жолын қайталамай, ұлттық ерекшеліктер негізінде жасалып, әлем­дік тәжірибеге сүйенді. Шаруашылықты жекешелендіру, отандық бизнесті қа­лып­тас­тыру, жер реформасын жүргізу Қазақстанның ұлттық экономикасының негізгі тетіктері саналды. Қазақстанның ұлттық валютасы осы шаралардың негізінде нығайды. Қазақстанның өткен қар­жы дағдарысынан аман шығуы, эко­но­микасын кері кетіріп алмай, нығайта түсуі – осы шаралардың арқасы. Ұлттық экономиканың тірегі болып, көлденең кездесуі мүмкін жағдайларды ескеріп, ұлттық қор құрылды. Мұның бәрі Қазақ­стан экономикасының жаңа жолын, бағытын белгіледі. Жыл сайын әлеумет­тік төлемдер мен бюджеттен еңбек ақы алушылардың жалақысын көтеру, тұр­ғын үй құрылысын ұлғайту, үлескерлер­ге көмектесу, елді индустриялық-ин­нова­циялық, технологиялық даму жо­лына бағыттау, «жол картасы» біртіндеп іске асып жатыр. Бұл – әуелде Президент ұсынған «Қазақстан – 2030» атты страте­гияның кезекпен іске асуы және толық орындалатынының кепілі. Бүгінгі Қазақстан үлкен құрылыс ала­ңына ұқсайды. Ауыл шаруашылығы ең­бек­керлері биыл өмірі болмаған астық өсіріп, қоймаға салды. Республика бойын­ша өнеркәсіп жаңаша қарқын ала дамуда. Батыс Европа – Батыс Қытай күре жолы осы екі аралықты жалғайтын қарым-қаты­настың үлкен көрінісіне айналмақ. Жер астындағы кен байлықты игеруде Қазақ­стан алға шықты. Соңғы мәліметтер бойынша, Қазақстандағы мұнай қоры 35 млрд. тонна деп белгіленсе, газ көлемі 3 трлн. текше метрге жетеді екен. Жылына 90 млн. тонна көмір өндіреді екенбіз. Дү­ниежүзіндегі уран өндірісінің 40% біздің үлесімізге тиесілі. Осыларды ел игілігіне пайдалану үлкен өндірісті ұйымдастыруды талап етуде. Биылдың өзінде республикада 234 жаңа өндіріс орындары ашылды. Қазақстан тарихында бұрын болмаған машина жасау өндірісі іске қосылды. Енді ұшақтар, автокөліктер, трактор шығару, ло­комотивтер, вагон жасау істері өз қо­лымызбен атқарылмақ. Қазақстан темір жолына керек рельс құюды да игердік. Кен орындары ашылып, бұрынғы өндіру қуатын өсірді, кен байыту бірлестіктері қазақстан қажетін толық өтеп, сырт елдерге рудалар беруде. Өскеменнің «Жаңа металлургия» атты бағдарламасы қазір ба­йыту арқылы 16 түрлі металл (цинк, қор­ға­сын, мыс, платина, алтын, күміс, т.б.) ала­ды екен. Осылардың нәтижесінде даму жолына түскен жас мемлекеттер ішінде Қазақстан­ның үшінші орынға ие болуы (Қытай, Катар, Қазақстан) жайдан жай болмаса керек. Қазақстанның 20 жыл ішінде қолжет­кен табыстарын осылай санамалай берсек, ол жетіп артылады. Ішкі саясаты­мызда да, халықаралық байланыста да ол молынан табылады. Алайда осы жолдағы ұлы істерімізге бастамашы болған, хал­қына ой салып, жетекшілік жасаған кім? Әлде олар өздігінен келе салды ма? Мұны ашып айтпай, құр санамалаған табыс дәлелді кө­рінбеуі мүмкін. Осы тұрғыдан келсек, Қазақстанда іске аса бастаған әлемдік про­цестердің заңды жалғас­тығын, оның ішкі мазмұнын түсіну елі­міздің тұңғыш Президенті, Елбасы Нұр­сұл­тан Назарбаевтың есімімен тығыз бай­ла­нысты екенін атап айтуға тиіс боламыз. Елбасының атын атап, еңбегін көрсет­пеген жерде жаңалық көзге түспейді. Елбасы – Қазақстанда іске асқан барлық жаңа­шылдықтың негізгі ұйытқысы, бас­тау­­шысы, іске асырушысы. Оның көре­ген­дігі ел дамуының жолында анық танылады. 