30 Қараша, 2011

2010

378 рет
көрсетілді
27 мин
оқу үшін
2009 – Сиыр жылы да тәуелсіз Қазақ елі үшін елеулі оқиғаларға толы жыл болды. Отанымыз әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыстың аяқтан шалған қиямпұрыс қиындықтарына қарамастан, әлеуметтік-экономикалық бағыттардағы алдына қойған межелеріне абыроймен қол жеткізіп, болашағына батыл қадамын жалғастырды. Еліміз халқының келешегі кемел екеніне сенімі арта түсті. Сөйтіп, 2010 – Барыс жылы табалдырықтан аттады. Осы бір бекзат аң мемлекетімізді өркендеуіміздің қалыптасқан арнасымен ілгері жетеледі. Жол бастаушылық қабілет-қарымымызды төрткүл дүние таныған деңгейге көтерілдік. Барыс шын мәнінде Қазақстан тарихында алтын әріппен жазылған жылға айналды. 2010 жылдың Қазақстан үшін айрықша жыл болатын жөні бар. Үлгі етіп ұсынған жаңашыл идеяларымыз бен іс-қимылдарымыздың халық­ара­лық қоғамдастық тарапынан танылып, оң ба­ғаланғанының жарқын бір көрінісі – туған Отанымыз табалдырықтан енді ғана аттаған 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ын­ты­мақтастық ұйымына мүше 56 елдің қолдауымен аталған беделі биік халықаралық құрылымға төрағалығын бастады. Қазақстан Республикасы ЕҚЫҰ-ға бұрынғы Кеңес Одағы респуб­ли­каларынан, Орталық Азия мемлекеттерінен және тұтас мұсылман әлеміндегі елдердің арасынан топ жарып, төрағалық миссиясын қолына алды. Мұның мақтануға да, қуануға да тұрарлық үлкен оқиға болғаны еш күмәнсіз. 14 қаңтарда Қазақстан ЕҚЫҰ-дағы төраға­лығына ресми кірісті. Ұйымның штаб-пәтері орналасқан Австрияның астанасы – Вена қа­ла­сында ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің Қазақстан Республикасының Ұйым төрағалығына кірісуіне арналған инаугурациялық мәжілісі өткізілді. Қазақстан Республикасының ЕҚЫҰ-ның төр­аға­лық қызметіне кірісуіне орай Президент Нұр­сұлтан Назарбаевтың бейнеүндеуі жария етілді. «Еуропадағы қауіпсіздік және ынты­мақ­тас­тық ұйымындағы төрағалықтың мәртебелі миссиясын Қазақстан аса зор жауапкершілік сезімімен қабылдайды. Біздің еліміз төрағалықты қазіргі заман тарихының аса күрделі бір кезеңінде қолына алып отыр», деп басталады Елбасының бейнеүндеуі. Одан әрі Қазақстан басшысы жаппай қы­рып-жою қаруын таратпау режімінің дағдаруы, лаңкестік, гуманитарлық және экологиялық апаттар, аштық, кедейшілік, түрлі эпидемиялар, энер­гетика ресурстарының азаюы, ұлтаралық және дінаралық қақтығыстар – бүгінгі адамзат өркениеті душар болып отырған қатерлер екенін атап көрсетті. Бұлармен күрес жүргізу ЕҚЫҰ сияқты қызмет аясы көп қырлы және беделді институттардың бар күш-жігерін жұм­сау­ын қажет ететініне назар аударды. Әлемдік ахуал­дың Ұйымға төрағалық етуші ел ретінде Қазақстанның алдында тұрған сынақты күр­делендіре түсетінін де көлденең тартты. Алайда, деді Президент, бүгінде ЕҚЫҰ алдындағы шешілуі тиіс ең өзекті түйткілді өзектер біздің еліміздің сыртқы саясатының күн тәртібінде әрдайым орын алуда. Мемлекет басшысы Қазақстанның өз тәуел­сіздігін алған сәттен бастап өңірлік және жа­һан­дық қауіпсіздікті нығайтуға нақты үлесін қо­сып келе жатқанын айта келіп, еліміздің бір­қатар бастамалары туралы баяндады. Және бү­гінгі таңда демократиялық қоғам орнату біздің халқымыздың саналы таңдауы болып табыла­ты­нын атап өтті. ЕҚЫҰ төрағалығының елімізде тек сыртқы саяси табыс қана емес, жалпы­ұлттық ауқымдағы құндылық ретінде қабыл­данғанына