01 Желтоқсан, 2011

Ардагерлер жүрегіндегі «Ақбұлақ»

309 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Зеренді бағытындағы саяжайда бұрынғыдай қалың кісі жоқ. Көршілеріміз де селдіреп қал­ған. Дағдарысқа қарамайтын қариялар ғана. Жанымыздағы Жақсылық аға Байменов таң қы­лаңынан кеш қарауытқанға дейін қыбыр-қы­быр­дан бір тынбайды. Қолынан келсе «алты со­тығын» өсімдік пен шөп-шаламның неше түрі­не толтырып қойғысы бар. Кей-кейде ағаш шар­бағына сүйеніп, бергі жақтағы бізге ақыл-кеңес әңгіме айтады. Онысы ел мен әлем жа­ңа­лықтарына ойысып кететінін аңғармайды да... Байқаймын, Жақсы-ағамның жұмысы бүгін өніңкіремей жүр. «Аһылап» анда-мында оты­ры­сы көбейді. «Не болды?» дегеніме жөнді жауап жоқ. Сағатын соңғы автобуспен есептейтін Жәкең күн еңкеймей шұғыл жинала бастады. – Оу, қайда барасыз? – Құрысын, бүгін демаламын. Ертең де түске дейін келмейтін шығармын. «Ақбұлаққа» кіріп шығуым керек, – дейді жүзі сынықтау ағам. «Ақбұлаққа» менің де барғым келді. Қала­лық ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған клуб туралы естуім баршылық. Зейнеткерлікке шыққанына екі жыл енді болған Жәке өзін әлі жас санайтындықтан, бұл бағытта көп әңгіме қозғамайтын. Бүгінгі қылығы ағамыздың бұл ордаға бізден «жасырынып» барып тұратынын әшкерелеп қойғандай. Кезекті еңбек демалысында жүргендіктен, «Ақбұлақтың» есігін асықпай қаққанымда ардагерлер кеңесінің төрағасы Рүстем Шериязданов Жәкеңді мінберге шақырған тұс екен. «Мұн­да қайдан жүрсіңді?» жарқ еткен жана­ры­мен ұғын­ды­рып, қоқиланып қалды. Бірақ, сол заматта ай­ып­ты болған баланың кейпіне түсіп, сонша­лық­ты биязы үнмен сөз бастады. Сон­да­ғы­сы, мен үш­ін, әңгіме етуге де тұрмайтындай мәселе бо­лып көрінді. Қысқаша айтқанда, сая­жай­дың ал­ғаш­қы өнімін жинаған ағамыз ал­дың­ғы күні үйі­не арқаланып келеді. Жұ­мыс­бас­тылар бұл оқи­ға­ға жеткілікті мән бере қой­ма­ған. Оның үстіне, әжептәуір жастағы (6 жаста) немересі бүйірі қа­рауытқан алманы бір тістеп, лақтырып жіберіпті. Міне, бар мәселе осы. Бірақ, «болмайтынды ай­тады екенсің» деп қолын сілтей салатындар көрінбеді. Мәжілісхана тым-тырыс, бөлмені күз­гі бұлттардан да ауырлау қалың ой басып қалғандай еді. Тыныштықты клуб жетекшісі Валентина Алек­сеевна Соломинаның қарлығың­қы даусы бұзды. – Ал, не дейсіздер? Облыстық «Көкшетау» газетінде 40 жылдан астам қызмет жасаған Кенжетай Газизов ағамыз «Бұл бәріміздің басымызда бар жағдай. «Көңіл бір атым насыбайдан қалады» деген бар. Әйткенмен, ұрпақ тәрбиесінің бір ұшы өзімізге тиетінін ескеруіміз керек»,-деуі мұң екен, қып-қызыл пікірталас басталды да кетті. Көкшелік қариялардың тереңдігіне, мәсе­ле­ні маңыз бере толғайтындығына қайран қалуға болады. Не айтылмады дейсіз. Саяжайдың төңі­ре­гінде көп мәселе бар екен. Ол отбасының мыз­ғымастығын, жарастығын нығайтуға, еңбек ұғымын ұлықтауға қызмет етеді. Бұл орайда айыптыларды үнемі айналадан іздеу, орынсыз кінәмшілдік таныту дұрыс емес. Оның ақыры туысқандарыңның саяжайдан мүлдем бас тартуына алып келетіндігі туралы мысалдар келтірілді. Ұрпақтар келіспеушілігі мен араз­ды­ғы да осыдан қылаңдайтын жағдайлар кездеседі екен. Мұнда кез келген жастағы адамның мінез-құлығы, өзін ұстай білуі, сөз саптауы, шыдамдылығы сынға түсетіні айтылды. Жұрт арасында «халықаралық тақырыптағы лектор» атанып кеткен Ж.Ғабдулкафеев ақ­са­қал: «Саяжайды қарттардың уақыт өткізу орны, күнкөріс көзі деуіміз біржақты түсінік, дейді. Бұл қоғам игілігіне, одан асырып айтсақ, жас ұрпақты еңбекке, тіршілік құндылықтарын ай­қын­дауға бағытталған қызмет. Саяжайлардың қирап, балалардың, тіпті орта жастағылардың оған аяқ баспайтындығы билік басын­да­ғы­лар­ды қатты ойлантуы қажет». Оныңыз рас, дейді Мария Некрасова апай. Біздің үйге келген қонақтардың бірі мен пісірген қуырылған орама қырыққабатты мақта­ған­да төбем көкке жетіп қалды. Бірақ, саяжайда өсі­рілгендігіне сеніңкіремей, «базардан ала салмадыңыз ба» деп жанашырлық танытқандай болды. Бүгінгі адамдарға қайран қалудың қажеті жоқ. Балалар да, жастар да саяжайға бар­ғысы, көмектескісі келеді, көбісі онда бар­ған. Әйткенмен, көңіл қынжылтарлық жағдай­лар­дың теріс ықпалын көріп жүрсіздер. Автобустар қозғалыс кестесін сақтамайды, керекті аялдамаңа сығылысып, жүрегің қағып, сілікпең шығып салбырап түсесің. Жолақысының жеңіл­дігі де жоғалды. Кооперативтердің басшылары шыбық басын сындыруды қойды. Тонаудан, бүлдіруден көз ашпайсың. Саяжайда бір ауық демалудың орнына қапаланып, діңкелеп қайта­сың. Азық-түлік бағасын тұрақтандырамыз дейтін жергілікті билік орындары мұны білмейді емес. Мен қалалық әкімдікке арнайы хат әзірлеп, шұғыл бетбұрыс жасауды талап ету туралы ұсыныс айтқым келеді. Ду-дудың арты дереу хаттама толтырып, ұсынысты ресімдеумен аяқталды. Отырыс ақы­рын-ақырын күнделікті тіршілік ауанына арна бұра бастады. Осыдан тура 11 жыл бұрын құрылған көп салалы «Ақбұлақ» клубының озат тәжірибесі 2003 жылдан бері республика көлемінде кеңінен насихатталып келеді. Бүгінгі басқосу үлгілі істің бір сәті ғана. Жақсылық ағамның жүзі жайнап тұрды. Бақберген АМАЛБЕК, Көкшетау.