30 Қараша, 2011

«Қазақстанның Эльдорадосы» атанған Ақбақай алтыны

539 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Алтын алмастың» алғашқы өнімі

Мойынқұм ауданындағы Ақбақай кен орнындағы «Алтын алмас» фабрикасы» ком­паниясы салтанатты жағдайда іске қо­сыл­ғалы бері бірер айдың жүзі болды. Жо­баның басталуына «телекөпір» арқылы Мемлекет басшысы сәт сапар тіледі. Өйткені, өткен жылдың қыркүйегінде облысқа келген сапарында Елбасы Нұ­р­сұлтан Назарбаев Ақбақайдан салынатын жаңа алтын шығару фабрикасының құры­лыс жобасын мақұлдаған болатын. Ал біз бұл заманауи жобаны 9 айда аяқтадық. Жобаның құны 100 миллион АҚШ дол­ларын құрады. Бұл қыруар қаржының 55 миллионы – фабриканы модерни­зация­лауға және 50 миллионы – кен орнын ашу мен өңдеу жұмыстарына жұмсалды. Жоба­ны қаржыландыруға тәуекел еткен Еура­зиялық банкке алғысымыз шексіз. «Ақбақай кластері» деп аталатын шикізат базасының алдын ала жасалған құны 100 тоннаға жуық «асыл темірден» тұрады. Бұл кенді аймақта «Ақбақаймен» бірге «Светинское», «Бескемпір» және «Карьерное» деп аталатын кен орындары да қатар ор­наласқан. Кәсіпорынды қайта түлету осы кен орындарын игеру үшін эконо­мика­лық және инфрақұрылымдық тірек болып табылмақ. Сондықтан, атал­мыш компания Думан-Шуақ кен орны­ның байлығын игеру құқын қолға алуға да талпыныс жасауда. Бұрынғы комбинаттың инемен құдық қазған­дай тірлігіне қарағанда қайта түле­ген зауыттан жаңа серпілісті анық байқауға болады. Мысалы, бұрын бір жылда 240 тонна шикізат өңделсе, қазір оның орнына 1 миллион тонна шикізат өңделуде. Қал­дық та аз. Нәтижесінде жылына 2,8-3 тонна алтын өндіруге толық негіз бар. Зауыттың зәру құрал-жабдықтары осы салаға ертеден бейімделген Ресей мен Оңтүстік Африка елдерінен алынған. Шахта жұмысына Канада еліндегі алтын ке­ніш­терінде қолданылатын бұрғылау машина­сы жегілген. Бұл – алтын өндірудегі ең соңғы әлемдік әдістер. Зауыттағы жаңа техно­логия­ның арқасында, айталық, ме­таллур­гия­лық өнім дайындаудағы аса жо­ға­ры бөлістер жасалып, бұрын шығары­лып келген флотоконцентраттардың орнына ендігі кезекте өте сапалы Доре кесекті ал­ты­ны шығарыла бастаған.

Дияр ҚАНАШЕВ, «Алтын алмас» АҚ-тың басқарма бастығы.

