01 Желтоқсан, 2011

Әлемді жүрегіне сыйғызған

488 рет
көрсетілді
39 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету арқылы Адамзат тіршілігін сақтап қалудағы ізгілікті істері мен бастамаларының тарихи маңызы жайлы ойтолғау Әр қазақ баласының бүгінгі күні қасиет тұтар жеті дүниесі бар. Ол – Жер! Тәуелсіздік! Қазақ тілі! Көк Ту! Елтаңба! Әнұран! Президент! Міне, менің түсінігімде қасиетті болып саналатын осы жеті дүниенің біреуіне шәк келтіруді ақылсыздық пен парықсыздық, тәуелсіздікке жасалар қиянат деп білемін. Телегей теңіздей толқып тасып, буыр­қа­нып жатқан дүние атаулының жар жа­ға­сына шығып қалмас үшін жан алыс та жан беріс күй кешудегі адам баласының бүгінгі тір­шілігінің түрін көріп кейде бір шошынарың да бар. Үрейі кетіп үрпиген дүние. . . Амалы қалмаған алаң дүние. . . Сол дүниені жаулап та, жалмап та бара жатқан адам баласының өз тойым­сыз­ды­ғы мен ашкөзділігі бүгінгі өркениет­ке, тіпті сол адам баласының өзіне де қауіп пен қатер төндіре бастағандығының да кейбір көріністері мен нышандары осы күндері байқалып қалып та жүр. Тұтас жаралып, тұтас біткен дүниені сол жаратылысқа деген түрлі көзқарастар бұзып жарды да, оның соңы келіп түрлі көзқарастар қақтығысына ұласты. Түрлі көзқарастардың түрлі саясаты мен сан қилы пәлсапаларының ырқында кете бар­ған адам баласының тарт­қан азабы да аз болмаған сыңайлы. Адам­зат­тың бір-бі­рі­не деген өшпенділігінің өршіген­дігі сон­ша­лықты, олар бір-біріне кезеніп, өз­де­рін өздері қырып жоятын қару-жарақтың не бір сойқанды түрлерін жасап алды да, енді келіп соғыстан көз аша алмай отыр. Осы бір ойлар жан дүниеңнің ойра­нын шы­ғарған сәтте көңіл түпкірінде көміліп қал­ған үмітіңнің үнін естігің келеді екен де, соған тағы да бір құлақ тү­рерің бар. Сол сәтте адам пенденің жа­быққан жанының мәңгі үзіл­мей­тін үміті жаңа шыққан күндей болып нұр­ланып, сәулеленіп, ағарып, таза­рып, алаула­нып шыға келген сәтте жарқы­раған жарық әлемнің кең құшағына қайтадан еніп, өмір­ге жаңаша құлшынасың да, қана­тың­­ды қағып келер күнге, атар таңға ұм­ты­ласың. Көңілдегі сол үмітті сөндірмей маз­дататын да, алау етіп жалындататын да өз елің, өз еліңнің тәуел­сіздігі және де сол тәуелсіз еліңнің абыройы мен айбы­ны, дана­сы мен дарасы, Ұлт Көш­бас­шы­сы Нұрсұлтан Назарбаев! Өткенімізді ұмытпай, болашағымызға сеніммен ұмтылудың үмітті жолын жи­ыр­ма­сыншы ғасырдың тоқсаныншы жыл­дарының тоқырауында тап басып анық­тап, айта білген Нұрсұлтан Назарбаевтың ойдағысы болды, көңілдегісін іске асыр­ды, елді ел қылды, қазақты әлемге та­нытты, шекарамызды шегелеп, шегендеп бекітті деп кім айтпас?! Тағы да тізбелеп те, тебірене де толғана айтар бол­сақ, ел тәуелсіздігінің жиырма жылындағы ас­қан асулар мен белестер, шыққан биіктер мен шыңдар, жүріп өткен жолдар мен ең­сер­ген еңістер мен елдік істер бар қазақты, онан қалды барлық қазақстан­дықтарды былай қой­ып, дүние жұртын тамсандырған жоқ па?! «Енді біздің ел атқа қонады, дүйім дү­ниенің қандай дүбірлі додасына да тайсалмай түсіп, кім-кіммен де жалтақсыз жары­сатын болады, – дегенді төрт аяғын тең баса алмай тұрған тәуелсіздіктің ал­ғашқы сәтте­рін­де жасқанбай айта білген бұл не, Елба­сының өзін өзі қайрауы ма, жоқ әлде, ға­сырлар бойғы отаршылдық езгіден еңсесі түсіп қалған дана­лығы да, балалығы да мол туған халқының жігерін жанығандық болды ма?! Бұл – туған халқының талауға түскен талайлы тағ­ды­ры үшін өз басын тәуекелге тіккен ердің сөзі ғой деп сүйсінеді көңіл шіркін! Бұл – өз еліне төнген бар қауіптің қатерін сезініп, соған да қарамастан кеудесін оққа тосқан көзсіз батыр­дың ерлігі еді ғой деп түйсінеді тағы да сол көңіл. Бірі Қазақ­стан­ды өз уысынан шығарып алмаудың шырмауық саясатын жасап бағып жатса, бірі Қазақстанды қайтсек бауыры­мызға басып қаламыз деп аяғын әріден са­лып тұрған талма тұста