06 Желтоқсан, 2011

Ресейдегі мемлекеттік дума сайлауы

1001 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Өткен жексенбіде Ресейде Федералдық Жиналыстың Мемлекеттік думасының (Мемдума) кезекті сайлауы болып өтті. Бұл жолы депутаттар Мемдумаға бірінші рет бес жыл мерзімге сайланды. Сайлау тәртібі бойынша, Мемдумаға 7 пайыздық өтім бөгеуін еңсерген партиялар ғана іліне алады. Сонымен бірге, 5 пайыздан 6 пайызға дейінгі шамада дауыс жинаған партияға бір орын бұйыратыны, ал 6 пайыздан 7 пайызға дейін дауыс алған партияға екі орын берілетіні ескерілген. Ресейде келесі 2016 жылғы сайлаудан бастап қана аталмыш өтім бөгеуі 5 пайызға түсіріледі. Биылғы сайлауға үстіміздегі жылғы қыркүйек айына дейін тіркеуден өткен, толық мәнді жеті партия қатысты. Олар, әліпбилік ретіне қарай «Единая Россия», Ресей Федерациясының Коммунистік партиясы (РФКП), Ресей­дің либерал-демократиялық пар­тия­сы (РЛДП), «Патриоты России», «Правое дело», «Справедливая Россия» және Ресейдің біріккен демократиялық «Яблоко» партиясы. Сонымен бірге, бұ­лар­дың құрамында сайлауға байла­ныс­ты біріккен басқа партиялар­дың өкілдері де бар. Мәселен, «Аграрная Россия» осы қарсаңда «Единая Россияға», Әлеуметтік әділет пен жасылдар «Справедливая Россияға», қайта өрлеу­ші­лер «Патриоты России» партия­сына қосылды. Ресейдегі парламенттік партиялар, олардың бұрыннан таныс басшылары бұл жолы да сайлау тізімін бастады. Өзгешелік «Единая Россия» партиясында, бұл сайлауға ол ел президенті Дмитрий Медведевтің бастауымен келді, кандидаттар тізімінің ба­сында мемлекет басшысының өзі тұрды. Дауыс берушілер тізіміне 110 миллионнан астам сайлаушы тіркелген, дауыс беру 94 мыңнан астам сайлау учаскесінде өтті. Ел астанасында ғана 3,5 мыңнан астам сайлау учаскесі жұмыс істеді. Тұтастай Ресей бойынша 12 сағатқа дейін сайлаушылардың 40 пайыздан астамы, 18 сағатқа дейін 50 пайыздың үстінде дауыс бергені белгілі болды. Ал кейбір өңірлерде аталған уақытқа дейін сайлаушылардың 90 пайыздан артығы дауыс берді. Биылғы сайлауда электронды урналар да пайдаланылды. Мұ­ның ерекшелігі – дәстүрлі ур­на­лар­ға қарағанда жұмыстың біршама жеңілдейтіні. Яғни, дауыс санау және басқа да бюллетеньді есептеу, өңдеу рәсімдері өздігі­нен жүреді, дауыс берудің бар­лық нәтижесі жеті минуттың ішін­де электронды жүйе арқылы түсіп тұрады. Сондай-ақ бірқатар сайлау учаскелерінде жүріс-тұ­ры­сы шектеулі, қол арбамен жү­ре­тін адамдардың тікелей өздері келіп дауыс беруі үшін жаб­дық­талған арнайы кабиналар ұйым­дастырылды. Сайлау қарсаңында жария­лан­ған әлеуметтік сауалдамалар ба­ры­сын бағдарлап және сайлау күні кешке қарай белгілі болған алғашқы экзит-пол деректеріне сүйеніп, ақпарат құралдары ең көп дауыс «Единая Россия» еншісінде, одан кейін Ресей комммунистері, «Справедливая Россия» және РЛДП тұр деп алдын ала хабарлаған-тын. Орталық сайлау комиссиясы­ның төрағасы Владимир Чуров 4 желтоқсан күні кешкісін журналистер алдына бірінші рет шық­қанында, дауыс берудің әзірге