1994 жылы Мәскеу университетінде сөйлеген сөзінде Елбасы өз елінің және бұрынғы Кеңес одағының құрамына кірген бүгінгі тәуелсіз мемлекеттердің келешегі Еуразиялық одаққа бірігуде екенін дәлелдеп айтқан еді. Бірақ Кеңестік одақ­тан зәбір көрген өзге елдер оған құлақ аса қойған жоқ. Алайда, содан бергі ТМД елде­рінің қарым-қатынасы, біртіндеп эко­номика саласындағы жақындасу Назарбаев айтқан бағытқа бет түзегені даусыз. ТМД елдерінің экономикалық одағы, Кеден одағы осы жолдағы баспалдақтар бо­латын. Бүгінгі жағдайда Еуразия одағын құру идеясы кеңестен кейінгі дәуірдегі экономикалық байланыстардың, оның қа­лып­тасуы мен дамуының нақты көрінісіне айналып отырғаны жасырын емес. Ол әр республиканың ұлттық дамуына барынша жағдай жасайды, көмектеседі, саяси да­муы­ның да кепілі болып саналады. Бірақ бұл одақ емес, тәуелсіз мемлекеттердің эко­номикалық кеңістікте бірігуі, бір-бі­ріне сенім көрсетуі, сөйтіп, өз елінің ішкі жағдайларын көтеруге ұмтылуы, әлемдік дамудың жаңа жолына түсуі. Мұны күні кеше ғана (18 қарашада) Мәскеуде кездескен Кеден одағын құрған елдер президенттері атап көрсетті. Олар, сөйтіп, бо­лашақ Еуразия одағының құрылуына бір қадам аяқ басты. 2000 жылы «Независимая газе­таның» бас редакторы В.Третьяковке берген сұхбатында осы саясаттың негізгі идея­сын ұсынған Н.Назарбаевтың «Еура­­зиялық көзқарасты ұстану саясатқа құрыл­ған ой емес, тарихтың даму бағы­тын терең түсінуден туған. Бүгінгі әлем­дік даму ин­те­грациялық процестермен тығыз бай­ланысты. Мұндай процестен сырт тұр­ғандар барлық жағынан да артта қалады. Осыны түсінген европалықтар бір-біріне деген ескі өкпесін ұмытып, бірігу принципін қолдады. Мен де осылай бірігуді ұсынам. Мен болашақта Еуразия­лық одақ туралы идеяға қайта оралаты­нымызға сенемін. Қазіргі дәуір – оңашалана дамудың жолы емес, Еуразия кеңістігінде бірігудің басқа жолы жоқ. Өтпелі дәуірге сілтеме жасауға да болмайды. Халықаралық терроризм, діни экстремизм, наркотик тасы­малдау, әлі де шешілмеген басқа да эконо­микалық, әлеуметтік, экологиялық проблемалар – біздің басымыздың бірікпеуінің, істеген ісіміздің өнбеуінің және көреген­ді­гі­міз­дің жетіспеуінің белгісі» – дегені бар еді. Бұл – қазіргі әлемдік дамудың жаңа бағыты туралы ойлану емес, бұл процесс туралы философиялық ой қорыту, кеңес одағынан кейінгі оқшау қалған елдерді дамытудың жаңа жобасы болатын. Дамудың белгілі бір кезеңінде жеке тұл­ғалардың қызметі өркениетке бағыт беретінін, шешуші рөл атқаратынын тарих жоққа шығармайды. Оның ойы мен ісі, ұстанған саясаты уақытты ілгері жылжыта алатынын, өмірді өзгертіп, ескі ұғым-түсініктерді қоқысқа тастайтынын, сөйтіп мүмкіндіктің шекарасын ұлғайта­тынын Назарбаев тәжірибесінен күн са­йын көріп, танып келеміз. Оны әлем мемлекеттері басшыларының көбі-ақ мойын­дап отыр. «Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – халқы мойындаған Ұлттық мемлекет көш­басшысы, әлемдік