Сәтбаевтағы сәтті жобалар
Үкімет басшысы әуелі Сәтбаев қаласында болып, ол жерде «Нұрлы мекен» жаңа шағын ауданының құрылысымен танысты. Аталған шағын ауданға Жезқазған қаласындағы апатты үйлердің және мыс кен орындарын қайта өңдеу кезінде опырылған аудан аймағының маңындағы елді мекен тұрғындары көшіріледі.
Қазіргі таңда шағын ауданда баспанаға мұқтаж азаматтар үшін 118 700 шаршы метр аумаққа 1760 пәтер салынған. Магистральды жылу жүйесі тартылып, үйлер қажетті инженерлік коммуникациялармен қамтамасыз етілген.
Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысов биылғы жылдың маусым айының соңына дейін ауданы 12 100 шаршы метр болатын 4 үй (195 пәтер) салынатынын айтты. Бұған қоса, биыл қос пәтерлі 107 үй мен екі жатақхана құрылысын аяқтау көзделген.
Б.Сағынтаев сапары барысында Мемлекет басшысының «Бес әлеуметтік бастама» Үндеуінде берген тапсырмаларына сәйкес, Жезқазған өңірінің тұрғын үй құрылысы және «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыру жоспарларымен танысты.
Сонымен қатар Сәтбаев қаласында Премьер-Министр «Ханум» макарон өнімдерін шығаратын кәсіпорында болып, өңірдегі шағын және орта бизнесті дамыту қарқынымен, сондай-ақ өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын іске асыру барысымен танысты.
Аталған кәсіпорын өткен жылдың қыркүйек айында пайдалануға берілген. Жобаны іске асыру импортты алмастыруға, сондай-ақ Жезқазған өңірінің экономикасын әртараптандыруға ықпал етеді. Қазіргі таңда өнімдер Жезқазған, Сәтбаев және Ұлытау дүкендері мен супермаркеттеріне жеткізіледі. Келешекте макаронның жаңа түрлерін шығару, кәсіпорынның өндірістік қуатын арттыру, сондай-ақ Қазақстанда және шетелде өткізу нарығын кеңейту көзделген.
Сондай-ақ Үкімет басшысы жұмыс сапары аясында «КаzakhmysSmelting» ЖШС Жезқазған мыс қорыту зауытында болып, онда екінші кен қыздыру пешін реконструкциялау барысымен танысты. Нысанда катодты мыс өндірісінің технологиялық үдерісін, айналмалы құю машинасы мен анодты мыс құю жұмысын көрді. Жезқазған мыс қорыту зауыты іске қосылған кезден бері жер қойнауынан 1 млрд тоннадан астам кен өндірілді. 2018 жылдың қаңтар-наурыз айларында 30,7 мың тонна тазартылған мыс өндірілген.
Жезқазған тірлігі жанданған
Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында Жезқазған өңірінің активімен және жұртшылығымен әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кездесу өткізді.
Жиын барысында облыстың моноқалаларын дамыту, инфрақұрылымды жетілдіру, нарық жағдаятының өзгерістеріне және жаңа технологиялардың пайда болуына байланысты мамандарды даярлау мен қайта дайындау мәселелері талқыланып, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы тапсырмаларды іске асыру нәтижелері мен «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» орындау тетіктері сөз болды.
Атап айтқанда, кездесуге қатысушылар Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Астана бағыты бойынша «Сарыарқа» магистральды газ құбыры жобасын іске асыру аясында өңірді газдандыру және ішкі газ тарату желілерін салу жоспарлары туралы әңгімеледі.
Үкімет басшысы Елбасының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» Үндеуіндегі міндеттерді орындау мақсатында тиісті тетіктер әзірленіп, нақты іс-шаралар мен орындау мерзімдерін қамтитын «Жол картасы» жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Қажетті заңнамалық өзгерістер жасалып, бюджеттен тиісті қаражат бөлінгенін, жалпы Үкімет алға қойылған міндеттерді орындау үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатқанын атап өтті.