Нұрсұлтан Назар­баев­­тың мына мәлімдемесі, «енді біздің ел атқа қонады», – деуі қалың қолды жаса­ғын майдан шебіне алып шыққан ұлы қолбас­шының құрсанған жаудан қайтпас қайратты қаһарын, сұсты жүзін әкеліп еді көз алдыға. Сол тұста Назарбаев қайтпек керек еді?! Қашан болсын ұрыс салуға дайын өктемдігі басым ойыңдағы оры­сың қорғаның, уысына түссең ойып тү­сер уы бар қырыңдағы қалың қытайың қамал бола қояр ма екен? Тағы да ... тағы да ... қайтпек керек еді?! Ыңыршығы шыққан халқын шуыл­да­тып, дауын дуылдатып, жанжалын жа­лын­да­тып, тұралаған қалпынан тұра алмай кеңес үкі­ме­ті кетті келмеске. Жай кет­пей, Қазақстанның теріскейі әуелден орыстың жері дегенді ай­тып, от тастай кетті. Осы тұста жойылып ке­ту­дің ар жақ бер жағында тұрған ана тілімізге мемлекеттік мәртебе беру және де бұл қа­ғи­дат­ты Конституция бабымен бекіту мәсе­лесі туындаған шақтағы сан пікірлердің то­ғы­сы Қазақстандағы қақтығыстардың тұта­нуы­ның негізгі оттығына айналып кету қаупі туды. Өйткені, әр ұлттың өз тілі ға­на өзін өзі сақтап қалудың ең басты және ең негізгі бір тетігі әрі басты құралы екендігін үлкенді-кішілі халықтың бәрі де білетін еді. Мемлекетті түзіп, құрушы қазақ халқының өз тіліне мемлекеттік мәртебе сұрауының тарихи жо­лы да, жө­ні де болатын. Өзгелердің тілін қайт­пек керек?! Өзгелердің саны жағынан да, оның үстіне үстемдігі де басымдау болып тұрғаны өз алдына, өз қазағыңның жар­ты­сы­нан астамы да өзге тілмен күндерін көріп жүр­гені және де бар. Тағы да орыс тілін ман­сұқ ету арқылы біз ең әуелі өз дамуымыздың сүйретпе локомотивін кері тартып, кері шегіндіріп тастар едік те, он­сыз да космостық шапшаңдықпен бая­ғыда-ақ бізден қара үзіп, қарыштап ұзап кеткен өркениеттің шаңын қауып, көштің соңында қалып қоярлықтай жағдай тұр­ды. Тағы да. . . тағы да. . . қайтпек керек деген сауал алды тосты! Елбасы сол бір түйіні қиын мәселені ушықтырып алмас үшін ең әуелі Қа­зақ­стандағы барлық ұлттар мен ұлыстардың тілдеріне еркіндік беріп, өрттің алдын алды да, өз ішіміздегі қырғиқабақ қыр­ғын­ның бетін қайтарды. Бірден бір дұрыс шешімнің де осы болғандығын осы күн­дері уақыттың өзі дәлелдеп те тұр! Ел еркіндігінің жиырма жылдығының ақи­қат биігінен тұжырым жасар болсақ, ұйы­ған тыныштығымыздың, бүгiнгi ын­тыма­ғы­мыздың бекiген iргесiн сөгiп, оны шай­қа­ғы­сы келген небiр ниеттер жүзеге аспай келсе, оның да бiрден бiр себебi – Қазақстандағы барлық тiлдердiң теңдi­гi­нен! Тәуелсiздiк жо­лындағы теңiмiздi аударып алмай келе жат­қан­дығымыз да осы тiлдердiң теңдiгiнен! Бұл, әрине, ең әуелi өз тiлiнiң құдiретi мен қасиетiн таныған және де анамыздың тілі өзі барда, өзі тұрғанда, қабырғалы хал­қы тұр­ған­да ешбір тілдің шаңын қау­ып қалмай­тын­дығын Елбасы білген еді, соған үнсіз ғана кепілдік берген де Ел­ба­сының өзі бо­латын. Дәл біздің Елбасыдай өз ана тілінің қадірі мен қасиетін та­ны­ған жанның ғана өзге тiлдерге зор құ­р­метпен қарай алатын­ды­ғы­ның ақи­қатты­ғын Нұрсұлтан Назарбаев­тың осы бiр ұстанымы анық көз жеткiз­ген­дей болды. – Кеңестiк жүйе ыдыраған сол тұста елiмiздiң бiрлiгiн де сақтап қала алатын, берекесiн де кiргiзетiн бiр ғана өтiмдi қа­ру бар екендiгiн, ол – Тiл екендiгiн және соған арқа сүйеп, соның ғана құдiретiне жүгiну арқылы ТМД-нiң өзге елдерiн бас­қан қалың тұманнан да, көтерiлiп жат­қан айқай мен шу­дың лаңынан да, теке-тiрестер мен қақты­ғыс­тардың сойқа­ны­нан да елiмiз бен хал­қымызды аман алып шыға алатын сол тiл, яғни Қазақстанды ме­кендеп отырған барлық халықтардың тiл­дерi екендiгiн және әуелгi еркiндiк пен ер­­­iктi де соған, тәуелсiздiктi де соған бе­рiп, соған өрiс ашу қажеттiгiн де бiр­ден ұғы­­на бiлген, сол қағиданы ұстана бiлген Нұр­сұлтан Әбiшұлы Назарбаев­тың көре­ген­дiгi бiздi әуелi осы тұрғыдан сүй­сiн­дiр­се керек, – деген бұдан бұ­рын­ғы айт­қан бір пікірімізді