Театр • 09 Сәуір, 2018

«Наз» би театры «U-Sana» би спектаклін ұсынды

908 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Астана қаласы әкімдігінің «Наз» мемлекеттік би театры «U-Sana» би спектаклінде әлеуметтік мәні зор мәселені көпшілік назарына ұсынды.

«Наз» би театры «U-Sana» би спектаклін ұсынды

 

Барлығы көрші баланың план­шетінен басталды. Алдымен жас­­өспірімдердің гаджетке­ тәуел­­­­­­­ділігінің өзі қайдан шы­­­ғу­да? За­ман ағымынан қа­лу­ға болмайтын, ақпараттық жыл­­­­дам­­дыққа көз ілеспейтін уа­қыт­та дәс­­түрлі құндылықтар мә­ні­нің сол­­­ғындауынан ба, әлде қо­ғам­дағы ата-ана мен бала, дос-жаран­­­мен пен қарым-қатынастың басқа деңгейге ауысуынан, әл­де ығысуынан дейсіз бе, әлде вир­туалды әлемдегі ықпалдың санаға тигізер әсерінен дейсіз бе? Спектакль осы сауалдарға жауап іздегендей.

Ермек, Айгүл, Еркін – бір үйдің балалары. Еркін ауылда әжесінің тәр­биесін көрген, тай мініп, асық ойнаған, домбы­раның үніне елти­тін кенже ұл болса, Ермек пен Айгүл сабақ­тарын өте жақсы оқып, ата-ана­­сына қолғабыс жа­сап, іні­сінің сабақ оқуына да кө­ңіл бө­­ліп, кітап ақтарып ба­ла­­лық қы­зық­тарын біліммен ұш­тасты­ратын жеткіншектер. Бірақ осы бақытты өмір Асан ат­ты көрші баланың планшетпен ойнап жүр­генін көрген соң нілдей бұ­зылады. Балалардың оған қат­ты қызыққаны сондай, от­ба­сындағы өте құнды, анасы үшін қимас домбыраны планшетке айырбастайды. Еркін домбы­раны қимай қанша қиылса да, үл­кен екі баласының көңілі үшін ана сол қадамға барды. Алайда ойынға берілген балалар анасы мен кітапты тыңдаудан қалып, компьютерлік ойындар иесі У-Сананың ықпалына көшеді. Сахнада – гаджет жетегіне ілесіп, балалық кейпінен өзгеріп кеткен жеткіншек. Шиыршық атып, жан күйзелісіне түсіп, шарқ ұрған ана. Ана рөлінде биші Гаухар Исмағұлова би тілімен осы бір ішкі иірімдерді шебер жеткізеді.

Сахнадағы У-Сананың (Қар­лығаш Нәсен) ықпалы өте зор. Қимылы әбжіл, құдіретінің күшін білген У-Сана патшайым бала біткеннің ой-санасын жаулаған. Алдында ғана ана алдында тал­шыбықтай иіліп жүрген балалар құрыққа түскенде роботқа айналғандай. Бар зейіндері, есіл-дерті тек қолдарындағы гад­жетте. Залдағы көрермен тым-тырыс. Уланған Айгүл (Ай­дана Дайрабаева) жанары шоқ­тай жанып, залға көз тіккен. Жан­ды денеден гөрі пультпен бас­қарылатын компьютерлік ойын­дардағы бейнелерге айнал­ған балалар бірінен соң бірі кө­рер­мендер залын қақ жарып сах­­­наға беттеген. Қолындағы план­шетімен қызықтырып, зал аралап кеткен көрші бала Асан­ның қармағына (Марғұлан Жү­нісов) дәл қазір-ақ талай жет­кіншек түсердей. Еліктіреді, қы­зықтырады, түрлі ойынның ке­реметтерін беріле көрсетеді. Ал жан қармана балаларын іздеп, таба алмай шиыршық атып, шарқ ұрған ана жанында ұлттық ру­хы өлмеген кенжесі Еркін (Ер­жан Құдайбергенов) ғана. Балалар табылды. Бірақ олар У-Сананың ықпалынан шыға алмайды. У-Сананың құлына айналған балалар өткен өмірін ұмытып, іздеп келген бауырына да қарамайтын жағдайға түскен.