Бұдан өзге, білім берудің қолжетімділігін арттыру, баспана жағдайларын жақсарту: жаңа жатақханалар мен «7 – 20 –25» тұрғын үй бағдарламасы секілді студент жастарға арналған жаңа мүмкіндіктер талқыланды.
Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен жұмыс жоспарлары туралы баяндады. Өңірде моноқалалар экономикасын әртараптандыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өткен жылы қабылданған үш жылдық жоспар шағын және орта бизнесті, сервистік экономиканы, әлеуметтік нысандардың құрылысы мен инфрақұрылымын дамытуға, сондай-ақ жұмыспен қамтуға бағытталған. Жоспардың орындалуы өнеркәсіп өндірісінің көлемін 13,2%-ға арттыруға мүмкіндік береді. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемін 63,1%-ға ұлғайту жоспарда бар. Нәтижесінде 1500-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады.
«Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» орындау туралы есеп беру барысында Е.Қошанов газ құбырын салу жобасын іске асыру облыс тұрғындарының 70%-ын қамтитынын айтты. Жезқазғанда бірінші кезеңде орталықтан жылумен қамтамасыз етілмеген көшелер мен шағын аудандарды қосымша қамту арқылы қалаішілік желілерді салу көзделген. Мұнда 2,5 мыңға жуық үйді газдандыру жоспарланып отыр. Одан кейінгі кезең – Сәтбаев қаласы мен көрші елді мекендерді газдандыру екенін айтты өңір басшысы.
Қала активімен өткен жиында Үкімет басшысына «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Басқару кеңесінің бас директоры Бақтияр Қырықпышев, Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Руслан Дәленов өңірді дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
Талқылау қорытындысы бойынша Б.Сағынтаев жалпы Жезқазған өңірінің дамуы оң қарқын көрсететінін айтып, министрліктер мен облыс басшыларына алға қойылған жоспарларды орындау мен аталып өткен мәселелерді шешу жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.
Жезқазғанға сапары барысында Үкімет басшысы «Баян» компаниясы мен «Қазақмыс» корпорациясының медициналық орталығында да болып, жұмыс барысымен танысты.
Жаңа экономикаға – жас кадрлар
Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Қарағанды қаласында облыстың жоғары оқу орындарының «Серпін» бағдарламасы бойынша оқып жатқан студенттерімен, колледж оқушыларымен және студенттер ұйымының көшбасшыларымен, ЖОО және колледж басшыларымен кездесті.
Жүздесу барысында Елбасының жолдаулары мен «Президенттің әлеуметтік бес бастамасы» Үндеуінде көрсетілген жаңа экономикаға қажетті кадрларды даярлау, білім берудің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, студент жастардың тұрмыс жағдайын жақсарту мәселелері сөз болды.
Үкіметтің қазіргі уақытта еңбек нарығы инфрақұрылымын жаңғырту бойынша атқарып жатқан жұмыстары туралы М.Әбілқасымова, Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова жан-жақты баяндап берді.
Кездесуді қорытындылаған Үкімет басшысы базалық салалардағы бәсекеге қабілеттілікті арттырып, экономикалық өсімнің жаңа моделін дамыту қажеттілігі туралы Мемлекет басшысының нұсқауын еске салды. Бақытжан Сағынтаев өңірде шетелдік инвесторлар салып жатқан жаңа кәсіпорындар үшін қажетті кадрларды даярлау керектігіне көңіл аударып, ЖОО және колледж басшыларына аталған өндіріс акционерлерімен техникалық мамандықтарға деген сұранысты зерттеу үшін байланыс орнатуды тапсырды.
Үкімет басшысы жұмыс сапары аясында «Сарыарқа» ЕЭА-да болып, Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша жұмыс істеп жатқан өндірістік кәсіпорындарды аралады. Атап айтқанда, «Бёмер Арматура» ЖШС мен «RecyclingCompany» компаниясының жұмысымен танысты.
«Бёмер Арматура» фирмасының өнімдері «Сарыарқа» газ магистралі құрылысына қажетті өнімдер шығаратын болса, «RecyclingCompany» ЖШС ескірген көлік құралдарын жоюмен айналысатын Орталық Азия аумағындағы бірден-бір кәсіпорын.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы