Әдебиет • 13 Сәуір, 2018

Заман мен қаламның арасы

540 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Заман мен қаламның арасы

1. Қазір жас ақын-жазушылар көп. Олардың шығармашылығына жалпылама пікір, мақтау айтылғанымен, аға буынның тарапынан сын айтыла бермейді. Сіздіңше, жақсы жазып жүрген кімдер? Және олардың қаламына тән кемшілік пен артықшылық қандай?

2. Үлкен жазушы болу үшін көп жазу керек пе, әлде ол тақырып пен стильге байланысты ма?

3. Сіздіңше ендігі қазақ жазушысы қай тақырыпты жазу керек? Я қай тақырып жазылуы тиіс еді, бірақ жазылған жоқ. Сізге ол несімен маңызды?

 

Таңат НҰРҒАЗИЕВ,

Ардахан университеті Халық әдебиеті бөлімінің докторанты (Түркия)

1. Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы... Ақын-жазушы­лар­дың көбейгені – әдебиетке деген ынтаның артқаны. Әрине, бұл құбылыс кімді де болса қуантары сөзсіз. Ең бастысы шығармашылықпен айналысып жүргендердің саны бар. Енді сапасына келейік. Әдебиет – экономика емес. Бір ғана «бәсеке» ұғымы поэзия немесе прозаның сапасын көтермейді. Себебі бәсеке – ынталандыру құралы ғана. Өкінішке қарай сапа этало­нының көрсеткіші болатын сын мәселесі әдебиетімізде әлі де болса толық қолға алын­­­бай келеді. Сын айту мә­­де­ниетінің жоқтығы «тапсырыспен жазылған сын» ұғымын тудырды. Ол өз алдына даттаудан басталып, тұлғаның жеке басына тиісу, шығармадан тек кемшілік терумен шектелген. Немесе асыра сілтеп, жөнсіз мақтап, шығарманы «әдебиеттегі алтын қордың жұлдызы» биігіне шығарып жатқандар да бар. Поэзия табалдырығын жаңа аттаған шығармашыл тұлғаға сын айтылмауының бірінші себебі сын мәдениетінің тө­мендігі десек, екінші себебі – сын алаңының жоқтығы. Сөз құны арзандаған әлеумет­тік желілердегі шығармаға қа­­тыс­ты «Жақсы екен» не­ме­се «Ұнамайды» бейтарап ұстанымы, идея, маз­мұн, жаңалық, ерекшелік ұғым­­­­да­рының орнын басты. Әдебиетке жанашырлық та­нытатындардың саны азайды. Сын жазудан гөрі түйме басу қағидасы кеңінен өріс алды. Сондықтан да жалпылама пі­кір бар, сын жоқ. 

Шығармашылығы бар жас­­тар деп классификация жасаудан гөрі, жаңа буын деп қол­данған дұрыс сияқты. Әр буынның үздігі бар. Ешкімді бөліп-жарғым келмейді. Әр­қайсысы өз биігінде. Тә­уел­­сіз­дігімізден 4-5 жыл кіші буынның батысқа көп елік­теп жүргенін көріп жүр­мін. Ойлары еркін, ең бастысы білімді. «Қатып қалған ұйқас жоқ» деген ұстаныммен жа­­­зып жүргендері де бар ара­­сында. Әрине әдебиет өсу керек, жаңа формалар мен тың ойларды қате деп ай­ту әбестік болар. Алайда Абай­­дың «Тілге жеңіл, жү­рек­ке жылы тиіп, теп-тегіс жұмыр келсін айналасы» талабы еске түскенде, өзі­мізге тән өрнектен айырылып қалмасақ екен деген алаң­­даушылық та жоқ емес. Ескеретін жайт, жаңа толқын біршама ағаларымыздың пі­­кір­леріндегідей мақтау­сүйер, жаһанданған, пессимист емес. Ондай ойда жүр­­ген ағаларымыз болса, Ға­бит Мү­сіреповтің 1984 жы­лы Жа­зушылар одағында өз­деріне қатысты айтылған сө­зін естеріне түсірсін. 

2. Үлкен жазушы болу үшін үлкен тақырып көтере білу керек. Басты мәселе көп немесе аз жазуда емес, тұ­рақты шығармашылықпен айналысуда. Стиль мәселесіне кел­сек, шығармашылықта да­ралық таппаған тұлғаны ешкім де оқымайды. Қысқа қайырсақ, әдебиетпен айналысу деген плагиатпен айналысу емес. 