Дерек пен дәйек Кен орны негізі 5 тік құлайтын (Бас­ты, Түкен, т. б.) және 9 көлбеу жатқан желілерден тұрады. Желі­лер­дің ұзындығы 250 метрден 600 метрге дейін қалыңдығы 1,5 сантиметрен 2 метрге жетеді. * * * Мойынқұм өңіріндегі алтын өнді­ре­тін ірі кен орнына өнер десе ішкен асын жерге қоятын ұлтжанды геолог Д. Дүйсенбеков 1968 жылы «Ақ­ба­қай» деген халық әнінің атын қойыпты. * * * Кентас 900-1300 метр тереңдікке дейін таралған. Кен түзілу процесі габбропорфирит және ашафит дай­қа­лары жыныстарды жарып шық­қан­нан кейін, алтын сүрмелі минералданумен аяқталған. * * * Кен Қызылжар интрузивті кешені­нің ішінде және девон жанартау тастекті шөгінді жыныстарының бойында қалыптасқан. * * * Кен орнында алтынның 4 түрі кездеседі: 1) арсенопирит минералы бойындағы ұнтақ диспересті алтын; 2) кварцтағы сеппе, ұя, желі түрінде шоғырланған бос алтын (өлшемдері 0,01-0,1мм.-ден бірнеше мм.-ге дейін); 3) кварц-карбонатты желілердегі түйіршік және қабыршақ түріндегі алтын; 4) гипергендік процеспен бай­ланысты қабыршақты және дендритті алтын.   Алтынның орташа мөлшері жер бетінде жақын аралықта аса жоғары – 60 – 109г/т, ал 500-600 м. тереңдікте 7-10 г/т-ға дейін төмендейді дейді энциклопедия мәліметі. * * * Ақбақай кластері шикізат базасының алдын-ала жасалған бағасы 100 тоннаға жуық асыл металдан тұрады. * * * Аймақта Ақбақай, Светинское, Бескемпір, Карьерное кен орындары орналасқан. * * * Қазақстан аймақтарында негізгі алтын кенішін қайта түлету келешекте жергілікті кен орындарының өнімділігін 10 есеге дейін арттыруға мүмкіндік береді. Кәсіп­орын жыл сайын 2,8 тонна алтын шы­ғаруға жағдай жасайды. * * * Жоба мемлекеттік үдемелі индус­трия­лық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде 2011 жылдың алғашқы жар­ты­­жылдығында жүзеге асырылған үш жоба­ның бірі. * * * «Алтыналмас» зауыты өңір эконо­мика­сын дамытуға қомақты үлес қосып, облыс бюджетіне жыл сайын 15 млн. АҚШ долларына жуық кіріс әкеледі дейді мамандар.   Кенттің ажары ашылып келеді Ақбақай кентінде әлеуметтік түйінді мә­селелер де оң шешімін таба бастады. Кен­шілер көмегінің арқасында ауыл оқу­шылары бүгінде жаңа мектепте білім алуда. Мектеп жанынан спортқа құштар оқу­шы­лар үшін бокс секциясы ашылған. Ал ауыл тұрғындары үшін монша салынып, тәртіп сақшыларының мекемесі күрделі жөндеуден өткізілген. Зауыт жұмысшыларының қатары аудан тұрғындарымен толығып келеді. Кеніште бүгінде 450 жаңа жұмыс орны ашылған. «Сарыбұлақ-2» жер асты су көзінен 75 километрлік су құбыры тартылуда. Бұл құ­ры­лыс жұмысы жыл аяғына дейін аяқта­лып, алдағы уақытта ауыл тұрғындары мен зауыт жұмысшылары қажетті таза ауыз сумен толықтай қамтамасыз етілетін болмақ. Әбдіғали ӘБДІРАЗАҚОВ, Ақбақай кенттік округінің әкімі.   Бір жылда 3 тонна алтын! Біздің фабриканың жұмыс­шы­­лары өткен айда 90 килограмм өнім шығарды. Ал жы­лы­на 3 тонна алтын өндіреміз. Бұл жаңа жоба бойынша қол жеткен жетістік. «Алмақтың да салмағы бар» дейді халық. Фабрикамыз жы­лына 3 миллиард теңге көле­мін­де салық төлейді. Фабрикадағы орташа айлық 90 мың теңгені құрайды. Жұ­мысшылардың 258-і жергілікті тұрғындар. Жұмысшылардың бар­лығына арнайы киім мен та­мақ тегін беріледі. Ақбақай кенті тұрғындары ішетін таза ауыз суды кәсіп­орын сатып алып береді. Бүгін­де кентті абаттандыру жұмыс­тары қолға алынып, түрлі мә­дени іс-шаралар жиі ұйым­дас­тырылуда. Надежда ШАДРИНА, аппаратшы.   Айқарма бетті дайындаған «Егемен Қазақстан» газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.