30 Қараша, 2011

«Халық қаһарманы» атағына ұсынылды

522 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен Үкімет отырысы болып өтті. Кезекті селекторлық отырыстың басты жаңалығы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын жоғары мемлекеттік марапат – «Халық қаһарманы» атағына ұсыну болды. Үкімет басшысы тарапынан жасалған ұсынысты Әділет министрі Рашид Түсіпбеков «Мемлекеттік наградалар туралы» Заңға тиісті толықтырулар енгізу туралы баяндамасында оқып берді. «Үкімет басшысы Кәрім Мә­сі­мов тұңғыш Президентімізге заңды негізде «Алтын Жұлдыз» бен «Отан» ордені қоса берілетін «Халық қаһарманы» атағын беру бойынша «ҚР Тұңғыш Президенті» және «Ұлт Көшбасшысы» ту­ралы конституциялық заңға то­лықтырулар енгізу туралы ұсы­ныс жасады. «Бұл тәуелсіз Қа­зақ­станның уығы қаланып, дамуы барысында атқарған Елбасының тарихи рөліне байланысты. Ұлт көшбасшысының қажымас қай­ра­ты мен қызметінің арқасында Қазақстан өзін халықаралық аренада тәуелсіз, мықты эконо­ми­ка­лық ел ретінде қалыптастырды», делінген Кәрім Мәсімовтің үн­деуін­де. Үкімет басшысы құжат­қа қол қоя отырып, бұл мен қол қойған ең маңызды құжат, деп атап өтті. Үкімет мүшелері Заң жобасын бірауыздан мақұлдап, Пар­ламент Сенаты депутат­та­ры­ның қарауына жолдады. Селекторлық отырыста бұдан өзге үш мәселе күн тәртібіне қой­ылды. Алдымен Үкімет мүшелері энергия тиімділігі жөніндегі кешенді жоспарды қабылдады. Құ­жатты Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Қа­ныш Тілеушин таныстырды. Энер­гия тиімділігі әлемдегі ал­дың­ғы қатарлы елдердің дамуы­ның негізі екендігін баса айтып өткен ол, Қазақстанда да бұл тұр­ғыда ауқымды әлеует барлығын жеткізді. Вице-министрдің ай­туын­ша, энергияны көп пайда­ла­натын салалардың бірі – өнер­кәсіптік өндіріс саласы. Энергия тұтынудың 70 пайызынан астамы осы сала үлесінде. Атап айт­қан­да, бүгінде еліміздегі 15 ірі кә­сіпорын 30 пайыздан астам электр энергиясын тұтынатын кө­рінеді. «Олардың қатарында «Ақсу ферроқорытпа зауыты», «Арселор Миттал Теміртау», Қа­зақстан электролиз зауыты» сияқ­ты кәсіпорындар бар. Энер­гия тұтынудағы негізгі мәсе­ле­лерді түсіну және әлеуеттерді анықтау үшін, шетелдік және отандық сараптамалық ұйым­дар­ды тарта отырып «Ақсу фер­ро­қорытпа зауыты», «Петропавл ауыр машина зауыты» және тағы басқа бірқатар кәсіпорындарда энергоаудит жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша энергия үнемдеудің мол әлеуеті анық­тал­ды, деді Қаныш Тілеушин. Энергия тиімділігі жөніндегі кешенді жоспар Қазақстанға жыл сайын 200 млрд.теңге үнемдеуге мүмкіндік бермек. Сондай-ақ энер­гияны үнемді пайдалану бой­ынша алдымен өндіріс саласына энергоменеджмент жүйесін енгізу арқылы энергия тұтынуды тө­мендетуге, содан кейін ғана тұр­ғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лы­ғы және бюджеттік секторға екпін түсірілмек. Жоспардағы тағы бір пункт тұрғындармен міндетті жұмыс жүргізу болып табылады. Үкімет энергоре­сурс­ты тұтынушылар арасында сана­лы және рационалды қолдану туралы ой қалыптастырып, басқа қарым-қатынас түзуді алға қойып отыр. Бұдан өзге «2011-2014 жыл­дарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңды жүзеге асыру туралы қаулы мақұл­дан­ды. Қаржы министрі Болат Жәмі­шев­тің айтуынша, биылғы жылдың 24 қарашасында Мемлекет бас­шы­сы қол қойған жаңа Бюджет кодексі талап­та­рына сәйкес жа­сал­ған қаулы жо­басы 2012 жылға арналған рес­пуб­ликалық бюд­жет­те қарасты­рыл­ған шығыс­тар­ды уақытында орындау мақса­тын­да мемлекеттік органдарға ар­налған тапсырма­лар­ды қамтиды. «Бұл облыстық бюджеттерге, Астана мен Алма­ты қала­лары­ның бюджеттеріне мақсатты ағымдық трансферт­тер­дің сома­сын бөлу, «Бизнестің жол картасы-2020», «Жұмыспен қам­ту-2020» бағдарламалары бой­ынша қаражаттарды бөлу, өңір­лерді дамыту, сумен жаб­дықтау бойынша бюджеттік бағ­дар­ламаны Тұрғын үй-комму­налдық шаруашылығы агенттігіне беруге байланысты Ауыл ша­руашылығы министрлігінің шы­ғыстарын тү­зету, мемлекеттік міндетті тап­сырмалар тізімі, басымдықты инвестициялар тізімі», – деді Б.