осы жолы да қа­йыра жаңғырта кетудің орайы да орынды сыңайлы. Адамзат пен дүние мемлекеттері ендi­гi арада бiр-бiрiнiң және түрлi ұлт тiлдерi тағдыры алдындағы өз жауапкер­шi­лiк­те­рiн дәл бiздiң Елбасымыз Назарбаевтай, дәл біздің елiмiздегiдей сезiне алуы керек. Соңғы жиырма жылдың тарих бетіне жа­зылып қалған жылнамасы жадымыз­дан шыға қоятындай да болған жоқ. Жү­ріп өткен жыл­дарымыздың әр күнін саралап, біз бүгінгіге қалай және қайдан келдік деген мәселенің төңірегінде ой тол­ғау­дың және де бүгінгі тіл саясатын қол­дай отырып, Конституция­мы­з­дың бабына жармаспай-ақ, керісінше ешбір байбалам салмай-ақ, болмай жатқан тұсын толық­тырып, жетпей жатқан жерін жетілдіре түсіп ілгері жылжуға тиістіміз. * * * Тұрлаусыз тарих алдын болжатқан ба еді?! Жас тәуелсіз қазақ елінің тарихы сол елдің екі тізгін, бір шылбырын өз қо­лына ұстаған Нұрсұлтан Назарбаевтың тағдыры, бұған керісінше Елбасының тағ­­дыры қазақ елінің тағдыры мен тарихы болып қалып­тасты. Бұл қос тағдыр тұтас бір халықтың тағдыры және де «мың өліп, мың тірілген» қаймана қазақтың тағ­дыры болатұғын! Ал енді мың бірінші рет өлер болсақ, қайыра тірілудің мүм­кін­дігі бізде жоқ та болатын. Қатал ғасыр­дың аранына түсер едік те, елімізбен де, жерімізбен де жұтылып кете барар едік. Соны бәрімізден анық та айқын сезінген еді халқымен тамырлы тағдырлас Елба­сы­ның жүрегі. Бізді сол жұтылып, жойы­лып кетуге итермелегендер де табылып жатты. Бір күндік қана тіршілігіміздің шо­лақ ойлы хам-қаракетімен сол аран апа­нына қарай әуелі далақтай жүгірген де өзіміз болдық. Біз өз бетімізбен ел бола алмаймыз дегенді де өзі­міз айттық. Міне, ел мен Елбасы тағдыры­ның біртұ­тас маңдайының тасқа соғылар тұсы осы еді. Сол тұста шуылдақ топ – Назарбаев Мәс­кеудің ықпалынан шыға алмай қалып отыр, – деп те байбалам салып жатты. Осы анау Бал­тық жағалауындағы елдердей немесе мына украиндықтардай орыс­тан бірден іргемізді неге аулақ салмай­мыз деп те кіжіндік. «Бізге уақыт керек», – деп Елбасы өз сабырымен халқының да сабырын сабасына түсіре сөй­леді. Немесе: «Қазақтың өзіндік ұлттық қа­сиет­­те­рінің қайта қалыптасуына қамқорлық жасау менің Президенттік те, перзенттік те парызым. Отандастарымнан бөлек уайы­мым да жоқ, олардан бөлек қайғым да жоқ. Нені де болса елмен бірге көре­мін, елмен бірге төземін, елмен бірге жеңе­мін, – деген На­зарбаевтың бұл байламды сөзінің айтылған кезеңінен бергі жиырма жылғы уақыт ара­лы­ғының анығын ай­қын­дап, ақиқатын анық­тай­тын да мүм­кін­дік бар қазір бізде. Назарбаев нені де болса елімен бірге көрді, елімен бірге төзді, елімен бірге жеңді! Міне, ақиқат осы! Тәуелсіздік алсақ болды, айымыз оңы­нан туып, аспаннан қазына құйылып, дәулетіміз шалқып, шекеміз шылқып шы­ға келетіндей көрінгенімен, көп ұзамай мұның шала үміт­тің шылауы ғана екендігі байқалып қалған-ды. Бұрынғы одақтас республикалардың бас­шылары болса, олар да өз мемлекеттерін тез арада жөнге келтіріп, жонданып шыға келе­міз, бәрінен болмаса да, бірінен алда болар­мыз деген кердең көкіректік танытып жатқан тұста Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеудің Михаил Ломоносов атындағы университетінде сөй­­леген сөзінде Еуразиялық одақ құру идея­сын айтып, айдай әлемнің назарын жалт қа­рат­ты. Дүние тына қалғандай болды сол сәтте. – Мұнысы несі, бұл қай сасқаны, бо­дандықтан енді босана бергенде, елді апа­рып қайтадан басыбайлы етіп, тағы да құлдыққа салмақшы ма? – деп даурықты қазақ жұрты. Тіпті Ресейдің өз ішіндегілер де біз бұларды қашанғы асырай береміз, қазақтар өз күн­дерін өздері көре ал­майтын болған соң да, бізге қайтадан жармасып отыр дегенді айтудан да тайын­бай, баяғы өктемдігіне басты. Жер бетін бірге мекендеп отырған адам ба­ласының ортақ тағдыры бола тұрып, оқ­шау­лана өмір сүрудің жиырма бірінші ғасыр­дағы залалы мен зардабын