Өнер • 30 Сәуір, 2018

Еліміздің «ең басты дәрігері»

599 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

– Алло, Юрий Борисович, сәлемет­сіз бе? Мереке қар­саңында сізбен «Біздің сүйік­ті дәрігер» фильмі туралы сөйлеспек едім. Нағыз ұлт­тар арасындағы достықты, татулық пен бірлікті бәріміз сол фильмнен көріп өстік. Теле­дидардан көрсете қалса, әлі күнге телміре қаламыз. Сіздің жаны­ңыздағы шоқ­жұл­дыздардың – Серке Қожам­құлов, Мүлік Сүртібаев, Ер­мек Серкебаев секілді қазаққа аяу­лы бейнелердің жайнаң қаққан жарқын жүзі бізге соншама ыстық. Сол кезіңізді еске алып, біздің газетке сұхбат бере аласыз ба? 

– Жақсы, жақсы. Бұл тамаша идея екен. Бірақ бүгін мен «Однажды в Глос­тере» деген спектакльде ойнайтын едім. Дәл қазір репетицияға кетіп бара­мын, кешке сахнаға шығамын. Қа­лыпқа келуім үшін жоқ дегенде жар­ты күн уақыт қажет. Сіз маған ертең түскі сағат 13.00-де телефон соғыңыз ... 

Еліміздің «ең басты дәрігері»

...Қазақ мұндайда «мәс­саған, безгелдек» дейді. 96 жасқа қадам басқан қария кешке спектакльде ойнамақ! Біз білетін актерлер дүниедегі бар атақты иеленген даңқына қарамастан, алпыс, жетпіс жастан асқаннан кейін-ақ жасынан серік болған сахнасын жастарға аманаттап, жайлап жы­лыстап жататын еді. Әр сөзі мір­дің оғындай нық, құлақ құрышын қан­дыратындай саңқылдаған дауыс­пен сөй­леп тұрған Померанцевтің жүзжылдықты түйіндегелі тұрған жасына пысқырмастан театрға асығып бара жатқан жан­кешті әрекеті табан ас­тында біздің қарттық туралы түсінігіміздің парша-пар­шасын шығарды. Киевте туып, әкесі 1938 жылдың зоба­лаңына тап болып, амалсыз Мәскеуге қоныс аударып, ол жерден соғысқа атта­нып, жараланып қайт­қаннан кейін Алматыға жер аударылған анасының соңы­нан келген Юрий Поме­ранцевтің тағдыры ауыр­лау басталғанымен, бақыт пен құрметті қазақ жері­нен тапты. ТЮЗ-ден түлеп ұш­қан талантты актер М.Лер­монтов атындағы акаде­мия­лық орыс драма театры­на орналасқаннан кейін 300-ден астам рөл ойнап, Қазақ­станның халық әртісі, Мем­лекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. Еуропа нәсілді актердің сахнаға кеудесі намыс пен қайратқа толы Абайды алып шыққанын көргендер әлі күнге там­санып айтып отырады. Жасы жүзге аяқ басқан Ю.Померанцевтің есімі Қазақстан мәдениетінің Алтын кітабына жазылған.

Сырқаттана қалсақ, салып ұрып жетіп баратындай өз учаскеміздің бас дәрігерін бәріміз бірдей біле бермеуіміз мүмкін, бірақ еліміздің «ең басты дәрігерін» қазақ даласының төртбұрышы түгел танитынына оң қолымызды бе­ріп тұрып оңай бәс тіге ала­мыз. Кинодан көріп көз таныс болғаныңызбен, есімін білмесеңіз, танысып қойы­ңыз, «Біздің сүйікті дәрігер» – Юрий Борисович Поме­ранцев. Бұл актер өнерде жүріп қан­ша бейне жасаса да, бізге тек түсірілгеніне былтыр ғана алпыс жыл толған, халықтық фильмге айнала алған қасиетімен отандық кино өндірісінің «алтын қорына» енген «Біз­дің сүйікті дәрігер» арқылы жақсы таныс.

