03 Желтоқсан, 2011

Ырыс пен ынтымақ басында Елбасы тұр

333 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Парламент Сенатының Тұң­ғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа «Халық Қаһарманы» атағын беруге бай­ланысты заңдық бастамашылығы маған үлкен ой салды. Қашан да еңбек, тындырылған іс, тұл­ға­лар­дың қызметі бағалануға тиіс. Бұл әділеттілік болады. Сол әді­леттілікке бармасақ, ол – тарихқа қиянат. Ең алдымен Парламент Сена­тының осы мәселені қозғауының өзі халықтың пікірін дөп басып, ескергендік дер едім. Нұрекеңнің қызметін лайықты бағалау – халықтың тілегі. Ал сол еңбекті жан-жақты айтып шығудың өзі қиын-ақ. Егер қысқа қайырып айтар болсақ, мен оны тәуелсіздікке қолы жеткен Қазақстан Респуб­ликасының бүгінгі жеткен биігі дер едім. Бұл жетістік тікелей Нұрсұлтан Әбішұлының атымен байланысты. Тәуелсіздікке қол жеткен тұс­тағы елдің жағдайы қандай еді? Оны бүгінгімен салыстыру тіпті оғаш көрінеді. Жұрт азын-аулақ айлық пен зейнетақыға қарап қалған. Тіпті соның өзі уақтылы берілмейтін. Ал енді сол азын-аулақ қаржыға дүкенде алатын зат та жоқ еді ғой. Бүгінгі жастар оған сенбейді. Оны мүмкін еместей көреді. Сол мүмкін еместей жағдайға Нұрсұлтан Назарбаев­тың басшылығымен жеттік. Қазір Қазақстан Республикасы даму­дың жарқын жолына түскен, сол даму қарқыны бойынша әлемдегі жетекші елдің бірі. Өмірдің қай саласында да жет­кен биігіміз жоғары. Талай жарқын мысалдар келтіруге бо­лады. Ол ұзақ әңгіме болар еді. Мен сол өмірдің бір қырына, елімізді мекендеген этностардың бірлігіне, ынтымағына ғана тоқталмақпын. Бұл өзі аса күрделі мәселе. Қиындықты басымыздан кешпеген соң, оған көп мән бере бермейміз. Осылай болуға тиістідей көреміз. Ал ол – Ел басшысының халық ынтымағын қалыптас­ты­руға байланысты үлкен саясаты­ның арқасында қалыптасқан жағдай. Айналамызға, сырттағы елдерге қарасақ, бұған айқын көзіміз жетеді. Бұл елдерде бір ұлттан тұ­ратын халық та екіге бөлініп, қырқысып жатады. Ал әртүрлі ұлт өкілдерінің арасындағы қақ­тығыс жиі кездеседі. Мықтысы әлсізіне күш көрсетеді. Соның өзі бұл елде заңдылықтай қабыл­данады. Біздің Отанымызда 130 ұлт пен ұлыстың өкілдері бар. Рас, біреулері көптеу, біреулері аз. Әңгіме солардың ешқайсысына қысым жоқтығы ғана емес-ау, оларға үлкен қамқорлық бар. Бұл қамқорлық мәдени-рухани тұр­ғыда ғана емес, саяси тұрғыда да жүзеге асып отыр. Соның айшықты көрінісі – Қазақстан халқы Ассамблеясы. Мұндай құрылым алғаш рет біздің елімізде пайда болды. Оның авторы – Нұрсұлтан Назарбаев. Басқалар біздің еліміздегі халықтардың ынтымағына, бірлігіне қызыға қарайды. Жеке ұлт өкілдері ғана емес, мемлекет, үкімет басшылары да оған ай­рықша назар аударады. Елде тыныштық болғанына жеке адамдар да, басшылар да мүдделі. Біздің елде қалыптасқан жағдай басқаларға өнеге. Мен – күрд ұлтының өкілімін. Оны жасырмаймын. Мақтан етемін. Оқыдым, жетілдім, ғылым­ның біраз биігіне көтерілдім. Соған жетуге маған ешнәрсе кедергі болған жоқ. Қазақстандай елде өмір сүргенімді мақтан тұ­та­мын, өзімді бақытты санай­мын. Нұрсұлтан Назарбаевты еліміздегі барлық ұлт пен ұлыс өкілдері қолдайды. Өйткені, ол халық ынтымағының басында тұр. Ол – баға жетпес еңбек. Президентімізге «Халық Қа­һарманы» атағын беру жөніндегі мәселенің көтерілуі, мұның өзі­нің жоғары деңгейде талқы­лануы да Нұрекеңнің жоғары адами қасиетін аңғартады. Бүгінге дейін ол бұл атақтан бас тартып келді.  Оны азаматтық ерлік дер едім. Ал бұл жолғы ұсыныс пен қа­былданған ше­шім­нің жөні бөлек. Князь МИРЗОЕВ, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі, Қазақстан күрдтері «Барбанг» қауымдастығының төрағасы. Алматы.