сезіне де ал­ған және де ендігі арада дүниенің ақ­параттар тас­­қынының астында қалып, ға­ламтормен шырматылып отырған жағ­дай­ында бөлініп, бәрінен де ір­геңді аулақ салып, ешкіммен ара­­ласпай, да­ра­ланып дарақ қалудың өзі әбден мүмкін де еместігін Нұрсұлтан Назар­баевтың сұңғыла көкейі бәрінен бұрын сез­ген-ді. Елбасы­ның Еуразиялық одақ жөнін­дегі ойы мен әреке­тіне сол тұста қолдау білдірген бір пікірімізде «Адамзат мүдделері түптің түбінде бәрі­бір бірігіп, ақыл қосып, бірлесіп іс жасау қажеттігіне мәжбүр ететіндігін біздің Президентіміз күні бұрын сезініп, біліп әрекет жасап бағуда, – дегенді айта отырып, адам баласының ой мен сана мүдделілігі бәрінен де, тіпті эконо­ми­ка­лық та мүддеден құн­ды­рақ тұратынды­ғына да сенген едік. Кәне, көне тарихтың соңғы жиырма жы­лында жазылған тәуелсіздік атты бө­лімінің беттерін қайта бір парақтайық та, осы кезеңде Назарбаевтың айтқан пікірлері мен ұсыныстарының мына бірісі оның кезекті бір ұпай, болмаса бір мезеттік қана абырой мен бедел алып қалуға тырысқандығы, айтқаны орындалмады, де­гені келмеді немесе бос сөз болып қалды еді дейтіндейі бар ма екен, соны бір зерделеп байқайықшы. Сол тарих беттері Елбасының ешқашан жеңіл-желпі әрі ойсыз сөз сөйлеп, орынсыз пікір айту­ға жол бермегендігін алдыңызға жайып салатыны бар. Айтқаны келді де тұрды. Қазақ Президентінің осыдан он, он бес, тіпті жиырма жыл бұрын айтқан пікіріне кезінде кердеңдеп құлақ аспай, жүре тыңдаған мемлекеттердің өздері келіп Нұрсұлтан На­зарбаевтың идеясына енді жармасып жат­қан­дықтары бүгінгі күннің тағы да бір ақиқаты. Иә, бәрінен бұрын Назарбаев айтқан Еу­разиялық одақтың жалына ресейлік­тер­дің өздері енді келіп жармасып отыр­ған жоқ па? Бірыңғай экономикалық ке­ңіс­тік құру жө­нін­дегі ұсынысының әр мемлекеттің тұрақты да­муы үшін қажетті маңыздылығын дәлел­деу­мен болған Ел­ба­сының ойы кедендік одақ­тың қалып­та­суына алып келгендігін де көз көріп отыр. Мұның сыры мен құдіреті неде?! Туа бітті киелі бір қасиетімен қазақ топырағында дүниеге келіп және де өз дәуірі өзіне лайықтап туғызған Адамзат­тың ерекше, бөлек жаратылысының бір перзенті Нұр­сұлтан Назарбаевтың кемең­гер көкірегіне Жаратқанның өзі түсірген әуелгі әрі алғашқы нұрымен де, сәуле­сі­мен де оның бойына қа­зы­налы ақыл, түп­сіз терең ой, сарқылмайтын сабыр, тоз­бай­тын төзім, жүйрік қиял, ешнәр­семен пар келмес парасат, қайырымы мол кө­ңіл, кең жүрек, шешіле сөйлер шешен тіл мен ән төгер көмей, көз жетіп көре де ал­май­тынды да, құлақ түріп ести де алмасты да тап басып тани алар сезім құйып берген еді. Сол қасиетті де киелі жаратылыс өзі­нің киелі ұлын мың пәледен қорғай жүр­сін, әрі ай­бы­ны, әрі пірі болсын деп қы­зыл жолбарысты иығына бірге қондырған-ды. * * * Адалдық – жан тазалығы! Біздің Пре­зидентіміздің даналығы да, балалығы да мол өзінің туған халқына, қазақ жерін мекендеп отырған барша ұлттар мен ұл­ыс­тарға деген жан тазалығы, адал сөй­лейтін пейілі мен адал көңілі – елдің де дүние халықтарының да бағы! Осы және де бұрынғы мына бір ойы­мызды онан әрі бүгінгі күннің ақиқа­тымен толықтыра тү­сіп, сөздің қайырмасын қайтадан бір қа­йы­­ра сөйлер болсақ, Назарбаев – бір ұлт­тың, болмаса бір халықтың қасі­реті тұтас Адамзаттың қасіреті екендігін үз­бей ай­тып келе жатқан Президент! Бүгінгі күні бір ғана мемлекеттің аясындағы мәсе­лелер шешілгенімен, әлемнің әлде бір бұ­ры­шын аштық жайлап жатса, қаншама бай да қуатты, қаншама мықты мемлекет болсаң да, түптің түбінде іргең сөгіліп, күйзелерің хақ. Біздің Президент әлемдік дамудың ендігі процесінде адамзаттың оқшаулануы­на жол беруге болмайтындығына, ол үшін мемлекеттер арасында, адамдар арасында бір-біріне деген сенім болу керектігін айтып та, соған әлем халқының да, өз халқының да көзін жет­кізіп, мемлекеттер мен мемлекеттер, адам­дар мен адамдар