3. Әдебиетімізде жалпы­ сипат алмағанымен, бүгін­гі күні болжауға оңай тақы­рыптар көбейді. 15-20 жыл­ бұ­рын жазылып кеткен­ та­қырыптардың тонын теріс кигізіп, тіпті сюжетін өзгерт­пестен қайта жазып шығатын «жазушылардың» қатары бар. Бұл жазушыны өсіретін әдіс емес, әдебиеттің да­муын тежейтін құбылыс. Тақы­рып таңдау мәселесі, әри­не бұл бағытта еңбек етіп жүр­ген­дердің өз талғамы. Тек сол тақырыптарды көтер­ген­де кеңес заманының са­ры­­нымен емес, тәуелсіз санамен бағамдаса екен деген ойға келесің. Өз басым әлеу­­мет­тік мәселелер мен адам­­ның ішкі дүниесін сөз ете­тін тақырыптарды оқығым ке­леді.

Бүгінгі күні оқырман шебер жазылған детектив немесе фантастикалық әңгімелерге мұқтаж. Сөз өнерінің кумму­ля­тив­тік қызметін ескеретін болсақ, жазушының қызықты фан­тастикалық әңгімесінің ішін­де қандай да болсын қазақы сипат болса, әде­биет өзінің тәрбиелік қыз­метін барынша максималды дең­гейде атқаратын еді. Жа­һандану үдерісінде әдебиет ұлттық болмыс пен дү­ние­танымымызды сақтап қа­лудың бірден-бір құралы десек, жазушы және оның шы­ғармасы осы қызметті жү­зеге асыратын негізгі тетік. Сондықтан тақырыпты, жанр­ды түрлендіру арқылы оқыр­ман аудиториясын тарту және әдебиетке лайық тазалықпен ұлттық мүддені сақтап, кейін­гі толқынды тәрбиелеу – жазушы қауымына қойылған бас­ты талап болып отыр.

 

Ермек ҚАНЫКЕЙ,

әдебиеттанушы

1. Қазір жастардың шы­ғар­­ма­шылығы жөнінде әділ пікір­лер айтылып жатыр. Мақ­тауы бар, сыны бар, жал­­пы­ламасы бар дегендей. Осы­ны  әсіресе жас жазушы ажырата алса болды, білдіру шарт емес шығар. Мақтау да сын, сол сияқты сын да мақтау болып кетіп жүр. Бұны «пиар» деп айтады ғой. Кейде қайта-қайта біреуді жамандап айта берсе, оны жақсы көріп кет­песең де осы кім екен деп қызығып қаласың. Ол осы­нысымен есте қалады. Әл­гі бір көшеде ілініп тұра­тын тоңазытқыштың жарна­масы секілді. 99999 тең­ге де­ген.­­ Сондағысы бір­ теңге ме? 100000 деп неге жазбайды? Сөйтсек жарнама­ның мұраты – сөзді қате жа­­зып, заттың, нәрсенің қалып­ты бейнесін бұзып, өзі­не ерік­сіз назар аударту екен. Осын­дай мақсатпен ақын-жазушылардың айналы­сып жүргенін көргенде қай­ран қаласың. Атын атасам бі­раз танысымнан айырыламын. Әкей «жалғыз жүріп жол тап­­қанша, көппен бірге адас» деп тәрбиеледі. Ол да қа­зақ­­тың баласы. Осындай нәрсе­лерден ағаларым да сау емес. Қай­теміз енді аңдыс­тырған екеуін құдайым-ай!..

Аға буын, өзіміз қатар­лас, іні іспетті ақын-жазушылар­ды қадағалап оқып жүремін. Кейде тым үлкен талап қойғың келеді. Бұнымның қателік екенін де мойындаймын. Бі­­рақ өзімді болашағынан үл­­кен үміт күттіретін жас­тар­­­дың соншалық мол еке­­ні қуан­тады. Олардың жетіс­тіктерін айтып тауыса алмас­пын. Ал кемшілікті көрудің өзі кемшілік сияқты сезілсе қайтесің? Талғаммен таласу үшін алабөтен талант керек шығар. Әркімнің жанына жа­қын жанр яки тақырып болады. Біреу Шатобрианды оқыса, біреу «Шаншарды» көреді дегендей. Бір-біріңмен түсінісіп көр. 