екпін түсірді. Ұйымда қалыптасқан дәстүрге сәйкес, Қазақстанның төрағалық ететін елдің мазмұнды бірізденуін білдіретін Іс басындағы төрағалық ұранын жария етті. Сөйтіп, Қазақстандық төрағалықтың ұраны төрт «Т» – «траст» (сенім), «традишн» (дәстүр), «транспаренси» (ашықтық) және «толеранс» (төзімділік) болатынын атады. Енді осыларға қысқаша түсінік бере кетсек, біріншісі – бір-бірімізге деген бізге аса қажетті сенімді білдіреді, деді Президент. Екіншісі – ЕҚЫҰ-ның негізгі қағидаттары мен құндылық­тарынан тұрады. Үшіншісі – халықаралық қа­рым-қатынастарда «қосарланған стандарт» пен «жіктеу шектерінен» азат, барынша ашықтық пен транспаренттік. Қауіпсіздікке төнетін қа­тер­лерді еңсеруде сындарлы ынтымақтастыққа ұмтылу. Ал төртіншісі – бүгінгі әлемде барған сайын маңызы артып отырған мәдениеттер және өркениеттер арасындағы үнқатысуды нығайту жөніндегі жаһандық трендтің көрініс табуы. Қазақстан басшысы осылайша біздің еліміз ЕҚЫҰ-ны оның ауқымындағы барша халықтар үшін демократияның, тұрақтылық пен өркен­деудің біртұтас кеңістігі ретінде қарастыра­тынын қаперге салды. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы әлемде қалыптасқан «созылмалы сырқаттардың» одан әрі тереңдеуіне жол бермей, мүмкін болса, оны жеңілдетуге ұмтылысымен де ерекшеленді. Мәселен, Іс басындағы төраға, Қазақстан Рес­пуб­ликасының Мемлекеттік хатшысы – Сырт­қы істер министрі Қанат Саудабаев осы мақ­сатта Армения мен Әзербайжан мемлекеттерінде болып қайтты. Сапар барысында көршілес екі мемлекет – Армения мен Әзербайжан ара­сындағы Таулы Қарабақ проблемасын реттеуге ықпал етуге ұмтылыс танытылды. Астана Саммиті күндерінде екі ел президенттері қол қойған бірлескен мәлімдеменің қабылдануы төр­аға мемлекеттің осы қиын түйінді тарқату жолындағы игілікті ісінің, сауапты шаруа­сының келісті көрінісі болды. Қанат Саудабаев Шығыс Еуропадағы үш мемлекет – Беларусь, Украина және Молдова республикаларына да сапар шекті. Мұндағы ең өзекті проблема 20 жыл бойына танылмаған, танылуы да тиіс еместей көрінетін Приднестровье Молдавия республикасының құқықтық мәртебесі екенін айтуымыз керек. ЕҚЫҰ-ның үнемі назарындағы ұзаққа созылған кикіл­жің­дер ошағы КСРО-ның шекпенінен шыққан ел­дердің шеңберінде көбірек болған соң, Қа­зақ­станның өзге төрағаларға қарағанда мәселені ұғынуы, ішкі жағдайды жетігірек бағамдауы алдыңғы кезектен орын алғаны анық. Қазақстан төрағалығымен тұспа-тұс келген үлкен оқиғалардың бірі – Қырғызстан оқиғасы болды. Төсекте басы, төскейде малы қосылған қырғыз ағайындардағы ахуалға ең алғаш болып алаңдаушылық білдірген де Қазақстан, оның Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев еді. Мы­салы, Елбасы «Евроньюс» телеарнасына берген сұхбатында туысқан елде тағы да тұрақсыздық орнап, азаматтардың қаны төгілгеніне өкініш білдірді. Қазақстанның ЕҚЫҰ Төрағасы ретінде республика Парламенті Мәжі­лі­сі­нің вице-спикері Ж.Кәрібжановты Қыр­ғыз­стан бойынша арнаулы өкіл етіп тағайындағанын мәлімдеді. Тұ­рақ­тылық жоқ болса, ештеңе де бола алмайтынын айта келіп, саясатпен, баррикадалармен айналыспау керек екеніне назар аударды. Қазақстан бас­шысының атап көрсеткеніндей, алдымен халықты тойындыратын, оған жұмыс беретін нәрселермен ай­налысу керек. «Осындай келеңсіздік салдарынан бүгінде Қырғызстан ха­л­қының жар­тысынан астамы кедейшілік деңгейі­нен төмен жағдайда тұрады. Жұмыссыздық өте көп. Ал, керісінше, Қазақстан Тәуелсіздік жыл­дарының бар­лық кезеңдерінде бейбіт өмірдің рақатын көріп отыр. Бұл даму мүмкіндігі де болып табылады», деді Мемлекет басшысы. Елбасы Қырғызстандағы оқиғаға байланысты БАҚ-қа мәлімдеме де жасады. Бұл мәлімдеменің негізгі ұстанымы ынтымақ кеткен жерде ырыс тұрмайдыға сайды. Және де Н.