арасында сенім орнық­тыруды сөзі­мен де, ісімен де дәлелдеп келе жатыр. Нұрсұлтан Назарбаевтың іргеміздегі Қыр­ғызстанды ауыр жағдайдан алып шы­ғудағы батыл да жанашыр әрі бірден-бір дұрыс шешімі, немесе ұзақ жылғы бей-берекетсіз соғыстан титықтап отыр­ған Ау­ған­стан жастарының қазақ елінде тегін оқы­тып білім алуларына жағдай жа­сауы, бұл екі елге де әлсін-әлсін гумани­тар­лық көмек көр­сетіп отыруы осының айғағы болса керек-ті. Ашаршылық жайлап бара жатқан Сомалиге де қазақ елі алғашқылардың бірі болып жәр­дем көр­сетуі «кең болсаң, кем болмайсың» – деген қазақтың халықтық қағидасын ұста­нып келе жатқан Елбасының осы тұстағы тағы бір кемеңгерлігі біздің ұлтымыздың жатты жатсынбайтын, біреудің қызығы мен қуанышын өзінікіндей көріп шаттана алар, өзгенің қайғысы мен қасіретін де өзінің басына түскен тақсыреттей бірге тартып, бірге көтерісе білер сол кемеңгер халықтың өкілі екендігін әлемге үнсіз таратқаны еді. Мына дүние әлемінде қазір тойып та­мақ ішпеуден, яғни аштықтан және де түрлі індеттен әрбір екі секунд сайын бір бала өліп жататын көрінеді. Кеше ғана жер жаһанның халқының саны жеті мил­ли­ардқа жетті деген ақпарат таратылды. Осы бір жағдайда адамзат баласы ендігі арада не істемек керек деген мәселе ең әуелі үлкенді-кішілі кез келген мемле­кет­тің жетекшілерін ойландыруға тиіс еді ғой. Құр жалаң демократияның және де адам құқының сақталуын ғана аңдып, ба­ғып отырғанша кез келген континенттегі адам баласының ашаршылықтан, түрлі індеттерден қырылып қалмауын ойлап, нақтылы бір қадамдар жасалуға тиісті болса, сол ойды да, сол ұсынысты да Нұр­сұлтан Назарбаев алғашқы болып алға тартқан еді. Естеріңізде болса, «дағ­дарысты өңірлер мен дамыған елдердің проблемаларын шешу үшін барлық ел­дер­дің әскери бюджетінен 1 пайыз берейік» деген біздің Президентіміздің осы­дан он тоғыз жыл бұрын айтқан сөзін әлем тұңғыш рет естіген болатын. Жүрегіне әлем сыйған, жүрегіне сол әлемді сыйғыза да білген кемел де ке­мең­гер Назарбаевтың бұл ұсынысын Адам­зат­қа араша түсу концепциясы деп қа­был­дауға тиістіміз. Адамзат мүддесін ше­шуге бағытталған бұрын соңды еш­кім­нің аузынан шығып көр­меген батыл әрі нақтылы осы бір ұсыныстың айтылуы қуантады. Сол адамзатқа араша сұ­рап, оны бүгінгі қауіп пен қатерлерден алып шығудың ақылға сиярлық, көңілге қо­нар­лық жайын айтып, жөнін көрсетіп беріп отырған Қазақстан Республикасының Пре­зиденті Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­ба­евтың болуы түптің түбінде бұл ойдың да жүзеге асар деген үмітіңді маздатады деген пікірімізге тағы бір жүгінеріміз де осы тұс. Өйткені, Ел­ба­сымыз жиырма жыл­дың ішінде бейбіт қатар өмір сүрудің әлемдік үлгісі мен әлемдік но­байын жасап, оны тәуелсіз қазақ мемле­ке­тінің ая­сын­да жер-жаһанға жария ете білді. Жүрегіне әлем сыйған, жүрегіне сол әлем­­ді сыйғыза да білген дана да дара Н­а­зарбаевтың Адамзатқа араша түсу кон­цепциясының кезекті бір тармағы Қазақ­станның ядролық қарудан бас тартуы және Семей атом полигонын жабудағы тарихи шешіміне келіп байланатыны бар. Бұл – тәу­елсіз қазақ елі тарихының абы­рой­лы бетте­рінің бірі еді. Бұл – жалпы Адамзат тіршілігі мен өркениет мәңгілігі үшін Жаратқанның бір перзенті Нұр­сұл­тан Назарбаевтың ғана қолынан келетін іс еді. Солай бола тұра: «Бұл менің елім­нің жаһандағы бейбітшілік пен тұрақ­ты­лықты қамтамасыз етуге қосқан ұлы үле­сі», – деп күні кеше, яғни осы жыл­дың жи­ырма бірінші қыркүйегінде Нью-Йорк­те болып өткен Біріккен Ұлттар Ұйы­мының Бас Ассамблеясының алпыс алтын­шы сес­сиясының биік мінбесінен осылай мә­лім­деген Назарбаев айдай әлемге өзге емес, өз елі, қазақ елінің абыройын тағы да бір аспандатты да, жаңа жүзжыл­дық­тың жа­һан­дық проблемаларын да алға тартты. Әлемнің алтыдан бір бөлігін бауы­ры­на басып иемденіп және де жер шарының әр тарапына әмірін