01 Желтоқсан, 2011

Жұлдызды жиырма күн. Алтыншы күн (1 желтоқсан): Азаматтық қоғам

325 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

  Адами орта Қоғам өміріне, күнделікті ты­ныс-тіршілікке азаматтарды белсенді түр­де қатыстырудың өзі аза­мат­тық қоғамның басты миссиясы. Бұл жерде айтылып отырған басты мә­се­ле, азаматтардың өз ой-пі­кір­лері, ұсы­ныс­тары мен істері арқылы мем­лекет саясатына игі ықпал ету, өміршең әрі дұрыс шешімнің қа­был­дануына атса­лы­су болса керек. Олай болса, азаматтық қоғам дегенді әр аза­мат­тың өз еліне адал қызмет атқаруына толық мүм­кін­дік беретін адами орта деп түсінуімізге әбден бола­ды. Азаматтық қоғам мүшелері мемлекеттік аппа­рат­тың шешімін атқарушы ғана емес, сонымен қатар оның қабылдануына атсалысушы, ықпал етуші белсенді субьект бола алады деген сөз. Аза­мат­тық қоғамдағы әлеуметтік институттар қыз­метінің елеулі бір көрінісі – қоғамдық ой, пікірмен қатар әлеу­мет­тік белсенді позицияны қалыптастыру, іскерлік аураның пайда болуына ықпал ету. Жоғарыда аталғандарды азаматтық қоғамдағы де­мократиялық құндылықтарға жатқызуға болады. Олар­дың ішінен азаматтық белсенділік пен адам құ­қы­ғы жайындағы екі ұстанымды ерекше бөліп айтуға болады. Себебі, аталған екеуі өзара ықпалдасумен қа­тар тығыз байланыста көрініс табады. Адам құқығы қорғалмайтын қоғамда азаматтық белсенділіктің бол­масы айдан анық. Азаматтық белсенділіктің көрініс табатын тетіктері не дегенге тоқталайық. Оны демо­кратиялық қоғамның ең жанды жері деп атайтыны кездейсоқтық болмаса керек. Осыдан келіп «халық билігі» ұғымы туады. Азаматтар жергілікті немесе орталық жоғары басқару орындары, яғни, бізше айт­сақ, Мәжіліс, мәслихаттар арқылы Үкімет пен мемлекет қызметтері жайында ақпарат алып отырса, ше­шім­дердің дұрыс қабылдануына ықпал ете алса де­мократияның негізгі талабы орындалды деп есептеледі. Мемлекет саясатының ашықтығын қамтамасыз етуге, лауазымды шенеуніктердің қызмет бабын теріс пайдаланбауына аталмыш өкілетті орындар кепілдік бермек. Бұл мәселе қалай жүзеге асырылады, оған қандай тетіктер қолданылады дегенге келсек, үш мәселе аса маңызды. Біріншіден, құқықтық орта қа­лып­тасуы қажет. Ол үшін ел Конституциясы мен өзге заң­дарында адам құқығын қорғайтын негізгі тар­мақ­тар көрініс табуы міндетті. Екіншіден, мемлекеттік барлық деңгейдегі қызметкерлер аталмыш заң актілерін бұлжытпай орындауы қажет. Үшіншіден, аза­мат­тардың белсенділіктері артып, жеке тұлғалар немесе ҮЕҰ арқылы мемлекет саясатына, маңызды шешім­дердің қабылдануына ықпал етуге тиіс. Біздегі жағдай бәрімізге мәлім. Адам құқығы мен бостандығына кепілдік берілген Конституция мен өзге заңдар шығарылып бекітілген. ҮЕҰ саны жа­­ғынан біршама алдамыз және азаматтардың қо­ғам­дық белсенділігін қолдауды мемлекет ресми түр­де әлдеқашан мойындаған. Алайда, соған қара­мас­тан ҮЕҰ-ның күш, қабілеттерін толық пайдаланбау, олардың ұйымдастырған қоғамдық тың­дауларына құлақ аспау сынды шенеуніктердің бюро­крат­тығы, ескіше ойлайтын көнерген сана әлі толық жойылған жоқ. Мысалы, белгілі бір сала бойын­ша маманданған ҮЕҰ-ның күшін пайдаланудың орнына оларға сенбей, бәрін Үкімет өзіне жүк­теп алуының салдарынан шенеуніктер қате­лік­тер­ге де ұрынып жатады. Барлық деңгейдегі әкім-қаралар, мансапты тұл­ғалар, жалпы, бюджеттен жалақы алатын қыз­меткерлер, мұғалімдер мен дәрігерлердің атынан ше­шім қабылдайтын басшылардың бәрі «жарты патша», қатардағы