Назарбаев қазіргі Төраға ретінде Қазақстан ЕҚЫҰ-ның әлеуетін Қырғызстанның бейбіт дамуына көмектесуге, эко­номикасының тұрақтануына бұруға ұмты­латынын жеткізді. Түйіп айтқанда, Қазақстанның тікелей арала­суы­мен Қырғызстанда азамат соғысына жол берілмегені еліміздің Ұйымға төраға ретінде жүк­телген міндетін абыроймен атқарғанын айғақ­та­ды және бауырлас елге деген жанашырлық көз­қарасын айқын танытты. Бұл еліміздің Қыр­ғыз­станға 50 миллион доллардың көмегін көрсеткен қадамынан да анық көрінді. Ал ЕҚЫҰ-ның Бішкектегі орталығының басшысы Эндрю Тезорьер Қазақстанның Ұйымға 2010 жылғы төрағалығы Қырғызстандағы саяси және этностық тәртіп­сіздіктер салдарынан туындаған проблемаларды шешу үшін «Көк Тәңірі жіберген» төрағалық болды деп мәлімдеді. Қысқасы, Қазақстан төрағалығы Қырғызстанды құздан құлатпады. ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, еліміздің Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев төрағалық жылында ұзақ уақыттан бері тұрақсыздықтың орталығына айналып келе жатқан Ауғанстанға да екі мәрте сапар жасады. Сапарлар мақсаты ЕҚЫҰ аясында Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруға ықпал ету болды. Әрине, Ұйым Төрағасы ретінде Қазақстан қасіреті мол аталған ел үшін қолынан келгенінің бәрін жасады. Қазіргі кезде еліміздің қаражаты есебінен 1 мың ауғанстандық студент Отанымыздағы жоғары оқу орындарында кезең-кезеңімен білім алуларын бастады. Жыл ортасы ауа бере Қазақстан үшін тағы бір жарқын жаңалық жария етілді. Мұны төраға­лықтың тамаша табысы деп әспеттесек жарасым­ды шығары сөзсіз. Бұл жаңалықты жұртшылыққа «Егемен Қазақстан» газеті де сүйіншілей жеткізді: «Еліміздің Еуропадағы төбебилігі тамаша та­бысқа жеткізді – ЕҚЫҰ-ның жаңа мыңжыл­дықтағы, ХХІ ғасырдағы алғашқы саммиті Қа­зақ­стан төрағалығы тұсында өтетін болып шешілді», деп жар салды. Иә, мұндай ел мерейін тасытатын шешім шілде айының ортасында ұйымдастырылған ЕҚЫҰ-ға мүше елдер Сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуінде шығарылған болатын. Ұйымға мүше елдердің Сыртқы істер министрлеріне Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев та арнайы сөз арнап, өзінің шынайы ризашылығын білдірді. Бірақ әзірше саммит уақыты нақты белгіленбеген еді. Оны 3 тамызда ЕҚЫҰ-ға мүше елдер Сыртқы істер министрлерінің кеңесі белгілеп беруі тиіс болатын және белгілеп берді де. Кейінірек, нақтырақ айтқанда, 5 тамыз күні ЕҚЫҰ саммитін 1-2 желтоқсан күндері Астанада өткізу туралы шешімнің қабылдануына байла­нысты Президент Нұрсұлтан Назарбаев арнайы мәлімдеме жасады. «Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына қатысушы мем­ле­кеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесі 3 та­мызда тарихи шешім қабылдады, деді өз мә­лімдемесінде Н.