дәрежедегі саясаткер, өмірлік тәжірибесі көп, бойына туа біткен қуаты мол және жұмыс қабілеті зор адам. Ол өз елінде де, онан тыс жерлерде де аса беделді. Нұрсұлтан Әбішұлының Ресей мен Қазақстанның стратегиялық әріптес­тігінің қаз тұруы мен дамуына қосқан үлесін айтып тауысу мүмкін емес. Оның саяси еркі мен көрегендігінің арқасында біздің елдердің халқы ХХ ғасырдың соңғы кезінде бастан кешкен қиын жағдайда көр­шілік және сенімділік дәстүрін сақтау­мен бірге, дамыта алғанын аса зор баға­лаймын. Бір-бірімізге көмектесе отырып, біз Ресей-Қазақстан арасындағы көп сала­лы байла­нысты ұлғайтып келеміз. Бұл – Еуразия кеңістігіндегі өзара ынтымақтас­тықтың дәлелі болып табылады», деп жазды 2010 жылы Ресей Президенті Д.А.Медведев. Мұндай пікірлерді әр кезде В.Путин де, Дж.Буш та, М.Тэтчер де, Ли Куан Ю де, Ху Цзиньтао да, Жак Ширак та, т.б. айтқан. Н.Назарбаевтың Қазақстан Президенті ретіндегі қызметінде жай ғана ел басқа­рып, оған ие болып отыруы ғана емес, ел ішінен тыс, әлемдік кеңістікке ықпал еткен, көпті дүр сілкіндірген іс-әрекеттер, бастамалар мол. Олардың ішінде Қазақ­стан жерінде ядролық сынақты тоқтату және жою, республика астанасын Алма­ты­дан Ақмолаға көшіру, кезінде шетел асып кеткен қазақтарды елге қайтару сияқ­ты жай ғана айтумен іске аса қой­майтын, үлкен ерлікті, жүректілікті, ұйым­дастыру жұмыстарын қажет ететін шаралар бар. Осының көбі-ақ Нұрсұлтан Әбішұлын ел билігіне араласқан тұстан ойландырып, толғандырып жүрген нәрсе­лер сияқты. Семей полигоны қазақ хал­қына көп қайғы-қасірет алып келген, ұзақ жылдар бойы даламызға өлім отын сеуіп келген нысан болатын. Онда ядролық қарудың мол қоры сақталды. Біз тәуел­сіздік алған тұста әлі де Ресей әскерле­рінің базасы саналған полигонда Н.Назарбаев президенттік құқын пайдаланып, сынақты тоқтатуға Жарлық шығарды да, АҚШ, Ұлыбритания, Ресей басшылық­тары­мен келісе отырып, қаруды жою тура­лы шешім қабылдады. Сөйтіп Қазақ­станды қарусыз елге айналдырды. Бұл шараның дүниежүзі халықтарының ядро­лық қаруға қарсы күресі тарихындағы орны тым үлкен. Мұны Біріккен Ұлттар Ұйы­мының Бас Хатшысы Пан Ги Мун ядро­лық қарудан бас тарта алмай отырған елдерге үлгі етіп ұсынды. Ол Семей поли­гоны жабылған күнді (29 тамыз) «Ядро­лық сынақтарға қарсы іс-қимылдың ха­лық­аралық күні» етіп бекітті. Бұл шара, сонымен қатар, әлем кеңісті­гінен Қазақстанның өзіне лайық орын із­деуінің басы болғаны анық. Ол ЕҚЫҰ төрағалығына жол ашты десе де болады. ЕҚЫҰ-мен қарым-қатынас Қа­зақ­станда демо­кратиялық институт­тардың орнығып, жетілуін қамтамасыз етті. Қазақ­стан ЕҚЫҰ-ның саяси қызметін жетілдіруге, дағдарыстарды реттеуде көп жұмыс атқарды. Қазақстан өткізген ЕҚЫҰ Саммиті 55 мемлекеттің басшы­ларын, 65 мем­лекеттің өкілдерін, БАҚ қызметкер­лерін бір жерге жинап, әлем халықтарын толған­дырған мәселелерді тал­қылады. Астана Декларациясы қабылданды. Н.Назарбаев ұйғарымымен шет елдермен бірлесе жүргізген мұндай шаралар біздің ішкі дамуымызға серпін берді. Ел тәуелсіздігін орнықтырып үлгер­мей, астананы басқа қалаға көшіріп, жаңа қала салу – Н.