ресімделген 15-17 пайыз шамасын­да­ғы хаттамаларына сүйеніп, осы хаттамалар негізінде «Единая Россия» – 46, Ресей коммунистері – 20, либерал-демократтар – 14, «Справедливая Россия» – 13, «Яблоко» – 2,5, «Ресей патриот­та­ры» 1,03, «Правое дело» 0,5 пайыз дауыс жинағанын жеткізді. Сонымен бірге, ол дауыс берудің алдын ала қорытындылары хат­та­малардың 99 пайызы ресімделгеннен кейін анықталатынын айтты. Кеше таңертеңгі сағат 10.00-де Ресейдің Орталық сайлау ко­миссиясы сайлауға сайлаушы­лардың 60 пайыздан астамы қа­тысқанын, хаттамалардың 96 пайызы ресімделіп, өңделгенін, соның негізінде бұрыннан белгілі парламенттік партиялар – «Единая Россия» – 49,54 пайыз, Ресей Федерациясының Коммунистік партиясы – 19,16, «Справедливая Россия» – 13,22, Ресейдің либе­рал-демократиялық партиясы 11,66 пайыз дауыс жинап, ал­дың­ғы төрттікке шыққанын хабар­ла­ды. Тиісінше болашақ Думада «Единая Россияның» – 238, Коммунистік партияның – 92, «Справедливая Россияның» – 64, ли­берал-демократиялық партияның 56 мандаты болады. Өтім бөгеуін еңсере алмаған қалған үш партия парламентке өте алмады. Хаттамалар әлі де өңделуде, соған орай бұл цифрлардың ішінара өзгеруі мүмкін. Алайда талдаушылар, жал­пы алғанда, аталған көрсет­кіш­тің елеулі түрде өзгермей­ті­нін, ол бүгінгі Ресей сайлаушы­сы­ның нақты таңдауы екенін атап көрсетуде. Дума сайлауының барысын, дауыс беруді, дауыстарды санау­ды қадағалауға көптеген халық­аралық байқаушылар қатысты. Мысалы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Пар­ламенттік Ассамблеясы (ЕҚЫҰ ПА) атынан Парламенттік Ассам­блея төрағасы Петрос Эфтимиу­дің (Грекиядан сайланған депутат) басқаруымен 100-ге жуық байқаушы келді. Бұл байқаушы­лардың ішінде біздің де екі отандасымыз бар. Олар – Мәскеу қаласында Мемлекеттік дума сай­лауына ЕҚЫҰ ПА атынан бай­қаушы болып қатысқан белгілі қайраткер-саясаткерлер, Қазақ­стан Парламенті Сенатының де­путаттары Оралбай Әбдікәрімов пен Әділ Ахметов. Сондай-ақ басқа да қазақстандықтар ШЫҰ, ҰҚШҰ және басқа халықаралық ұйымдар атынан сайлауға бай­қау­шы болып қатысты. Орталық сайлау комиссиясының мәлім­деуін­ше, халықаралық байқау­шы­лар Ресейдегі биылғы сай­лауды ұйымшылдықпен өткізілді деп есептейді. Сайлау барысын түйіндей келгенде, ең көп дауыс алғанына қарамастан, елдің жетекші саяси күші болып саналатын «Единая Россия» партиясы бұл жолы конс­титуциялық көпшілік дауы­сы­на жете алмай қалуы мүмкін. Қазір Ресейде осы жайында көбірек айтылуда. Оның есесіне бұрын төртінші орында жүретін, оппозициялық деп есептелетін «Справедливая Россия» партиясы осы сайлауда біршама алға шық­ты. Сарапшылар бұл партияның Владимир Жириновский басқара­тын либерал-демократтарды өзі­нен соң қалдыруы оның «Единая Россиядан» және Коммунистік партиядан кейін Мемдумадағы үшінші саяси күш бола алатынын көрсетеді деп бағалауда. 2007 жылғы сайлаумен салыстырған­да, жалпы парламенттік партия­лардың дауыс жинау деңгейі өскені атап көрсетілуде. Серікқали БАЙМЕНШЕ. Мәскеу.