Назарбаев. Мүше елдердің ортақ ұйғарымы бойынша 1-2 желтоқсан күндері Астанада мәртебелі Ұйымның Саммиті өтеді. Бұл тарихи шешім – қазақстандық толайым табыс­тар­дың абыройлы айғағы! Бүгінде Қа­зақ­стан ғаламдық қауіпсіздіктің ұй­ыт­қысына, татулық пен тұрақ­ты­лықтың кепіліне, бейбітшіліктің берекелі белдеуіне айналды. Төрткүл дүниеге төрелік айтқан Қазақ елі Азия және ТМД мемлекеттері ара­сы­нан алғаш болып беделді Ұйымның Саммитін өткізеді. Қазақ елі бұрын-соңды мұндай биіктікке жеткен емес». Беделді Ұйымның алқалы жиы­ны өтпегелі 11 жыл болатын. Сон­дықтан қазіргідей күрделі кезеңде бәтуалы басқосу ұйымдастыру Қа­зақ­стан ғана емес, Ұйым үшін де аса маңызды оқиға болып табылғанымен кім-кімнің де келісетіні күмәнсіз. Қабылданған шешім Қазақстан халқының Тәуелсіздік жылдары ішінде қол жеткізген табыстарына халықаралық қоғамдастық­тың жоғары құрметінің белгісі болып табылғаны да анық. Және де еліміздің ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы қызметіндегі күш-жігеріне кең ауқымды қолдау болғаны да дау туғызбайды. Ең соңында, аталған шешім еліміздің бағыт-бағдары мен ұстанған жолының дұрыс екенін кезекті мәрте дәлелдеп берді. Сонымен қатар, мәр­те­белі Ұйымның Саммитін өткізу Қазақстанға абы­ройлы міндет пен ерекше жауапкершілік жүктеді. Сонымен, жыл соңына таман, дәлірек айтқанда, желтоқсанның 1-2-сі күндері Астанада ЕҚЫҰ-ның Саммиті өтіп, ол бүкіл әлем назарын Қазақстанға аударды. Отанымыздың төбебилігі жағдайында жаһандық мәселелерді талқылап шешуге жиналған Ұйымға мүше мемлекеттер және үкіметтер басшылары, басқа да жоғары лауазым иелері өз миссияларының жауапкершіліктерін толық түсіне алды. 2 желтоқсан күні тым кеш бол­са да (сағат түнгі 1-ді көрсеткен еді), кейбір созылмалы кикілжіңдерге байланысты пікір қайшылықтарына қарамастан, Саммит жаңа мыңжылдықтағы, жаңа ғасырдағы өзінің алғаш­қы декларациясын – Астана Декларациясын қабылдады. Белсенді іс-әрекетімен Қазақстан жарым-жартылай ұйқыға кеткен Ұйым тамырына қан жүгіртіп, ден қойса, көп мәселені шешуге қауқарлы халықаралық құрылым екенін айғақтап берді. Тұтастай алғанда, Қазақстан төрағалығы дүниенің төрт тарабының да нағыз таңданысын туғызды деуге толық құқылымыз. Қазақстан Президенті 2010 жылғы халыққа Жолдауын әдеттегіден ертерек жария етті. Оның да өзіндік себебі бар еді. 29 қаңтардағы «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақ­стан­ның жаңа мүмкіндіктері» Жолдауы «Қазақ­стан-2030» Стратегиясының алдағы онжыл­ды­ғы­на арналды. «Менің басты мақсатым – еліміздің алдағы онжылдықтағы экономикалық өрлеуін қамтамасыз етіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашу. Бүгінгі Жолдауым осыған арналған. «Қазақ­стан-2030 Стратегиясын орындай отырып, біз алғашқы онжылдыққа бағдарлама жасап, оны тәмамдадық. Ендігі мақсат – осы Стратегияның келесі онжылдығына қарай қадам жасау», деді Президент өз Жолдауының беташарында. Қазақстан Стратегияның алғашқы онжыл­дығы үдесінен артығымен шыққаны белгілі. Осы онжылдықта да ойдағымыз орындалатынына сенімділігімізді Отанымыздың жаһанды алаңдат­қан қаржы-экономикалық дағдарысты көп қиындықсыз еңсергені арттыра түсті. «Өзімнің сіздерге арнаған сөзімді аяқтай келе, былай дегім келеді: біз бірлесіп Қазақстанды табысқа жетуші жасай алдық және бірлесіп оны өркендеуші жасай аламыз. Қымбатты менің отан­дастарым! Халқымызда «ынтымақты елде бақ тұрар» деген дана сөз бар. Біз қазығы берік, мемлекеттігі бекем, төрт құбыласы сай Қазақ елінің айбынын асырып, атағын әлемге әйгіледік. Біз толайым табыстарға қол жеткізіп, биік