25 Сәуір, 2018

Ауыл мен  қауым

1314 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ауыл десе теңіздей аласұрып, жү­рек шіркін алып-ұшып тұрады-ау. 

Ауыл мен  қауым

«Ай ара­ласпасаң, ағайын жат, жыл ара­лас­пасаң, жек­жат жат» дейді алтын бесік – ауылды қасиетті ұғымға балаған қазағым. Сондықтан жыл құсындай сағынып, ат басын ауылға бұру, ұшқан ұяңа соғып тұру әр перзентке таудай парыз саналады. Құба белде құлдыраңдап, асыр салып ойнаған түлектерден кіндік қаны тамған жерден ат құйрығын шорт үзіп кеткен кісіні өмірде көп кездестіре бермейтініңіз содан болса керек... «Сен де кеттің, Мен де кеттім, Ол да кетті ауылдан. Осынымыз ұят болды-ау, ұят болды-ау, қауымнан! Ұят болды-ау, Ұят болды-ау, Ұят болды-ау, бауырлар!..», деп Мұқағали ақын жыр­­ға қосқандай, күнделікті күйбең тір­ші­ліктен қол үзіп, туған жерге айнадай асыл бейнелерді аңсай барғаныңда шар­шап-шалдыққаныңды тез-ақ ұмыт­ты­рып, ерекше бір ыстық сезім мен әсер­лі күй­ге бөлейтін алапат энергияның құді­ре­ті неде екен-ай?! 

Шетелдің бағасы удай курорттарында тынығып қайтқанды сұмдық мәртебе санап, марқаятындар бар, ал бірақ туған жердің тамылжыған табиғи таза ауасы мен ем-домына жететін дүниеде не бар дейсің тәйірі! «Атың барда жер таны желіп жүріп, Асың барда ел таны беріп жүріп» демекші, қазір баяғы заман емес, әркімнің өз еркі қайда барса да. Бұрын сырттай аттарын тек картадан, оқулықтан естіп-білген елдерге өзіміздің де табанымыз тиген сәтте тап сондай әсерге бөленгеніміз рас. Әріптестерім айтпақшы, тәуелсіздіктің, «Егеменнің» арқасында. Былай қарасаң, әрине, біреуге бұл асқар таудай арман болуы мүмкін-ау, алайда қазағымның ұлан-ғайыр даласына, туған жердің құдіретіне осылардың бірде-бірі, тіпті ешнәрсе тең келе қоймасы анық. Соған қарамастан жылына бір рет бұйыратын еңбек демалысымызды аяқ баспаған аралдарда өткізіп, шетелдерге емін-еркін жиі саяхаттап шығатын болдық. Қара теңіздің жағасында күнге қыздырынып жатқан қандастарымыз тағы көп. Адамдар Түркияға барып демалмаса өздерін демалғандай сезінбейтін күйге душар бола бастады. Әлеуметтік желіден ел кезіп жүрген қазаққа жиі тап болатынымызды бір жағынан, қазақтың жағдайының түзеле бастауына баласақ, екінші жағынан бөтеннің бөзі мен жылтырағына бұлай тым қызыға берудің соңы неге апарып соқтырарын білмей еріксіз үрейге бой алдыруға тура келеді...

Өткенде әлеуметтік желіден осыған орай бір жазбаны оқып, ойланып қалған жайымыз бар. Әлгі желі қолданушының жазуы бойынша, «Жол жүріп бара жатқан қазақтан: «Қайда кетіп бара жатырсыз деп сұрасаңыз, «Тойға» дейді, ал өзбекке осы сұрақты қойсаңыз күледі, түсінбейді, бала-шағасын асырамаққа жұмыс іздеп, тірлікпен сапар шегіп бара жат­қа­нын айтады дейді. Бұларды айтып отырған себебіміз – алдымыз жаз ғой. Содан да «Біз қашан туристердің өздері іздеп ке­ліп демалатын елге айналар екенбіз?» деген сауал көкейге көлденең кептеле берді. Алай­да «Туризмді қалай дамытамыз?» деп қара аспанды төндіре берген тағы да дұрыс емес. Қазақтың кез келген ауылы туризм ошағы болуға лайық-ақ. Қымыз, шұбат, айран, т.с.с. алуан түрлі ұлттық сусынға бай қазағымның осы уақытқа дейін неге шылқып байып кетпей отырғанына таңғаласың. Шымкенттен Сырабатқа (Мақтаарал ауданы) жеткенше жол-жөнекей қап-қап құрт пен шелек-шелек ұлттық сусынға көзің түссе, санаңды сан түрлі ойлар сабалайды. Өзіміздің осыншама шалқар шалғынды жеріміз, шағалалы көліміз, мынадай таза өнімдеріміз тұрғанда жұрт неге сонша шетелге қарай сабылады екен-ай деген ой сана саңылауынан қылтия береді. 

Туып-өскен ауылыңмен қауышқан сәт қандай әсерлі. Мейірім шуағы неткен ыстық! Ешбір елдің теңізінің құмы туған жердің топырағындай табаныңды қыздырмайды. Көркейіп, гүлденген Сырабаттың ажары қарға аунаған түлкідей құлпырып, аспаны шайдай ашылған. Тозығы жетіп, топы­рағы шыққан көшелеріне жаңадан асфальт төселгеніне халқы дән риза. Ауыл тұр­ғын­да­ры «көгілдір отынға» қол жеткізген. Әр үйдің ауласына газ кіріп, үйдің ішінде ыс­тық суы мен суық суы сыңғырлаған бұл ауылдың қаладан енді қай жері кем дедік сүйсініп. Әйелдерге рақат. Баяғыдай қыс­та саусақтары күстеніп, пешке көмір жақ­пайды. Шаң жұтып, күл шығармайды.

Бұл бір жағынан ауыл әйелдерінің атқаратын жұ­мысын жеңілдетсе, екінші жағынан ауыл­дың келешегіне күмән келтіріп жүр­ген­дердің бостекі сөзіне қойылған тосқауыл еді. Бүгінгі жаһандануға бет бұрған заманда төл құндылықтарымызды, ауылымыз­ды аман сақтап қалудың өзі, ата-баба­ларымыздың кейінгі ұрпаққа тапсырып кет­кен дара да дана жолына әрқашан адал болу – басты парыз емес пе? Сондықтан ауылды көркейту онда туып-өскендердің ғана емес, барша қазақтың ортақ жанайғайы болса қанеки дейсің. Бұл жолда қаншама жар­қын идеялардың жүзеге асырылып келгенін айта кеткен абзал. Ауылды түлету мақсатында жаңадан қаншама мектеп, ме­шіт, балабақша, мәдениет ошақтары бой көтерген еді... Айтпағымыз, қазақ ауыл­да­рындағы бұрынғының байлары, дәулетті азаматтар өз қаржыларына мектеп салдырып, дарынды жастарды оқытып, рухани салаға қыруар үлес қосса, бүгінде сол дәстүрді жалғастыруға лайықты жандар табыла ма? Деген ой иірімі көңілімізді көсілтіп, тереңге тартып әкетті... 

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»