Өнер • 05 Сәуір, 2018

Теоман Хос туындылары махаббаттан туған

961 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Жасампаз жандар өнер туындыларын жасаудан ләззат алса, өмірінің мәнін махаббат деп білетіндер сол өнерді тамашалаудан бақыт табады» дейді адам өмірінің мәнін зерттейтін психолог мамандар. Расында, жасампаздың жан дүниесі мен өнерге салған энергиясын сезіну үшін көрерменнің көкірек көзі ояу, жүрегі махаббатқа толы болуы керек. 

Теоман Хос туындылары махаббаттан туған

Теоман Хос шығар­ма­шы­лы­ғының бір ерекшелігі, оның ғажайып еңбектеріне бойлау үшін ішкі әлемің дархан даланың кең­дігімен үндесіп, жүрегіңде та­биғатқа, тіршілікке деген сүй­іспеншілік жатса болғаны. Су­ретшінің негізгі мақсаты, прин­ци­­пінің өзі осындай. «Туған өл­ке­м­нің пейзажын салғанда, Ота­ныма деген бар махаббатымды беремін», дейді ол.

Еліміздегі бейнелеу өнерінің майталмандарымен бірге түрлі мәдени шараларға қатысып, заманауи қазақстандық суретшілердің арасында өз орнын алған Теоман Хос Есік қаласында дүниеге кел­ген. Есіктегі педагогикалық кол­лед­жге оқуға түсіп, оны 2007 жы­лы бітірген.

Өте жақсы педагогтар­дан тәлім алдым. Гүлнәр Базар­бай­қы­зы, Бұхарбай Бөгенбайұлы тәріз­ді ұстаздарым болашақ өмі­­ріме мықты іргетас қалады, – дейтін Теоман колледжді аяқ­тағаннан кейін-ақ суретші ре­тін­де таныла бастапты. Қазақ ұлт­­тық өнер академиясының ста­­нокты графика бөліміне оқу­ға түскеннен кейін бірер сәт шы­ғармашылық жолы өзге ар­на­ға бұрылып, режиссерлерден фи­льмге түсуге шақырту алған. 2012 жылы «Где-то на том конце линии» фильміндегі басты рөлі үшін арнайы жүлдеге ие болған өнерпаз, осы уақытқа дейін 31 фи­льмге түсіпті. Академияны бітір­ген соң Түркияның «Ak deniz» университетінің арнайы ша­қыруымен екі жыл бойы уни­верситеттің көркемөнер фа­ку­­льтетінде бейнелеу өнері­нен дә­ріс оқиды. 2014 жылы Қазақ­стан­ға оралып, Қазақ бас сәулет-құ­рылыс академиясына жұмысқа орналасқан.

Суреттерді көбіне пейзаж жанрында қарындашпен жә­не қылқаламмен салатын Тео­манның жұмыстары таби­ғат­тың өзіндей тірі, шынайы кө­рі­неді. Афорт және литографияда да ше­берлігін сынап көрген су­рет­­шінің жанына жақыны – қа­рындаш.

– Маған туған өңірімнің қара­пай­ым табиғаты ұнайды. Мен сал­ған суреттер көрерменге біздің ға­жайып өлкеміздің сұлулығын кө­ріп, сезінуді, сүюді, тамаша та­биғатпен үйлесімде өмір сүруді үйретсе екен деймін. Қазіргі уақытта отандық суретшілермен бірге еліміздің түпкір-түпкірінде өзімнің еңбектерімді ұсынып жүрмін, – дейді суретші.

2015 жылы Қазақстан Сурет­ші­лер одағының мүшесі атанған Теоман Хос Қазақ хандығының 550 жылдығына орай елордада өткен көрмеге қатысқан. Ә.Қас­те­ев музейінде өткен «Біз­дің дәу­ір» көрмесінде төрт бірдей туынды­сы ұсынылып, жоғары баға алды. Елімізде және Түркияда ұйым­дастырылатын шараларға белсе­не қатысады. Шетелдерде де же­ке көрмелерін өткізіп жүрген сурет­шінің көз тартар картиналарына қызығушылар – көбіне шетелдік коллекционерлер. Саф өнерді сүйетін қазақстандықтар да оның еңбектерін лайықты бағаға сатып алады.

Жақсы картина алдымен эсте­тикалық талғамның сұра­ны­сын өтеуі керек. Табиғат көрі­ніс­тері қарапайым халық­тың қызы­ғу­шылығына қарай дүниеге келген туынды дейтін де көзқарас жоқ емес. Алайда Теоманның қыл­қаламынан шыққан майда то­л­­қындар шексіздікке ұласып, қа­­рын­дашының ұшынан туған қыс­­тақтан сағыныштың лебі ес­кен­де, оның талантына еріксіз та­м­­санасыз.

Нұрбану КАМАЛ,

журналист

Алматы облысы