Жақында халықаралық деңгейде өтетін «Салют талантов» байқауы аяқталды. Әлемдегі талантты балалардың басын қосатын өнер жарысы биыл Париж қаласында ұйымдастырылыпты. Осы байқауға Алматы облысының Ақсу ауданынан 6- сынып оқушысы Дидар Мұқатай, қатысып келді. Жай келген жоқ, жүздеген елдің өрендерінің арасынан топ жарып, жүлделі 1 орын иеленіп қайтты.
– Ақсу ауданындағы Қ.Сәтбаев атындағы мектептің 6-сыныбында оқимын. Ән айтуды 2-сыныптан бастадым. Парижге барардан бұрын Астанада өткен «Ақ көгершін» байқауында бас жүлде алдым. Шетелге шыққанымда аздап толқыдым, бірақ өте көңілді болды. Жаңадан достар таптым, таныстым. Болашақта қазақтың әнін әлемге танытып, дүниежүзін аралағым келеді. Мені әншілікке баулып жүрген ұстазым Ильяс ағайыма алғыс айтамын, – дейді талапкер әнші.
Болашағынан үлкен үміт күттіретін өнерлі өрен Франция астанасының төрінде «Ақ жайық» әнін шырқап, шетелдіктердің таңдайын қақтырған екен.
Айтпақшы, Дидар Мұқатай халықаралық байқауларда өнер көрсетіп жүрген жалғыз жетісулық өнерпаз емес. Ескелді ауданындағы «Аяна» жас бишілер тобы да Дидармен бірге «Ақ көгершін» халықаралық байқауынан бірінші орын алған болатын.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы