30 Қараша, 2011

Бауырластық бастаулары Невшехирде «Қазақстан» бульвары ашылды

318 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Қарашаның 29-ы күні Парламент Сенатының Төрағасы Қ. Мәми бастаған қазақстандық делегация Түркияның көне ескерткіштерге бай Невшехир провинциясына ұшып келді. Невшехир провинциясының губернаторы А.Савашпен болған кездесуде қазақстандық делегацияның басшысы түркиялық бауырлардың қонақжайлықтары үшін алғыс білдіре келіп, ежелгі өркениеттің отаны саналатын өңірдегі мәдени жауһарлардың қай-қайсысы да адамзат баласы үшін баға жетпес байлық болып табылатынын жеткізді. Тарихы, тілі мен діні, мә­де­ниеті мен өнері ортақ бауырлас түрік елі біз үшін дәйім ыстық болып қала береді. Қазақ елі егемендік алғаннан кейін қысқа уа­қыт ішінде Қазақстанның тәуел­сіздігін алғашқы болып Түркия­ның тануы қазақ пен түрік жұр­ты­ның бір-біріне деген достық пейілі мен адалдығының тағы бір көрінісі еді. Ал бүгінде екі елдің ара­сындағы сан-салалы байла­ныс­­тарымыз қарқынды дамып, стратегиялық әріптестік дең­гейі­не көтеріліп отыр. Қ.Мәми өзінің сөзінде мұндай оң үрдіске тарихы көне дәуірден бастау алатын Невшехир өңірінің де қосып жатқан өзіндік үлесі мол екенін атап өтті. Түркияда бірінші болып қаланың орталық көшелерінің біріне Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев есімінің берілуі – осының айқын айғағы болып табылады. Өз кезегінде еліміздің рухани орталығы – Алматы көшелерінің бірі Түркияның 90-шы жылдардағы Президенті Тұрғыт Өзалдың есімін иеленді. Қазақстан Түрік Рес­публикасын экономикалық әлеуе­ті зор, әлемдік сахнада беделі жо­ғары, қарқынды дамып келе жат­қан мемлекет деп таниды. Бұл жетістікке жетуде туристік әлеуе­ті жөнінен Түркияның жетекші аймақтарының бірі – Нев­ше­хир­дің де маңызды орын алатыны сөзсіз. Бұл ретте А.Саваш басқарып отырған өңірдің туристерді тарту мен оларға барынша қолайлы жағдай жасаудағы, осында ор­на­ласқан тарихи ескерткіштерді сақ­таудағы бай тәжірибесімен танысып, үйрену қазақстандық тарап үшін қашанда қызықты екені атап көрсетілді. Сондай-ақ Невшехирдің Қазақстан қала­ла­ры­ның бірімен бауырлас­тық байланыстарын орнатуға бар­лық мүмкіндіктер бар екені де айтылды. Екі ел арасындағы ын­ты­мақтастықтың маңызды бағыт­тарының бірі – мәдени-гумани­тар­лық саладағы қатынастар екені назардан тыс қалмады. Мәселен, айтар болсақ, бү­гінгі күнге дейін түрік тіліне 35-тен астам қазақ тіліндегі туын­дылардың аударылуы шығарма­шы­лық байланыстардың мұнан кейін де үйлесімді жалғаса беретініне сендіреді. Олардың ішінде Абай мен Жамбылдың, Мағ­жан мен Мұхтардың, сондай-ақ қазақ әдебиетінің қазіргі өкіл­дерінен Әбіш Кекілбаев, Олжас Сүлей­ме­нов, Мұхтар Шаханов сияқты қаламгерлердің еңбек­тері ерекше орын алады. Соны­мен қатар, Елбасы кітап­та­ры­ның түрік оқыр­мандарына жетуі осы салада жемісті жұмыстың жалғасын тауып жатқанын ай­ғақтайды. Тек қана аударма саласы ғана емес, тараптар ортақ тарих, әдет-ғұрып, мәдениет пен тіл бір­тұ­тастығын қамтитын гуманитар­лық салаларда да көптеген бірлескен жобаларды жүзеге асы­ру­да. Бұл игі дәстүрді жалғастыру мақсатында бүгінде ТҮРКСОЙ, Түркі академиясы, Ақсақалдар кеңесі тәрізді заманауи жобалар аясында да жемісті ынты­мақ­тастық дамып