белестерді бағындырдық, алайда алар асуымыз әлі де алда...». «Біз болашағымыздың жарқын болғанын көр­гіміз келеді. Олай болса, осы іске жеңді түріп, кі­рісуіміз керек», деді Президент Жолдаудағы ба­сымдықтар туралы нақты міндеттер жүктей келе. Қорыта айтқанда, Жолдау көпшілік көкейін­дегі көп мәселені қозғады. Бәрінің де маңызы жоғары. Сол бойынша еңбек ету еліміздің абы­ройын асыра беруге басты алғышарт болатыны тағы анық. Демек, алдағы онжылдықта да ойдағымыз орындалатынына еш күмән жоқ. 2010 жылы Мемлекет басшысы міндеттеген елді жедел индустрияландырудың бесжылдық жоспары бастау алғанын да айта кетейік. Эко­номикамызды серпінді индустрияландырудың бесжылдық жоспарын үйлестіру міндеті Индустрия және сауда министрлігіне жүктелген. Сөй­тіп, индустрияландыру бесжылдығының алғаш­қы жылының өзінде елімізде жалпы құны 800 миллиард теңге болатын 152 ірі индустриялық-инновациялық жобалар іске қосылды. Осы мерзімде ел өңірлерінде 24 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Индустрияландыру картасы қайта жаңартылғаннан кейін жалпы құны 8,1 триллион теңгені құрайтын 294 жобадан тұратын жаңа кесте жасалды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Алматыдағы резиденциясында еліміздің шығар­ма­шылық интеллигенция өкілдерімен кездескенін де назар аударарлық оқиға қатарында айтқан жөн. Және бұл Президенттің Қазақстан халқына Жолдауын жариялағаннан кейінгі жұртшылық өкілдерінің қатысуымен өткен алғашқы шарасы-тын. Кездесу барысында Нұрсұлтан Әбішұлы еліміздің барша зиялы қауымына арнап үндеу-сөз сөйледі. Тарих алдындағы, халық алдындағы, Қазақстанның болашағы алдындағы ортақ жауапкершілік туралы әңгіме өрбітті. Сәуір айының басында БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның Қазақстанға жолы түсті. Әуелі ол Семей өңіріндегі бұрынғы сынақ аймағында болды. Пан Ги Мунның өз сапарын бұрынғы сынақ полигонынан бастауының басты себебі, әлем халықтарының атом қаруы мен ядролық мемлекеттер қатарының өсе түскеніне қатты алаңдаушылығын көрсету болса, екінші жағынан ядролық қаруды ауыздықтау және оны таратпау ісін жүргізуге Қазақстан қосқан және қосып отырған үлесті мойындау тұрғанын айқын түйсінуге болар еді. Дүние жүзінде 200-ге тарта БҰҰ-ға мүше ел болса, соның барлығын аралап шығуға Бас хатшының уақыты да, мүмкіндігі де жете бермейтіні белгілі жәйт. Осы тұрғыдан келгенде, Пан Ги Мунның Қазақстанға сапарын, жоғарыда айтып кеткеніміздей, еліміздің жаппай қырып-жою қаруын таратпау ісіне қосып отыр­ған үлесін мойындау деп те бағалауға болады. Міне, осы сөзіміздің айғағындай, Бас хатшы Семейде ядролық қаруға ие барлық мемлекеттерді Қазақстанның жолымен жүруге шақырды. Қазақстан Республикасының Президенті Нұр­сұлтан Назарбаев БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунды сапарының келесі күні Ақордада қабыл­дады. Елбасы бұл Пан Ги Мунның Қазақстанға жасап отырған үшінші сапары екенін назарға салды. Әрине, Пан Ги Мун Қазақстанға БҰҰ Бас хатшысы ретінде алғаш рет ресми сапармен аяқ басқан болатын. Оның алдындағы келістері Корея Республикасының сыртқы істер министрі қызметімен байланысты еді. Кездесу кезінде Пан Ги Мун өзінің Семей өңіріндегі бұрынғы сынақ аймағынан үлкен әсер алғанын мәлімдеді. Адамдардың ядролық қаруды сынаудан тартқан зардабы тіпті сөзбен айтып жеткізгісіз екенін атап өтті. Сол жердің тұрғын­дары