Екі күнге созылған чемпионатқа еліміздің 60-тан астам жоғарғы оқу орнынан 700-ден астам студент қатысты. Олар цифрландыру, ауыл шаруашылығы, қаржы, әлеуметтік салаға қатысты 100-ден астам жоба ұсынды.
Кәсіпкерлік, стартап, инновация бағытында өткен сайыста чемпион атанған команда қалдық түрлерін өңдеуге қатысты үш түрлі жоба ұсынған. Үш жобаның ішіндегі өндірістік қалдықтарды тұрғын үй құрылысына пайдалануға арналған Cane Home жобасы үздік деп танылыпты. Осылайша семейлік студенттер екінші мәрте жеңіске жетіп отыр. Енді олар еліміздің намысын АҚШ-тың Калифорния штаты Сан-Хосе қаласында қазан айында өтетін өтетін Enactus World Cup 2018 әлемдік кубогында қорғайтын болады.
Тағы бір айта кетерлігі, осы конкурста Қазақ гуманитарлық-заң инновациялық университетінің командасы қаржылай сыйлықты қанжығаларына байлады. «Қазақстанды қалай азықпен қамтимыз-3» деген тақырыптағы арнайы сайыста жеңімпаз атанған командаға 1 миллион теңге сыақы тапсырылды.
Enactus Kazakhstan National EXPO 2018 ұлттық кубогында екінші орында елордадағы Қазақ гуманитарлық заң университетінің командасы иеленсе, Астана қаласы Медицина университеті үшінші орынға табан тіреді. Алматыдан келген Қазақ ұлттық аграрлық университетінің командасы төртінші орынды қанағат тұтты.
Жыл сайын әлемнің түрлі ерлерінде өтетін, қорытынды конкурсқа 36-дан астам мемлекеттен келген оқу орындарының командалары қатысатын Enactus жобасының ақтық кезеңі АҚШ-та өтетінін жоғарыда айтып өттік. Бұл жобаның мақсаты жастардың күш-жігерін, білімін, идеяларын пайдаланып кәсіпкерлікті дамыту, жастарды әлеуметтік-экономикалық салаға белсенді түрде тарту болып табылады.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»