Осыдан дәл 32 жыл бұрын тарихта аты қалған жаһандық ауқымдағы трагедия түріндегі алапат жарылыс болды. Чернобыль АЭС-тағы апат – адамзат тарихындағы ең ірі техногендік апаттардың бірі. Оның күші 1945 жылы Жапонияның Хиросима мен Нагасаки қалаларына тасталған атом бомбасынан ондаған есе күшті болған.
Радиациялық қауіп тек КСРО аумағына ғана емес басқа мемлекеттерге төнді. Чернобыль атом электр стансасының зардабын залалсыздандыруға бүкіл Кеңес Одағынан 321 әскери бөлім қатысты, олардың қатарында қазақстандықтар да болды. Чернобыль апаты кезінде қазақстандықтардың көбі Акмола облысы Вячеславка елді мекенінде құрылған 27-ші полкте болды. 1986-1989 жылдар аралығында аталған полкте 31730 қазақстандық жауынгер-залалсыздандырушы өздеріне жүктелген әскери міндеттерді ерлікпен атқарды. Қазақстандық жауынгер-залалсыздандырушылар адам өмірін сақтап қалу үшін жан аямай еңбек етті.
Әр күн сайын қазақстандық жауынгер-залалсыздандырушылар өмірі мен денсаулықтарын қатерге тігіп, халықты радиациялық өлімнен құтқарып отырды. Радиоактивті ластану қаупi бүкіл Еуропаға төнді. Қазақстандық жауынгер-залалсыздандырушылар өздерінің әскери міндеттерін батылдықпен орындап шықты.
Чернобыльдегі ядролық апат барлық мемлекеттерге ащы да қайғылы сабақ болды және ортақ қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен Жер шарын ядролық қарудың барлық түрінен азат ету – дүниежүзілік қоғамдастықтың басты мақсаты болып табылатынын тағы бір дәлелдеді.
Экспозицияға жауынгер-залалсыздандырушылар киген эксперименттік әскери киім (1983 жылы тігілген), дозиметр – алған радиацияның мөлшерін анықтайтын аспап, радиациядан қорғайтын міндетті жеке қорғаныс құралдары – газтұтқыш және респиратор, оған қоса қатысушылардың марапаттары қойылды.
Көрменің мақсаты – адамзат алдында әскери және отаншылдық борышын ар-намыспен атқарған қазақстандық жауынгер-залалсыздандырушылардың жанкешті еңбегін паш ету.
Көрменің ашылуына Украинаның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Алексей Демин, Алматы қалалық ҰОС ардагерлері кеңесінің төрағасы Копесбай Жанпиисов, Чернобыль зардабын жоюшы алматылық ардагерлер қатысып, өз естеліктерін айтты. Бұл оқиғаның алапат қасірет екенін еске алды.
Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»