Жәмішев. Үкімет отырысындағы қа­рал­ған соңғы заң жобасын Эконо­микалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетов таныс­тырды. Елбасы тапсырмасына сәйкес, «ҚР-ның кейбір заңна­ма­лық акті­леріне елімізде қор на­ры­ғын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзір­лен­ді. Оның негізгі мақсаты – ел азаматтарын жетекші отандық ком­паниялардың акцияларын са­тып алу мүмкіндігімен қамтама­сы­з ету, Қазақстанның ірі  компа­нияларының ашықтығын, тиімділігі мен бәсекеге қабілеттігін арттыру және жалпы алғанда ішкі қор нарығын дамытуға мүм­кіндік беру мақсатында «Ха­лық­тық IPO» бағдарламасын бастау үшін қолданыстағы заңмен сәйкестендіру. Заң жобасы «Әкім­шілік құқық бұзушылық туралы» Кодекске және еліміздің 6 за­ңына, «Көлік туралы», «Темір жол көлігі туралы», «Акционерлік қоғамдар туралы», «Бағалы қағаздар рыногы туралы», «Ұлт­тық әл-ауқат қоры туралы», «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» заңдарға өзге­рістер мен толықтырулар енгізуді көздейді, деді ол. «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекске енгізілетін толықтыру жыл сайын инвестор-жеке тұлға салық органдарына белгіленген мерзімде салық есептілігін табыс етпесе салынатын әкімшілік айыппұлға байла­ныс­ты. Ұсынылатын өзгеріс айыппұл мөлшерін 1 АЕК-ке дейін азайту жолымен инвесторлар-жеке тұл­ға­ларға «Халықтық IPO» бағдар­ла­масы шеңберінде инвести­ция­ларды одан әрі тартымды етуге бағытталған. Сонымен қатар, Заң жобасында «Қазақстан Темір жолы» ҰК, «ҚазМұнайГаз» ҰК мен «Қазатомөнеркәсіп» АҚ-та­ры­ның акцияларын орналас­ты­руды жүзеге асыруға мүмкіндік беру мақсатында «Қазақстан Рес­публикасындағы көлік туралы», «Темір жол көлігі туралы», «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» заңдарына өз­герістер мен толықтырулар енгізіледі. Бұл ретте, компания­лардың акцияларының бақылау пакеті мемлекетте қалады. «Бағалы қағаздар рыногы ту­ралы» Заңға ұлттық басқарушы холдингке  тиесілі тікелей немесе жанама түрдегі акциялардың ба­қылау пакетін, эмитентті шет­елдiк жеке және/немесе заңды тұлғаларға, сондай-ақ азамат­ты­ғы жоқ адамдарға сатуға тыйым салуды көздейтін толықтыру енгізіледі. Бұл шектеу тек бастапқы орналастыру және «Халықтық IPO» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асады, сондықтан Қазақ­станның инвестициялық имиджіне кері әсерін тигізбейді. «Акционерлік қоғамдар туралы» Заңы­ның қолданыстағы редакциясына енгізілетін өзгеріс «жария компанияда» бос айналысқа салынған жай акциялар саны 30 пайыз­дан кем болмауы тиіс. Бұл ретте, әрбір акционер бес пайыздан аспайтын жай акцияларды иеленуі тиіс. Осылайша, «Самұрық-Қазына» және «ҚазАгро» компаниялар тобы акционерлік қоғам­дарға немесе жалпы эмитент­терге көзделетін талаптармен салыстырғанда, корпоративтік басқаруға аса қатаң талаптарын сақтауға міндетті болады. «Ха­лықтық IPO» бағдарламасына кандидат-компанияның акция­ла­ры­ның бағасы, саны, оларды орналастыру құрылымы туралы шешім «Самұрық-Қазына» АҚ-тың директорлар кеңесімен ма­құлданатыны және кейіннен заң­намамен белгіленген тәртіпте ел Үкіметімен бекітілетіні көздел­ген. Заң жобасы мүдделі мемлекеттік органдармен, Премьер-Министр Кеңсесімен және Президент Әкімшілігімен келісілген. «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ бірлесіп дайындалған заң жобасын қабылдау мемлекеттік бюджеттен қосымша қаражат бөлуді талап етпейді әрі кері әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарларға әкелмейді, деді Қ.Келімбетов. Венера ТҮГЕЛБАЙ.