жүргізіп, айтқанын істетіп келген кешегі Кеңестер Одағы ыды­раған тұста, дүниенің қайта бөлісі үшін жаңа қақтығыстар ошағындағы саясат қа­заны бұрқ-сарқ қайнап, оқ атылып, жа­рылыстар дүмпуі естіліп жатқандығына қарамастан Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баевтың өз қолындағы ядролық қарудан өз еркімен бас тартуы бүгінгі Адамзат ал­дындағы және де жалпы өркениеттің бо­лашағы жолындағы ұлы ерлігі болатын, – деген ойымызды бұрын да айтқан едік. Осы бір ерлігімен-ақ дүниеге өз ықпалын жүргізу үшін жанталасып баққан алып державаларды сабасына түсіріп, сабырын сақтап қалған, әлемге жойқын қаруы жоқ арлы қолын ұсынған Назарбаевтың осы бір қадамы бауырын жерден енді-енді көтере бастаған қазақ елінің және оның тәуелсіздігінің баянды болашағы үшін шалған тарихи құрмалдығы еді. Сол құр­мал­дық қайырымен болды! Жүрегіне әлем сыйған, жүрегіне сол әлемді сыйғыза да білген парасатты да пай­ымды Назарбаевтың ядролық қарудан өз еркімен бас тартуының жалпы ғалам­дық тарихи маңызының жыл санап емес, күн санап артып отырғандығын дүние жұрты мен мемлекеттері енді-енді сезіне де бастағандай. Соны сезінген сайын, қа­зіргі дүние әлемін­дегі ядролық қару-жа­рақтың жинақталуы­ның және де осы тө­ңіректе қалыптасып отырған жағдайына орай әлем мемлекеттеріне төрелік, болмаса билік айтып, жөн сілтеуге бір ғана адамның, Назарбаевтың ғана құ­қы бар! Өйткені, Назарбаевтың әлем алдын­дағы ары таза! * * * Жүрегіне әлем сыйған және де сол жүр­е­гіндегі әлемнің мұратты тағдырын ойлай білер Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қазір әлемнің сенімді саясаткер­ле­рінің бірі. Ендігі арада қа­зақстандық қо­ғам ғана емес, бұдан былай әл­емдік қау­ым­дастықтың өздері де Назар­ба­ев­тың ақыл-ойына жүгініп отыратындығы хақ. Қазақ Президенті бір ғана ұлттың перзенті, бір ғана мемлекеттің басшысы емес, ол тұтас бір әлемнің жанашыры, сол әлем­нің бүгіні мен болашағын болжап, са­ли­қалы да сабырлы ой айта алар және де ізгілікті әрі батыл қадам жасай да білер, соған қабілеті мен қарымы, даралығы мен даналығының да жетерлігіне ешкім­нің шүбәсі қалмағандай осы күндері. «Тарих адамзаттың әрбір жаңа дәуірі­нің алдына кең ауқымды міндеттер қоя­ды. Бүгін ең маңызды мәселе ХХІ ға­сыр­дағы жаһан­дық трансформация қиын­дық­тарынан лай­ық­ты өту. Барлық ұлттар­дың арасындағы сенім мен бірлік – әлем­нің әділдікпен жаңадан құры­луы­ның негізі», – деген ой айтады Елбасы. Келе­шек­тің кемел ойы осы болса керек-ті! Еуроатлантика және Еуразия кеңіс­ті­гін­де сол сенім мен бірлікті орнықты­ру­дың тарихи қадамы тағы да қазақ жерінде жасалды. Еу­ропадағы Қауіпсіздік жә­не ынтымақтастық ұйымының Астана Саммитін өткізу арқылы Назарбаев ұзақ жылдар бойы үні шықпай келе жатқан осы ұйымның беделін сақтап қала алды және осы ұйымның тоқтап қалудың аз-ақ алдында тұрған жүрегіне нәр беріп, са­на­сына тың ойлардан дем салып, қуаттан­дырып, рухтандырып жүре берді деген ойы­мызды сабақтай отырып, біздің мем­леке­ті­міздің басшысы ұсынған Еуро­па­да­ғы Қауіп­сіз­дік және ынтымақтастық ұйы­мы мен АӨСШ-тің келешектегі әлеуетін біріктіріп, Еуразиялық қауіпсіздіктің бі­рың­ғай платфор­масын құру идеясы бү­гін­гі жаһандық қау­іпсіздіктің алғы шарты болуымен тарихи маңызға ие бола түсері бар. Егер де адамзат тез арада Назар­баев­тың айтып отырған осы тұжырымын жа­һандық және өңірлік қау­іп­сіздікті қам­та­масыз етудің басты шарты мен құралы екендігін ұғынып, соны басшылыққа ал­ып, оны жүзеге асыра алмаса, ертең кеш болуы да әбден мүмкін. Жүрегіне сыйған бүгінгі дүние әлем­нің сарып болған сырқатына ем іздеп, мазасыз күй кешіп жүрген Елбасы әлі де қарап қалып отырған жоқ. Нұрсұлтан Назарбаев қазір Қа­зақстанның Ислам Ын­тымақтастығы ұйымына төрағалық етіп отырғандығын неғұрлым тиімді пайда­ла­нып қалу үшін халықаралық және өңірлік