әлі күнге оның зардабын шегуде екен, деді Бас хатшы. Бұл – адам қолымен жасалған айтары жоқ сұрапыл экологиялық апат. Осы тажалды өз қолыңызбен тұншықтырған Сізге өз тарапымнан үлкен ризашылығымды білдіремін. Сөз реті келгенде, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен және Бас хатшы Пан Ги Мунның қолдауымен БҰҰ Бас Ассамблеясы Семей сынақ полигонының жабыл­ған күні – 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялағанын қаперге сала кетейік. Әр жаңа жылдың өзіндік атаулы күндері, мерейлі мерекелері болатыны белгілі. 2010 жылдың сондай мәртебелі мерекелерінің бірі Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығы болды. Елімізде Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне, соларға теңестірілген бас­қа да адамдарға жылма-жыл зор құрмет көр­сетіліп келеді. 2010 жыл да сондай ардагерлерімізді ардақтаған жылдардың бірі болды. Бұл үдеріс одан әрі де жалғаса бермек. Ел газеті «Егемен» де батырларымыздың өлмес рухын жаң­ғырта отырып, арамызда жүрген ерлері­міздің жан­кеш­ті ерліктерін үнемі үлгі ретінде айтып отырудан жалыққан емес. 9 мамыр күні Ресей астанасы – Мәскеуде Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылды­ғы­на арналған әскери парад болып өтті. Қай­сар­лық пен ержүректіктің, батырлық пен батыл­дық­тың ерен үлгісінің айғағы – Ұлы Жеңіс мерекесіне Ресей Федерациясының президенті Дмитрий Медведевтің арнайы шақыруымен өз­ге де бірқатар мемлекеттер басшыларының қа­та­рында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатыс­ты. Соңдарынан өшпес із қалдырған аға ұрпақ өкіл­деріне осылайша бас иіп, құрмет көрсетілді. Астанадағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті музейінің саябағында Қазақ хандығын құрушы Керей мен Жәнібекке монументті мүсіндік-композиция орнатылды. Оның ашылуында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі: «Асқақ Астанамыз тағы бір тағылымы мол сәулет туындысымен толықты. Біз елорда­мыздың төрінде ұлысымызды ұйыс­тырған Керей мен Жәнібек хандарға арналған еңселі ескерткіш ашып отырмыз. Бұл тұғырлы тарихымызға, біздің қазақы, елдік дәстүрімізге, мызғымас мемлекетімізге арналған мәңгілік белгі», деді Президент. Жылдың ортасында тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті жоталы жастың биігіне көтерілді. Мемлекет басшысының 70 жылдық мерейтойы кішіктікпен, арнаулы іс-шараларсыз аталып өтті. Бүкіл Қазақстан халқы ел мерейіне ай­налған ер мерейіне бірге қуанды. Тарихты туындатушы тұлғаға қазақстандықтармен қатар, дүние жүзінің бүкіл беделді саясаткерлері өзде­рі­нің жүрекжарды құттықтауларын жолдап, Пре­зидентіміздің әлемдік саясатта алатын өзіндік алар орны бар қайраткер екендігі паш етілді. Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ Президенті Барак Обаманың арнайы ша­қыруы бойынша Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік мәселесіне арналған жаһандық саммитке қатысты. Саммит шеңберінде Елба­сы­ның АҚШ Президентімен екеуара кездесуі өтті. Осы орайда Қазақстан Президентінің Құрама Штаттарға әр сапарының жақсы нәтижелер беріп жүргенін атап көрсеткен орынды. Екеуара келіссөздерден кейін екі ел президенттері бірлескен мәлімдеме қабылдады. Онда негізгі назар ядролық қауіпсіздік пен таратпау, Ауған­станда тұрақтылық орнату, инвестициялар мен сауда саласын дамыту, Қазақстан мен АҚШ арасында екі жақты консультациялар алмасу, әлеуметтік жүйелер арасындағы байла­ныс­тарды нығайту мәселелеріне аударылды. Н.