Назарбаев ерлігінің жаңа бір көрінісі. Бұдан да Президенттің шешімділігін, тәуекелшілдігін көреміз. Ол ойына алғанын істемей тынбайтын адам. Қала­ның жобасы ғана емес, оның әрбір кірпі­ші­нің қалануы – Елбасының таза еңбегі. Ол әлемнің ең таңдаулы архитек­торлары мен құрылысшыларын шақырды. Халық даналығы мен адамзат ойының бұрын-соңғы жаңалықтарын осында әкеп салды. Сөйтіп етек-жеңі жиналмаған ұлы дала­ның кеңдігі аясында, аспанмен талас­қан биік ғимараттар тұрғызылды. Оларда әр елден, әлемнің ең ірі қалаларынан ауысқан ғимараттар табысты. Қаланы қоршаған орман алқабы бір шеті қазақтың кең да­ласымен, екінші беті Сібір орман­дарымен шектесуі көзделген. Бүгінгі Астана – қазақ халқының жарқын болаша­ғын елестететін символдық маңызы бар ұлы қала. Ол әлемнің атақты астаналары­ның қатарына қосылуға дайын тұр. Ғаламдық ғимарат­тар бір Астана емес, Алматыда, облыс орта­лықтарында салы­нып жатыр. Олар да әлеу­меттік-экономи­калық жаңалықтарға толды. Назарбаев іске қосқан айтулы жоба­ның бірі – кезінде, кеңестік режімнің қа­тал тәртібіне ұшырап, тентіреп, шетел асып кеткен отандастарымызды елге қайтаруы. Осы бағдарлама бойынша тәуел­сіздік ал­ғаннан кейін елімізге бір миллионнан артық қазақтар оралды. Олар Моңғолия, Қытай, Ауғанстан, Өзбекстан, Түркімен­стан, Еуропа елдерінен келді. Осылардың бәріне жағдай жасау, үй және тұрмысқа қажетті дүниелерді жинауға көмектесу, ақшадай қаражат бөлу, жұ­мысқа орналас­тыру да өзі жаңа қаз тұра бастаған мемлекетке тым жеңіл емес еді. Соған қарамай, Елбасы «Нұрлы көш» атты бағдарламаны іске қосты, ол әлі жалғасын табуда. Бұл өзінің Отанында азайып қалған халыққа үлкен демеу болды. 20 жыл ішінде Қазақстанның ішкі саясатында да адам айтқысыз жаңалықтар орын алды. Ол республиканы қоныс еткен халықтардың бірлігі мен ынтымағын ны­ғайту, азаматтық бейбіт тіршілікті жалғас­тыру шараларынан, халықтардың бір-бі­ріне деген сенімі мен сыйластығын қалып­тастырудан басталды. Бұл тұрғыда Қазақ­стан халқы Ассамблеясын ерекше атау орынды. Бүгін ол конституциялық статус­қа ие мемлекеттік және азаматтық құры­лымға айналды. Бұрынғы 1 мамыр мейра­мы «Қазақстан халқының бірлігі күні» деп аталды. Кеңес өкіметі тарап, біраз жерлерде халықтар арасында қақтығыс, келісе алмаушылық орын алған тұста, Қазақ­станда осындай шаралардың жүргізілуі тым батыл, ақылды шешілген мәселе болып табылды. Бұл Н.Назар­баевтың тікелей өз ойынан туған дүние. Қазір Ассамблея дүние жүзі мемлекет­терінің, Біріккен Ұлттар Ұйымының назарын аударып отыр. Олар мұны ұлттар арасында бірлік пен ынтымақтастықты дамытудың жаңа моделі деп қабылдауда. Тәуелсіздіктің үлкен бір табысы есебінде қабылдануға лайық ендігі бір шара – қазақ тіліне мемлекеттік тіл есебінде мәртебе берілуі. Бұл – 1995 жылы қабыл­данған Қазақ­стан Конституция­сында атап көрсетілді. 