қауіпсіздікті одан әрі нығайту жөніндегі әуелгі ізгі ойы мен ісін жүзеге асырудың амалдарын да жасап бағуда. Со­лардың бастысы әрі маңыздысы болып сана­ла­тын Ислам әлемі мен Батыс арасындағы үн қатысуды алға жылжыту, исламофо­бияға қар­сы тұру әрекеттерін Назарбаевтан басқа қолға алып, ыңғайластырар ізгі ойлы, пара­сатты бір саясатшының бүгінгі тірі тарихтың сахнасына әзірге шыға да қоймағандығын әлем көріп те, біліп те отыр. Мұндағы басты ой, негізгі сарабдал міндет онсыз да бір-бірінен алшақ­тап, ара жіктері сөгіліңкіреп бара жатқан Шығыс пен Батыс өрке­ниет­те­рінің көз­қа­растар қа­рама-қайшылықтарына, теке-тіресті қақ­тығыстарына онан әрі жол бермеу арқылы жалпы Адамзат құнды­лық­та­рын және де сол Адамзаттың ендігі арада өзін өзі сақтап қалу, өз тіршілігін құт­қа­рып қалу концепциясын алға тартады Елбасы. Қазіргі кезеңде сол түрлі қақтығыстар мен дау-жанжалдардың негізгі ошағы да Шығыста тұр. Дүние жаралғалы тіршілікке нәр беріп келе жатқан, Адамзат өр­кениетінің бастауы болған, жақсылықтың сауабы, жа­мандықтың обалын жан иесінен бұрын айтып, бұрын біліп келе жат­қан Шығыстың бүгінгі күні сол өркениет тіршілігін жойып жіберетіндей құбы­жық­қа айналуының сыры жер шарындағы мемлекеттердің қуаттыла­ры­ның әлі де болса әлсіздерге үстемдік ету амбиция­сы­нан арыла алмай отырғандығында жатса керек. Ең әуелі жаппай қырып-жоятын қару таратпау Адамзат тіршілігін сақтап қалудың қазіргі бірден бір төте жолы да осы, бүгінгі күн саясатының бір ұста­нымы да осы екендігін айту арқылы Назарбаев жаһандық қауіпсіздікті нығайту­дың қандай да бір бол­масын және де кез келген тетігін өз уа­қы­тын­да тиімді пай­да­ланып қалу және де сол мүм­кіндікті жі­беріп алмау үшін әлем санасына ой тас­тап-ақ келеді. Асылында біздің Ел­ба­сы­ның осы бір алғыр ойы мен батыл қа­дамы мына үлпілдеп тұрған дүниені кезекті бір алапат апаттан аман алып қалу­дың және де төніп тұрған сол апаттың ал­дын алудың алғы шарты екендігін әуелі сол дүниенің әр тірі пендесінің өзі сезіне де алуы керек. – Адамзат энергияның қуатты көзде­рін бағындырды. Алайда табиғи стихиялар те­геу­рінінің алдында дәрменсіз. Кедейшілік пен жоқшылық тіпті ең бай және дәулетті елдерде де көрініс тауып жатыр. Этносаралық және дінаралық төз­гісіздік ұшқындарын тіпті толерант­ты­лық дәстүрлері берік деген елдердің өзін­де тежеп тұру қиындап барады. Жаппай ақпараттанған әлемде электронды экстре­миз­мнен қорғанудың сенімді құралы жоқ, – деп Нұрсұлтан Назарбаев тағы да сол Біріккен Ұлттар Ұйымының мінбесінен ешкім әлі алаңдамай да және де ешкім әлі аңдамай да отырған тағы бір мәселені алға тартты. Елбасы нені меңзеп, нені айтпақшы адамзатқа?! Ұғар жан бар ма?! Адам баласының жаны мен табиғат­тың тірі дүниесі арасындағы бірегей та­мыр­дың үзіліп бара жатқандығын және сол себепті де олардың бірін бірі сезіне ал­мауы сияқты қасиеттері сұйылған сай­ын екеуінің де, яғни адам баласының да, табиғаттың да қатыгез өлі дүниеге айна­ларын сезінеді Елбасының жүрегі. Адам баласы тіршіліктің, өзгенің емес өз тір­шілігінің тамырын қиып алмас па екен?!. Мазасы кетіп, шырқы бұзыла бас­таған тір­шіліктің тіпті осы бізден де, адам ба­ласынан да көңілі қалып тұрған жоқ па екен?! Әлдебір күш иесі мәңгілік жара­ты­лыстың көк аспанынан жай ойнатып, шыр айналған жер шары мен жер жа­һан­ның топырағын тозаң қылып, орман-то­ғайын күл етіп, мәңгі мұздақтарын ерітіп, жанар­тау­ла­рын атқылатып, өзен-көлдерін арнасынан шығарып, мұхиттарында алапат дауыл тұр­ғы­зып, өртін жалмаңдатып сол тіршілік өз иесі бізге, яғни адам бала­сына деген өз на­разылығын да, ашуы мен ыза кегін де айтып қалып тұрғандай сезіледі. Соны сезесің де тіршіліктің алдын­да тізерлеп тұрып кешірім сұрап, бізді өз рахымыңнан қалыс қалдыра көрме деп жалбарынғың келетін кез де келген сыңайлы ма деп ойланасың. Әлемді тербеп