01 Желтоқсан, 2011

Жаңарған жаркент

750 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Егемен Қазақстанның» арнайы жобасы: Жасампаздық жемістері

Жиырма жылдың ішінде атқарылған игі істердің арқасында әрбір өңіріміз өзгеріп, өміріміз жақсарып келеді. «Егемен Қазақстан» газеті осындай өркенді өзгерістерді бейнелейтін материалдарды тұрақты жариялап тұрады.   Төменде Алматы облысындағы Панфилов ауданының орталығы  Жаркент қаласынан фоторепортаж беріліп отыр. Жаркент. Еліміздің Қытаймен шектесетін шеткі нүктесі бұл. Іргетасы сонау 1882 жылы қаланып, басқа аймақ­тарға қарағанда өркениеттің бас­тап­қы жетіс­тік­терінің жемісін ертерек тат­қан қалалар қатарынан саналады. Мұнда ұсақ қолөнершілер мен сауда-сат­тық­тың алғашқы бастамалары өрістеген. Өйткені, географиялық ор­наласуы оған жан-жақты мүмкіндік туғыз­ға­нын көреміз. Сондай-ақ шаһарда ежелгі сәулет нысандары да өзінің айшықтығымен көзге түсе­ді. Мәселен, құрылысына бірде-бір шегесіз баға­наларды қиып, қашап қиюластырған және әсем ой­мыш, нәзік өрнектермен безендірілген, мұна­ра­сының биіктігі 19 метр Жаркент мешіті 1892-1895 жыл­дары салынса, бүгінгі ұрпаққа ол дініміздің беріктігі өткен ғасырлардан тамыр тартқанын айғақ­тап, ізгі ерекшелігімен танылып тұр. Дана халқымыз: «Елу жылда – ел жаңа», деген ғой. 1928 жылдан аудан орталығы атанған Жаркент шаһары Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қар­саңында танымастай түрленіп, сәулеттене түсу­де. Ұлы Отан соғысы кезінде осы жерден шық­қан сегіз бірдей қыранның Кеңес Одағының Батыры атанғаны халық үшін үлкен мерей. Бейбіт еңбек­тегі берекеге негіз болған, ұтымды ұйым­дастыру­шы екі мәрте Еңбек Ері Николай Головацкийдің атақ-даңқы жерлестер мақтаны­шы. Сонымен қатар, жылқышы Беркінбай Сайназаров, шопан Айтбала Абданова, жүгерішілер Күләш Айтжанова, Мәриям Ниязова, Адалят Зайналдинова, Әлім­жан Бақтаев туған жердің ырыс-берекесін арт­тыру­да еңбектің тамаша үлгісі бола білді. «Ерлік елге мұра, ұрпаққа – ұран» дегендей тәуелсіздікті аңсап, кешегі желтоқсан көтері­лі­сінде намыс отын жағып, әділдік үшін жанын қи­ған Ербол Сыпатаев пен Ләззат Асанова жар­кент­­тіктердің ерлік дәстүрінің жалғастығын паш етеді. Қаланың қақ төрінде қос қаһарманға ор­на­тылған еңселі ескерткіш бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болса, жастар олардың рухына тағзым етеді. Халықтың әлеуметтік жағдайын жақ­сар­туда да ауқымды шаралар ұйымдастырылған. Биыл шаһардағы бес көше жөндеуден өтсе, 15922 шаршы метр тұрғын үй салынып, халық­тың әлеуметтік жағдайы жақсара түскен. Жаркенттіктер өткен мерзімде ауыл шаруашы­лығы саласында өнім көле­мін 10 млрд. 948,8 млн. теңгеге жеткізсе, өнеркәсібі де қалыпты даму бағытында екенін көреміз. Соңғы жылдары ғана шаһарда бірнеше іргелі өнеркәсіп орындары салынып, жұмыссыздық мәселесі шешімін тауып келеді. Мәселен, қаладағы жүгері дәнінен сірне, крахмал және басқа да өнім шығаратын зауыт, «Мал өнімдері» кәсіпорны, қап шығаратын цех, тағы басқа да нысандардың салынып, пайда­ла­ну­ға берілуі аудан орталығындағы тіршілік қазанын қайната түсті. Шаһар жұртшылығы енді «Жетіген-Қорғас» темір жолы, «Алтынкөл» және басқа да стансалар мен «Достық» гидроузелі, «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы ха­лық­аралық орталығы жә­не тағы басқа құрылыс нысандарының тәуелсіздік тойы қарсаңында ашылуын асыға күтуде. Бұл жаңа­лық халықтың тіршілігіне оң өзгеріс әкелетіні сөзсіз. Жаркентте «Жұмыспен қамту-2020» бағдар­ла­ма­сы­мен 125 тұрғын үй құрылысын бастау жос­пар­лан­ған. Шаһарда жеке үйлерге арналған ин­же­нерлік-ком­му­никациялық инфрақұрлымды дамы­ту және орна­ластыру мәселесі де өз шешімін тапқан. Мұнда сондай-ақ атамекеніне арман арқалап жеткен мыңға жуық мүшесі бар 244 оралман отбасының осы мекенге балдай батып, судай сіңуі үшін әкімдік тарапынан барлық жағдай жасалған. Осыны ұғынып, түсінген олар да өмірдің тізгінін қолдарына алып, еселі еңбек етуде. Ауданда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қа­зақ­­стан халқына арнаған биылғы дәстүрлі Жол­дауы­нан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру мақса­тын­да­ғы жұмыстар жалғасын тапқан. Мәсе­лен, Өсек өзені­нің жо­ғарғы жағынан ГЭС салу, осы жерден су жүйе­сін тар­ту арқылы Жаркент және 30 мың халқы бола­тын Қорғас қаласы мен тағы басқа елді мекендерді таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі күн тәр­ті­біндегі негізгі міндет. «Қорғас» халықаралық шекара маңы сауда орталы­ғы­ның құрылысына байланысты алда үлкен инвес­тициялық мүмкіндіктер бар екенін де айта кеткен жөн. Аудан аумағында еркін экономи­калық аймақ­тың құ­рылуы, Батыс Қазақстаннан көрші ел – Қытайға келетін газ құбырларын тарту жобасы­ның жоспарлануы, Іле бойы жағалауындағы Құн­дыз­ды және Сарпылдақ учас­келерінде мұнай және газ көздерін анықтау бойын­ша барлау жұмыстарының басталуы, біріншіден, Жаркент жерінің келешекте әлеуметтік-экономикалық жағ­дайы­ның тез өзгеруіне өз ықпалын тигізетіні анық. Екінші жа­ғы­нан бұл шаһар халқына үлкен жауапкершілік жүктейді. Иә, жаңарған Жаркент жеріндегі бүгінгі және ертеңгі жалғасатын жұмыстар тәуелсіздігі­міз­бен бірге келген құндылықтар екені даусыз. Осылайша елімізге игілік, береке мен байлық әкелетін үрдіс­тер­дің ел мерейімен сабақтас екенін мақтанышпен қа­был­даған қала халқы оған өздерінің қарымды қабілеттерімен үлес қосуға ұмтылуда.       Арнайы бетті дайындаған «Егемен Қазақстан» газетінің  Алматы облысындағы меншікті тілшісі Күмісжан БАЙЖАН.