1997 жылы «Қазақстан Рес­пуб­ли­касындағы тілдер туралы» заң қабыл­данды. Ұзақ жылдар қазақ тілінің қолда­нылу аясы әлсіреп кеткен қоғамда бұл мәселенің бірден шешіле қоюы оңай да емес еді. Соған қарамай, қазақ тілі шын мағынасында мемлекеттік тіл болуға бет түзеді. Қазақстан халқының ішінде қазақ­тар ең көп орынға шықты. Мұның ұлт тілін мемлекеттік дәре­жеге көтере алатыны даусыз. Ішкі саясаттағы тәуелсіздігімізді баянды еткен оқиғалардың қатарында Қа­зақс­танның мемлекеттік туын бекіту, Қазақстан Республикасының мемлекеттік елтаңбасы мен әнұранын қабылдау туралы іс-шаралардың өзіндік орны бар. Бұлар Қазақстан азаматтарының отан­шыл­дық сезімін арттыруға, қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға зор көмек болғаны күмән тудырмайды. Бүгін Қазақстан мәдениеті кең көлемді даму жолына шығып отыр. Қоғам алмасуы жағдайында күйреп қалған білім, ғылым жүйесі, денсаулық сақтау, мәдени ошақ­тар, шығармашылық одақтар бүгін қайта жанданды. Президент 2000 жылды «Мәде­ниетті қолдау жылы» деп атады да, Қазақ­стан мәдениетін көтеру шараларын бас­тады. Мемлекет сол жылдың өзінде бұл іске үлкен қозғалыс берді, кейін жыл сайын көлемді қаржы бөліп отырды. Елбасы Қазақстан мәдениетін жеке бір елдің мәдениеті есебінде емес, Батыс пен Шы­ғысты жалғастырған үлкен мәдени көпір есебінде бағалап, оның дамуына ерекше қамқорлық жасады. 2004 жылы қабыл­данған атақты «Мәдени мұра» бағдар­ламасы Елбасының өз бастама­шы­лы­ғы­мен туды да, атқарылып жатқан шара­лардың көлемі жағынан әлемдік сенсация болып табылды. Иә, сенсация. Өйт­кені, дәл мұндай ауқымды бағдар­лама әлемде жоқ. С.Абдрахманов ана жылы маған мынандай әңгіме айтып еді. Ақ­парат министрі қызметінде АҚШ-тың сол кездегі елшісі Э.Джонсты қабыл­дапты. Министрлік атқарып жатқан жұ­мыстарды айта келіп, «Мәдени мұра» бағдарламасының мәніне байланысты: «Қазақ фольклоры­ның жүз томдығын шығару жоспарланып отыр», депті. Ел­шінің аудармашысы министр том санын жаңылыс айтқан болар деп ойлап, ол сөзді «он томдық» деп аударыпты. Кездесуге қатысып отырған министрлік қыз­меткері сыпайы түрде ағылшын­шалап, «он том емес, жүз том» деп түзе­теді. Сонда елші ханым хатты таңдан­ғанын қайта-қайта айтумен болды, дейтін Сауытбек бауырым. Көрдіңіз бе?! Бұл іске кірісерде Елбасы ұсынысы­мен мәдени-қоғамдық мәселелерге көңіл аударту мақсатында әрбір жыл нақты тақырыптарға арналды. Тарих жылы, Ақтаңдақтар жылы, Ұлттық татулық пен қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы, т.б. шаралар осылай туды. Тәуел­сіздік алғаннан бері жаңа таным негізінде басылып келе жатқан 100 томдық «Бабалар сөзі» атты фольклорлық шы­ғар­малар жинағы, «Әдеби жәдігер­лер», «Әлемдік философиялық мұра», «Әлем­дік фольклористика», «Әлемдік әдебиеттану», «Әлем­­дік өнертану» сияқ­ты көп томдық жи­нақтар мен «Қазақстан тари­хы», «Қа­зақ халқының философиялық мұрасы», «Қа­зақ әде­биетінің тарихы», «Қазақ өнерінің та­рихы» сияқты зерт­теу­лер жа­рыққа шық­ты. «Қазақтың 1000 дәстүрлі күй­лері», «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні» сияқты жинақтар басылды. Ұлттық мәде­ни мұра мен оған қатысты әлемдік әде­биеттің бұл сияқты үлгіле­­рінің жинақ­талып оқыр­манға жол табуы осы көлемде бүкіл дүние тарихында бірінші рет Қазақстанда іске асуы қазір әлем елдерін таңқалдырып отыр. Осы үлкен істің бас­та­машысы да, оның орын­далуын