Арман Әлменбеттің «Ре­­жис­сердің түсі» деген про­залық кітабын оқыған кез­де жас жазушының рома­ны­нан гөрі әңгімелерін ерек­ше­ ұнаттым. «Аңшы» әң­гі­ме­сінде бейімбеттік бейнелер бар. Күлкінің астары­на күрделі саяси ахуал­ды сый­­ғызғандай әсер қал­дыр­ған. «Арқадан адамы да, аң­шы­сы да аз Маңғыстауға ауып­­ кеткен» киіктер тура­лы ав­тор нені айтқысы келді екен деп. Қисындауға себеп көп болса да, осы бір сөй­ле­мінің кернеуін таратып тү­сіндіру оңай еместей кө­рін­ді. Әңгіменің финалы әлсіз шыққан. Жалпы, жақсы жазып жүр. Бұдан да жақсы дү­ние­лер беретініне сенемін. Ақыл айтқан боламыз: тек үз­­дік­сіз ізденіс, сосын жазу, өте көп жазса дейміз. 

Көп мақталғанынан күдік­теніп, әсіресе соңғы кезде Фе­дор Михайловичтің өзінен гөрі кейіпкерлеріне көбірек ұқсап кеткен Қанат Тілеуханды оқи алмай жүргенмін. Оны Т.Нұрмағамбетовтің жақсы жа­зып жүр екен дегенін өз аузынан естігенде, кеш қал­ға­нымды түсіндім. Содан «Қа­­рашаны» оқып отырып, мы­нау біздің заманды анық мас­қара етіп, қопара алатын жазушы екен деп ойладым. Табиғатында таланттың іздері бар. Ол прозаиктік қабілетін көрсеткендей болды. 

«Бір дорба бидай». Әде­­­­­мі әңгіме. Авторы – 6-­­­жа­­­тақ­­­хананың балконын­да шы­лымының өзін ойшылдық­пен бұрқыратып тұратын Өмір­жан Әбдіхалық. «Әр же­­­рін­де лақ мүйізіндей бұ­тақ­тары бар жуандау қу ағаш­ты уыстай ұстап, дорба­сын әлсін-әлсін ірке тартып, жеделдете басса да жер со­зы­­­лып кеткендей жеткізер емес». Өз басым осындай сөй­­­­лемдерді құруға ыңғай та­­­­нытқан Өміржанды қуана құт­­тықтағым келді... 

2. Жазушы үшін өткенді, бүгінді, болашақты жазу – таланты жетсе, тың тақырып. Қалай жазды, қайтіп жазды, мәселе шындықты жазса болды деп ойлаймын. Өйткені шындықтың жүзі қай уақытта да жүзіне тот түспейтін алмас кездік. Ал жазушының көп я аз жазу керек пе деген жа­­ғына келсек, бұл біздің ойы­­­мызға бағынбайды. Мы­са­­лы, Л.Н.Толстойдың «Вой­на и мир» романының қан­ша нұсқасын жасағанын есті­сең, шығармашылық деген­нің қандай құдірет екенін мойындайсың. «Жазбауға еш мүмкіндігің қалмау» де­ген осы. Бұл әрбір шығар­ма­шылық адамының есте тұ­туға тиіс ережесі болуы керек деп есептеймін. 

3. Өз басым мына тақырып жа­зылмай жатыр немесе бү­гінгіні я өткенді жазу керек­ дегенге айтар уәжім өте аз.­ Егер болашақ жайында кө­ре­гендікпен сөз қалдырса, со­ған лайықты баға беру біздің қолымыздан келмейді, ол сол келешекті көретін адам­дардың еншісіндегі іс. Ал өз уақытыңды чеховтік ше­берлікпен мөлдіретіп отырып жазу үшін өзіңді аямауың керек сияқты. Өзін жаза алған жа­зушы – заманын жазған жа­зушы деп ойлаймын. Се­бебі қорланғандар мен қор болғандардың ішінде өзің жоқ болсаң ақиқатқа қалай көз жеткіземіз?! 

Біздің заман Стендаль мен Золяның қаламына ілінетін тақырыптарға зәру емес.

Соңғы жаңалықтар