«Біздің сүйікті дәрігер» – Шәкен Айманов шеберлігін танытатын шоқтығы биік туындыларының бірі. Уақыт тозаңы таспасын көнерте бастағанымен, фильмнің ескірмей, ел есінде жүруінің бір-ақ қана сыры бар. Бұл фильмнен шытырман оқиға, парасатпен ғана танитын терең пәлсапа, толғандыратын тастүйін тақырып іздесеңіз, қатты қателесесіз. Мұның бірі де жоқ. Тек бір-ақ нәрсе бар – шүпілдеп, арнасынан асып-төгіліп жатқан шексіз мейірім, ізгілік жасауға құштар адамдар, кейіпкерлердің кеуделеріне сыймай тұрған кішіпейілділік, дарқан даланың құшағы, жұпар иісі ең асыл адами сезімді оятпай қоймайды. Махаббат ешқашан архаизмге айналмайды, жер бетінде жалғыз адам қалса да, жақсылық жасала береді, тіршілік мәні ізгілікте – фильм осыны айтады. Ал сүйікті фильмнің сюжеті қалай еді?

Алматыға таяу санаторийде жиырма жылға жуық жұмыс істеп, 60-қа келген Лавров жасына байланысты зейнеткерлікке шығуға дайындалады. Дәрігердің өмірлік ұстанымы біреу ғана: «Адамдардың жүрегін қуанышқа бөлеу оны емдеген сияқты өте маңызды». Ол жай тәнді ғана емдейтін дәрігер емес, жан дәрігері, қия-жықпылы мол адам жанының шипагері. Алпысқа толған мерейтойына орай Лавровқа шәкірттері мен әріптестері сыйлық жасамақ болып, өзі емдеген әртістерді жинап, концерт қойып бермекші болады. Бибігүл (Роза Исмаилова), Тәкен (Серке Қожамқұлов) және Мұрат (Мүлік Сүртібаев) ауырып, Лавровтың емін алып шыққан әртістердің бәрін аралап: «Сіз бүгін боссыз ба?» деп сұрай­ды. Өкінішке қарай әртістердің бірде-бірі бос емес, ешқайсының қолы тимейді, бәрінің де шаруасы шығып тұр. Ал әртістердің бос болмау себебі, бәрі де сол күні Лавровтай сүйікті дәрігердің мерейтойына барып ән салмақ болғаны фильмнің соңында бір-ақ белгілі болады.

«Біздің сүйікті дәрігерде» Евгений Диордиев, Мүсілім мен Ришат Абдуллиндер, Хадиша Бөккева, Шара Жиенқұлова, Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Рахия Қойшыбаева, Кәукен Кенжетаев, Мұхтар Бақтыгереев, Қамал Қармысов, Танат Жайлыбеков, Зинаида Морская, Евгений Попов, Валентина Старженская сияқты кілең өнер саңлақтары таңдалып алынады. Әншілер композитор Александр Зацепиннің жан тербейтін әсем әндерін бірінен соң бірі қалықтатады. Бұл Зацепиннің де кинодағы алғашқы дебюті болатын. Мұншама талантты әртістердің кең ауқымын қамтыған музыкалық фильм қазақ кино өнерінде бұрын-соңды болмаған еді.

Белгілі фильмнің елге белгісіз тағы бір сыры бар. Яков Зискинд жазған фильмнің сценарийінде о баста бас кейіпкер Лавров емес, оның орнында Әлімжанов деген қа­зақ кейіпкер болуы керек еді. Қара тырнағының көбесіне дейін қазақ болып жаралған режиссердің ұлылығы сонда, сценариймен танысып шыққан соң: «Бәріңіз мына мәселені мықтап есіңізде ұстаңыздар. Ешқашан қазақ жасы алпысқа келіп тұрып отбасынсыз, соқа басы сорайып, сүрбойдақ болып жүрмейді. Бұл жасқа дейін оның үйленбеуі, бала-шағасы болмауы мүмкін емес. Бас кейіпкерді басқа ұлтқа ауыстырыңдар!»