қадаға­лап, жүріп жатқан істі қозғаушы да Елбасы. Елдің болашағы жас ұрпақ екенін ескере отырып, 1993 жылы Президент жаңа Қа­зақстан құратын мамандарды шетелдің алдыңғы қатарлы оқу орындарында да­йындап алу үшін «Болашақ» бағдар­ламасын жасауды ұсынды. Содан бері бұл бағ­дарлама бойынша Қазақстанға 3338 маман оралып, шаруашылықтың сан сала­сында еңбектеніп жүр екен. Би­ылдан бастап, «Болашақ» жоғары білімі бар кадр­ларды білімін жетілдіру курс­тарынан өткізіп алу үшін пайдаланатын болды да, жоғары білімді жергілікті оқу орында­рынан алу ұсы­нылды. Дүние­жүзілік бі­лім­нің биік үлгісін таныта алатын Ас­танадағы Назарбаев Университеті шет елдердің алдыңғы қатарлы уни­верси­теттерінің үл­гісі­мен құрылды. Қа­зақстан­ның басқа да оқу орындарында білім сапасын көтеру, ғылыми универ­ситет­тердің қатарын ке­ңейту қолға алынды. Соңғы он жылда білім саласын қаржы­ландыру 7,5 есеге өсті. Алдағы жылда білім мен ғылым­ға 900 млрд. теңге бөлу қарастырылып отыр. ЮНЕСКО 2011 жыл­ғы бағдарламасында Қазақстан­ның 129 мемлекет ішінде алғаш­қы төрттің қатарына кіргені көрсетіліпті. Мұның бәрі Н.Назарбаев айтқан «адамзат биігін білекпен емес, біліммен бағын­дыру зама­ны туғанын» түсініп, сол бағытта қар­қын­ды жұмыс атқарғаны­мыздың нәтижесі. Ойланып қарасақ, өткен 20 жылдың әрқайсысы тәуелсіз жас ел үшін бір ғасырға тең жұмыс атқарыпты. Әр жыл­дың өз жүгі болса да, олар тұтасып келіп Қазақстанды биікке көтеретін алып ең­бектің нәтижесін көрсетеді. Экономи­каны көтерудің, халық­тың тұрмыс-күйін жақ­сартудың, қоғамды демократия­лан­ды­­рудың қағидаттары елімізде саяси әлеу­меттік, қоғамдық қатынас­тардың жаңа түрін туғызды. Ел жаңарды, елмен бірге адам өзгерді, мемлекеттік және жеке меншік ұйымдардың қызметі тұрақ­тады. Қазақ­станда іске асқан өзгеріс­тердің бар­лығы Елбасының бастауымен жүрді де, жал­пыхалықтық қолдауға ие болды. Президент шешімінің орнықты­лығы оның көреген саясатынан туындады. Біздің Президентіміз – өз адамымыз. Көз тартар тұлғасы да, алымды ойы да бар, пікірі ашық, алды-артын барлай ала­тын көреген де көсем, қазақы қонақ­жай мінезді, рухы жоғары, ойлағанын іске асыра алатын тегеурінді тұлға. Ұзаққа баратын елге мұндай сенімді басшы керек. Нұрекеңмен біздің жолымыз ашық. Оны­мен бірге еліміз осы қарқынмен, «алты айшылық жолды алты-ақ аттауға» дайын. Соңғы айтарым мынау. Қазақта: «Жақ­сының жақсылығын айт, нұры тасысын», деген сөз бар. Тәлімді, өмірге сабақ бола­тын сөз. Біз Елбасының еңбегі жайлы айт­қанмен, оған лайық марапат ұсынуды ойға алмаймыз. Қазақстан Президентінің еліне сіңірген еңбегі – біздің қай-қай­сымыздан да артық. Қатардағы еңбек­қорлар ішінен Қаһар­ман да, Еңбек Ері де шығып жатыр. Ал еңбегі бәрінен артық адамның ауызға алынбауы – әділдік емес. Әсіресе мы­нандай торқалы той тұ­сында! Еліміздің Тәуел­сіздік алуының 20 жыл­дығында Елба­сының халық алдын­­дағы еңбегіне баға беру – бәріміздің боры­шымыз. Нұрсұлтан Әбішұлы қан­дай да болсын биік марапатқа лайық екені анық. Мереке құтты болсын, ағайын! Серік ҚИРАБАЕВ, Ұлттық Ғылым академиясының академигі. Алматы.