Сахнада арпалысты би. Деко­рацияда, лэд экранда шыр­­ма­уыққа шырмалып алыс­тап кеткен домбыра суреті. У-Сана шеңгелі қусырып барады. Жан­ұшырған ана мен бала ойынға тәуелді қымбаттарын тұтқыннан шы­ғаруға, бұрынғы өмірлеріне қайта әкелуге бар күшін жұмсайды.

Неге бұлай болды? Табан ті­рер тұрлауы, рухани діңгегі осал ма? Солай тәрізді. Ата-бабадан жет­кен діл, таным, көзқарас, дәс­түр байланысы қай жерден үзілді? Домбыра, қамшы, асық тәрізді құндылықтарды тәрк етпей, бойдағы қанмен бе­рілген ұлттық рухтың діңіне құрт түспесе, тамырдан жеткен нәр жас шыбықты иілтіп, бүк­тіргенімен жұлып әкете алмайды екен. Анасымен бірге У-Санамен арпалысқан Еркін сол тамырын үзбеген шыбық. Спектакльдің нағыз шарықтау шегі. Анасы мен Еркін У-Сана басындағы тәжді шешуімен барлық бала роботтық кейіптен, санасы уланған, ойынпаз, ойсыз бейнеден арылып, саналы жеткіншектерге айналады. У-Сана жеңілді.

Кейінгі буын бойында қауқар бар екен, күресе алады екен. Ер­кін бауырларын жамандықтан құт­қарып, бұрынғы өмірлеріне қайта әкеледі. Қойылым ғаламтор жетегінде кетіп, білімнен алыс­тап, тек қана ойынның соңына түскен балаларды білім әлеміне жетелейді.

Әлемдік мәселеге айналған виртуалды әлемге тәуелділік тақырыбын қозғаған қойылым «Наз» би театрының әлеуетін, ел алдын­да­ғы жауапкершілігін де көр­сет­кендей. Либретто авторы Са­ғаділдә Үсібәлі, қоюшы хореографтар Арман Баймағамбетов, Ұлан Изенаев, Сағит Дүзбаев, композитор әрлеуші Байдалы Рыспанбет, театрдың көркемдік жетекшісі, бас балетмейстері Қадиша Ағымбаеваның үйле­сімге ұмтылған қимылымен, әлеу­меттік мәні зор мәселені сах­наға алып шығып, кішкентай кө­рермендерге ұсынуын үлкен же­тістік деп бағалаған орынды. Естеріңізге сала кетейік, либретто авторы Сағаділдә Үсібәлі тұңғыш «Қазақ елі»  анимациялық фильмінің сценарийін жазған, балалар тақырыбына қалам тартып­ жүрген қаламгер болса, «Наз» мемлекеттік би театры сан түрлі ұлт пен ұлыстардың би­­лерін, хореографиялық қойы­лымдар мен композицияларды сахналаған Қазақстандағы бір­ден-бір кәсіби би театры.

Ібір-Сібір жұрты дейтін қиыр­ды жайлаған түркітілдестер ішінде камасин атты халық болыпты. Өзінің тілі, мәдениеті, дәстүрі бар еді. Әуелі дәстүрі мен тілінен айрылған жұрт құм­ға сіңген судай қарасы көп халықтың арасында жоғалып кетіпті. Қазір камасиндер жоқ. Ал сахнадағы би тілі камасиндей жоғалмауға үндейді. Қапастан шығып, шырмауықтан арылған домбыра ұлттық болмыстың шырақшысындай көрінді!

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»