келеді. Соның бір дәлелі ретінде жақында Астанада ТүркПА-ның Әлеуметтік, мәдени және гуманитарлық мәселелер жөніндегі комиссиясының оты­ры­сы өтіп, «Білге-Қорқыт» бағ­дар­ламасының жобасы қарасты­рыл­ғаны тілге тиек етілді. Бұл түркі тілдес елдер азамат­тары­ның келешекте мәдени, білім, ғылым, технология салаларында жан-жақты білім алуына, сондай-ақ бауырлас халықтарды жақын­дас­тырып, ортақ тарих, тіл мен мәдениетті жандандыруға жасал­ған бірегей жоба болып отыр. Кездесуден кейін қазақ­стан­дық өкілдер өңірдің тарихи-мә­де­ни орындары мен көрікті жерлерін аралады. Невшехирдің ежелгі тарихы оның Нисса, Мушкара атауларын алға тартады. Көне заманда негізін хеттер қалаған шаһардың Рим мен Византия қол астында мың жылдан астам бол­ғанын айғақтайтын таңбалармен қатар, 1071 жылы селжұқтар иелігіне өткенін, одан кейін 1308 жылы моңғол ильхандары иемденгенін тарқататын тарихтың өткен іздерінен Қараманоғұллары мен Дхулқадыроғұллары бас­қар­ған кезеңнің де кескіндері кертілмей жеткен. Қаланы ХVІ ғасыр­дың басында осман түріктері жаулап алғаны, XVII ғасырда Мушкара атауының Невшехир болып өзгергені сияқты деректер та­рих­тың тылсым сырында әлі де аршылмаған жаһұттар мо­лынан кезігетініне илан­ды­ра­ды. Қаланың қасындағы Каппадокия сынды әйгілі жерасты шаһа­рын көруге Жер шарының түк­пір-түкпірінен жыл сайын сан­да­ған туристер ағылып келіп жата­тын көрінеді. Селжұқ за­манының бірегей сәулет туындысы Кайя мешіті мен қала цитаделі, XVIII ғ. салынған Дамат Ибраһим Паша кешені, тағы сол сияқты көп­теген тарихи құндылықтар Нев­ше­хирдің мәдени дәулетіне әлем қызығушылығын оятып отыр­ға­ны тағы шындық. Зерттеуші-ға­лымдар қала аумағынан бір мезгілде 6 мың адам сыятын 30-ға жуық лабиринт тауып, түрік өр­ке­ниетінің өрісін кеңейтіп тас­тап­ты. Бір ғажабы, сол лаби­ринт­тердің бүгінде жұртшылық ал­тауы­на кіріп, тамашалай ала­тын болған. Ендеше, тарихи ескерткіштерін түгендеп жатқан Қазақ елі үшін де бұл жақтан үйренер үлгі­лер аз емес сияқты. Тарихтың та­ғы­лымын табан асты етпей, талай ұрпаққа та­быс­тап келе жат­қан осы ша­һардағы бір көшенің Қазақ елі басшысы есімімен ата­луы да тегін болмаса керек. Қ.Мәмидің Түркияға ресми сапары барысында Невшехирдің Орта­қи­сар ауданындағы туристер өте көп өтетін қиылыста «Қазақ­стан» бульварының тұсаукесер рәсімі өтті. «Қазақстан» буль­варының лентасын қияр тұста Төраға: «Бұл – символикалық жағдай», екі елдің қарым-қа­ты­насында мұн­дай тарихи оқи­ға­лар­дың бо­луы заңды да, өйткені біз туыс­қан елдерміз. Осындай ше­шім қабылдаған түрік аза­мат­тарына ризашылығымызды білдіреміз», деді. «Қазақстан» аты берілген буль­вардың ұзындығы 8,5 ша­қ­ырым. «Бұл – біз үшін үлкен қуа­нышты жәйт. Қазақ-түрік ын­ты­мақтастығын дамытуға қосқан үлкен үлесіміз болып табылады», деді тұсаукесерде Ортақисар ауданының мэрі Әли Ихсан. Осы күні кешкісін Анкарада Парламент Сенатының Төр­аға­сы Қайрат Мәми Түрік Респуб­лика­сы­ның Президенті Абдолла Гүл­мен кездесті. Оның соңы Қазақ елі Тәуелсіздігінің 20 жыл­дығы құрметіне ұйымдас­ты­рылған қа­был­даумен, «Мэ­риот» қонақ үй­ін­де қазақ­стан­дық өнер шебер­лері­нің қаты­суымен өткен концерттік бағ­дарламамен жалғасты. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ – Түркиядан.