Сөйтіп әйелінің жоқтығынан қаламын ұстап әлекедей жаланғандарға құрбан болған Әлімжанов экран бетін көрмеген күйі сценарийден сызы­лып, орнына Лавров дейтін жа­ңа кейіпкер пайда болады. Рөл Юрий Померанцевке жүктеледі. Жұрт тіксініп қалады. Себебі Юра жақын­да ғана «Даладағы қайың» деген фильмнің сынағына қатысып, режиссер: «мынандай адамды қайдан тауып алғансыңдар, құртыңдар көзін!» деп айғайды салып, түсіру алаңынан аластап жіберген болатын. Н.Сац театрында шал-шауқанның рөлін ойнап, көрерменнің шартылдата соғатын шапалағының астында шырайлана күлімсіреп тұратын талантты жігітті бұрын да бірнеше рет байқап жүрген Шәкеннің сұңғылалығы болар: «Юра, еңсеңді түсірме, жаспын деп тартынба. Саған жаңа рөл ұсынамын. Мен бұл рөлге кез келген әртісі шақыра аламын, Ленинградтан қалаған актерімді қолқалауыма болады, Москваның «мен» деген жұлдызын шақырсам, сөзімді жерге тастамайтынын білемін. Николай Черкасовке «кел» десем, қазір жүгіріп келгелі тұр, бірақ сен мынаны біл. Тек алматылық актерлермен фильм түсіру көптен бергі арманым еді, Қазақстанның өнерін жасап жүрген өз заманымның барлық белгілі әншілері мен актерлерін осы фильміме қатыстырғым келеді», дейді.

Адамға сенім білдіруден артық не бар? Біреу «тек саған ғана сендім» деп тұрса, қайрат-жігерін жинап, тас үгітіп, тау қопармай ма? Режиссер сөзінде тұрады. Ұтқан жері де осы, орыс-қазағы аралас самсаған қазақ­стан­дық өнер жұлдыздарын самаладай етіп экраннан жамыратты да жіберді. Ешқашан мұндайды көрме­ген ел естен танды. Сырттан тек хатшы қыздың рөліне Рига театрының әртісі Валентина Старжинская ғана шақырылады. Оның да себебі бар. Дәл фильм түсірілетін кезде Алматыға Ригадағы орыс театры гастрольдік сапармен келіп, спектаклін тамашалаған Аймановқа Старжинскаяның ойыны ұнап қалады.

Жасы 33-ке енді келген Юра 60 жаста­ғы қартты ойнады. Бұрын бірде-бір киноға түсіп көрмеген Юрий өзіне соншама сенім артқан Шәкен ағасы­ның ешқандай сынақсыз басты рөлге бекіткеніне күні бүгінге дейін таң қалады, сол үшін шексіз қарыздар екенін айтады. «Шәкен Кенже­таевич­тей адам жоқ және енді тумайды да!» дейді оған деген құр­метін қалай асырып айтарын білмей қиналып. Осы рөлден кейін театр сахнасында ойнап жүрген талапты жастың жолы ашылып, киноға шақыртулар ала бастайды.

«Біздің сүйікті дәрігердің» өзіне тартып тұратын тағы бір сиқыры бар. Басын бұлт қана көлегейлей алатын асқақ Алатау, бауырында тұтаса өскен қалың қарағай мен самырсындар, тау­дан төмен қарай мың бұралып аққан ерке өзендер, сылқ-сылқ күліп ағатын көшедегі арықтар, бәрі-бәрі сол кездегі Алматының аурасын, ахуалын айна-қатесіз береді. Көрерменнің көзге тым ыстық сол Алматыны сағынатыны рас. Бұл – Алматының жастық шағы. Қызықтыратын да, еліктіретін де ару қаланың жастығы екенін білесің. Тіпті аңдап қараған адам 1963 жылғы алапат сел жүргеннен кейін құрғап қалған әйгілі Есік өзенінің таңғажайып кадр­ларын да көрер еді бұл фильмнен. Бұл фильмде бәрі сұлу: адам да, табиғат та, сезім де, ән де. Жаны сұлу адам ғана жақсы дүние жасай алатынының белгісі бұл.

«Біздің сүйікті дәрігер» 1958 жылы Ташкентте өткен Азия және Африка елдерінің халықаралық кино­фестивалінде айрықша аталып өтіп, Ш.Айманов пен Е.Серкебаев арнау­лы дипломмен марапатталады. Кеңес Одағының көптеген қалала­рындағы кинотеатрларда көрсетіліп, көрермен қазақстандық таланттармен сырттай танысып, тәнті болып жатты. Ақ-қара түсті ескі таспа 2011 жылы қайта өңдеуден өткеннен кейін түрлі-түсті бояумен жұтынып шыға келген «Біздің сүйікті дәрігер» қартаймайтынын көрсетіп, жаңа өміріне қанат қақты.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