Көп айтыла бермейтін балаларға арналған фэнтези кітабының қысқаша мазмұны:
Малкольм 11 жаста, ол өте тәртіпті бала. Ол әке-шешесіне көмектесіп, көршілерінің де тапсырған жұмыстарын тыңғылықты атқарады. Қала тұрғындарына жаңалық таратып, монастырь асханасына жәрдемдесіп жүреді. Тіпті трактирден өткен әрбір адаммен әңгімелесетін. Оксфорд маңындағы бұл жердің қонақтары да қарапайым адамдар емес, ғалымдар мен оқымыстылар еді. Малкольм естігендерінің бәрін есіне сақтап, ерте есейеді. «Прекрасная дикарка» атты қайығымен Темза каналдарын аралап, серуендейтін.
Идиллия монастырьға қосылуға тыйым салынған екі белгілі тұлғаның сәбиін әкелгенде аяқталып, сүреңсіз оқиғалар басталады. Қалада күмәнді адамдар қаптап, трактирге арнайы жасақтың қызметкерлері қаптап кетеді. Темза арнасынан тасып, монастырьдың бір бөлігін шайып кетеді. Малкольм сәби қыздың қорғаушысы болып, өзінің қайығымен қызды алып, қауіпті саяхатқа шығады. Оған Эллис атты кейіпкер жәрдемдесіп, жұмбақ мыстан аңдуға түседі.
Филипп Пулманның кітабын мазмұндап беру – қайырымсыз іс. Себебі кез келген тыңдарманның сұрағы көбейіп, тәптіштеп түсіндіруді талап етеді. Бұл кітапта оқиғалар «Темные начала» трилогиясындағыдай жаңа географиялық ортаға, жаңа желіге, балама физика мен теологияға ауысады. Кітап әлемі біздің өмірге ұқсап тұрып ұқсамайды.
Демек Пулманның Англиясы – қазіргі Англияға ұқсағанымен, басқа елдер өзгеріске түскен. Ең маңыздысы онда ғылым мен магияға орын бар. Қарапайым адамдар да, сөйлейтін аю, періште мен мыстандар бар.
Менің баяндауымда Пулманның фэнтезиі көріксіз, арзанқол дүние болып көрінеді. Британ балалар әдебиетінің ең үздік қасиеттерін бойына сіңірген, күрделі, таңғажайып кітаптың сюжетін дұрыс айта алмайтынымды да білемін. Пулман әлемінің біздің өмірден айырмашылығы әр адамның болмысында өзімен бірге туып, бірге өлетін нәзік те өр рух, деймон, кішкентай жыртқыш бар. Деймон адамның болмысын анықтайды: қу адамда – түлкі, еңбекқорда – ит, сүйкімсіз адамда – қорқау, тыңшыда – мысық. Балалардың деймондары бейнесін өзгертуі мүмкін, себебі ол әлі толық қалыптасып үлгермейді. Деймон мен адамның қарым-қатынасы күрделі. Кейде дос, кейде қас. Басқа романдардың ішкі монологі Пулманда кейіпкер мен деймонның диалогі түрінде беріледі. Адам сезімін жасыра алса, деймон ұстамды емес.
Тоқсаныншы жылдары Пулманның Лира мен Земленің ғажайып оқиғаларынан тұратын «Темные начала» кітабы «Гарри Поттермен» балаларға арналған үздік сага үшін бәсекелесіп, жеңіліп қалды. Ғылымға негізделген әлемімен Пулман философиясы балалар үшін күрделі болған сияқты. «Книга пыли» «Темные началаның» приквелі. Малкольм құтқаратын сәби – Лира. Бірақ бір қызық деталь «Темные началада» уақыт ХІХ ғасырдың ортасында Виктория патшайымның дәуірін еске салса, приквелде қазіргі заман суреттеледі.
«Темные начала» трилогиясын оқымаған адамға «Книга пылиді» оқуға бола ма? Әрине, иә! Кейіпкердің одан кейінгі өмірін біліп отырып оқу қызықсыз болар еді. Сізге білу керек бір-ақ нәрсе бар – Пулманның мәтіндері таза, былғанбаған дүние.
Константин МИЛЬЧИН,
әдебиет сыншысы
Аударған
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»