Осы тұрғыда қазақ баспасөзінің қара шаңырағы атанған «Егемен Қазақстан» басылымы өміршең де өзекті мәселені өте орынды қозғап отыр деп санаймын. Бас басылымның Қостанай облысындағы меншікті тілшісі Нәзира Жәрімбеттің «Ескерусіз қалған Еңбек Ерлері» (11.04.2018) атты мақаласы шынында да көпшілікке ой салатын дүние екен.
Мен Қазақ хандығының алғаш туы тігілген киелі Шу ауданында туып өстім. Ал есейген жылдары едәуір уақыт көрші Мойынқұм ауданында еңбек еттім. Негізінен Мойынқұм малды аудан болғандықтан, ондағы барлық шаруашылықтардың дені ол кезде елтірісі бағалы қаракөл қойларын өсірумен шұғылданатын. Қажырлы еңбектерінің арқасында Жазылбек Қуанышбаев екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанып, кезінде ол кісіні аудан жұртшылығы, қала берді ел болып құрметтеп келді. Сондай-ақ 1949 жылы Айдарлы колхозының төрағасы болған Керім Шалабаев пен осы жоғары атаққа 1964 жылы айдарлылық шопан анамыз Ділдәш Итбасова қол жеткізді. Сол 1949 жылы Көпбай Төлбаев, Шынжарбек Өскенбаев, Сәмет Көшековтер де Еңбек Ері атанып, кезінде сый-құрметке ие болды. Бірақ бүгінде олардың есімдерін біреу білсе, біреу біле бермейді.
Менің өзім 1966 жылы Еңбек Ері атағын иеленген, бірақ өмірден ерте өткен Мойынқұм ауданы, Биназар ауылының тұрғыны Құдайберген Біртаевты танушы едім. Ол кісі өте қарапайым да кішіпейіл болатын. Ұмытпасам 1980 жылдары болу керек, Шу қаласындағы көмір базасына кездейсоқ бір шаруамен келіп қалсам, иін тірескен жұрттың ортасында Құдайберген ағамыз кезек күтіп тұр екен. Ол уақытта Еңбек Ерлеріне деген құрмет жоғары болатын. Мен сонда базар басшыларына барып «Бұл кісі Социалистік Еңбек Ері, сондықтан кезексіз жіберіңіздер» дедім. Сөйтсем олар сеніңкіремей «Кеудесінде жұлдызы жоқ қой. Куәлігін де көрсеткен жоқ. Сондықтан біз оны қайдан білеміз» деді қарсы уәж айтты. Ал Құдайберген ағамыз болса, «Жұлдызды жарқыратып тағып жүрген ұят қой. Бәрі де өзіміз сияқты ел» деп сонда қарапайымдығын танытты.
Ал сол Құдайберген Біртаевтың ауылдасы, 1981 жылы Еңбек Ері атағын иеленген даңқты шопан Шоман Шәріпбаев болса қоғамдық өмірге белсене араласып, елдің бел ортасында жүрді. Тіптен өмірінің соңғы жылдары Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында да біз ұйымдастырған автокеруенмен ілесіп, Шу ауданының тарихшы-ұстаздарымен бірге Хантауының «Хан тақтары» мен «Ханның қорасы» іспеттес киелі жерлерінде болып, өзіндік ой-пікірлерімен бөлісіп қайтқан еді.
Бүгінде жергілікті жерлерде Еңбек Ерлерінің рухына қандай құрмет көрсетіліп жатыр, деп хабарласқанымда «Кезінде «Малшылардың маршалы» атанған Жазылбек Қуанышбаевқа Мойынқұм ауданының орталығы Мойынқұм ауылында зәулім ескерткіш орнатылып, мұражай ашылды. Кейіннен қайтыс болған Шоман Шәріпбаевтан өзге Еңбек Ерлеріне мүсін орнатылып, туған ауылындағы көшелерге есімдері берілді», деді аудандық ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Манарбек Көшкімбаев. Дей тұрғанмен, Еңбек Ерлеріне мүсін орнатып, көшеге ат берумен ғана шектелмей, кешегі дәуірде қажырлы да қайратты еңбектерімен танылған ата-әжелердің өнегелі өмірлерін жас ұрпаққа кеңінен насихаттаудың тиімді әрі жаңаша жолдарын қарастыруды қолға алған жөн шығар.
Мәкен УАҚТЕГІ
Жамбыл облысы,
Шу ауданы