01 Желтоқсан, 2011

«Қазақстан десе – Назарбаев деп біледі»

332 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Осыдан тура 21 жыл бұрын Қазақ КСР-інің «Қазақ КСР Президенті қызметін тағайындау және Қазақ КСР Конститу­ция­сына «Негізгі Заңына) өзгерістер мен толық­тырулар енгізу ту­ралы» Заңына сәйкес Қазақ­стан­да президенттік институттың іргесі қаланды. Сол 1990 жылғы 24 сәуірде республика Жоғарғы Кеңесінің Қазақстанның тұңғыш Президенті етіп Нұрсұл­тан Әбіш­ұлы Назарбаевты сай­лауы­­мен байланысты мемлекет та­ри­хында өшпес маңызға ие акт жү­зеге асты. Ал, 1991 жылғы 1 жел­тоқсанда Н.Назарбаев бүкілха­лық­­тық сайлауда 98, 78 пайызбен жеңіске жетіп Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті қызме­ті­мен, ел дамуының қыран шабыс қадамдарын бастады. Тарихи жел­тоқсанның 16-сы күні Қазақ­стан өз тә­уел­сіз­ді­гін жария­лады. Осы­­нау ұлан-ғайыр әрі тағ­дыр­шешті оқиғалар­дың ор­тасын­да жүрген аза­мат­­тардың қатарын­да есімі елге танымал, бү­гін­дері 97 жасқа келіп отыр­ған абыз қария Баян Жан­ға­лов та бар еді. Біз таяуда Байе­кеңді әңгімеге тар­тып, Президент тұлғасы жай­лы тол­ғамдарымен бөлі­суін өтін­дік. Халқымызда: «Хандық талғап қонады», деген кө­неден келе жатқан көреген сөз бар. Бұл тұрғыдан айтқанда, халқымыз хақта­ғаланың тілегіне риза бо­луы керек. Нұрсұлтан Назарбаев – шын мәніндегі халықтың ұлы, перзенттік парызын данышпандықпен орындайтын адал да батыр жан. Ел басқару қашанда оңай болма­ғанымен, Нұрсұлтан Әбішұлы көтерген жүк қауіпті де зілбатпан еді. Мені тағдырымызды тәлкекке сала жаздаған әйгілі Беловежье оқиғасы қатты толған­дырады. Осы тұста Нұрекең асқан сабырлылық пен сали­қалы­лықтың үлгісін танытты. Біздің Президентіміз 1991 жылғы желтоқ­санның алғашқы күндерінде мысы басым елдердің, достық қарым-қатынастағы әріптестерінің қолқа­лауымен пісуі қанбаған құжатқа қол қоя салмады. Мұны болжап болмас саяси тайталасқа тойтарыс беру қадамы деп білемін. Батырлық дейтінім осы. Мен Ұлы Отан соғысы жылдарында И.В.Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизияның құрамында от кеш­тім. Ерлікті еш төмендеткім келмейді. Бірақ, Беловежье қыспа­ғынан білгірлікпен шыға білуді ерліктің ерен тұғыры деп бағалай­мын. Осыдан бастап көңілдегі күдік жойылып, жақсы үміттерге жол ашылғаны анық. Сөз орайында Нұрсұлтан Әбішұлымен алғаш танысқаным есіме түсіп отыр. 60-шы жылдардың аяғында «Петропавл-Алматы» пойы­зымен кон­фе­ренцияға кетіп бара жат­қанбыз. Бір жақсылық күткендей елегіземін. Қара­ғандыға да келіп жеттік. Вагондағыларды баяғыдан танитындай ашық-жарқын амандасып, ашаң жүзді көркем жігіт кіріп келе жатыр. Бізге купелес екен. «Ассалау­мағалайкум, сіздерге сәлем берейін деп келдім. Аты-жөнім – Нұрсұлтан Назарбаев. Теміртау қалалық партия комитетінің бірінші хатшысымын», – дейді. Бәріміз мына бір ерекше жігітке орнымыздан тұрып сәлемдестік. Әп-сәтте өмірбаянына қанығып шықтық. Еңбек жолын Қазақстан Магниткасының горно­войы болып бастаған Нұрсұлтанның жасы 30-ға әлі жетпепті. Қазақстандағы бірінші хатшылардың ең жасы. Конференцияда жаңа танысымыз жалындатып тұрып сөз сөйледі. Қазақстанын жанындай сүйетін жігіттің болашағымызға бағыт­талған ой-пікірлері, сын-ескертпелері жалпының көңілінен шықты. Содан бері Нұрсұлтан Назарбаевтың әрбір қадамына ниеттестігімді, тілектестігімді білдіріп жүремін. 1970-1980 жылдары кездесуіміз жиіледі. Үлкенді-кішілі жиындарда, өлкемізге келген сапарларында жылы аманды­ғымыз үзілген емес. Зейнеткерлікке шыққанымда да арнайы іздеткенін, шақыртқанын талай көрдім. «Қарты бар елдің қазынасы бар», деген сөзі маған да қаратып айтылғандай сезінемін. Жан-жағым­дағыларға әдемі қартаю жөнінде әңгіме айтып отырамын. Осыдан біраз бұрын «Егемен Қазақстанда» «Соңғы хан мен тұңғыш Президент» деген мақала шыққанда газет ұстанымына риза болдым. Шындығында солай. Президент Бурабайдағы Абылай хан­дық құрған алаңды тарихи-танымдық кешенге айналдырды. Заңғар ескерткіш сал­та­на­тында оның шымылдығын Нұрсұлтан Әбішұлы­мен бірге ашқаным менің бүкіл саналы өміріме берілген жоғары баға деп білемін. Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауы жүрегімді тебіреніске бөледі. Ақмола облысының құрметті азаматы ретінде Мемлекет бас­шысының атына ақ баталы хатымды жолдадым. Ол, Президентіміз айтқандай «еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанда» жарияланды. Нұрсұлтан Назарбаев ел тізгінін нық ұстап келе жатыр. Халық оны қайта-қайта Елбасылыққа сайлап отыр. Бұл еліміздің ел болғандығын айқындайды. Мемлекет басшысының көрегендігінің арқасында Қазақстанды бүкіл әлем танып, санасып отыр. Қазақстан – Орталық Азияда көшбасшы. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалықты абыроймен атқардық. Әлем діндерінің өкілдері Қазақстанда жыл сайын бас қосып, тіршілі­гіміздің тыныштық арна­сын кеңітуде. Арқа төрінде әдемі Астана салуы да ақыл. Қазақстан Республикасы өз Тәуелсіздігінің 20 жылдығын әлемдік демократия стандарттарындағы жаңғыру қадамдарымен қарсы алғалы отыр. Республика Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгей­дегі мәслихаттардың сайлауы өткізілетін болды. Нұрсұлтан Әбіш­ұлы күні кешегі «Нұр Отан» ХДП ХІV съезінде сөйлеген сөзінде: «Біз жасампаз жиырма жылда жүз жылға татитын ұлан-ғайыр жолды басып өттік», деді. Мұндай елді әлем қауымдастығы: «Қазақстан десе – Назарбаев деп біледі!» деуі осыдан. Қанатың талмасын – Қазақстан! Абыройың асқақтай берсін – Нұрсұлтан! Баян ЖАНҒАЛОВ, Социалистік Еңбек Ері. Ақмола облысы, Зеренді ауданы.