қарапайым азаматтарды «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» ұстайды. Ал, жұмыс берушілерге тіпті бәріміз кіріптармыз. Азаматтар заңмен берілген құқықтарын қорғау үшін күресуге дәрменсіз әрі оның нәтижелі бо­лары­на сенімдері де жоқ. Мұның өзі әділет­сіз­дік­терге жол беріп қойып оты­­ра беретін, баяғы сол кеңестік идеологиядан мұ­ра­ға қал­ған «әміршің шайтан болса да әмірін тұт», «маңдайшаң аласа болса иілмеске ша­раң жоқ» дейтін құлдық санадан арылмаудың салдары. Азаматтардың осындай өзі­не деген сенімсіздігі азаматтық қоғамның дамуына, де­мо­кра­тия­лық құндылықтардың орны­ғуы­на елеулі түр­де пси­хологиялық кедергі келтіреді. Дәл осы тұста ҮЕҰ соның ішінде адам құқықтарын қор­ғай­­тын инсти­туттардың атқарар рөлі аса маңызды болмақ. Елімізде зор белсенділікпен қызмет атқарып келе жат­қан көптеген ҮЕҰ-лардың денін әйелдер бас­қара­ды екен. Бұл нені көрсетеді? Әйелдер өздерінің бас­қару­шылық қабілеттерін, біліктіліктері мен тәжі­ри­бе­лерін, қоғамда елеулі рөл атқаруға деген қызы­ғу­шы­лықтарын ҮЕҰ арқылы жүзеге асырып жатыр деген сөз. Оған ық­пал еткен басты фактор үкіметтік құры­лым­дарды бас­қаруға олардың аз тартылатындығы болса керек. Жоғарыда біз «жарты патшалар» жайында сөз қоз­ға­ған едік. Енді оған қайта оралып, кейбір мәсе­ле­лер­дің басын ашуға тырысайық. Демократиялық құн­ды­лық­тардың іргетасын қалаған Батыс елдерінде мемлекеттік лауазымды тұлғаларды «civil servant» немесе «аза­маттарға қызмет көрсетуші» деп атайды. Ал, өтпе­лі кезеңдегі дамушы елдерде бұл ұғымдардың ара­сын­да айтарлықтай үлкен айырмашылықтардың болуын психологиялық мәселе ретінде қарастыруға толық негіз бар. Біздің әкімдер мен басшылар азаматтарды өзі­не бағынышты, жалынышты жандар деп қарап, басы­ну­ға, менсінбеуге, құқықтарын аяққа таптауға бейімдеу тұрады. Олар халықтың бәріне бірдей тең қарап, қызмет көрсетуге тиіспін дегенді түсіне бермейді. Керісінше, олардың жарылқаушысы бір өзі ғана секілді кейіп танытады. Егер үкімет қызметшісінің қызметін ешкім қажет етпейтін болса, олар жұмыссыз, жалақы­сыз қалған болар еді. Олай болса, лауазымды қызмет бабын асыра пайдалану дегеніміз адам құқығын анайы түрде бұзушылыққа жатады. Осындай келеңсіздіктерді жоюға азаматтық институттар болып табылатын ҮЕҰ-дың қосар үлестері айтарлықтай. Сайып келгенде, азаматтық қоғамды қалыптас­тыру­ға шешуші міндет атқаратын негізгі фактор әрі азаматтардың белсенділігін арттыратын негізгі тетік мемлекеттің сарабдал саясатымен тікелей байла­ныс­ты туындап қалыптасатындығына назар аударған жөн. Ал оны жүзеге асыруға ҮЕҰ елеулі рөл атқарады.   Үкіметтік емес ұйымдардың саны                 Азаматтық қоғамды дамытудың Тұжырымдамасы қабылданып, жүзеге асырылды                   ҮЕҰ қызмет салалары бойынша жастар балалар денсаулық, саламатты өмір отбасы мәселелері, әйелдер білім беру мүмкіндігі шектеулілер адам құқығын қорғау, заңдық көмек аз қамтылғандар, баспанасыздар гендрлік мәселелер (ерлер мен әйелдер арасындағы теңдік) қоршаған ортаны қорғау қарттар мәдениет және өнер жергілікті өзін-өзі басқару кәсіптік қызығушылық, олар бойынша оқыту мөлдірлік пен есеп беруді көтеру этникалық мәдени мәселелер дін дауларды шешу, медиация   Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ,  филология ғылымдарының кандидаты, доцент. Астана. Айқарма беттің материалдарын ұйымдастырған  Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.