Назарбаев Вашингтондағы Ядролық қауіп­сіздік жөніндегі жаһандық саммиттің бірінші сессиясында сөз сөйледі. Президенттің сөзі үлкен ықыласпен тыңдалып, қолдауға ие бо­лып отырды. Ал Қазақстанның ядролық қауіп­сіздік, жаппай қырып-жоятын қаруларды таратпау жолындағы жасампаз миссиясын халық­аралық қоғамдастық мойындап, Елба­сына Бейбітшілік және алдын алу дипло­матиясы сыйлығы табыс етілді. Ыстамбұл қаласында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің ІІІ саммиті болып өтті. Онда АӨСШК-нің Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі. АӨСШК Қазақстанның бастамасымен құрыл­ған өңірлік ұйым екені мәлім. Беделі артып келе жатқан кеңеске бүгінде өңірдің көптеген мемлекеттері мүше. Байқаушы елдер қатары да айтарлықтай. АӨСШК-нің бүгінде Азияда ғана емес, әлемде өзіндік алар орны бар. Астанада Назарбаев университеті ашылды. Елбасы жоғары білім сапасы ең жоғары халық­аралық талаптарға жауап беруі тиіс. Елдегі жобалар әлемнің жетекші университеттерінің рейтингіне ұмтылуы керек, деген болатын. Сөйтіп, жаңа білім ордасы арқылы әлемдік білім кеңістігіне енуге соны қадам жасалды. 2010 жылы Қазақстан Президентінің шет елдерге сапарлармен шығуы күнтізбелі кестеге сәйкес жалғасын тапса, шетелдік көшбасшы­лар­дың Қазақстанға сапарлары да алдын ала жасаған кесте бойынша жүзеге асты. Мысалы, Қазақстанға Түркия Президенті Абдулла Гүл мен ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтао, ГФР Канцлері Ангела Меркель мен Сербия Президенті Борис Тадич, Румыния Президенті Траян Басеску мен Словакия Президенті Иван Гашпарович және Украина Президенті Виктор Янукович атбасын тіреп, екі жақты ынтымақтастықтың жай-жапсарларын талқыласа, Қазақстан басшысы Мәскеуге, АҚШ-қа, Оңтүстік Кореяға, Киевке, Ыстамбұлға, Бельгияға, Францияға, Бакуге сапар шегіп, еліміздің мүддесін көздеген келіс­сөздер жүргізді. Елорданы дүние жүзіне таныту мақсатында құрылған «Астана» велокомандасының шабан­до­зы Альберто Контадор «Тур де Франс» вело­көпкүндігінде топ жарып, елорданың ғана емес, бүкіл Қазақстанның мерейін өсірді. Осылайша Астана бренді өзін-өзі екінші мәрте толығымен ақтады. Қазақстандықтардың спорттағы жеңіс­ті жолдары одан әрі жалғасты. Ауыр атлетикадан Талдықорғанда өткен әлем чемпионатында Майя Манеза екі дүркін әлем чемпионы атанса, Светлана Подобедова әлемнің үш рекордын жаңартып, абсолютті чемпион атанды. Басқа зілтеміршілеріміз де табыс биігінен көрінді. Бір жылда 365 күн бар болса, еліміз үшін оның әрбір күні айтулы оқиғаларға толы болды деп нық сеніммен айта аламыз. Ал біз солар­дың ең басты дегендерін қамтуға ұмтылдық. Тәуелсіздік тарихындағы әр жылдың жөні бөлек. Солай десек те 2010 жылдың алар орны айрықша. Бұл жылы Қазақстан Еуропа төріне көтерілді. Кәрі құрлыққа төбебилік жасады. Онымен де шектеліп қалмады. Он бір жыл бойы шақырылмай келе жатқан саммитті ша­қы­рып, айды аспанға шығарғандай етті. Еуразия жүрегіндегі, қазақ жеріндегі үнқатысу Астана рухын биіктете түсті. Саламатты ой-ниет салтанат құрды. Қазақ тарихындағы ең абы­рой­лы белес бағындырылды. Түйіп айтқанда, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға табысты төрағалығы мен Астана Декларациясының қабылдануы алты алашты асқар таудан бетер асқақтатты. Самат МҰСА.