тұрған Елбасының жү­ре­гі, міне, осыны айтады адамзат бала­сы­на. Осы­ны айтады да Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымының мінбесінен тағы да Қазақстанның атынан жа­һандық энергиялық экологиялық стратегия қабыл­дауды ұсынады және «Жасыл көпір» эко­логиялық баста­масын көтереді. Бұл м­ә­се­ле келесі жылы Рио-де- Жанейрода өтетін Мыңжылдық саммитіне шы­ға­рылмақшы. Қазақстан басшысы бұлар жаңа жүз­жыл­дықтың өзекті мәселесі екен­дігін айтады да, ендігі арада адам ба­ласы өзін қоршап тұрған ортаны, яғни басқа еш тіршілік иесі емес, бір өзі ғана залалын тигізіп, за­қым­дап, тіпті ойранын шығарған, адам ба­ласының күнбе-күнгі тіршілігінің құрба­ны болып бара жатқан табиғат пен оның байлығын, соның ендігі қалған ресур­сын ұқыпты әрі тиімді пайдалану мәселесі мәңгіліктің мәңгілік мә­се­­лесі екендігін сезіне айтады, алаңдап айтады. Елбасының адамзаттың бүгінгі және ертеңгі тіршілігіне қатысты кез келген мә­селені бүркемелемей, жағдайға нақты­лы әрі ашық баға беріп отыруы әлемдік саясаттың тамыр бүлкілін бірқалыпты ұстап тұруға әсер етіп келеді әрдайым. Ақиқатты айту арқылы ойландыру және де ойландыру үшін де ойлай білу арқылы асығыс-үсігістік жағ­дайда шешім қа­был­дамауға үйретуінде кемел саясатшының кемеңгерлігі де, көрегендігі де жатыр. Бұрыннан бергі осы бір пікірімізді Нұр­сұлтан Назарбаевтың ағымдағы жаһан­дық дағдарысқа әлемдік қаржы жүйе­сі­нің алып келгендігін, алайда сол ақауды жоюға ау­зын айға білеп жүрген мемлекет бас­шы­ла­рының, саясаткерлерінің құлық­сыз болып отырғандығын, мұның соңы жаһандық дағ­да­рысқа ұрындыратын­ды­ғын да баса, батыра айтқандығы да тағы бір қуаттай түсері бар. Елбасының ой әле­мі сол әлем­ді тиімді әлемдік валюта­лық резерві бар, алыпса­тар­лық капиталға қатаң тый­ым салынған жаһан­дық эконо­микалық бас­қару­дың тиімді тетіктерін құру және де жаһандық реттеу туралы пакт жасау ар­қылы басқаруды алға батыл тартады. Өйт­кені, ең әуелі жаһандық аш­тық пен өсе түсіп отырған су тапшылы­ғы­ның алдын алу қажет дейді Елбасының ой әлемі. Міне, дүниенің есін жиғызарлық пікірімен жер-жаһанның жайына алаңдаулы көңі­лімен үн қатып отырған әлемнің №1 бейбітшілік елшісі Нұрсұлтан Назар­баев­тың егемендік теңдік қағидатына сай құ­рылған Біріккен Ұлттар Ұйымының да қазіргі уақытта ұлттық егемендігі мен ау­мақтық тұтастық қағидатының ұстанымы көп жағдайда эро­зияға ұшырайтынын көр­меу мүмкін еместігін де жасырмады. Жалпы, адамзат мү­д­де­леріне араша түсіп, қорғайды деген Біріккен Ұлттар Ұйымы сияқты халықаралық ұйым­ның кей жағ­дайда жекелеген мемлекеттердің ықпа­лын­да қалып қоятындығын да бүрке­ле­местен айта білді және мұның ұлттар ара­сындағы сенімге селкеу түсіруі мүм­кін деген бір шеті көрініп тұрған шын­дықты да жайып салды. Сонымен бірге, Елбасы Палестина мемлекетінің құры­луын қолдайтындығын да және мұның тарих таразысындағы қиын мәселе екендігін де, алайда Таяу Шығыста мұнсыз тұрақты бейбітшілік орнауының өзі мүм­кін еместігін де көрегенділікпен айтып отырғандығы ендігі арада ақиқаттың ай­на­сы іспеттес өзінің маңызды қалпымен тарих беттерінде жазулы тұратын болады. Дүбірлі дәуірдің отты шағындағы мем­лекеттер мен құрлықтардың, жер ша­рының ғасырлар тоғысындағы тыныш­ты­ғы, жер-жаһанның саулығы, Адамзаттың амандығы, ең бастысы қазақ баласының бағы үшін ке­меңгерліктің кемел ойымен әрдайым алаң­дау­мен күн кешіп жүрген Қазақстан Респуб­ли­касының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз дәуірінің ұлы перзенттерінің бірі екенін біз мақтан тұ­та­мыз. Қазір біздің Елбасының есімі бейбітшілік жөніндегі Нобельдік сый­лық­қа лайықтылардың қатарында аталып жүр. Әбден орынды дейміз! Барша дүние жұр­­тының осыны айтарына да сенімдіміз! Жабал Ерғалиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Парламент Сенатының депутаты. Астана.